Осынау, маңдайын торлаған әжімі мен ақ ұлпадай шаштары ақсары нұрлы жүзіне жарасып тұрған, анамыздың ұзақ-сонар әңгімелерін естіп келе жатқаныма да біршама жылдың жүзі болды. Жасынан жетімдікті көргені аздай, қырыққа толмай жатып күйеуінен жесір қалып, алты баланы қатарынан қалдырмай аялап өсіріп, қатарға қосқан ардақты жан туралы неге бір мақала жазбасқа деген ой да маза бермегелі біраз болды. Мынау, өмірдің қиыншылығы мен тағдырдың тауқыметін мойымай көтере біліп, бүкіл бір әулетке ұйытқы болып отырған сабырлы да төзімді, ақылдың кені болған, осындай анамыздың ғибратты ғұмырын неге келер ұрпаққа үлгі, өнеге тұтпасқа!.. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!»-деген атадан қалған жақсы бір тәрбиелі сөз бекер айтылмаған болар..?! Ендеше, ал оқырман қауым көп созбай, әдептен озбай сұхбатымызды бастайық!..
Көптен бері көңілде жүрген осы бір ойдың жүзеге асар сәті бүгінге сай келіп тұрғандай. Сөйтіп, дастархан басындағы бүгінгі басқосуымызда Гүлжахан анамызды сөзге тарттым:
– Тәте, қытайдағы туған жеріңіз, бала күніңіз бен ол жақтағы өмірлеріңіз, бергі советке өткендегі жағдайларыңыз туралы. Және, жалпы алғанда, үш ғасырға жуық Ресей империясының отаршылдығы заманындағы ұлтымыздың басына түскен қасірет біздің қазақ ұлтының бар әулетіне өз зардабын тигізгеніне тарих куә. Сол бір ел-жұртымыз үшін ауыр болған қасіретті кезеңдер, жылдар туралы да біраз әңгімелеп берсеңіз-дегенді айтып ол кісінің назарын өзіме аударттым.
– «Жақсы» – дегендей келісім ишарасын білдірді де, сәл ойланып барып жарқын жүзіне жарасты, ашық үнімен бізге деген әңгімесін бастап кетті.
«…Әкемнің есімі – Жазықбай, шешемнің аты – Зора, дүниеге келгеніміз сегіз бала, екеуі ертерек қайтыс болып, алтауымыз өсіп-өніп үйлі-баранды болдық. Қыздардан – Күлшария, Күләйімхан, мен, ұлдардан – Мұқажан, Сейітқазы, Шәймерден. Сол ел басына түскен үркіншілік, зұлматты ашаршылық жылдары әкем Суан ішіндегі Мырзагелдінің Қожекесінен тараған ағайындарымен 1930 жылдары шекара асып жансақтаған. Мен өмірге 1941жылы күз айында келіппін, сол арғы беттегі туып өсіп, балалық шағым өткен елді мекен – Жарсу деп аталатын. Әкем екі бауырымен қатар-қатар қарайлас бір-біріне жақын отыратын. Әудем жерде Тезекбай деген кісі ағайынымен, тағы сондай жерде мен тұрмысқа шыққан Қойата (Қошқарлар) ауылы, сөйтіп іргелес орналасқан бәрі өзіміздің Суандар тұғын. Негізгі айналысқан шаруашылықтары бірде-екілі мал мен суармалы егіншілік және мейнам айдайды. Жоқшылық, қиыншылық кезең болды, арасында байларға жалданып жұмыс жасайды.
Әлі есімде, бой жетім қалған кезім – сол бір жоқшылық жылдары бір жылға бір адам 5м мата ғана сатып алады да содан киім тігіп киеді. Дүкенде арнайы тізім бар одан артық мата сатылмайды да, берілмейді. Міне, сол үшін де біздерде басқа артық-ауыс, бірі тұрып екіншісін алмастырып киер киіміміз де болмады. Жаздай жалаң аяқпыз және сібелердің қолдан шүберектен тігетін «кәй» деген аяқ киімі бар ауыл арасына шыққанда сонымен жүреміз. Ал, қыста бір кең қонышты құрым етігіміз бар соны кезектесіп киюші едік»-деп, бір сәт ойға шомған қалыпта өткен күндерін еске алды.
