Қабырғалы қазақ елі қашаннан да мәдениеті, әдебиеті, өнерінің арқасында өзінің ұлттық болмысын жоғалтқан жоқ. Аттың жалы, түйенің қомында жүрсе де, рухани уызынан айырылған емес. Сол қасиеттің арқасында қазақ даласы от ауызды ақындарға бай болды. Ғасырлар толғатып, жылдар жарық өмір сыйлаған дарынды тұлғалар арқасында қазақ елі туманнан жол тауып, қараңғы түнектерден сытылып шыққанына өткен күндер куә. Батырлардың шексіз қайсарлығы шетсіз жерімізді қорғаса, ақындардың асқан ақылы еліміздің тұтастығына демеу болды. Құрсағы алтын аналарымыздың арқасында еліміз батырлар мен ақындардан кенде болмады. Айтыс арнасының кеңуіне, сөз теңізінің молаюуна үлкен үлес қосып, артына сүбелі сөз, таптырмас теңеулер қалдырған ақындар мен жазушылар алты алаш үшін абырой, қазақ әдебиеті үшін қайнар бұлақ. Осы тұрғыдан келгенде Жетісу жері жыр жайлауы екенін бәрі біледі.
Сан алуан фольклорлық мұрамыз, оның ішінде әуенді ән, сыршыл музыкалық байлығымыз Отырар мен Александрия кітапханасынан, перғауындардың құпия қоймаларынан да берік халықтың көкірек қазынасынан орын алып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Сондықтан оған табынушылар да көп болды. Айталық, «Қазақтың 1000 әні» (Орынбор, 1925 жыл.) мен «Қазақтың 500 күйі» ( Алматы, 1931 жыл.) атты жинағымен танысып шыққан француздың әйгілі жазушысы Ромен Роллан: « Мен шығыстың әншісін неге бұлбұл құсқа теңейтінін енді түсіндім. Онда әншілік қабілеті өте басым», – десе, Максим Горький: «Қазақтың ән мен күйге бай халық екеніне енді көзім жетті», – деп жоғары бағалаған. Ал Затаевич еңбектеріне ризашылығын білдірген германиялық профессор Хорымбостер, швейцариялық Гандшин, Чехсловакия композиторы Эрвин Шульгоф қайран қалып, ірі мәдени құбылыс ретінде бағалаған.
Өнер – халықтың өзегін жарып шыққан уыз мәйегі. Мәдениет арқылы ұлттың бейнесі айқындалар болса, қазақ өнерінің жалпы әлемдік өркениетте өзіндік сүрлеуін салғаны, өрнегін айшықтағаны анық. Сол қазақ өнерінің қаймағы бұзылмаған, шырайлы өңірі Жетісу ән мен әуеннің, жыр мен терменің, мың бұралған бидің, күмбірлеген күйдің құт мекені саналады. Сол құтты мекеннің жыршылық дәстүрінің ең басында әйгілі Қабан жыраудың тұрғынын мойындауымыз керек.
Қабылиса (Қабан) жырау – қазақ халқы әдебиетінің ірі өкілі, жұлдызды жырауы, батыры ғана емес, іргелі қоғам және мемлекет қайраткері. Өр мінезімен, өжет батырлығымен, от ауызды, орақ тілді сөзімен көзінің тірісінде-ақ Қабан ақын атанған.
Туып-өскен елің қымбат,
Кіндік кескен жерің қымбат.
Әлпештеген анаң қымбат,
Еркелеген балаң қымбат.
Жақсы дос, жарың қымбат,
Бәрінен де ұят пен арың қымбат, – деп толғаған Қабылиса жыраудың қандай ақын болғанын Кенен Әзірбаев «Жамбыл жыр» деген толғауында:
Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,
Бас иген Ұлы жүзде тамам ақын.
Нағашысы Жалайыр Қабан еді деп,
Жамбыл атам айтатын маған атын.
Атағың үлкен еді-ау Қабан жырау,
Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау.
Жиені – Сарбас ақын сөйлерінде,
Әдеті – мұртын қағып, құлақ бұрау, – деп жазады. «Менің ақындығым балаларыма дарымайды, қызым мен жиендеріме көшеді», – деген екен Қабекең. Онысы да әулиелік болып шыққан. Қабан – Сүйінбайдың да, Сарыбастың да нағашысы. ХІХ ғасырдың өрен жүйрік ақыны Бақтыбайдың түсіне кіріп, аруағы қонатынын Қабекең әрине білген жоқ. ХХ ғасырдың жыршысы қалқа ақынның да Қабанға сиынып, «пірім» деп отырады екен. Арқаның ақиығы Біржан салмен айтысқан ақын Сара былай деп толғаған:
Қасиетті Қабылиса Асанұлы,
Мырзадай іргесі кең елден шыққан.
Кем болмас ештеңеден мұны ұққан.
Бұл кісі өзі әулие, әрі ақын,
Исі қазақ біледі оның атын,
Өзгеден Қабекеңнің сөзі татым.
Қабан ең алдымен адал сөйлейтін, билігі, байлығы бар адамдарды өтірік мақтап жағынбайтын, қара қылды қақ жарған ақын болған. Сондықтан Жетісу өңірінің жыр керуенің басында Қабан жыраудың тұратыны заңдылық.
Қабылиса жыраудан бастау алатын өлең өлкесінен Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Кенен Әзірбаев, Бақтыбай Жолбарысұлы, Толғанбай Мырзағұлұлы, Сара Тастанбекқызы, Арсалаң Толыбайұлы, Сүртай ақын, Болғанбай ақын, Қуат Терібаев, тағы да басқа дара таланттар өсіп шықты.
