Табысқа жетудің құпиясы не? Мұны оқыған оқырман ғалымдар жайлы жазады деп ойлайтын шығар. Олай емес, мен бала кезімде-ақ өзімнің ғылымның адамы болмайтынымды білгенмін. Сондықтан қоғамдық салаға қарай бейім болдым. Оның басқа да себептері болды. Саясат пен ғылым тек төзімді адамдардың шұғылданатын ісі екендігін сездім. Өйткені, сен өз идеяңды басқаларға мойындату үшін өзіңде өмір бойы сол тірлікке арнайтын табандылық пен биліктің қуаты болуы керек. Алайда, менде ол шарт болған жоқ. Десе де, философтардың жазбаларын оқи жүріп, адам болудың құпияларын ақырындап үйрене бастадым. Сондықтан мен бұл мақалада өзім сезген табысқа жетудің шарттары мен қоғамның шындығы шендестіре отырып, жеке ой-пікірімді ортаға сала кетуді жөн көрдім.
Ғұламалар: «Адам баласы алғашқы заманда туысқа тартқан және жеке мүддені көздеген. Орта ғасырда дана адамға табынған және қайырымдылыққа, сүйіспеншілікке бой ұрған. Таяу заманда асыл заттарды көтермелеп, ұлықтарды қастерлеген. Ел дана кісілерді қадірлеген соң-ақ қабілет, мұрал жақтан бәс таласатын болған. Ал асыл заттарға табыну жеке бастың қамын қарастыруды негіз еткен.
Міне, ұқсас болмаған қоғамдық қарым-қатынас адамзат қоғамының ілгері басуына түрткі болды. Өйткені, осындай түрлі қайшылық адам баласына неге керек? Өмір сүру үшін қалай істеген жөн дейтін бағыт-бағдар беріп отырды» – деп жазады.
Ертеде, бір тайпаның ақылгөй қариясы болыпты. Олар жер танабынан тірлік қажетін қамдап отырады екен. Тіршіліктің қажеті үшін мал өсіріп, тірлік кешіп жатқан көрші тайпамен қарым-қатынас жасауға ортада тұрған алып тау мен ондағы жыртқыш аңдар бөгет болыпты. Бір күні дана қарт тайпа мүшелерін жинап, кеңес құрады. Олардың алдында екі жол бар еді. Бірі – таудағы аң біткенді қырып, жоғалту. Енді бірі – тауды орнынан басқа жаққа көшіріп тастау. Тайпадағылар кеңесе келе екінші жобаны дұрыс деп шешеді. Қызу тірлік басталады. Бір ұрпақ, екінші, үшінші ұрпақ сансыз жапа-машахатпен еңбек етеді. Десе де, арманның орындалуына әлі ерте еді. Сол тайпаның бесінші ұрпағына келгенде ғана жоспар орындалып, екі тайпа бір-бірімен емін еркін қатынайтын мүмкіндікке ие болады. Бұл басқа тіршіліктің көзін ашып, өркениетті ары қарай жалғап әкетті. Иә, бұл жерде айтылып отырғаны нендей бір тауды көшіру емес, төзімділік пен қажырлылықтың асқар тауды да орнынан жылжыта алатын құдіретті күш екендігін білдіру. Адам баласының бүгінгі өркениетке жетуі – осының нәтижесі. Әрине, табысқа жетудің бірінші құпиясы міне, осы.
Дүниеде төрт түлігі сай нәрсе жоқ. Оның үстіне, бір адам немесе ұлттың өмірін тек қажырлы еңбек ғана кемелдендіре алады. Баяғыда Қорқыт деген әулие адам өткен екен. Ол өлімнен қашып, бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Қайда барса, топтасқан адамдар легіне ұшырасады. Мән-жайын сұраса, «Қорқыттың көрін қазып жатырмыз» деген жауап алады. Осындай қашқындықтың салдарынан шалқар теңіздің үстіне қасиетті кілемін төсеп, қобыз тартып отырған жерінде ажал жылан болып тиіп пәниден өткен екен. Бұл бір аңыз болғанымен біздің ата-бабаларымыздың өмір кешірмесінің айнасы. Халық арасында ежелден айтылып келе жатқан: «Басы қарлы Балқан тау, олда біздің барған тау, Тар түп. Кең түп ол да біздің көрген жер, ұрпақ өсіп-өнген жер» деген тәмсіл бар. Мұндағы Балқан (Альпі тауы), Кең түп (Оңтүстік үйек), тар түп (қазіргі Индия бұғазы) емес пе? Осы даланы шыр айналып, болашақ іздеген ата-бабаларымызды қажырлы деп айтпауға шараң бар ма? Талай-талай қырғын мен тақсіретті тартқан бабаларымыз осы саяхатын «Асан қайғының» ақылиясына айналдырып, «Қорқыттың көріне» шендестіру арқылы түйіндеп кеткен жоқ па? Осыдан 3 мың жыл ілгері тарих сахнасын дүбірлеткен Сақ тайпасының ертоқым мен үзеңгіні тапқырлап, ат үстінде соғыс салғанын «Әлем кемесіне» балап мақтанамыз. Бірақ, сол бабалардың анталаған жаумен аянбай күрескен қажырын елеусіз қарайтынымыз бар. Тіпті білмейміз де, білуге ұмтылмаймыз. Осы ойымызды өре келгенде, қазір біз: «Қазақ жалқау, өркениетті ескере бермейді», деп жеңіл-желпі баға бере салуға құштармыз. Олай емес қазақ қатайса болаттай берік, жұмсарса мақтадай жұмсақ халық. Тек отаршыл жүйе осы идеяны миымызға терең сіңіргендіктен сол дерттің салдарынан жастарымыз алжасып жүр. Неге? Біз әлемдік өркениетке бастау болған тарихымызбен мақтанғымыз келмейді.