Мен де іштей, еліміздің өткен тарихына қысқаша шолу жасап отырмын:
– Кеңес өкіметінің озбырлық саясатына шыдамай қазақ өз атақонысынан ауа көшіп босқынға айналды, мал-жан, ағайыннан тірідей ажырап, замана қасіретінен, отарлық езгіден шейіт болған жандар қаншама…?! Мыңдаған қазақ большевиктік орыс пен қытайдың қыспағында көрмегенді көріп, азапты жылдарды басынан өткерді. Сонда да рухы биік еліміз келешекке деген үмітін жоғалтқан емес. Сол сенім мен рух алдамады, қазір біз тәуелсіз дербес қазақ еліміз, мемлекетпіз! Әлемдік аренада өзіндік орны бар бірегей ұлттың біріміз!
Иә, еліміздің өткені, тарихы болашақ үшін үлкен сабақ. Сондықтан да аға ұрпақтың өнегелі қасиетін ардақ тұту бәріміз үшін де, ұрпақ тәрбиесі үшін де баға жетпес рухани құндылық. Мен бар зейініммен тыңдап отырмын, біраз ойын жинақтап алған тәтем сөзін әрі қарай жалғастырды:
«Міне, жасым сексенге келсе де, кейін советке келгенде туыстарымыздан естіген сол бір қасіретті жылдардың елесіндей болып санамда қалған осы бір әңгіме әлі күнге жадымнан өшер емес-деді де, тағы бір әңгімесін бастап кетті»:
«…Сол менің 4-5 жастағы кезім болса керек, анық есімде жоқ. Шешем Зораның бауыры Әбілда нағашымның бірге туған туысына деген мейрімділігі мен бауырмалдығына шек болмаған-ау, сірә..!. Сөйтіп, бауырға деген сағыныш жанына маза бермей, туған бауыры үшін мына дүниені тәрк етіп, басына төнген қатерге қарамай жолға шығады. «Тәуекел!» – деп, Ресей мен қытайды бөліп жатқан Қорғастың суын жаяу кешіп, арғы бетке өткені сол-ақ екен, шекара күзетуші қытай шеріктеріне ұсталып қалады. Дереу апарып абақтыға жабады. Қамауда жатып ебін тапқан Әбілда нағашым қытай қазақтарына есімі кеңінен таныс, сол аймақтағы сақшылардың бастығы Суаннан шыққан Қожаназар деген кісіге хабар айтқызады. Себебі, нағашымның әйелі сол Қожаназардың ағайынды жақын кісілерінің қызы болғандықтан екеуі шекараның екі жағында болса да бір-бірін жақсы танитындығы осы жерде арқау болған екен. Хабар жеткесін Қожаназар да қарап қалмай көмек қолын созып, өзі кепіл болып, қамауда жатқан жерінен бір күнге рұхсат алып береді.
Содан, қолы кісендеулі, жүзін бауырға деген сағыныштың жасы бұлаған, екі жағындақарулы сақшысы бар Жарсуға келеді ғой. Қайнысын алыстан таныған әкем:
– «Әй, Зора! Бауырың келе жатыр…» – депті.
Сонда, сағыныштың жасын төгіп-төгіп жіберген анам:
– «Қайдағы бауыр..? Ол советте, мен қытайда.. Қайран, бауырым-ай.. Не күн көріп жүр екенсіңдер..» дейді ғой, омырауына төгілген сағыныштың жасын сүртіп қойып, қи жинап жатады.
Сөйткенше бауыры да келіп жетеді. Сенер-сенбесін білмей аңырып қалған шешем, талықсып барып, қайта есін жиады да, қуаныштан жүрегі жарылардай болып бауырына құшағын жая ұмтылады. Жолай көрген, естіген ағайынның бәрі де жиналып қалған екен. Олардың бәрі, таяқ таянған үлкендерімен, ес білер кішісіне дейін мына жағдайға шыдамай иектері кемсеңдеп, шекараның бергі жағында қалған атақоныс, ел-жұрты естеріне түсіп, көкіректері қарс айрылып, жанардан лықси аққан сағыныштың жасына ерік береді. Азан-қазан болып жасқа булығып өздеріне ие бола алмаған шерменде жандардың осы бір шерлі де азалы көрінісі олардың саналарында сарытап болып мәңгіге сақталып қалған еді. Кейінгі мұндағыға дейін естеріне алып бала-шағаға әңгімелегенде қабақтары түйіліп, бастарын шайқасып отыратын.
