Айт Қапсалаң кезінде бөлімшенің ұстасы екен. Бір күні бөлімшеге жоғарыдан тексере тобы келеді. Арасында біреуі қарбалас жұмыс істеп жатқан Айт Қапсалаңнан:
– Кәсіп қалай? – деп сұрайды.
Сонда Айтекең:
– Е, соқ, соқ… дейді темірді,
Толықтап бермей көмірді.
Бүйте берсе бәсекен,
Қайтып алам нөмерді?!
Бұлар нөмер бермесе,
Қайтіп сүрем өмірді, – депті.
Нөмер – ол тұста істеген еңбекке қарай нөмер қойып, сол бойынша тұрмыстық керек-жарақ таратылады екен.
Айттың жалғыз сиыры бар екен. Оны әрі сауын, әрі көлік ретінде істететін көрінеді. Бір күні Айт сиырына бір қап бидай артып, сол маңдағы жалғыз диірменге келсе, диірменші:
– Ақсақал, бидайыңызды дирменге тартуға бір, екі күнсіз ширет келмейді, – депті.
Сонда Айт:
– Ей, мұныңғ аты дирмен,
Үйдей тасты үйірген.
Неге тартып бермейсің,
Келіп тұрсам сиырмен.
Қанша әуре қылып мен,
Алдыңа кеп биыл мен, – депті.
Сонда диірменші күліп жіберіп, бидайын тартып беріп, аттандырыпты.
Баққаным мынау менің бал арасы,
Жаққаным Қаратаудың қара ағашы.
Шаққаны бал араның дәрі болар,
Кел менің омартамды аралашы.
Бал ара сияқтанып еңбектенсе,
Ешкімнің кем болмайды қара басы.
Мысалы, жеңіл-желпі сырқаттансаң,
Балменен осы шыққан дауаланшы.
Замандастарына ер шауып бергенде:
Сиябек, Қуанышбек, Құрманым-ай,
Айнымай бір уәдеде тұрғаның-ай.
Ер жасап берем деген уәдем болып,
Шотымды қатты ағашқа ұрмадым-ай.
Ертең күн мен жасаған ерге мінсең,
Көрермін сонда берген сыйларыңды-ай.
Істегенім теміршілік, тасшылық,
Әзір биттей тұрмыста жоқ тапшылық.
Тірлікте қолдан келген ісімменен,
Істей берсем болды емес пе жақсылық?
Қара күшпен тасты қажап жатырмын,
Осы ісімді түсініңдер басшылық.
1974 жылы «АҚШ Президенті Никсон Қытайға келіпті» дегенді естіген ақын Айт Қапсалаңұлы:
– Мао Цзэдун дүниенің данышпаны,
Ойлаған болашақты алыстағы.
Қаһарлы бір патшаны бас идірді,
Жау жағы болсадағы танысқалы, – деген екен.
Күнес аудандық №1 орта мектебінің бір топ оқушысы тақтай тасып жүргенде алдарынан Айт Қапсалаңұлы шыға қалады да, балаларға қызықтай қарап тұрып:
– Алты бала келеді пән (тақтай) көтеріп,
Қисайтпай ортасынан дәл көтеріп.
Балалардың жігерін көрген кезде,
Қоя бергім келеді ән көтеріп, – деп келіп, артта келе жатқан сегіз балаға қарап:
– Пән көтеріп келеді сегіз бала,
Бір анадан туғандай егіз бала.
Ең алдында келеді арық бала,
Ең артында қалыпты арық бала, – деп балаларды ду күлдіріпті.
Жазып алып, сақтаған: Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз:
«Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары)» / А. Омарақын ; құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.].
Талдықорған.
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
«Q-Andas» ақпараттық агенттігі











