Өткен ғасырдың, яғни 1925-1935 жылдар арасындағы елім деп елжіреген, жерім деп басын жарға соққан алдыңғы қатардағы көкірегі ояу, көзі ашық көптеген әкемелеріміз бен ағаларды бүгінгі ұжым басшыларымен, тағы да көптеген жекелеген кәсіпорындарды билеп жүрген, қаржылық бағыттағы немесе төменгі сатыдағы мемлекет билігінде жүрген азаматтармен салыстыруға бола ма? Жоқ, әрине болмайды.
Осы сауалға жауап іздеп өткен ғасырға ой жүгіртер болсақ, кесек-кесек тұлғалар көз алдымызда аңыз адам болып елестейді. Жалайын ішінде Арық-тыным, Байшегір руының бес Қауыс аталған ұрпақтарынан Пышан Жәлмендеұлы, Әкімбай Құдиярұлы, Мақұлбай Қитабан (Қыдырбайұлы), Сүлеймен Нұрышұлы, Сәдуақас Биекеұлы, Бекжүніс Иекеұлы және де Күшік руынан Қарасақал Тұрлығаш бай, Кәлпе руынан Разақ, Рым секілді елдің қамын ойлаған, өресі биік адамдарды айтқанымыз дұрыс. Пышан Жәлмедеұлы жайында азды-көпті жазбалар газет беттерінде басылып және де жеке кітапша болып жазылып жүр.
Ал ел ішінде білімімен, елжандылығымен, өрелі ой-асқақ мақсаттарымен елге танымал болған, қалың жұртқа арқа сүйеген жоғарыда аталған Масай, Құрмантай ұрпақтары күні бүгінге дейін ескерусіз қалып келеді. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталатын болсақ, өмір жолдарына талдау былай басталады. Әкімбай Құдиярұлы Пышан Жәлмендеұлымен түйдей құрдас. Үзеңгілес досы болған. Ал, ел ішіндегі беделі, атақ-абыройы Пышаннан бірер саты жоғарылау болса керек.
Әкімбай Құдиярұлы туралы естелігімізді сомдайтын болсақ, кінәсіз жанның қызыл отқа түсуі былайша болған екен. Сарыауыз мылтық асынған шолақ етектілер ел шетіне келіп Пышан болысқа темір бұғауын таяғанда орысша білетін ол: «Менде нелерің бар, ұстайтындарың анау Әкімбай. Ел ішінде үгіт жүргізіп, сендерге қарсы насихаттаушы да, елге аға болушы да сол», – деп жазықсыз жанды сыртынан жамандап айдатып жібереді. Сол жаламен Талдықорған түрмесінде «Халық жауы» болып қамалған. Ауыр соққы, көптеген сұрақтардан әлсіреген ол үлкен азап тартып, түрме ішінде қайтыс болады. Бұл шамамен 1922 жылдары болса керек. Бұл істің ақиқаттылығын анықтайтын дәлелдеушінің өзі де Пышан ақын.
Пайдасыз жала салдым Әкімбайға,
Құдайым жазған екен осындайға.
Кісіге кісі ақысы кетпейді екен,
Ол түскен менде түстім қу тақтайға, – деген өлең шумағы өкініштен өткінші өмірдің алдауына түскен адамның мұң-зары емес пе? Ендігі бір:
Артымда жеткіншегім Мақұлбайым,
Білдің бе? Қандай екен ағаң жайын.
Тағдырдың қосқанына амал бар ма?
Менің де жайым мұндай не қылайын.
Кешірім өтінемін елден, жұрттан,
Опасыздық амалы мені құртқан.
Торға түскен жолбарыс болдым бүгін,
Дұрыс іс болмаған соң әуел бастан, – деген өлең шумақтарында да тәкәппарлық пен кісілік қатар тұрған жоқ па? Елге кіші болудың өзі кісілік.
Санаймын биік шыңға Мақұлбайды,
Біліп тұр хабар-ошар ағаң жайлы.