«Ой, бауырымдап!» жылап көріскен бауырлар мен ағайын-туыстар сағыныштарын әрең басады. Сүт пісірім уақыт өте өзіне-өзі келген әкем мен шешем нағашымның бірге туған бауырға деген мейрімділігі мен адами асқақ қасиетіне шексіз ризашылықпен ас қамына кіріседі. Ауыл абыр-сабыр болып Жазықбай әкем өрістен мал алғызады. Арнайы сойылған мал еті қазанға салынып, жайылған дастарханда Әбекеңді төредей құрмет көрсетіп күтеді. Ауылдастар үйіне қайтып, кісі аяғы басылған соң да сағныштың ұзақ-сонар әңгімесі жалғасын табады. Бұндай кезде уақыт шіркін ұшқан құстан да жылдам зымырайды емес пе..?! Сөйтіп, түннің бір уағында талықсып шаршап жантайғандары сол екен, көз шырымын алар-алмастан-ақ, әне-міне дегенше таң да атады сарғайып…
Ертесі ертемен сағыныштың мауқы басылмаған туыстар амалсыздан қимай-қимай жылап жүріп қоштасады. Анамыздың бауырын алып келген қарулы екі сақшы, бол-болдың астына алып қайтадан советке алып кетеді. Сөйтсе, бері өткен соң советтік билік «шекара бұзған шпион» – деп, Әбілда нағашымды он жылға соттап жіберіпті. Шіркін, мейірімнен жұрдай болған қатыгез заман-ай, десеңші!…
Ал, содан ұлы Әбди мен қызы Жәмилә жетім қалып, оларды апамның сіңлісі бағып өсірген еді…» деп, туған шешесі мен нағашысының басынан өткен осынау уақиғаны есіне алған анамыз терең бір күрсініп алды.
Одан әріге, сәл ойланып алып есіне түскен естелік әңгімесін әрмен қарай жалғастырды: «Кішкентайымнан жетімдікті көріп өстім, алғаш анамнан, көп ұзамай әкемнен айырылып, бес-алты жасымнан аға-жеңгемнің қолында қалдым. Жеңгемнің аты – Шәми, ағамның есімі – Шәймерден еді. Жазғы жайлауымыз Мүкей ауылын екі жағындағы ұзын сай арқылы басып өтіп, жоғары жақ кемерді жағалап баратын таудағы Терекеті деген жер болды.
Өзіміз Жарсуда тұрғанымызбен, алғаш Ақсу мектебінен ескіше хат танып 6-шы сыныпқа дейін оқып сауат аштым. Мектеп басшысы Ақша Мешітбай деген кісі болды, мұғалімдерден – Мүтәліп, Қанатбек тағы басқа ағайлар сабақ берді. Ақсудағы мектеппен үйдің арасы 4-5 шақырымдай, бірде тайға, енді бірде атпен, кейде жаяу қатынап барып оқып жүрдік. Ортадаға Ақсудың ардасында судан өткен соң, аттарымызды немесе қысыр емген тайларды жүгенін, бұйдасын қайырып қайтара судан өткізіп айдап жіберсек, кісінеген күйде үйге қарай шауып кететін…
Алтыншы сыныпты бітіргеннен соң бір-екі жыл үйде болып, одан 1956 жылы екі жақтың үлкендері қазақи дәстүрмен құда болып 15 жасымда тұрмысқа берді. Күйеуім екеуміздің жас шамамызда алшақтық көп болды. Содан ба, Жарсудың Қарабақ деген жерінде ЗАГС-ке барғанымызда, жасың кіші-деп ол кезде Алдияр Жапар аға некемізді қимай, рұхсат бермей үш рет қайтарып жіберді. Содан, үлкендер араласып жүріп, төртінші рет барғанда әрең деп некемізді заңдастырды.
