Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Қажет дерек

Әбеуқан батыр

admin
2026/08/30
Қажет дерек
0
Әбеуқан батыр

Әбеуқан Сабырбекұлы 1911 жылы (доңыз жылы) Күнес ауданның Шірге жайлауында дүниеге келеді. Әкесі Сабырбек 25 жасында қайтыс болып, Әбеуқан 8 жасында, қарындасы Сейдіқан 6 жасында әкесінен жетім қалады. Шешесі Келиман ерінен жас қалып, жесірлікпен жетімдіктің азабын тартса да, өмірдің қасіреті мен қайғысына төзіп, Сабырбектің отын өшірмей, ұлы Әбеуқан мен қызы Сейдіқанды қолынан жетелеп жүріп бағып-қағып ержеткізеді.

Әбеуқан жасынан еті тірі болып өседі. Ол бір жағынан жоқшылықтың тақсіретін тартса, бір жағынан қараңғылық жайлаған феодалдық қоғамның жемеңгер мансаптыларының тоңмойын рушылдық билігінің қақпайына ұшырап, көңілі шерлі, жүрегі күпті болып ержетеді. Ол қолы қысқа кедейліктен оқи алмайды. Есейе келе отбасын бағу міндеті мойнына түседі де, күнкөріс үшін ізденіс жасайды. Ол мергендерге ілесіп, аңшылықты кәсіп етеді. Тау асып, тас басып, жапан кезіп, жер көріп, ел таниды. Нашарлар мен жетім-жесірлерге жаны ашып, тілектестік білдіреді. Әділетсіздікке, езгіге-қанауға қарсы кеудесінде кек оты жалындап, жоқ-жітіктердің арыз-арманы мен мұқтажын тыңдайды, олардың жоқшысы болады.

1946 жылдарға келгенде Шыңжаңдағы Гоминьдан үкіметінің езгісі мен қанауы, алым-салықтың ауырлығы, милитаристік үстемдік пен ұлттық езгі халықтың Гоминьдан үкіметіне деген наразылығы мен қарсылығын қатты қозғайды. Алтайдан, Іледен, Тарбағатайдан арт-артынан үкіметке қарсы қарулы көтерілістер жарыққа шығады.

1944 жылдың көктемінен бастап Іледегі Нылқы ауданының Ыластай тауында Әкбар, Сейіт, Патықтардың басшылығында астыртын партизан ұйымы құрылып, қарулы көтеріліс жасауға дайындық жасалады. Бұл сыбысты естіген Әбеуқан Нылқыға жасырын барып, Нылқыдағы шала қазақ Әбдікерім Сартпайевпен танысады. Әбеуқанның кеудесінде ұжданы бар, жігерлі, от-жүрек, қарулы жігіт екенін таныған Әбдікерім оны өзіне тартады. Екеуі Әбдікерімнің үйінде бірнеше рет кеңес өткізеді. Әбдікерім Әбеуқанға халықаралық жағдайды, мемлекет ішіндегі шиеленіскен күрес жағдайын түсіндіре келіп, Нылқыдағы Гоминьдан үкіметіне қарсы көтеріліс бастағалы жатқанын, Ыластайда көтеріліске басшылық ететін партизан ұйымының базасы бар екенін айтады. Әбеуқан көтерілісті қуана құптайды әрі оған өзінің де қатысатынын айтып, қызу ынта білдіреді.

1944 жылы 8-айда Әбдікерім Әбеуқанды Ыластайға ертіп барады. Әбеуқан ол жерде Әкбар, Сейіт, Патық, Қайнам, Науан, Хамиттермен кезігіп танысады. Әкбар Әбеуқанның жай-жапсарын сұрап ұғысқаннан кейін, оған көтерілістің мақсатын, жоба-жоспарын түсіндіріп, дем беріп жігерлендіреді және нақтылы міндет тапсырады. Әкбар Әбеуқанға: «Сен Қас, Күнес бойындағы елден Гоминьданның салығын жинаушы боласың. Салық жинау жөніндегі таныстыру қағазды біз жөндетіп береміз. Ел ішінен салық аттарды жинап әкелгеннен кейін, оның ішіндегі жарамды аттарды таңдап ұстап, көкқамырлық Мұқамбек арқылы бізге жіберіп бересің. Сен ат айдатқанда Мұқамбек хабарласып тұрады. Қас, Күнестен салық жинау барысында өзіңнің аузы берік, сенімді адамдарың арқылы Гоминьдан үкіметін аудару жөнінде үгіт жүргізесің және астыртын партизан ұйымына адам тартасың. Ол адамдар сенімді болса, Ыластайға келіп штабқа таныстырасың», – дейді. Мұқамбекті Әбеуқанға таныстырады. Одан соң Мұқамбекке қосымша Көкқамырда астыртын үгіт жүргізуді тапсырады. Бұлармен бірге сол майданда ел ішіне үгіт жүргізіп, адам топтау міндетін үстіне алғандар – шопан Оспан, бадуан Қалпет (ұйғыр), ноғай Аблажан, Әбеутәліп Рақымжанұлы, албан Сыбанбек, ноғай Зікір сияқты адамдар еді.