Төс қағысқан досы едің ел аманда,
Жанашыр сен жақынсың Нұрықсанға.
Бұл өлең шумағында да сүйікті ұлына «Досыңа сенімді бол, өмірдегі серігің адал досың», – дегенді меңзейді. Шынында да Мақұлбай әкем мен Нұрықсан аға өмірде достықтың шынайылығын кейінгілерге үлгі етіп қалдырды. Алысты жақындатып, жақынды ардақтайтын жандар еді.
Суық сөз тез жетеді демей ме? Әкімбайдың түрмеде қайтыс болғанын Қаратал өзенінің Құйғанында жатқан сонау Сарыесік-Атыраудағы Мақұлбай естиді. Дұшпан өлтіріп, етін алса да, сүйгеі менкі ғой деп немере інісі Тұрсын Өтеуліұлын ертіп, бір түйені қомдап екі атпенен Талдықорғанға тартады. Күні-түні демалыссыз жүрген олар сүйекті алдын-ала қазған орға тастамақ болып жатқан тұсқа тап келеді. Түрменің әпербақан шолақ етек бастықсымақтарынан сұрап, түрме күзетшілеріне пара беріп жүріп, немере інісінің сүйегін елге, Ақшағылға әкеп жерлейді.
Марқұм Әкімбайдың жетісін өткізбей жатып-ақ сарыауыз мылтық асынған «жандыаларлар» келіп, халық жауының сүйегін мұсылманша жерлегені үшін «халық жауы» деп кінәлап, жазықсыз жан Мақұлбайды айдап әкетеді. Түрмеге жабады. Артында шулап Ахметолла, Рахметолла деген екі ұлы, жұбайы Мәрия, шалынан тірі айырылып (Тұрлығашты да «халық жауы» деп айдап әкеткен), бес баласын жерге беріп, үлкен қасірет тартқан әпкесі Бағила да қалады.
Жоғарыда айтып кеткендей Мақұлбай (Қыдырбайұлы) Қитабанов 1895 жылы қазіргі Алмалы ауылы, Ақшағыл деген жерде Қыдырбай атты шаруа кісінің отбасында дүниеге келеді. Мығым денелі, балуан пішінді болғандықтан жеңгелері Қитабан деп атап кеткен екен. Анасы Қанымжан Арқаның қызы. Бес жасында әкесінен жетім қалған ол ер мінезді анасы мен өжет әпкесінің арқасында ауыл молдасынан арабша хат таныған. Сегіз жасында оны Ақсу бойындағы Маман-Тұрысбектің Қарағаш мектеп интернатына оқуға береді.
Бұл мектепті төрт амал мектебі деп те атаған. Мектепте есеп-қисап, счетпен алып қосу, көбейту мен бөлу, сауда жұмысына бейімделген барлық амалдардан білім берген. Дін мен тілден, қазақ тарихы, жағрафиядан үлкен ұлағат алған. Латын әрпімен хат таныған.
Мектепте үздік бітірген оны алтын сағатпен марапаттап, сол ауылдағы бір дүкенге көмекші етіп жұмысқа алады. Сонда ол кісі он үш жаста екен. Сөздің қисыны келгенде айта кетейін дегенім, жас баланы дүкенге қызметке алып, өзіне көмекші еткендеріне онша риза болмаған дүкенші (ұлты ноғай болса керек) бала дүкеншіге бір күлкілі әңгіме айтады. Оны былай бастаған екен.
– Ертеректе бір кісі қарғаны ұстап, оған «білем» деген сөзді үйретіпті. «Білем» деген сөзді әбден нақышына келтіріп айтатын болған соң, оны дүкеншіге әкеліп, менің қарғам есепті жақсы меңгереді, бәрін біледі. «Сатам, қаласаң ал», – дейді. Бұған еңбең ақы төлемеймін. Күніне 10-12 сағат жұмыс жасаса да қарғаға бәрібір. Тегін жұмысшы, шығыны да шамалы деп ойлаған ол қарғаны сатып алады. Дүкенші қарғаға:
– Кездеме өлшеуді білесің бе?