Келген жерім Суанның Қойатасы (Қошқар), оның ішінде Тәттісі (Мейіз). Күйеуім туыстарына келсек-екі қыз, бес ұл жеті ағайынды екен. Аталарымыз сонау шекара аспай, Қытайға өтпей тұрғанда осы жақтағы Китің деген жерде бірге отырып, жақын араласқан жандар болыпты. Арғы бетке өткенде де ірге ажырапай бір-біріне жақын қоныстанып, ауылы аралас, қойы қоралас тіршілік кешкен. Және де үлкендердің айтуларына қарағанда менің анам өте мейрімді, кішіпейіл жақсы адам болған көрінеді. Сол үшінде «Шешесін көріп қызын ал!…» деген ғибратты сөздегідей, «осы Зорадан туған қыз әсте жаман болмайды» деп, Жәке қайынағам (Әбіжан ата) қоярда-қоймай мені кенже інісіне айттырып алып берген. Сол үшін де мен келін болып түскеннен кейінгі тіршілігінде қатты сыйлап, қабағыма қарап, үнемі інісіне «…Қабырғасы қатпаған, бұғанасы өспеген, ата-анадан жас, ақылдан бос қалған»дегенді айтумен, бар қамқорлығын аямай отырушы еді, жарықтық – деп, әлі күнге дейін ризашылық пен сыйластықтың табы сөнбеген әрлі жүзін сәл көтеріп, алға қарай ұмсынып отырған анамыз айналасын ойлы жанарымен бір шолып өтті де сөзін әрі қарай сабақтады:
Мәселен, қазір сол үлкен Жәкемнің жасаған жақсылығының, сыйластығының, берген тәрбиесінің арқасында өзімнен кейінгі қайындарым, келіндерім осы күнге дейін алдымнан қия өткен емес. Мен оны ұмытып әруаққа «Шет!» болғым да келмейді, сол үшін де өз тарапымнан әзірге дейін Жәкемнің баласы Төреме (Тоқтасын аға) қолдан келген бар жақсылығымды жасағым келіп тұрады – деп, жүзінен жылылықтың лебі ескен шешеміз сөзін бір түйіндеп алды.
Кейін, 1959 жылы мамыр айында бірге туған ағайындары – Әбіжан (Үлкен Жәке), Халық (Молда Жәке), Нұртілеу(Жақсы аға), Мәжін (Есімханның әкесі), Рақымбай (біздер бар) бес үй біргііп атамекеніміз Жаркентке қайтып көшіп келдік. Содан, ертесі күні жан-жақтан осы жақтағы туыстар келіп, олармен кеңесе келе осы Кішішыған ауылына табан тіредік. Екі жылдай колхоздың қойын бағып жаздай жоғары жайлауымыз Мәнжуде, ал, қыстағы қыстауымыз төменгі Жарқұдықта болып, сонда отырдық. Одан кейін малды тастап ауылда бригадада егістікке су ұстап, қырманға шықтық, түрлі жұмыстар атқардық. Мұндағы жылдарға дейін «қытайшық» аталып жүрдік қой. Біздерді көрген сайын «Әне, қытайшықтар келе жатыр» деп айтатын. Ағаң намысқой еді, төбелеске дейін баратын.
Ағаңмен 23 жыл бір шаңырақ астында отасып, үш ұл, үш қызды бағып-қағып қатарға қостым. Бұл күнде ағаң екеумізден өрбіген – 17 немеренің, 19 шөберенің аяулы әжесімін. Сонау, өткен ғасырдың 59-60-шы жылдары шекара асып өз атамекеніне оралған бес үйлі жан қазіргі таңда өсіп-өніп 60 шаңырақтан асыпты. Осы әулеттен тараған жан саны немере, шөберелерді қосқанда шамамен 200-дей адам болып қалыпты-деп, әңгімесін аяқтаған анамыздың ойлы жанарында сонау көз жетпес қияндағы буалдыр сағым жылдар елес бергендей болып үнсіз отырып қалды…
Мүмкін, сонау алыс жылдардың көлеңкесінде қалған өткен өмір белестері сағым болып ой-санада бір-бірлеп кино экранындағы толассыз бейнелер секілді зырылдап өтіп жатқан болар..?! Осы сәт сол бір сағым жылдар туралы тебірене айтқан естеліктері ішкі жандүниесінде жасындай жарқ еткен жан толқынысын тудырғандай әсерге бөленгені сезіліп-ақ тұр…
Иә, «Адам ұрпағымен мың жасайды» – деген ғибратты тәмсіл, күнделікті тіршілікте қарапайым көпшіліктен дараланып тұратын қасиетімен талайды тамсандырған, осындай адамгершіліктің ақ туын жалау еткен, бойында тектіліктің исі аңқыған бірегей жандарға арналған болса керек-ті.