Ертесінде «Гоминьданның салығын жинаушы» деген таныстыру қағаз Әбеуқанның қолына тиеді. Ол таныстыруды алған соң аялдамай Қас өзенін өрлеп, салық ат жинауға кіріседі. Ол әр ақалақшы-зәңгіге барып, қағазды көрсетіп, өзіне түскен салықты дереу жинап беруін талап етеді. Қағазды көрген соң ақалақшы-зәңгілер де құрша жорғалап, салық атын жинап қолына тигізеді. Әбеуқан салық ат жинай жүріп, көтеріліске қатысуға адам топтайды. Сол кезде Әбеуқанның партизан ұйымына тартқан адамдары: Терістаңбалы Еден батыр, Жолымбет Жақып Майлыбекұлы, албан Мұғалым, Қамыр, Сұлтан, Жақаш сияқты адамдар болды. Олар Әбеуқанның таныстыруы бойынша Ыластай партизандық штабымен байланыс жасап, әр алдына топ құрап адам ұйымдастырады. Сол кезде Еденнің ұйымдастырғаны 20-дан астам адам, Жақып Майлыбекұлының ұйымдастырғаны 40-тан астам адам, Мұғалімнің ұйымдастырғаны 30-неше адам, Сұлтанның ұйымдастырғаны 30 адам, Жақаштың ұйымдастырғаны 10-неше адам болған. Олар бір айға жетпей әрекеттеніп, Ыластайға барып Нылқы көтерілісіне қатысады.

Әбеуқан Қас бойынан жиналған салық аттарды Нылқыдағы Гоминьдан үкіметіне жеткізіп беретін кезде, әр ретте 10–15-тен жақсы аттарды талдап алып, саннан шығарып тастап, астыртын Мұқамбектің қолына тигізіп, Ыластайға жөнелтіп отырады. Қастың салығын жинап болған соң, Күнестің күңгейінен бір ретте 80 ат салмақшы болып барып салық жинайды да, оның ішінен тағы да жүйрік саңлағынан 15 ат таңдап алып, Ыластайға жібертеді. Әбеуқан ат салығын жинаумен бірге, құрттан ойған таңбаны пайдаланып, партизандарға азықтық үшін Күнес күңгейінен сойыс мал, астық жинайды. Ол бұл міндетті жан-дүнімен беріліп, белсене істейді. Аттан түспей өрлі-төмен сабылып, бірнеше ай үй қарасын көрмейді. Халықтың қолдауымен азаттық күресінің жеңіске жететініне күшті сенім орнатады. Ол көтерілісшілердің алғашқы реткі Нылқыны алу соғысына қатысады. 7-қазан күні Нылқы алынады. Нылқы алынғаннан кейін штабтан жаңа міндет алып, Күнестің күңгейіне жеңіс хабарын таратады. Ұтытөтенің жазығынан өрлеп, Темірлік, Зекті, Түрген, Үшкептерге дейін Күнестегі Гоминьдан үкіметінің үстемдігін аудару үшін үгіт жүргізеді және партизандарға азық-түлік, сойыс мал жинайды. Сол кездегі Әбеуқанның үгітіне қосылып, төңкеріске тілектестік білдіргендер – Аққой фермасынан: Насыпқазы; Мыстан: Иманақын Шекбайұлы (зәңгі); Ұтытөтеден: Дома Жараспайұлы (зәңгі), Омарқан Божалақұлы; Темірліктен: Нұрақымет Жандарәлұлы (зәңгі), Тұрған зәңгі, Ырымбек зәңгі; Зектіден: Матқасым Үсенұлы (зәңгі), Назирбек Ысқақұлы (зәңгі), Мұтажы Арынұлы (зәңгі); Түргеннен: Сламқан Ыстықпайұлы (зәңгі), Ербосын Белдеубайұлы (зәңгі); Үшкептерден: Әділбек Жабайұлы (зәңгі), Дәулет Бейсембіұлы, Ұлдақан Құрманажыұлы. Бұл адамдар Күнестегі Гоминьдан үкіметін аударуға көмек көрсетпекші болып, төңкерісті қолдайтындығы жөнінде Әбеуқанға позиция білдіреді және «6 ұрыны» қолдап, жұртшылыққа астыртын үгіт жүргізеді.

Әбеуқан Күнестегі дайындықтарын істеп болып, ахуалды мәлімдеу үшін Нылқыға жүргелі тұрғанда, Бестөбеден әскер шығып, Нылқы көтерілісін жаныштағалы жатыр деген хабарды естиді де, тізгін ұшымен Нылқыға жетіп штабқа хабар береді. Көтерілісшілер жағынан Нылқы алынғанын естіген Гоминьдан үкіметі асып-сасып, Іледегі әскерлерін үш бағытта Нылқыға жөткейді.

