Талдықорғандағы көне кинотеатрлар – қаланың мәдени өмірі мен бірнеше буынның естелігін тоғыстырған орындар. Бір кездері тұрғындар бас қосып, кино көріп, демалатын бұл нысандардың кейбірі бүгінге дейін сақталса, енді бірінің орнында жаңа құрылыстар бой көтеріп жатыр. «Қажет дерек» айдары аясында олардың тарихына үңіліп, бүгінгі жағдайымен таныстық.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айдардың мақсаты – архив құжаттары негізінде Талдықорған қаласындағы тарихи орындарды түгендеп, олардың өткені мен қазіргі келбетін көпшілікке таныстыру. Осы жолы Жетісу облысының мемлекеттік архивіндегі көне фотосуреттер мен құжаттарды қарап, қалада кезінде жұмыс істеген кинотеатрлар туралы деректер жинадық. Олардың қатарында «Родина», «Қазақстан», «Дружба» және «Спутник» кинотеатрларының ескі фотосуреттері бар. Бұған дейін оқырманға «Родина» кинотеатры туралы түсірілім ұсынылған еді.
Өткен ғасырда кинотеатрлар қаланың мәдени өмірінде маңызды орын алды. Мұнда жастар мен аға буын өкілдері кездесіп, фильм тамашалап, бос уақытын өткізетін. Сондықтан бұл орындардың тарихы ғимараттардың өткенімен ғана шектелмейді. Олар тұрғындардың жастық шағымен, кездесулерімен және ортақ естеліктерімен байланысты.

Бүгінде «Ая» кафесі орналасқан жерде кезінде «Қазақстан» кинотеатры болған. Қала тұрғындары жақсы білетін бұл кинотеатр көпшіліктің кино көріп, демалатын сүйікті орындарының бірі саналған.
Еркін ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тотай Ізбасқанов үшін бұл ғимараттың орны ерекше. Ол кинотеатр туралы естелігін бөлісіп, осы жерде балалық шағының ізі қалғанын жеткізді.
«Мына ғимаратқа қараған сайын балалық шағым, жастық кезім есіме түседі. Менің артымда тұрған ғимарат – бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры. Біздің бала кезімізде бұл жер қаланың мәдени өмірінің қайнаған орталықтарының бірі еді.
Кейін атауы өзгеріп, «Пионер» кинотеатры болды. Осы маңда біз оқыған орта мектеп те орналасқан. Достарымызбен осында келіп, кино көретінбіз. Алғаш тамашалаған фильмдеріміздің біразы осы кинотеатрмен байланысты. Сондықтан бұл орын біз үшін ерекше ыстық. Мұнда балалық шағымыздың ізі, бірге өскен достарымыздың естелігі қалды.
Уақыт өтеді, қала өзгереді. Бірақ сол өзгерістердің арасында өткенімізді ұмытпағанымыз жөн. Бізге таныс осы орындардың тарихын кейінгі ұрпақ та білсе деймін. Ертеңгі балалар бұл ғимараттың жанынан өткенде, кезінде мұнда кинотеатр болғанын, ата-әжелерінің осында келіп, кино көргенін білсе, туған қаласына деген ықыласы да арта түсер еді.
Өткенімізді таныған сайын, болашағымызға нық қадам басамыз. Сондықтан көзіміз көрген тарихты, көңілімізде қалған естеліктерді бүгін айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз», – дейді Тотай Ізбасқанов.
Қазір бұл маңның келбеті өзгерген. Жақын жерде қаланың орталық саябағы орналасқан, айналасында қоғамдық тамақтану орындары, мекемелер және халыққа қызмет көрсететін түрлі нысандар шоғырланған. Күнделікті тіршілік жүріп жатқан осы аумақтың бұрын қаланың мәдени өмірінде өзіндік орны болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді.
Өткен ғасырдың 60–80-жылдарында тұрғындардың мәдени демалыс орындарының бірі болған тағы бір нысан – «Достық» («Дружба») кинотеатры. Тәуелсіздік жылдарында ғимарат біраз уақыт қараусыз қалып, кейін жеке кәсіпкерлердің иелігіне өткен және түрлі мақсатта пайдаланылған.
Түсірілім кезінде бұл ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатты. Нысанның жаңаруы оның бүгінгі өміріне жол ашса, бұрынғы кинотеатр ретіндегі тарихын таныстыру қала тұрғындарының осы орынға деген қызығушылығын арттыра түсер еді.