Және де, бұл әулеттің тағы бір ерекшелігі – Күлжахандай абыз анамыздың бастауымен, қайындары – Тоқтасын, Қасен, Естемес («Үш биі»-осы әулеттің) ағалардың қолдауымен ұлттық мейрамымыз Ұлыстың Ұлы күні Наурыздың тойланып келе жатқанына биыл аттай 23 жыл толады.
Бұл тойға осы әулеттің еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласына дейін тек ұлттық киіммен келеді. Келген қонақтардың бәрі жасы мен жолына қарай дастархан басына жайғасқан соң әулеттің үлкені бата береді. «Наурыз көже» ішілгеннен кейін тиісті бағасы беріліп, үлкен-кіші ақтан ауыз тигеннен соң арнайы баяндама оқылады. Онда, әулет ұрпақтарының жыл бойғы еңбектегі, оқудағы, спорттағы жетістіктері кеңінен аталып өтіліп, қортынды жасалады.
Жаңа түскен келіндер мен күйу балаларды таныстыру рәсімі және бар. Одан кейінгі түрлі спорттық жарыстар – арқан тарту, қол күрес, кір тасын көтеру, ән салу, би билеу, күй тарту, жеті ата тарату, тағы басқа өз өнерлерін көрсету сияқты ұлттық ойындарға жалғасады. Және де тұрмыстық заттарға арналған ұтыс лотореялары да ойнатылып, жеңімпаздардар алған сыйлықтарына мәз болысып, қуаныштарын көппен бөлісіп жатады.
Осынау Ұлыстың Ұлы күнгі тойға әулеттің бар үлкені, құдалар, орта буын, аға-жеңге, қыз-күйеу, келіндер, жиендер, немерелер, шөберелер тегіс келеді. Той соңында әулет үлкендерінің бірлесіп шешкен шешімі бойынша, той жасаған адам келесі жылғы наурызды өткізетін туысына арнайы кәде сый жасап той кезегін ұсынады. Және келесі жылғы «Наурыз тойдың» қай шаңырақта аталып өтілетіндігі жайлы көпшілікке жария етіледі.
Міне, осыншама ұрпақтың құрметі мен сыйластығының, ата-бабамыз бен салт-дәстүріміздің темірқазығы болып отырған ардақты анамыз барша қазаққа үлгі десек артық айтқандық емес. Және де, бір әулеттен тараған ағайын-туысты айналасына үйіріп, шып-шырғасын шығарамай, ақылымен жұмсап, қабағымен өргізіп отырған сұңғылалығы, кейбір ақ сақалды аталарымыз бен ақ самайлы әжелерімізге де «…жұғысты болса екен!»-деген ойымыз да жоқ емес, бар, ағайын, бар!…
Және де, өткен 2021 жылығы қарашаның 11 жұлдызы күні кенжесі Ержан мен келіні Раушанның бастамасымен, үлкен ұл Серік пен келін Анардың қоштауымен Күлжахан анамыздың 80 жастық мерейтойы аталып өтті. Ырысы мен ынтымағы жарасқан бүкіл әулет пен алыс-жақындағы құда-жекжат, ағайын-туыс, көрші-қолам, бала-шаға, немере-шөбере тегіс келіп таудай қуанышты бөлісті. Анамызға арналып ән айтылып, би биленді, күй тартылумен қатар ақжарма жүрекжарды тілектері жолданып, осынау аталмыш мерейтойды көпшіліктің есінен кетпестей етіп дүрілдетіп өткізді.
Осынау бір әулеттен өрбіген үлкен-кіші, бала-шағаны мейірім мен ыстық ықласқа толы аналық құшағына сыйдырып отырған – абыз анамызды, тамырын тереңнен тартып, жапырағын кеңге жайған бейне бір алып саялы бәйтерек дерсің!…
Әрине, мынау шырмауы көп шежірелі тірлікте осындай ниеті ізгі, жаны жомарт, бар ғұмыры тұнып тұрған үлгі мен өнеге боларлық аналарымыздың бар болғаны біздер үшін үлкен бақыт, зор қуаныш. Мың жасаңыз, ардақты да, аяулы анамыз, Гүлжахан Жазықбайқызы!-деген мақтанышқа толы жан толқынысымызбен тамаша сұхбатымызды аяқтаймыз…
Сұхбат бергеніңізге көп-көп рахмет!!!
Сұхбаттасқан Қали Ибрайымжанов.
Панфилов ауданы, Жаркент қаласы. 19 маусым 2023 жыл.