А, б, с, д-ны айыра алғандар өзін ғалым санағанымен, онысы бәрі бір химиялық формулаға жанаспайды. Есепшотты қаға алатындар өздерін математик санағанымен, қаламмен істелген есептеу жолын көргенде одан нәр ала алмайды. Сондықтан, қазіргі заманғы оқымыстылардың қолынан барлық іс келе бермейді.
Мен бір тарихшыны білемін. Айта берсең алған атағы жетеді. Жасыратыны жоқ, орыс, неміс, ағылшын деймісің, өзге ұлттың тарихына жүріп тұр. Бірақ Қабанбай батырдың 103 рет жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткен барысын білмейді. Мұны айтып отырғаным, бес мың жылдық жазба тарихы бар қытай естеліктерінде ең мықты батыр 78 рет жеңіске жетті деп тіркелген. Салыстырып көріңіз. Бізге қазір басқалардың патшасының да, байының да, бағалы тарихының да керегі жоқ. Тәуелсіз елміз. Осы орайда, кім көрінгеннің қол жаулығы болып кеткен ұлттық құндылықтарды тауып алсақ болды. Осы ретте Мұхтар Шаханның «Ғашықтық ғаламаты» балладасының алғы сөзі ойыңа оралады. Сөз кезегі келгенде айта кетейін, қазіргі мектеп оқушылары пайдаланып отырған оқулықтарға қарның ашады. Қазақтың тарихынан азырақ бірдеңе білемін деген адамның өзі түсінбейтін жерлері көп. Қазақ тарихының білгірі емес, бейне бір жолаушының қолжазбасы сияқты. Оның үстіне, әр автордың көзқарасы әртүрлі. Мысалы, біз әлі күнге дейін Шыңғыс ханды жауыз етіп көрсетіп келеміз. Ал Үйсін патшалығын қазақтың патшалығы ретінде мойындамай отырған ағаларымыз бар. Тарихтың өз тілі, дәлдігі, ұғынықты ойы болады ғой. Мұнай мен ураны мол болғанымен, санасы ұлттық құндылыққа бай болмаған халықтың перзенттері табысқа жете алмайды. Табысқа жетудің екінші құпиясы – өз ұлтының тарихына құрметпен қарау. Өйткені, тарих қастерлі. Ол сені аспанға шығара да, тереңге батыра да алады.
Әйгілі «Мың бір түн» кітабында мынадай бір диалог бар:
– Жазықты неден пайда болады?
– Жазықтының түрі көп. Мәселен, ұрлық қылады, құл қожасының тілін алмайды, патшаларға салық төлемейді, қожаның қыз-қатындарына құл жақындайды, біреудің меншікті дүниесіне біреу қол сұғады, дін тәртібі бұзылады, толып жатыр.
– Неге өйтеді? Сен айтқан жұмақта толып жатқан асты жей бермей ме?
– Олардың иесі бар. Азда бар, көпте жоқ. Тәртіп содан бұзылады.
– Ендеше сенің айтып тұрған жұмағың – ол тозақ. Еріксіздік тұрған жерде, ешқашан бейіш болмайды. Жекеменшік бар жерде, әділет болмайды. Әділетсіздік бар жерде, рахат болмайды. Қылыш тұрған жерде, еріктілік болмайды. Жылаған дауысты естіп отырып жеген қойдың етінен, жылағаны жоқ жерде жеген жылан еті артық.