Мазар арқылы Нылқының батысынан 300 әскер, Бәсілген арқылы Нылқының оңтүстігінен 300 әскер, Күнес арқылы төте асуынан асырып 200 әскер жіберіп, Нылқыны үш жақтан қоршап, қайтарып алмақ болады. Шихудан бірнеше полк жөткеп, Жың арқылы Ашалы мен Көгершін асуынан асырмақ болады. Көтерілісшілер қатты қауіп астында қалады. Бұған қарсы шара қолдану үшін Әкбар, Сейіт, Патық, Қайнам, Юуан бесеуі штабта кеңесіп, партизандарды үш топқа бөледі. Мазар жолын тосу үшін Қарсу арқылы Юуан тобын жібереді. Бәсілген асуын тосу үшін Әкбар, Сейіт тобы жолға шығады. Төте асуын тосу үшін Қайнам тобын жібереді. Ыластайдағы бас штабта Патық, Нылқыдағы бөлімше штабта шопан Оспан қалады. Көтерілісшілердің қару-жарағы толық емес, сан жағынан да басым еді (жау жағынан). Аз адаммен көп жауға төтеп беруге тура келді. Бұл шайқаста Әкбар, Сейіт тобы шебер соғыс тактикасын қолданып, жаудың күшін тас-талқан етті. Іле-шала Юуан тобына көмектесіп, ол жақтан келген жауды да соққымен шегіндірді. Қайнам тобы Аққойды алады да, Күнестен келген жаумен табандап соғыса алмай, Нылқыға шегінеді. Жау төтеден асып, Қайнам тобын қуа соққылап, 11-айдың 1-күні Нылқыны басып алады. Қайнам тобы қашып шығып, батыстағы Әкбар, Сейіт, Юуан тобына қосылады. Жаудың жан-жақтан келген әскерлерінің негізгі күші Нылқыға шоғырланады.

  • қазан күні Әбеуқан Ұтытөтеден өтіп, қайтадан Күнестің күңгейімен өрлеп келе жатқанда, Гоминьданның 200 әскерін Бестөбеден бастап Ұтытөтеден өткізіп тастап, Бестөбеге қайтып бара жатқан Жайырбек әкім, қасында хұйжаң манап бастаған оншақты адаммен, Әбеуқанға кезігіп қалады. Жайырбек сол арада Әбеуқанды ұстатып байлатады да: «Сен ұрыға еріп, бүлік тудырып, елді бүлдірдің», – деп қамшының астына алады. Содан соң ауданға апарып жазалатпақшы болып, атқа таңып Бестөбеге қарай алып жүреді. Мұны көрген Матқасым зәңгі Мәлі ақалақшыға барып, Әбеуқанды құтқарып қалуды өтінеді. Мәлі Матқасымға: «Бұл қу тыныш жүрмейді, айтқан тілді алмайды, енді өз обалы өзіне, оған жолай алмаймын, пәлесі жұғады», – деп атқа мініп тауға қашып шығып кетеді. Осы кезде еркебұлан кедей Ертісбай Тәукеұлы, Қанағат сияқтылар атқа мініп аттанып, жалаңаш қолтық кедейлерден 30-дың үстінде адам жинап, қолдарына сойыл, шоқпар алып, Темірлік тұсындағы Жар өткелден Жайырбекті қуып жетіп, Әбеуқанды айырып алып қалады. Әбеуқан үйіне келгеннен кейін бірнеше күн өткен соң, «Гоминьдан Нылқыны “6 ұрыдан” қайтарып алыпты» деген хабар таралады.
  • 11-айдың басында Гоминьдан үкіметі жағынан Әбеуқанды ұстау жөнінде бұйрық шығып, артынан қуғын түседі. Әбеуқан қуғыншылардан із жаздырады да, Қас өзенінің солтүстік жағына өтіп, партизандарға қосылу үшін Ыластайға қарай жол тартады. Жол бойында хұйзу Тұрды Шәріпұлына кезігеді, ол штабтың делегатшысы болатын. Тұрды Шәріп Әбеуқанға: «Сені арнайы іздеп шығып едім, сәтімен кезіктің, мені саған Патық арнайы жібереді. Біз Нылқыны жауға босатып бергенмен, Құлжаны алып болдық. Құлжадағы Гоминьдан әскерлері Айранбаққа тығылып, қоршауда қалды. Өкінерлігі – Әкбар мен Сейіт екеуі де құрбан болды. Бас штаб саған Күнестегі дайындық жұмыстарын босаңсытпай істеп тұрсын деді. Түбінде жеңіс біздікі болады. Жеңістің хабарын халыққа таратып, үгіт жүргізе бер, жау жағынан абайлап сақтық істе», – дейді. Әбеуқан қайтадан ауылына келеді де, жеңіс хабарын елге таратып, төңкерістік үгіт жүргізеді.

Нылқыны жау қайта алғаннан кейін, Жалынқолда Әкбар жау оғынан жаралы болады. Кеңсай партизандарымен байланыс жасап, Нылқы партизандарының басшылары штабта кеңес өткізіп, Әкбар мен Ыластайдағы штабты қорғауға 30 адам қалдырып, Құлжаны алу үшін 3-қараша күні кеште үш топқа бөлініп қалаға аттанады. Құлжада жаудың әскери күші әлсіз еді. Көтерілісшілер Құлжаға үш бағыттан кіреді де, Құлжа халқының көмегіне сүйеніп, аймақтық уәли мекемесі мен шақшы мекемесін және Гоминьданның Құлжадағы қолбасшылық штабын басып алады. Қалдық жау Айранбаққа барып тығылады.

1944 жылы 12-қараша күні «Шығыс Түркістан уақыттық үкіметі» құрылады. 19-қараша күні Күнес ауданында да Гоминьдан үкіметі аударылып, жаңа үкімет құрылады.

