Талдықорғанның бүгінгі келбеті бір күнде қалыптасқан жоқ. Қаланың әр көшесі, әр ғимараты, әрбір көне фотосуреті өткен кезеңнің өзіндік белгісін сақтап келеді. Бір кезде шағын ғана елді мекен болған Талдықорған уақыт өте келе Жетісу өңірінің саяси, экономикалық, мәдени және рухани орталығына айналды.
Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығы негізінде 1944 жылғы 15 наурызда Талдықорған облысы құрылып, Талдықорғанға қала мәртебесі берілді және жаңа облыстың орталығы болып белгіленді.
Жетісу облысының мемлекеттік архиві деректеріне (ЖОМА, 7 қ., 1 т.; 1278 қ., 1 т.; 1152 қ., 1 т.) сүйенсек, сол кезде қалада 20 мыңға жуық тұрғын болған. Екі кәсіпшілік артель, екі кеңшар, МТС, сыра зауыты, нан пісіретін орын, медбикелер мектебі, бір орта, екі жетіжылдық және екі бастауыш мектеп жұмыс істеген. Қала тұрғындарына төрт дүкен, асхана, Мәдениет үйі, кинотеатр, емхана мен балабақшалар қызмет көрсеткен.
Облыс орталығы атанған соң Талдықорғанның тынысы кеңейіп, тұрғын үйлер, өндіріс орындары, әкімшілік және мәдени ғимараттар салына бастады. Кеңес үйі, қалалық партия комитетінің ғимараты, кітапханалар, Мәдениет сарайы, «Родина» кинотеатры бой көтерді. 1947 жылы халықтық құрылыс әдісімен қаланы Түрксіб магистралімен байланыстыратын теміржол торабы салынып, бұл өнеркәсіптің дамуына үлкен серпін берді.
Білім беру саласында да маңызды өзгерістер болды. 1951 жылы мұғалімдердің білімін жетілдіру институты ашылды. 1953 жылдың басында қаладағы 10 мектепте 4460 оқушы білім алды. 1955 жылы қала халқы 26534 адамға жетті. Сол жылы малдәрігерлік орта арнаулы оқу орны, ал 1956 жылы жетіжылдық балалар музыка мектебі ашылды.
1959 жылғы 6 маусымда Талдықорған облысы алғаш рет таратылғанымен, қаланың өндірістік дамуы тоқтаған жоқ. 1961 жылы коммуналдық жабдықтар дайындау зауыты құрылды. 1962 жылдан нан зауыты тәтті тағамдар, нан және кеспе өнімдерін шығара бастады. Жастар спорт мектебі ашылып, аяқкиім және жиһаз кәсіпорындары жаңа өндірістік құрылымдарға біріктірілді. 1960 жылдары қала тұрғындарын тасымал газбен қамтамасыз ету қолға алынды.
1967 жылғы 23 желтоқсанда Талдықорған облысы қайта құрылып, қала тағы да облыс орталығы мәртебесіне ие болды. Осы кезеңнен бастап өнеркәсіп, білім және мәдениет салаларының дамуы айрықша қарқын алды.
1970 жылы аккумулятор зауытының құрылысы басталып, 1975 жылы оның алғашқы кезегі пайдалануға берілді. 1972 жылы орыс драма театры мен Талдықорған педагогикалық институты ашылды. Тігін фабрикасы Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің ірі кәсіпорындарының біріне айналды. 1973 жылғы 5 наурызда өндірістік және әлеуметтік жетістіктері үшін Талдықорған облысы Ленин орденімен марапатталды.
1970 жылдардың ортасында қала халқы 81 мыңнан асты. 1979 жылы 800 орынды кең форматты «Қазақстан» кинотеатры ашылды. Кейін темір-бетон бұйымдары зауыты, жиһаз фабрикасы, аяқкиім және тігін өндірістері, сүт өндіру кәсіпорындары қаланың экономикалық әлеуетін арттырды.
