1710 жылдары Құттыбай ауылы Қызылжар асуында отырғанда Құттыбайдың бәйбішесі нарша бике босанып, ұлдың шілдеханасына қаздауысты Қазыбек би бастаған игі-жақсылар қонаққа келеді. Ертесі қонақтар қайтарында Құттыбай судай жорға бір бестіні Қазыбек бидің алдына тартып, баласына ат қойып беруді өтінеді. Сонда би:
Көз тоймайтын бұл жалған,
Бір күн бізден қалады.
Аударыспақ ойнаған,
Заман қалай болады.
Періште деген ақылгөй,
Жақсылыққа бұратын.
Өмірді соңға жалғайтын,
Бала деген қуатым.
Сүтпен біткен мінезге,
Ақылдың күші жетпейді.
Ел үшін өлген ер жігіт,
Өлсе де аты өшпейді.
«Тастай» қатты жұмылып,
Жоңғарға қарсы тұрайық.
«Терімдей» біте қайнасып,
Аптығын жаудың бұзайық.
Есіңді жи, әз халқым,
Жау келеді оянып.
Серт қылып осы балаға,
«Тастемір» деп ат қоялық, – деп нәрестенің құлаған «Сенің атың тастемір» деп үш рет айғайлап, атын қойып аттанады.
Абыз баба айтса айтқандай Тастемір бала жасынан батырлығымен танылады. Матайдың қызыл шашақты найзасын қолға алып, «Қаптағайлап» жауға кіргенде қарсыласын жер қаптырмай қайтпайды. 1729 жылы Арал теңізі бойында қазақтар мен Еділ қалмақтары арасында үлкен соғыс болады. Осы соғыстың алғашқы жекпе-жегіне шыққан арғын Құсболат батыр жау қоршауына түсіп қалғанда Тастемір шепті бұзып құтқарып әкетеді. 1730 жылы аягөз бойындағы жоңғар соғысында үлкен олжамен еліне оралғанда бәйбішесі Әдесиман босанып, ұл табады. Сонда Тастемірдің шешесі Нарша ұлымен бірге жорықтан қайтып, еліне бара жатқан Құсболат батыған немересіне ат қойып беруін өтінеді.
Қарт батыр:
– Мен Тастемірге борыштымын. Қазір қазақтар азып-тозып, жоқшылықтың азабын көріп жүр. Осы күндер келмеске кетіп, қазақ бай-қуатты ел болсын деген ниетпен немереңізге Байқазақ деп ат қойдым, – деп ырымын жасап, сәбиге ат қойып аттанады.
1755 жылы жоңғарлар жойылып, ел іргесі бүтінделе бастағанда Күшік ханға қарайтын Зайсандағы сыбан руының батырлары Ертістен өтіп жоңғарға жорық жасайды. Алайда жоңғарларды кездестірмей, жылан таңбалы қалың жылқыға кездесіп, бақташысын байлап, жылқыны қуып әкетеді.
Жылқының ізіне түскен Есенгелді, Қарағай, Әлет бастаған қызай батырлары сыбан еліне келіп, жоқтың үстіне түседі.
Қуғыншылар арыз-арманын Күшік ханға айтып, шағымданады. Дауды сыбанның Байғара биі қарап, жылан таңбаның қызайларға тән екенін анықтайды. Сонымен жылқыны түгендеп, сыбан батырларына жаза кеспей, ат-шапан айып беріп, дауды шешпек болғанда, оның көмекшісі болып жүрген Сармық би тентектерді жазаламай, ел ішіндегі ырың-жырың бітпейтінін алға тартып тұрып алады. Оның тегін тектеген қызай батырлары Сармықтың Тастемір батырдың ұлы, өздерінің қаны екендігін біледі де дауды тастап, Тастемірдің бәйбішесі Әдисманға жолығып, оларды елге қайтуға көндіреді. Сармықтың даңқы содан бастап қызай ішіне кең таралады.