1945 жылы көктемде Әбеуқанға Рапықтан шақырту қағаз келеді. Қағазда: «Нылқыдағы штабқа тез жетіп кел», – деген бұйрық жазылған. Әбеуқан Нылқыдағы штабқа барысымен оны Патық пен шопан Оспан қабылдап: «Сен Ашалыдағы соғысқа қолбасшылық ету штабына барасың, сол штабта не қызмет бұйырса – соны атқарасың», – деп тапсырма беріп жібереді. Әбеуқан Ашалыға барғаннан кейін, сол жердегі партизандық соғыстың штаб бастығы Әбдікерім Сартпайев қабылдап, Әбеуқанды партизан әскерлеріне оқ-дәрі, азық-түлік тасып жеткізетін артқы сап қамдау әскерінің бастығы етіп тағайындайды. Әбеуқан қаруланған бір әскерді бастап, Ашалыдағы артқы сап қамдау қызметіне басшылық етіп, Қазықан, Манапқан және Қабылбек бөлімдеріне оқ-дәрі, азық-түлік тасып, жаралыларды құтқарады. Соғыста жаудың оғы Әбеуқанның оң қолының шынашағын түбінен жұлып әкетеді. Іле өңірі азат етіледі, «Үш аймақ» ұлттық армиясы 8-сәуірде құрылады, Алтай, Тарбағатай, Бұратала, Жың, Шиху, Сауан, Манас аудандарындағы Гоминьдан армиясының негізгі қосындарын талқандайды.

1945 жылы маусымда Нылқыда 80 адамнан құралған партизандар тобы ұйымдастырылады, бұл Ысқақбек генералдың басшылығында болады. Бұл топта сыртта көп жүріп ысылған, жол білетін, іс көрген батырлар мен мергендер қабылданады. Партизандар тобы 3-ке бөлініп реттеледі. 30-дан 60 адам екі «әділияға» бөлініп, 1-әділияның басшысы – Әбеуқан, екіншісінің басшысы – Қабден болады. Бұл партизандар тобы Нылқыда бір айға жуық соғыс дайындығын істеп, әскери жаттығулар өткізді. 7-айда соғысқа аттанып, Арсалаңмен асып Елеңқабырғаға барады. Олар жерлік бұқараша жасанып, жау жағдайын барлап, ахуалын игереді. Жаудың артқы шебін үзіп тастап, арттан келетін көмек күштерді талқандап, жау шебіне тұйықсыз шабуыл жасайды. Алтынқол ағысында бекініп жатқан 300 жау әскерін байқап қалады. Штабтың бұйрығы бойынша осы жауға соққы беруге Әбеуқанның әділиясы аттанады. Олар қараңғы түскенде жолға шығып, таң ата Алтынқолға жетіп, жау бекінісін қоршап алады. Жау әскерлері байқап қалып, екі жақ қиян-кескі соғысып кетеді.

Партизандар бір бұрыштан кіріп, жау окобынан орын алады. Жаудың бірталай адамын шығындатады. Шептің алдында Әбеуқанмен қатар бір окопта бекініп жатқан албан Қоқымды және Тұрсын деген екі жігіт қаза болады. Әбеуқан бұл соғыста батырлығымен ерен еңбек көрсетеді, жалғыз өзі жауға соққы беріп қырып тастайды, жаудың бетін қайтарады. Күн бесін болғанда Әбеуқанның әділиясы жауды шегіндіріп, бекінісіне қуып тығады. Штаб жау бекінісіне жақын жердегі шоқы түбіне келіп орналасыпты. Штабтың бұйрығы бойынша Әбеуқанның әділиясы жау «постын» (бекінісін) жаруды өз үстіне алады. Қасына батыр серіктерін ертіп жау постына жақындайды. Постқа жақындай бергенде Әбеуқанның қарнынан оқ тисіп жараланады. Көкен тастаған гранаттардан жау посты жартылайды. Көкен Әбеуқанды штабқа әкеліп, құтқару әрекетін жасайды. Жаудың көп бөлімі жойылады да, аз бөлімі қашып құтылады. 40-тан астам адам қару тапсырып, тізе бүгеді. Жау бекінісін алғаннан кейін штаб сол жерге құрылады. Жол тосып, жаудың артқы сабынан жіберілген оқ-дәрі, қатынас құралдарын қолға түсіреді. Әбеуқан санитардың ден қоя емдеуімен екі аптада сауығады. Әділияның кезегімен түнгі барлауда жүргенде, қару-жарақ тиеген жаудың екі машинасы, бір бөлім әскерімен келе жатқанын көреді. Алдында келе жатқан машина минадан жарылып, соңғысы артына қашпақшы болады, Әбеуқандар оқ жаудырып жүргізбейді. Олар тізе бүгеді. Он неше адамды қарусыздандырып, штабқа айдап әкеледі, заттарын олжалайды.

