Ежелгі Қытай тарихында мемлекет құрушы ірі тұлғалардың бірі – Лю Бан (б.з.б. 256–195 жж.). Ол Қытайдағы Хан әулетінің негізін қалаған тарихи қайраткер ретінде белгілі. Лю Банның билікке келуі Цинь әулетінің күйреу кезеңімен тұспа-тұс келіп, Қытай тарихында жаңа саяси дәуірдің басталуына жол ашты. Оның өмір жолы мен қызметі мемлекет құру, басқару жүйесін қалыптастыру және қоғамды ұйымдастыру тәжірибесінің маңызды үлгісі болып саналады.
Лю Банның тұлғалық болмысы
Лю Бан қазіргі Қытайдың Цзянсу өлкесіндегі Пэй уезінде дүниеге келген. Ол бастапқыда Цинь мемлекетінің ауылдық әкімшілік жүйесінде төмен дәрежелі қызмет атқарған. Қарапайым ортадан шыққан Лю Банның өмір жолы оның табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ірі саяси тұлғаға айналғанын көрсетеді.
Цинь әулетінің соңғы кезеңінде ел ішінде ауыр салық пен қатал билікке қарсы көтерілістер күшейді. Сол көтерілістердің ішінде Чэнь Шэн мен У Гуан бастаған шаруалар қозғалысы ерекше орын алады. Осы тарихи оқиға кезінде Лю Бан өз жасағын ұйымдастырып, көтеріліске қосылды. Кейін көтерілісшілер қозғалысы әлсірегенімен, Лю Бан күресті жалғастырып, шаруалар жасақтарының жетекшілерінің біріне айналды.
Лю Банның тұлғалық ерекшеліктерінің бірі – адамдарды таңдай білуі және қабілетті тұлғаларды өз төңірегіне топтастыруы болды. Ол адамдарды шыққан тегіне қарай емес, олардың қабілеті мен еңбегіне қарай бағалады. Мұндай саясат оның айналасына дарынды кеңесшілер мен қолбасшылардың жиналуына мүмкіндік берді. Бұл Лю Банның саяси табысының негізгі себептерінің бірі болды.
Қытай мемлекеті тарихындағы орны
Цинь әулеті құлағаннан кейін Қытайда билік үшін күрес күшейді. Көне ақсүйектердің өкілі Сян Юй елді бірнеше бөлікке бөліп, бұрынғы феодалдық жүйені қайта қалпына келтіруге әрекет жасады. Ал Лю Бан елдің бөлшектенуіне қарсы шығып, орталықтанған мемлекет құру идеясын қолдады.
Бұл қарама-қайшылық тарихта «Чу – Хан соғысы» деген атпен белгілі күреске ұласты. Ұзаққа созылған бұл саяси және әскери қарсыластықта Лю Бан жеңіске жетіп, Қытайды қайта біріктірді. Осы жеңістен кейін ол жаңа әулеттің негізін қалап, тарихта Хан әулетінің алғашқы императоры ретінде танылды.
Лю Бан билікке келгеннен кейін мемлекет басқару жүйесінде бірқатар маңызды өзгерістер енгізді. Ол Цинь дәуірінде қалыптасқан орталықтанған басқару құрылымын сақтай отырып, оны жаңа жағдайға бейімдеді. Мемлекеттік басқару жүйесінде императорға бағынышты жоғары дәрежелі шенеуніктер қызмет атқарды, ал жергілікті жерлерде уәлилер мен әкімдер тағайындалды.
Лю Банның саясатының басты бағыттарының бірі – орталық билікті нығайту болды. Чу – Хан соғысы кезінде кейбір әскери қолбасшыларға бектік атақ берілгенімен, кейін олардың дербестігі шектеліп, орталық билікке бағындырылды. Бұл мемлекеттегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Экономикалық саясатта Лю Бан ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше мән берді. Тың жер игерген шаруаларды марапаттау, соғыс пен аштық салдарынан құлдыққа түскен адамдарды азат ету сияқты шаралар жүргізілді. Сонымен қатар саудагерлердің ықпалын шектеу арқылы шаруашылықтың негізгі тірегі ретінде ауыл шаруашылығы өндірісін қолдау саясаты жүзеге асырылды.
Лю Бан билігі кезінде құқықтық жүйе де реттелді. Оның тапсырмасымен бұрынғы Цинь заңдары өңделіп, толықтырылып, «Хан заңдары» жасалды. Бұл заңдар мемлекеттегі қоғамдық қатынастарды реттеуде маңызды рөл атқарды.
Хан дәуірі және тарихи ықпалы
Лю Бан негізін қалаған Хан әулеті Қытай тарихындағы ең ұзақ әрі тұрақты мемлекеттердің біріне айналды. Бұл дәуір Қытай өркениетінің мәдени, экономикалық және саяси дамуының маңызды кезеңі болды. Тіпті қазіргі қытай халқының өзін «хань ұлты» деп атауы осы дәуірдің тарихи маңызын айқын көрсетеді.
Хан әулеті кезеңінде Қытай мемлекеті батыс өңірлерге қарай байланыстарын кеңейтті. Бұл кезеңде Қытай мен Орталық Азия халықтарының арасында сауда және дипломатиялық қатынастар дами бастады. Кейін бұл байланыстар Ұлы Жібек жолының қалыптасуына негіз болды.
Ұлы Жібек жолы арқылы Қытай, Орталық Азия және басқа да аймақтар арасында экономикалық және мәдени алмасу күшейді. Қазақстан аумағы арқылы өтетін бұл сауда жолы халықтар арасындағы тарихи байланыстарды нығайтты.
Қазақ–қытай қатынастарының тарихи негіздері
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік деңгейінде дамып келеді. Бұл байланыстардың тарихи тамыры ежелгі дәуірлерге, соның ішінде Хан әулеті кезеңіне барып тіреледі.
Хан дәуірінде қалыптасқан дипломатиялық және сауда қатынастары кейінгі ғасырларда Орталық Азия халықтары мен Қытай арасындағы байланыстардың дамуына негіз болды. Қазақстан аумағы арқылы өткен Жібек жолы екі өркениеттің мәдени және экономикалық ықпалдастығына жол ашты.
Осы тұрғыдан алғанда Лю Бан құрған мемлекет дәстүрі тек Қытай тарихында ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік байланыстардың қалыптасуына ықпал еткен тарихи кезеңнің маңызды бөлігі болып саналады.
Лю Бан – қарапайым ортадан шыққанымен, ірі мемлекет құрып, Қытай тарихында терең із қалдырған тұлға. Оның саяси көрегендігі, кадр саясаты және басқару реформалары Хан әулетінің ұзақ уақыт бойы қуатты мемлекет ретінде дамуына мүмкіндік берді.
Хан әулеті кезеңінде Қытай мен Орталық Азия арасындағы байланыстар күшейіп, кейін Ұлы Жібек жолының қалыптасуына негіз қаланды. Сондықтан Лю Банның тарихи рөлі тек Қытай мемлекетінің құрылуымен ғана шектелмейді. Ол Еуразия кеңістігіндегі халықтар арасындағы тарихи, экономикалық және мәдени байланыстардың дамуына ықпал еткен ірі тарихи тұлға ретінде бағаланады.
Қажет Андас,
Q–Andas ақпарат агенттігі