– Білем.
– Қант, тәтті, ұн, тұз өлшеу білесің бе?
– Білем.
– Киім-кешек сата аласың ғой?
– Білем, – дейді қарға.
Сонымен қарғаға дүкенін тапсырып, өзі тамақтануға кетеді. Қайтып келсе дүкеннің іші бос, қаңырап тұр. Тек қарға ғана тұр.
– Дүние қайда?
– Білем.
– Нені білесің?
– Білем.
Қарғаны ұрып өлтірмекші болған дүкеншінің әр қимылын аңдып, «білем, білем, білем» деп отырған қарға ашық қалған есіктен ұшып кетіпті.
– Ал сен бұл туралы не ойлайсың? – дейді дүкенші.
– Мен дүкеншіні аяп тұрмын, – депті бала.
– Неге?
– Сонша дүкен толған дүние-мүлікті қарғаға сеніп тапсырса да, артынан қадағалап бақылауы керек еді.
Біршама уақыттың ішінде дүкеннің жұмысына қанығып, үйреніп дүкен меңгерушісі сатысына көтеріледі.
Өр мінезділігімен ел көзіне түскен әкемізді аласапыран заманда өктем билік үш жазаға бұйырып, үш рет ақталады. 1933 жылы сол кездегі ревкомның белгілі мүшесі Ораз Жандосовтың тікелей нұсқауымен Талдықорған аймағындағы шикізет өнімдерін дайындау жұмысына қажетті адам ретінде брондап, қолына қағаз беріледі. Сол уақыттан бастап еңбекке деген ынтаның арқасында әрбір кезеңде жоғарғы орындардан мақтау грамоталары, алғыс хаттарымен марапатталады. Москвада өтетін ауыл шаруашылық көрмесіне де жолдама алған. Қаратал, Бөрілітөбе, Ақсу аудандарында еңбек етті. 1964 жылы тамыздың он жетісі күні Қаратал ауданындағы Жусанды елді-мекенінде қайтыс болды.
Әкем Мақұлбай Қитабанұлымен араласқан адамдардың жердің алшақтығына қарамай бір адамдай жұмылып, ақырғы сапарға шығарып салуларының өзінен де ол кісінің елжандылығымен қатар адамдық қасиетінің жоғары екенін білуге болатын еді. Жоғарыдағыларға қоса айтарым: Құрмантай тегі Бекжүніс Иекеұлы да сол қиын-қыстау жылдары жалаға тартылды. Өз білімінің арқасында босатылып, елге оралған соң ұлағатты еңбегімен еліне қызмет етті.
Сәдуақас Биекеұлы өте жас болса да ауылдан медресе ашқан Иман жолын қуған жан екен. Жазықсыз жаланың құрбаны болды. Бұл кісі алтын діңгек Биеке әулие деп жүрген қажы, ғұламаның жалғыз ұлы еді. 1905 жылы туып, 1922 жылдан белгісіз кеткен адамдардың қатарында.
Күшік руынан шыққан Тұңғышбай бай 1922 жылдары ірі бай ретінде айдалып кеткен. Артында қалған төрт ұл, бір қызы да сол кездері науқастан қайтыс болды. Сол кездері жазықсыз жаламен қамалған Рым, Разақ деген адамдардың есімін естігенмін. Руы Кәлпе болса керек.
Тәуелсіздік алған бұл заманда жазықсыз жаланың құрбаны болған ел ардақтыларын ойға алып, еске түсіргенді жөн көрдім. «Өткенді еске алмай, кейінгі ойға түспейді» деген осы.
Төлеухан ҚИТАБАНОВ,
Ұрпағы. Еңбек ардагері. Үштөбе қаласы.
Жарияланды. -Алматы: Қараман Қ. Қаратал ақтаңдағы: тарихи-танымдық кітап – «Тоғанай Т». 2015. -240 б. -132-141 б.
.
Жалғасы бар…