Екі күннен соң штабтың бұйрығы бойынша Әбеуқан Шегешордғы жау жағдайын барлауға жол алады. Қабдолла деген кісі оларды мәліге бастап кіріп, жау жағдайын барлауға кетеді. Қабдолла бір сағаттан соң оларға дыбыс береді, осы кезде жау әскері келіп қалып, олар сытылып қашады. Арттарынан жау қуалап келеді, олар бір тұйыққа тіреліп қалады. Олар Қарасуды кесіп өте шығады, жағаға шығып жағын адастырып қашып, штабқа келеді. Сөйтсе Қабдолла жаудың тыңшысы екен. Әбеуқандар 500 жау әскерінің штабқа жақындап қалғанынан хабар табады. Олар дереу орын ауыстырады, артынан жау да ізіне түседі. Олар бекініске қолайлы сай аңғарына түседі. Рапық Әбеуқанға 7 адаммен бірге сай аузында қалып жауды өткізіп жіберуін, өздерінің алдыңғы жақтан соққылайтынын, олар қайта қашқанда бірде-біреуін өткізбей ұстауын айтады. Жоспарлары сәтті түрде іске асып, екі жақтан бірдей соққы жеген жау әскерлері тізе бүгіп, қару тапсырады. Жаудың 800 адамдық қосыны 80 адамдық партизандар жағынан түгелімен жойылады.

Үш күннен соң олар Шегешор мәлісіндегі жауды қоршап алады. Жау постын алу міндеті тағы да Әбеуқанға жүктеледі. Сол түні олар посты алуға шығады, таң ата жау жағдайын барлап, Әбеуқан пост маңындағы жалғыз қарауылды артынан келіп кеңірдегінен ала түседі де, оны жайратады. Пост ішінде бірнеше жерде пулемет құрғалы екен, қалғып отырған бес жау әскері олардың постқа кіргенін сезбей қалады. Бес жау әскерін Әбеуқан қылышпен үнсіз өшіреді. Әбеуқан посты иелеп, Көкенді хабарға жібереді. Әділиядағы ерлер постқа келіп, дыбыс шығармай бұйрық күтеді. Сырттағы партизандар сырт жақтан жаудың зәресін алады, осылайша жау мәліден шегініп шығады.

Осыдан бір апта өткен соң, штаб бастығы Рапық Әбеуқанды Жыңдағы Күдертеңді жаудан тазартуға бұйрық беріп аттандырады. Әбеуқан өз әділиясынан 15 адам алып, Күдертең көпіріне бір жарым күнде жетеді де, келе сала көпірге керосин шашып өртеп тастайды. Көпір жанып болғанша олар сол жерде болады, түн жарымында оларды жау қоршап алады, олар қоршауды бұзып шығады. Штабты жау қоршауға алып алған екен, олар жаумен бір тәулік соғысады. Осы соғыста 10-нан аса партизан құрбан болып, 60-тан астам адам ғана қалады. Партизандар жойылып кету қаупінде қалады. Кеш батып, қараңғы түскенде штабтан партизандарға қоршауды бұзып шығуға бұйрық беріледі. Бұл соғыста Қоңырбай Әлейбек ерен ерлік көрсетеді. Ол анталаған жауды беттетпей, партизандардың барлық құралдарды алып қашып шығуына орай жаратады. Әлейбектің қорғауында олар қоршауды бұзып ілгерілейді, соңында өзі де аман-есен шығады. Әбеуқан мен Парит партизандар ұзағанша жауды тосқауылдап тұрып, соңында жаудың қоршауына қайта түсіп қалады да, қоршауды тағы бұзып шығып кетеді.

Олар таң атқанда бір жазық далаға жетеді де, қатты шаршағандықтан ұйықтап қалады. Күн төбеге келгенде оянып, қағыр далада қатты шөлдейді. Су іздеп таппайды. Бағдарларын білмей қалады, аттары да болдырып, өздері титықтап әл-дәрмені кетіп, бір шұңқырға түсіп жатып қалады. Көлігіне жатып ұйықтап қалады, таң атқанда бірақ оянады. Бұлар нәр татпағалы екі тәулік болған. Әбеуқан бір дөңеске шығып отырса, екі жаяу адамды көреді, оларды қол ишарасымен шақырып алады. Олар екі ұйғыр екен, Әбеуқанның мылтығын көріп шошып қалады. Әбеуқан оларға өзінің партизан екенін айтқанда, олар қуанып қалады.

Екі ұйғыр: қыстақтарын жау басып алып, өздерінің қашып жүргенін, басқа ауылдастарының да осы арада бытырап жүргенін айтады. Әбеуқан олардан жақын маңда су бар ма деп сұрайды, олар қарбыздықтың бар екенін, бірақ оны жау басып жатқанын айтады. Әбеуқан оларға екі дағар тапқызып алады да, қарбыздыққа ертіп баруын сұрайды. Ол екеуі қорқып барғысы келмеген соң Әбеуқан: «Бармасаңдар атып тастаймын, шөлден өлгенше, жаудан өлгеніміз жақсы емес пе?» – деп көндіреді. Олар амалсыздан еріп жүреді. Әбеуқан қарбыздыққа жақындағанда, қара терге малынып жүре алмай қалады да, екі ұйғырға мылтығын оқтап қойып қарбыз алдырады. Екі дағар қарбыздан өзі шөлі қанғанша жейді де, қалғанын Париттің қасына алып келеді. Парит есін білмей талықсып жатыр екен. Олар Париттің аузына қарбыздың суын тамызып есін жиғызды. Парит әлденген соң қалған қарбызды аттардың алдына тастайды. Әбеуқан мен Парит екі ұйғырды ертіп мәлісіне келеді де, қашып жүрген сол мәлісінің адамдарын жинатқызады. Түнімен мәлісін күзетеді.

