ҚУАНБЕК:
Басында Сорбұлақтың қыстап жүрмін,
Өнерді өлеңменен нұсқап жүрмін.
Қанышай, өзіңе арнап өлең-жырдың,
Жорғасын, жүйрігімен ұстап жүрмін.
Басында Көкшоқының жайлап жүрмін,
Бұлбұлдай мың құбылып сайрап жүрмін.
Қанышай өлеңмен бір сайысуға,
Жаратып жыр дүлділін сайлап жүрмін.
ҚАНЫШАЙ:
Басында Сорбұлақтың ән сап жүрмін,
Атыңды бір естуді аңсап жүрмін.
Әсем ән бал шырындай сөздеріңді,
Мейіздей таңдайға сап таусап жүрмін.
Жан едің жастайыңнан өлең қуған,
Тамаша жүрген жерің жыр мен думан.
Қырандай қырағы едің іліп түсер,
Құрбыңнан өзің тектес артық туған.
Кейін Қанышай ұзатылар тұста, оның ел мен жермен қоштасқан арыз өлеңін Қуандық айтқан екен.
Ауылға адам бармас аралдағы,
Келмейді-ау атар жерге маралдағы.
Он бес пен он алтыда сыртқа кетіп,
Қыздардың іште кетер бар арманы.
Қонбайды таудың құсы ши басына,
Біреудің ілініпсің бұйдасына.
Ат ерттеп аттануға даяр бопсың,
Қош айтып аттанарсың үй басына.
Ойнаушы ең жас күніңде түйе болып,
Шықты ғой саған біреу ие болып.
Шай сал десе шайнекке шай салмаушы ең,
Ұстайсың қайтіп қазан күйе болып.
Базардан алып келген шыны-шәйнек,
Кірпіштен үй салдырдым іші әйнек.
Барған жерде жайдары жақсы боп жүр,
Жанасып өз құрбыңмен күліп-ойнап, – деген екен.
ҚУАНБЕК ПЕН БЕГЗАТҚАННЫҢ АЙТЫСЫ
ҚҰАНБЕК:
Бегзатқан сөзің бұлақ, әнің қаусар,
Атыңды мың бұралған құрбың аңсар.
Өлеңдерің Аралдың алтынындай,
Сөздерің магниттей бізді тартар.
Бүгін түн ұзақ түнге талмай шырқа,
Құрбыңның ән құмары сонда тарқар.
БЕГЗАТҚАН:
Естідім келді деген хабарыңды,
Білмедім нанбасыңды, нанарымды.
Өзіңді көптен бері аңсаулы едім,
Көрсем деп алтын дидар жамалыңды.
Айтқан сөз, салған әнің ойды тербеп,
Нұр құйып жадыратар жанымызды.
Жоғарыдағы айтысты ел аузынан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