Әсіресе, Жетісу жері қазақ тарихындағы төл өнеріміз ақындар айтысының құт мекені саналады. Себебі, осы өлкеде әйгілі Сүйінбай мен Қатағанның, Сүйімбай мен Күнбала, Әсет пен Ырысжан, Жанақ пен Түбек, Кемпірбай мен Шөже, Жамбыл мен Құлманбет, Сарыбас ақындардың, Майқөт пен Құлмамбет, Біржан сал мен ақын Сараның, Әсет пен Сараның, Бақтыбай мен Бекетбайдың, Жақыпбек пен Әсем, Толғамбай мен Түбек, Бақтыбай мен Тезек төренің, Үмбетәлі мен Нұриланың, Бақтыбай мен Сараның, Таңжарық пен Қойдымның, тағы басқа да жұрт жадында сақталған тамаша айтыстар өтті.
Жетісу өңірінде өткен тарихи оқиғалардың қай-қайсыда ақындар назарынан тыс қалған жоқ. Шат-шадыман мерекелермен қоса, ел басына түскен зұлмат күндер де ақындар жырына арқау болды. 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі де ақындардың айбарлы өлеңдері арқылы бізге жетті. әсіресе, 1919 жылдың мамыр-маусым айларында Алматы қаласында өткен тұңғыш айтысқа қатысқан ақындар 1916 жылғы қызыл қырғынды аямай-ақ жұртқа жеткізді. Сол кездегі фотокөшірмелер мен материалдар фольклоршы Шамғали Сарыбаевтың араласуымен бізге жетсе, 1936 жылы тұңғыш рет өткен ақындар айтысында Жамбыл бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, Жетісу жерінде І Республикалық айтыс (1943), Ұлы Абайдың 100 жылдығына (1945), және Жамбылдың 100 жылдығына арналған (1946) айтыстар өтті.
Осындай ұлылықпен өрілген айтыс өнері бүгінде Жетісу жерінде өз отын өшірген жоқ. Қайта, кешегі қылышынан қөн тамған Кеңестер одағы тұсында да Темірғали Рустембеков, Әсет Керімбаев, Әбікен Сарыбаев, Асан Қалиев, Артық Жексембаев, Мұқаш Байбатыров, Қасен Саматыров, Әсімхан Қосбасаров, Сыдық Нөкербаев, Абай Асылбеков, Түлкібек Құрақбаев, Жұмаш Оспанбеков, Биғайша Медеуова, Дәубай Әбдісаев бастаған бір шоғыр айтыс ақындары дараланып шықты. Бұл үрдіс бүгінде өз жалғасын тауып, жаңа дарындармен сабақтасып жатыр.
Тәуелсіздіктен кейін айтыс өнеріне кең жол ашылды. Сол қатарда Жетісу жеріндеде ақындардың дуалы сөзімен жүрек жібіткен бірқатар айтыстар, яғни, 1987 жылғы радио айтыс, 1989 жылғы Алматы да өткен Наурыз айтысы, Қарасай батырдың, Қабанбай бытырдың, Сүйінбай Аронұлының, Жамбыл Жабаевтың, Д. Қонаевтің, Бақтыбай Жолбарысұлының, Сара Тастанбекқызының, Қалқа Жапсарбаевтің, Ілияс Жансүгіровтің, Әсімхан Қосбасаровтің, Мұқағали Мақатаевтің 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылыған халықаралақ, республикалық ақындар айтысы мен Қарқара көтерілісінің , Қаратал, Панфилов, Ақсу аудандарының, Тәуелсіздіктің мерейлі жылдарына арналған республикалық сөз додасы Жетісу жерінің айтыс өнеріне деген шексіз құрметін әйгіледі. Сол барыста ұлы өнерден бақ тауып, аты қазақ даласына танымал болған айтыскер ақындардың да қатары көп.
Айтыс сан ғасырлық тәжірибеден өтіп, шыңдалған, шымырланған, атадан балаға мұра болып қалған тұрақты мектебі бар өнер. Ол сондықтан да өшпейді . Жасыртаны жоқ, оның шырағы жарығын азайтқан кездер болды. Бірақ, маздауын тоқтатқан жоқ. Бұл үшін мейірленуге де, әрі мақтаныш етуге де толық хақымыз бар. Тәубе, бір кездегі келеңсіздіктер кесірінен солғын тартқан шырақты қайтадан үрлеп, қалпына келтірдік. Кейінгі жиырма жыл ішінде айтыс жаңарып, жанданды. Оның таңдаулы өкілдері қазақстанның халық ақындары атанып, мемлекеттік марапаттарға ие болды. Айтыскерлердің бірнеше буыны өмірге келіп, атасынан аса туған ұрпақ қалыптасты. Осы ретте, айтыс өнері кемелденуге қарай бетбұрды десек, пікірімізді көпшілік растайды деп ойлаймын.
Бүгінгі күннің көзімен қарасақ, айтыстың бедел алуынан ұтпасақ, ұтылғанымыз жоқ. Аламан айтыс қол жеткен табысты да, табыстың тасасындағы кемшілікті де дәл көрсетуге қызмет етті. «Дос жылатып айтадының» рөлін атқарды. Егер сын шын болса, оған ренжудің не қажеті бар? осыдан сабақ алып, ұлы көштің жүрісін ширатсақ ең үлкен жетістіктің бірі сол емес пе? Сонымен қатар, айтыс мәдениетінің өркениет талаптарына сай болуын барынша ескеріп отырғанды ұмытпаған жөн.
Қажет Андас
«Q-andas» ақпараттық агенттігі