Жетісу облысының мемлекеттік архивінен табылған фотосуреттердің бірі 1970 жылы түсірілген. Онда «Спутник» кинотеатрының сол кездегі ғимараты анық көрінеді. Өткен ғасырдың 70–80-жылдарында тұрғындар жиі баратын бұл мәдени орын қазір жеке меншікте.
Өкінішке қарай, бүгінде фотосуреттегі ғимарат сақталмаған. Түсірілім тобы барған кезде бұл аумақта бұрынғы құрылыстың орнына жаңа құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан.
Тотай Ізбасқанов «Спутник» кинотеатрына да келіп, кино көрген кездерін еске алды.
«Осы жерде кезінде «Спутник» кинотеатры болған. Көлемі шағын еді. Меніңше, осы маңдағы елді мекен тұрғындарына арналып салынған болуы керек.
Біз мұнда да келіп, кино көретінбіз. Кейінірек «Родина», «Қазақстан» кинотеатрларына баратын болдық. Сол кезде әр кинотеатрдың қала өмірінде өзіндік орны, тұрақты көрермені бар еді. Бүгінде сол күндерді еске алғанда, кинотеатрлармен бірге жастық шағымыз да көз алдымызға келеді.
Қазір сол орындардың тарихын қайта жаңғыртып жатқанымыз қуантады. Өйткені уақыт өткен сайын көп нәрсе ұмытылады. Сондықтан тарихи орындардың өткенін зерттеп, олар туралы деректер мен естеліктерді жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек.
«Родина» секілді сақталған ғимараттарды бұзбай, тарихи келбетін сақтасақ, «Қазақстан» сияқты көне нысандардың тарихын да ұмыттырмасақ деймін. Ал ғимараты сақталмаған кинотеатрлардың орнын белгілеп, кезінде қандай орын болғанын көрсетсек, келер ұрпақ үшін құнды мұра болар еді. Бұл жерлерде біздің жастық шағымыздың ғана емес, қаланың тұтас бір кезеңінің ізі жатыр», – дейді ақсақал.
Қаланың дамуы, жаңа нысандардың салынуы – уақыт талабы. Сонымен бірге бұрын тұрғындардың рухани және мәдени өміріне қызмет еткен орындардың тарихын сақтау да маңызды. Ғимарат сақталмаған жағдайда оның орнын белгілеу, архивтік фотосуреттерін жариялау және тұрғындардың естеліктерін жинау арқылы өткеннің ізін кейінгі ұрпаққа жеткізуге болады.
«Қажет дерек» айдарының бұл ізденістегі мақсаты – қаланың көмескіленіп бара жатқан тарихын жаңғырту. Көне кинотеатрлар – аға буынның ізі қалған, талай адамның өміріндегі бір кезеңмен байланысты орындар. Сондықтан сақталмай қалған нысандардың орнын белгілеп, мүмкіндігінше олардың тарихынан хабар беретін ескерткіш тақта орнату маңызды деп есептейміз.
Егер «Родина», «Қазақстан», «Достық» немесе «Спутник» кинотеатрлары туралы деректеріңіз, фотосуреттеріңіз не естеліктеріңіз болса, Q-Andas редакциясымен бөлісіңіздер. Әрбір фотосурет пен естелік Талдықорған тарихын толықтыруға, қаланың мәдени мұрасын келер ұрпаққа таныстыруға үлес қосады.
Айсұлу Төлеухан,
Өлкетанушы-журналист.
Суреттер мен бейнефильмді түсірген
Әмина Ақылбек.
«Q-Andas» ақпарат агентігінің тілшілері.












[…] Талдықорғандағы көне кинотеатрлар […]