Иә, бұл әңгіменің өзегінде не жатыр. Бес саусақ бірдей болмағаны сияқты адамдардың қоғамдық орны да ұқсас болмайды. Міне, осы парық – барлық пәленің бастауы. Сондықтан адамдар заң арқылы мемлекетті басқарып, адамдарың мүддесін қамтамасыз етуді ойлап шығарған. Ол үшін біріншіден, заң халықтың басым бөлігінің еркіндігін көздеп жасалу керек. Екіншіден, ол бағынышты адамдардың мүддесін қорғауы керек. Тарих бойы дәлелденген бір шындық – егер 9 есе жаза, 1 есе сыйлау қолданған ел өркендейді. Ал 1 есе жаза, 9 есе сыйлықты қолданған ел құрып-жоғалады. Халық заңды білуі керек, сол арқылы өзінің құқығын қорғайтын мүмкіндікке ие болғаны жөн. Табысқа жетудің үшінші құпиясы – әділетті заң және оны «қара қылды қақ жарып орындайтын» билер болуы өте маңызды. Алайда, қылмыс атаулының бәрі заңды жалау етіп жасалатыны адамды қынжылтады.
Меніңше, табысқа жетудің көзі осы үш нәрсеге байланысты болса керек. Өйткені, мен білетін ұлылар осы шарт астында биікке жеткен немесе оны әзірлемегендігі салдарынан өмірден ерте озған.
Қоғамда не ғаламаттың бәрі болып тұрады. Барлық арманшыл не өткен шақты аңсап, не болашаққа үміт артып, ал қазіргі «шақ» деп аталатын тақырыпты жауапсыз қалдырып келеді.
Қандай күйде екенін білмесем де «болашақ» деп аталатын нәрсе, дегенмен, сөз жоқ, бар болмыс. Сөз жоқ жетіп келеді. Амал не, сол кезге барғанда, ол сол уақыттың «қазіргі шағы» болып қалады. Сарыуайымға салынудың реті де жоқ шығар. «Сол кездің қазіргі шағы», «қазіргі кездің қазіргі шағынан» жақсы болатынына сенемін.
Мұны құрғақ қиял деп дәлелдеудің де орны жоқ. Сол болашақты жасайтындардың бірі болып саналатын менің өзім жұдырық та жұмсай алмаймын, ерлігім де жоқ. Әттең, деші, қолымдағы тек қалам ғана. Осы мақала сияқты сананы сыналап, жүректі оятар ой-өрім жазуға жарайды. Дегенмен, өмірдегі тамырын тереңге жайған нәрсеге тұтқиыл шабуыл жасап, қатқан сеңді шытыната алсам, болашаққа артатын болмашы үмітім осы ғана болар еді деген көкейімнен кетпейді. Үмітім де жоқ емес, байыздап ойлап көрсем, менімен бір пікірде болатын бірнеше адамның бар екенін байқап қалдым.
Бірақ, мен қолымнан аса көп ештеңе келмейтінін білемін. Жалпы басшы болатын адам – біріншіден, ержүрек болуы керек. Ал, мен өте абайшылмын. Екіншіден, құрбан беруден тайынбайтын болу керек. Ал, мен біреулердің жанын құрбан етуге риза емеспін. Сайып келгенде, газетке мақала жазуан аса алмаймын. Егер, жазушы болғың келсе, тілеуіңді берсін, маған қосыл. Менің табысқа жетуімнің құпиясы, міне, осы.
Кезінде физика мұғаліміміз бізге: «Әлемде бардан жоқ болатын, жоқтан бар болатын нәрсе болмайды. Бар нәрсе қашанда бар, тек орын өзгерту ғана болады», – деген бір қағиданы үйреткен болатын. Біздің тәуелсіз ел болуымыздың өзі кезіндегі ата-бабаларымыздың тәуелсіздікке құштар болғанының айғағы. Мысалы, моңғол халқы тіл үйренуге бейім келеді. Себебі, олардың грамматикасында барлық ұлттың тілдік элементі сақталған. Ал қазақ халқы жаңалықты тез меңгереді. Себебі, біз – тарихта дүниеге мәдениет таратқан халықтың мұрагеріміз. Бірақ дүние тарихын парақтап көрсеңіз қазақтай қырғын тауып, арыстарынан айрылған халық жоқ. Бір кездері тек қана еркіндік болмай көп нәрседен кенжелеп қалдық. Қазір бізге табысқа жетудің бір ғана құпиясы бар – ол осы тәуелсіздіктің қадірін біліп, қасиетін асыру. Әлі әлемді дүркірететін боламыз. Болашағымыз нұрлы екендігі даусыз. Бірақ бұралаң жолдан тайсалмай өтсек болды.
Қажет Андас
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











