Суретшінің өнерге деген сүйіспеншілігі бала кезден қалыптасты. Мектеп қабырғасында-ақ бейнелеу өнеріне ерекше қабілетімен көзге түскен Мұратхан кейін бұл жолды өмірлік мамандыққа айналдырып, кәсіби суретші ретінде қалыптасты. Оның бойындағы шығармашылық қабілет отбасынан дарыған десек те болады. Анасы Рахат апай – елге белгілі қолөнер шебері болған. Ши тоқу, киіз басу, сырмақ пен текемет жасау, құрақ құрау сияқты ұлттық қолөнер түрлерін шебер меңгерген анасының өнері жас Мұратханның көркемдік талғамының қалыптасуына зор ықпал етті.
Кейіннен ол бейнелеу өнерінің түрлі бағытын меңгеріп, сурет, графика, кескіндеме, батик және ағаш ою өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Әсіресе суретшінің бедерлі ағаш ою техникасында орындалған шығармалары ерекше бағаланады. Ағаш ою – үлкен төзімділік пен шеберлікті қажет ететін күрделі өнер. Мұратхан Әбділдаев бұл салада ұлттық нақышты терең түсініп, оны заманауи көркемдік тәсілдермен үйлестіре білді.
Шебердің туындыларына қараған адам ең алдымен ұлттық рух пен тарихи жадының үнін сезінеді. Оның шығармаларында қазақ халқының ұлы тұлғалары, батырлары мен өнер қайраткерлері көркем бейнеленеді. Мысалы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлы, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі Әбілхан Қастеев, күй өнерінің бұлбұлы Дина Нұрпейісова, әйгілі суретші Айша Ғалымбаева, ақын Фариза Оңғарсынова сияқты тұлғалардың бейнесі шебердің шығармаларында ұлттық бояумен, ерекше көркемдік шешіммен берілген.

Мұратхан Әбділдаевтың туындыларында қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері басты көркемдік элементтердің бірі болып табылады. Суретші оюдың әрбір бөлшегі арқылы композицияның мазмұнын ашып, көркем туындының философиялық астарын тереңдете түседі. Көне таңбалар, табиғи материалдар, ұлттық символдар оның шығармаларына ерекше мән мен мағына береді.
Суретшінің көптеген жұмысында қазақ мәдениетінің символына айналған жылқы бейнесі де жиі кездеседі. «Ер қанаты – ат» деген халық даналығы суретшінің шығармаларында көркем бейнеге айналып, еркіндік пен ерлік рухын паш етеді.
Мұратхан Әбділдаевтың шығармалары Қазақстанның көптеген қаласында өткен көрмелерде көрсетіліп, өнерсүйер қауымның жоғары бағасына ие болды. Оның еңбектері ұлттық өнердің мазмұнын жаңғыртып, көркемдік тұрғыдан жаңа тыныс берген туындылар ретінде бағаланып келеді.
Суретші шығармашылықпен қатар ұстаздық қызметті де абыроймен атқарып келеді. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде ұзақ жылдар бойы жас суретшілерге білім беріп, өнердің қыр-сырын үйретіп келеді. Бүгінде өзінің өнер студиясында да шәкірт тәрбиелеп, жас таланттардың шығармашылық жолына бағыт-бағдар беруде. Төккен терінің арқасында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркем академиясының корреспондент мүшесі, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің академиялық доценті, педагогика ғылымдарының магистрі сияқты міндеттерді атқаруда.
Өнер иесінің шығармашылығы – қазақ халқының мәдени мұрасын жаңғыртып, ұлттық рухты дәріптеуге арналған еңбек. Оның туындылары тек көркемдік құндылық қана емес, сонымен бірге халықтың тарихы мен дүниетанымын бейнелейтін рухани мұра болып табылады. Алпыс жылдық мерейтой белесіне жеткен суретшінің шығармашылық жолы – еңбек пен ізденістің, талант пен табандылықтың айқын үлгісі. Мұратхан Әбділдаев алдағы уақытта да ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жаңа туындыларымен қазақ бейнелеу өнерін байыта беретіні сөзсіз.
Қажет Андас,
«Q–Andas» ақпарат агенттігі