Олар сол түні еліне жете алмай, сол мәлісте жан сауғалап жүрген бір Нылқылық мұңғұлмен танысады да, оның талабы бойынша қатарларына қосып алады. Таңертең сол мәліске басып кірген жаумен атысып қалады. Жау бір өзекке түсіп, бекініп жатып алады. Олардың артынан жаудың тағы бір полкі келіп жетеді. Әбеуқандар шегініп, партизандар қосынын іздеп жолға шығады. Олар тау етегіне келгенде ұйықтап жатқан үш жау әскерін көріп, оларды өлтіріп, қару-жарағын алып, бір мылтықты мұңғұлға беріп, оны партизандар қатарына әскерге қабылдайды. Олар Шегешордың тауымен тау сағалап Сұмбылдың Күресіне жетеді. Әбеуқан ұғысу үшін қасындағы мұңғұлды Күренің ламасына жібереді. Олар Әбеуқан мен Паритті қарсы алып, аттан түсіріп алады. Олар Әбеуқанға: «Қашқан жау мал-мүлкімізді тонап, берекемізді алып, үрейімізді ұшырды», – деп шағымданады. Күренің мәлісінде 30–40-тай семья бар екен. Әбеуқан Паритті постқа қойып, енді ішке шай ішуге кіргенде, сырттан жау келгендігі туралы хабарды естиді. Әбеуқан ауылдың аяқ жағындағы тұмсықты айналып қараса, 200-дей жау әскері келе жатыр екен. Әбеуқан соғысуға дайындалады. Парит оған: «Ақымақ болма, соншама жауға үш адам қалай төтеп бере аламыз. Осындай аманымызда қашалық», – дейді. Мұны естіген мұңғұлдар қорқып шуласып кетеді.

Әбеуқан осынша елді шулатып, жау қолына тастап қашып кетуді намыс көреді. Ол Паритке: «Қашқан жауда қанша қауқар бар, ерлікпен сайыссақ тізе бүктірерміз», – деп жаудың жақындауын күтеді. Жау жақындап қалғанда Әбеуқан автоматтан оқ жаудырады. Жаудың бірнешеуі оққа ұшып, қалғандары бұғып қалады. Әбеуқан «германканы» (винтовка) алып, қылт еткенін атқылап, бас көтертпейді, жау қарсыласуға дәрменсіз қалады. Әбеуқан маңайына қараса, Парит қашып кетіпті. Ол арт жағындағы мұңғұлдарға бұйырып: «Атқа мініп кезеңнен көрініс беріп, ары-бері шауып өтіңдер», – дейді. Мұңғұлдар аттарына мініп шуласып, алыстан көрініс беріп, кезеңнен шауып өтеді. Жауға қалың әскер келіп, үсті-үстіне қосылып жатқандай сезіледі. Жаудың ат-көліктері мен жүк артқан есектері ақырын жылжып, Әбеуқанның қасына келеді. Әбеуқан мұңғұлдарға: «Көліктерді қалтарысқа апарып, қайыра тұрыңдар», – дейді. Мұңғұлдар көліктерді айдап кетеді. Әбеуқан жауға: «Түгел тізе бүгіп, құрал тапсырыңдар! Қарсылық көрсетсеңдер, біріңді қалдырмай атып тастаймыз!» – деп айқайлап, қытай тілін білетін мұңғұлға аудартады.

Жау жақтан бір адам жауап қайтарып: «Бізді өлтірмесеңдер, құрал тапсырамыз. Өлтірмеске қолдарыңнан қағаз беріңдер», – дейді. Әбеуқан жан қалтасында жүрген мұқалтақ камчатский қарындашты алып, бір жапырақ қағазға жазу формасында келтіріп шимайлайды да, аяқ жағына өзінің кішкене мөр таңбасын басып береді. Содан соң мұңғұлдан екі уәкіл шығарып, қағазды олардың қолына беріп: «Жау жақ та уәкіл шығарып, қару-жарақты бір жерге үйсін», – дейді. Екі уәкіл қағазды жау жаққа апарып, жағына оқып береді. Жаудан екі адам шығып, қару-жарақты алдыға шығарып үйеді. Одан соң Әбеуқан жау әскерлеріне бұйрық беріп, сапқа тұрғызып артына қаратып қойып, екі мұңғұлға тінттіреді. Олар тінтіп болған соң мұңғұлдарға қару-жарақты жинатып алады да, жау әскерлерін иіріп айдап, ламаның қоржынына бөліп-бөліп қаматып тастап, сыртынан пост қояды.

Бұл жолғы қолға түскен жаудан 240 «германке», бір пулемет, 480 граната, 12 жәшік оқ олжаға түседі. Қару-жарақты ламаның үлкен ыскаладына кіргізіп, сыртынан күзет қояды. Бұл аралықта Парит те қайтып келеді. Әбеуқан Париттің қоянжүрек опасыздығына қатты ызаланса да, жау жағдайы оны жазалауды көтермейтіндіктен амалсыз ашуын ішіне жиып, сабыр сақтайды. Әбеуқан сол мәлістегі мұңғұлдардан 20 адамды уақыттық әскерлікке қабылдап, 20 мылтық үлестіреді. Олар бір жағынан нысана атуды үйреніп, бір жағынан кезекшілік істеп, қолға түскен тұтқындарға күзетшілік етеді және шаруашылыққа шығады. Әбеуқан осы мұңғұлдардың көмегіне сүйеніп, қолға түскен тұтқындарды 8 күн ұстап тұрады. Оларды өз азығын өзіне беріп, өз аттарын өздеріне сойғызып беріп тамақтандырады. Жау тұтқынға түскеннің 6-күні Әбеуқан қасына бірнеше адамды ертіп, шаруашылық істеп жүріп, жаудың қалдық күштерінен 20-ға тарта әскерге ұшырасып қалып, оларды табанда қарусыздандырып, 10 сүңгімен айдап келеді.