Мәдениет пен денсаулық сақтау жүйесі де қатар дамыды. Тарихи-өлкетану мұражайы, І. Жансүгіров атындағы әдеби мұражай, облыстық драма театры, «Жетісу» стадионы, кітапханалар мен кинотеатрлар халыққа қызмет көрсетті. Ақын Сара мен Ілияс Жансүгіровке арналған ескерткіштер бой көтерді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қаланың қоғамдық және әлеуметтік өмірінде жаңа кезең басталды. 1997 жылы Талдықорған облысы таратылып, Алматы облысының құрамына енді. 2001 жылғы 14 сәуірде Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорған қаласына көшіру туралы Жарлық шықты.
2022 жылғы 16 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Алматы облысын Жетісу және Алматы облыстары болып екіге бөлуді ұсынды. Президенттің 2022 жылғы 4 мамырдағы Жарлығына сәйкес, 8 маусымда Жетісу облысы құрылып, Талдықорған жаңа облыстың әкімшілік орталығы атанды.
Бүгінде Талдықорған – Жетісу өңірінің білім, мәдениет, туризм, өндіріс және қызмет көрсету салалары тоғысқан маңызды қала.
Архив суреттеріндегі көне Талдықорған
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Қажет дерек: Талдықорған кеше және бүгін» жобасы қаланың ғасырға жуық тарихын бүгінгі келбетімен сабақтастыра отырып, оқырманға таныстыруды көздейді. Жоба аясында Жетісу облысының мемлекеттік архиві қорында сақталған тарихи фотосуреттер негізінде Талдықорғанның әр кезеңдегі тыныс-тіршілігі мен бүгінгі жетістіктері қатар көрсетіледі.
Архивтегі әрбір көне сурет – қала тарихының бір үзігі, өткен уақыттың үнсіз куәгері. Жылдар өте көше атаулары өзгерді, ғимараттар жаңарды, қаланың сәулеті мен тіршілігі түрленді. Бірақ сол кезеңнің белгілері тарихи фотосуреттерде сақталып қалды.
Бұл жолы назарларыңызға архив қорында сақталған, 1959 жылы түсірілген бүгінгі Қабанбай батыр, Ақын Сара, Назарбаев және Абай көшелерінің тарихи суреттерін ұсынамыз. Осы фотолар арқылы өткен мен бүгінді салыстырып, Талдықорғанның бірнеше онжылдық ішінде қаншалықты өзгергенін аңғаруға болады.
Қабанбай батыр көшесі

Қабанбай батыр көшесі 1959 жылы октабрьская көшесі деп аталыпты. Бүгінде Талдықорған қаласының күнделікті тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан негізгі көшелерінің бірі. Қаланың бүгінгі өмірін бұл көшесіз елестету қиын.
Оның бойында ұзақ жылдар бойы қала тіршілігінің күретамыры болған орталық базар, қалалық емхана, өңір баспасөзінің жұмысына қызмет етіп келе жатқан «Офсет» баспаханасы орналасқан. Сонымен қатар І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқу ғимараты мен облыстық көркемсурет галереясы да осы көшеден орын тепкен.
Сауда, білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен баспасөз салаларын бір арнаға тоғыстырған Қабанбай батыр көшесі күн сайын сан мың адамның жолын түйістіреді. Бір кездегі шағын көшенің қазіргі үлкен қаланың маңызды артериясына айналуы Талдықорғанның өсу жолын айқын көрсетеді.
Ақын Сара көшесі

Ақын Сара есімі қазақ халқы үшін, соның ішінде қазақ қыздарының рухани әлемінде ерекше құрметпен аталады. Талдықорғандағы Ақын Сара көшесінің қала орталығынан орын алуы да халқымыздың өнер мен сөз өнеріне деген құрметінің бір белгісі іспетті. Архивтен алынған суретте бұл көше 1959 жылы Калинин көшесі деп аталыпты.
Ақын Сара көшесі қала орталығындағы қайнаған тіршіліктің түйіскен тұстарының бірі. Оның бойында орналасқан «Талдықорған» қонақ үйі алыс-жақыннан келген қала қонақтарына жақсы таныс. Қонақ үйдің іргесінде Ақын Сараның бюсті орналасқан.