Тілеуқабыл тұқымы Оразайдың баласы Жанмырза қайтыс болып, оған ас беріледі. Сол асқа Сармық би қатысып, астың батасын береді. Сонда:
Ауылыңның ардағы бол,
Халқыңның арланы бол.
Мәртебең биіктеп,
Заманның тарланы бол.
Еліңнің еркесі бол,
Жорықтың серкесі бол.
Жетім мен жесірдің,
Басындағы күркесі бол.
Абыройың аса берсін,
Бақ-дәулетің таса берсін.
Егескенің құм құшып,
Жауыңның құты қаша берсін.
Ұрыспайтын ұлың болсын,
Керіспейтін келінің болсын.
Қызыр дарып шаңырағыңа,
Малың өрісті болсын – Аллаһуәкпар, – депті.
Сол кезде іліктен шатақ іздеген бір топ төре тұрып, қара неге бата жасайды деп шу көтереді. Сол кезде Сармық би:
Барлығын қылып күшінің,
Орынсыз істі бұзған ит.
Өзі болған кісінің,
Ататегін қуған ит, – деп салады.
Қарағай батыр бір жолы нағашысына барып, жиеншілеп қайтар жолында отыз шақты қуып келе жатқан қырғыздың барымташыларына кез болады. Олардың қуып келе жатқаны өз ауылының жылқысы екенін көреді. Қолында қару жоқ батыр бір балдырған қарағайды жұлып алып, барымташыларды ұрып жығып, жылқыларды алдына салып ауылға келеді. Жылқыны түгендегенде бір биені сойып жегені, қалғандарының түгел екендігі анықталады. Сонда Қарағай батыр олардың бір атын алып, барымташыларды қоя береді де:
– Бұл жолғы қателіктеріңді кештім. Шығын болған жылқының орнына бір аттарыңды алып қалдым. Елдеріңе барып, би-батырларыңа айтыңдар. Елдесем десе ерулігім дайын, жауласам десе, тұрысатын жерін айтсын, – деп қайтарады. Көп өтпей қырғыздар жаушы жіберіп:
– Тентектерді тезге салдық, көрші ел, береке-бірлікте өтейік, – деген хабар айтады.
Қарағай батырдың осы жомарттығын естіген Әбілмәмбет хан батырды шақырып алып:
– Қазақ-қырғыз арасындағы дауды дұрыс шештің. Қандай мансап аласың? – деп сұрапты.
Сонда Қарағай батыр:
– Тақсыр хан, мансап алмаймын. Маған осы құрмет те жеткілікті. Елімді қорғап, ер атансам болды, – деп жауап береді.
Кейін қазақ, қалмақ арасында жер дауы өршігенде Мәскеуге арыз айта барған 12 елшінің бірі осы Қарағай батыр болған екен.
Қарағай батырдың даусы өте зор болып, ақырғанда жаулары қарсыласа алмай, мысы басылып қалады екен. Бірақ ашуы түспесе жауға шаппайтын мінезі де болыпты.
Бір жолы жоңғарлар Қарағай батырдың ауылын шабады. Бірақ батырдың ашуы түспей үйде қам-қайғысыз қымызын сораптап отыра береді. Бір кезде ағасы Атығай жаулардың бірінің қолынан ауыр жараланып, жаны қиналып үйге енсе, төрде отырған Қарағайды көріп:
– Сені де батыр дейміз-ау, елің қырылып жатса, қам-қайғысыз отырған түрің мынау, – деп қолындағы бос мойын шоқпармен салып қалады.
– Сол кезде Қарағай батырдың ашуы түскен екен:
– Әй, ит қалмақ, сенің кесіріңнен әкеден жемеген таяқты ағадан жедім-ау, – деп ақырып қалып, атқа қоныпты.
Бет келген қалмақты сыпыра құлатып, бәрін жусатып салады. Ашуланғанда түктері тебендей болып киімінің сыртына шығып кеткен екен. Үш күннен кейін барып түктері қайтып қалпына келген деседі.
Қазыналы қарттардан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