7-күні тұтқынға түскен әскерлермен барлық олжаны Шегешордағы штабқа әкеліп тапсыру жөнінде бұйрық келеді. Партизандар Шегешорды жаудан қайтарып алыпты. Әбеуқан мұңғұлдарға берген 20 мылтықты алып қалады да, қалған қару-жарақ, оқ-дәрілерді ат-түйелерге арттырып, жүзден артық ат, қырықтан артық есек, төрт түйемен Париттің қасына оншақты мұңғұлды қосып беріп, сол күні алдын ала жөнелтеді.

Ертесінде таңертең 20 мылтықтың шақпағындағы ширатпаларын алып, 20 тұтқынның мойнына асады да, оларды алдыңғы қатарға тізіп, барлық тұтқынды төрт қатар етіп сапқа тізіп, нылқылық мұңғұлды қасына ертіп, екі қарумен жиыны 220 адамды алдыға салып айдайды. Тұтқындарды атша желдіртіп отырып, кешке жақын Шегешор мәлісіндегі штабқа жетеді. Олар штабқа келгенде Ысқақбек генерал офицерлермен бірге жаяулап Әбеуқанның алдынан шығып, ерлігі мен елеулі еңбегін құттықтайды. Әскерлер де сапқа тізіліп, қызу қол шапалақтап қарсы алады. Шегешорға «Үш аймақ» әскерлерінен мыңнан артық адам келіп орналасыпты. Олардың барлығы Гоминьданның бір полк әскерін жалғыз өзі қолға түсіріп айдап келген батырды көреміз деп, Әбеуқанды жүргізбей алдын торып, үйіріледі. Әбеуқан тұтқындарды бас штабқа тапсырып беріп, өзінің партизан тобына барып серіктерімен қайта қосылады. Тамақтан кейін Әуезбек келіп, генерал шақырып жатқандығын айтты. Әбеуқан генералдың штабына барса, штабта тұтқынға түскен әскерлердің басшыларын тергеуге алып жатыпты. Тұтқындардың полк бастығы орсақ тіс қара, Әбеуқан жазып берген қағазды жанқалтасынан алып, генералға ұсынды. Ол: «Батырға барлық қару-жарақпен бірге өзімнің маузерімді де тапсырғамын», – деді. Ысқақбек генерал қағазды ары-бері аударып қарап, қарқылдап күліп кетті.

Көзінен жас аққанша тоқтамай күліп, көзінің жасын қол орамалымен сүртіп тұрып: «Мына қағазды қайсың оқисың? Тоқтамай оқып кеткеніңе сыйлық беремін», – деп командирлерге ұсынады. Олар тани алмай қолдан-қолға өткізіп күліп жатты. Соңында генерал қағазды Әбеуқанның өзіне беріп: «Ал, енді жазған қағазыңды өзің оқышы», – дейді. Әбеуқан: «Бұл жазуды танимын деп өзімді-өзім алдай алмаймын, мұнымен ақымақ жауды ғана алдадым. Қағазды соларға оқытыңыз», – деп күле жауап береді. Генерал Әбеуқанды жауырыннан қағып тұрып: «Жарайсың, жауды келістіріп алдапсың! Батырлығыңмен айлаң тең, ер жүрек жігіт екенсің», – дейді. Осы арада Рапық сөз қыстырып: «Әбеуқанның батырлығы бір бұл емес, Нылқы көтерілісінен бері талай реткі соғыста ерлік еңбектер көрсетті. Қиын-қыстау кездерде ылғи атойлап алда жүреді», – дейді. Осы орында Ысқақбек командирларға: «Бұл жақтағы жау негізінен жойылып болды. Сіздер де азаттық ісі жолында өшпес еңбек көрсеттіңіздер. Ертең қосындарыңызбен Ілеге қайтасыздар. Осы жерде барлығыңыз естіп қойыңыздар: Ілеге барған соң, соғыста ересен еңбек көрсеткен батырлар барлық орденімен сыйланады. Сонда Әбеуқан Сабырбекұлы да сыйлануға тиісті. Әзірше осы жерде менің беретін сыйлығым – әскери аттың ішінен ең жақсы аттан бір ат таңдап мінсін! Бұл менің оған берген естелігім болсын!» – дейді. Ертесінде 500-ден артық әскери аттың ішінен Әбеуқан таңдап жүріп, атағы шыққан бәйге сара атты ұстап мінеді. Бұл атты әскери саптан қайтқанда үйіне мініп келеді.