Қазақтың бұлбұл көмей әншісі Дәнеш Рақышев атындағы мектеп-интернат та осы көше бойынан орын тепкен. Сонымен бірге облыстық ішкі істер департаментінің ғимараты, түрлі мейрамханалар мен көпқабатты тұрғын үйлер бір-бірімен үйлесім тауып, көшенің қазіргі сәулеттік келбетін қалыптастырады.
Ақын Сара көшесі бүгінгі қала өмірінің қарқынды тіршілігін ғана емес, Жетісудың өнері мен рухани мұрасын да бойына жинаған кеңістік.
Назарбаев көшесі 
Бұрын Ленин, кейін Тәуелсіздік, одан соң Нұрсұлтан Назарбаев аталған бұл көше Талдықорғанның батысы мен шығысын байланыстыратын негізгі бағыттардың бірі.
Көше бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер, сауда орындары, мектептер мен қоғамдық ғимараттар қаланың заманауи келбетін айқындап тұрады.
Оның орталық бөлігін облыс әкімдігінің алдындағы алаң айрықша ерекшелейді. Осы маңда І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы мен Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі орналасқан. Бұл аумақ Талдықорғанның мәдени және қоғамдық өміріндегі маңызды орталықтардың бірі.
Мұнда түрлі мерекелік, мәдени, өнер және қоғамдық іс-шаралар өткізіледі. Әсіресе кешкі уақытта орталық алаңнан адам аяғы үзілмей, қала тұрғындары мен қонақтары серуендейтін көрікті мекенге айналады.
Осылайша бұл көше Талдықорғанның тек көлік қатынасы үшін ғана емес, қоғамдық және мәдени өмірі үшін де маңызды кеңістігі болып қалыптасқан.
Абай көшесі 
Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының атындағы көшенің қаланың қақ төрінен орын алуы – жетісулықтардың ұлы ғұламаға деген құрметінің белгісі.
Абай көшесінің бойында Талдықорған үшін тарихи, мәдени және әкімшілік маңызы бар көптеген нысан орналасқан. Қала әкімдігінің ғимараты, оның қарсы бетіндегі Даңқ ескерткіші, М. Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі, Нұрғиса Тілендиев атындағы музыка мектебі мен қалалық ішкі істер басқармасы осы көшенің бойында.
Әр ғимараттың өзіндік тарихы, әр бұрыштың қала өміріндегі орны бар. Сондықтан Абай көшесін бойлай жүрген адам бүгінгі Талдықорғанды ғана емес, оның өткенінен жеткен тарихи белгілерді де аңғара алады.
Көше бойындағы мәдени және тарихи нысандар адамға ерекше әсер сыйлап, қаланың рухани тынысын сезіндіреді.
Кеше мен бүгіннің сабақтастығы
1959 жылы түсірілген архив суреттеріндегі Талдықорған мен бүгінгі қаланың арасында үлкен айырмашылық бар. Бір кездері аласа үйлер мен сирек көлік көрінген көшелердің орнын бүгінде көпқабатты ғимараттар, білім және мәдениет мекемелері, сауда орындары мен заманауи инфрақұрылым басқан.
Дегенмен қаланың тарихы жоғалған жоқ. Ол көне фотосуреттерде, архив құжаттарында, бұрыннан келе жатқан көше бағыттарында және ел жадында сақтаулы.
Қабанбай батыр, Ақын Сара, Назарбаев және Абай көшелерінің кешегі және бүгінгі бейнесін салыстыру арқылы тұтас Талдықорғанның өсу, өзгеру жолын көруге болады.
«Қажет дерек: Талдықорған кеше және бүгін» жобасының да басты мақсаты осы – архив қойнауындағы деректерді бүгінгі қаламен сабақтастырып, Талдықорғанның өткенін жаңа ұрпаққа таныту. Өйткені бүгінгі көрікті қаланың әр көшесінің арғы жағында тарих, ал әр тарихи суреттің астарында тұтас бір дәуірдің ізі жатыр.
Дереккөз: Жетісу облысының мемлекеттік архивінен алынды.
Қажет Андас,
Өлкетанушы-журналист.
Суреттер мен бейнефильмді түсірген
Айдана Аманжолқызы, Динара Нарымбай
«Q-Andas» ақпарат агентігінің тілшілері.