1945 жылы 10-айдың 13-күні соғысты тоқтатып, Гоминьдан армиясы мен «Үш аймақ» армиясы Манас өзенінің екі жағында абырон (қақпай) ұстайды. 10-айдың ішінде Рапық Байшорынұлы қолбасшылық еткен партизандар тобындағы 80 адамның 20-ға тарта адамы азаттық үшін аяулы өмірін құрбан етіп, 60-тың үстіндегі адам Ілеге қайтады. Олар Ілеге барғаннан кейін, «Үш аймақ» төңкерісінің жеңісін құттықтау, құрбандарды еске алу, соғыс қаһармандарын сыйлау зор жиыны ашылып, партизандар тобынан екі адам соғыс батыры орденімен сыйланады. Оның бірі – Қоңырбай Әлейбек батыр, енді бірі – Әбеуқан батыр. Партизандар тобы Жың мен Шиху аралығында үш ай қан кешіп соғыс жүргізіп, бірнеше рет ерлік шайқастар жасап, өзінен сан жағынан әлденеше есе көп жау қосындарын талқандайды. Олардың өшпес еңбектері «Үш аймақ» төңкерісі тарихында алтын әріппен жазылады. Соғыста құрбан болған қаһармандардың есімі мен рухы мәңгі жасайды. Олардың халқына адал ардақты істері мен ізгі мұратына болған халқымыздың сүйіспеншілігі тарих болып жалғасады. Әбеуқан биыл 82 жасқа келді, Зекті қалашығы Шығыс қыстағының қарапайым диқаны, халықтың құрметті ақсақалы.

 

Ескертпелер (қысқа сызықпен)                            

 

Гоминьдан – Қытай Республикасының сол дәуірдегі билеуші партиясы
Нылқы – Іле аймағындағы аудан (қаз. Нылқы/Нилька)
Күнес (Күнеc) – Іле өзені алабындағы аудан/өзен бойы
Қас (өзені) – Күнеске құятын өзен, өңір атауы ретінде де қолданылған
Ыластай – Нылқы маңындағы тау/жайлау атауы
Ақалақшы – ауылдық әкімшілік буындағы лауазым (ақсақал, ауыл басы мәндес)
Зәңгі – жергілікті билік өкілі (ауыл старшинасы мәндес)
Манап – ру басы, бай-феодал
Штаб – қолбасшылық пункті, басқару орталығы
Әділия – мәтінде «әскери бөлімше/жасақ» мағынасында қолданылған              қолданыс
Пост – қарауыл бекінісі, қорғаныс нүктесі
Окоп – атыс шебі үшін қазылған ор
«Германке» – неміс жүйесіндегі винтовкаға тұрмыстық атау
Маузер – Маузер маркалы тапанша/винтовка
Пулемет – автоматты оқжатар қаруы (кулемет)
Граната – қол жарылғышы
Мәлі / мәліс – қыстақ, елді мекен (жергілікті атау/транскрипция)
Керосин – жанармай түрі (көшпелі ортада жиі оталдырғыш сұйықтық)
Абырон (қақпай) – екі жақ шеп түзіп, атыспау/тоқтау мәмілесі
Айранбақ – Құлжа маңындағы жер-су атауы (бекініп тығылатын аудан ретінде аталады)
Күдертең – көпір/өтпе атауы (Жың өңіріндегі нысан)
Ұтытөте – асу/жазық атауы (өңірлік транскрипция)

 

Қысқаша сипаттама (аннотация)

Мәтін Әбеуқан Сабырбекұлының (1911, Күнес) кедей ортадан шығып, 1944–1945 жж. Іле–Нылқы көтерілісіне белсене қатысқан партизан ретінде қалыптасуын баяндайды. Ол бүркеншік қызметпен ат-алымды бұру, үгіт-насихат, тылдық қамдау және тікелей ұрыс әрекеттерін үйлестірген ұйымдастырушы ретінде көрінеді. Кілт эпизод – бір полкке жуық жау күшін айламен тұтқынға түсіру (қағаз-хат айласы). Соңында Ысқақбек генерал тарапынан марапатталып, соғыс батыры орденін алады. Кейін Зекті өңірінде қарапайым диқан, құрметті ақсақал ретінде өмір сүреді.

Дереккөз: “Күнес ауданының тарихи материалдары” 4-кітапү

Материал беруші: Әлімсейіт Ұлдақанұлы
Реттеп жазған: Дәуітбек Тұрысбекұлы

Редакциясын қараған: Андас Омарақынұлы.

Түп нұсқа арап харпіндк,

Аударып, түсініктер жазып, реттеген Қажет Андас

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 77
Талдықорғандағы көне кинотеатрлар
Қажет дерек

Талдықорғандағы көне кинотеатрлар

October 5, 2026
Қала кинотеатрлары қалай өзгерді?
Қажет дерек

Қала кинотеатрлары қалай өзгерді?

September 24, 2026
45 тағдыр
Қажет дерек

45 тағдыр

September 8, 2026
We Still Study the National Liberation Uprisings
Қажет дерек

We Still Study the National Liberation Uprisings

September 5, 2026
Қажет дерек:  БІР КӨШЕ, БІР ТАРИХ
Қажет дерек

Қажет дерек: БІР КӨШЕ, БІР ТАРИХ

September 6, 2026
Бүйен-Ақсу көтерілісінің жетекшілері кім?
Қажет дерек

Бүйен-Ақсу көтерілісінің жетекшілері кім?

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz