АСҚА БАТА
Иә, құдайым оңласын,
Қызыр бабам қолдасын.
Бәрімізді басты қылсын,
Көрген күннен көрмеген күнді жақсы қылсын.
Аылайдай ақылды қылсын,
Абай хәкімдей нақылды қылсын,
Жансарбайдай батымды қылсын.
Бөгембайдай білекті қылсын,
Қабанбайдай жүректі қылсын,
Есенгелдідей елдге тілекші қылсын.
Ақты қылсын, тақты қылсын,
Бәрімізді Жамбыл атамен жасты қылсын.
Осы қызық күндерімізді,
Көре алмаған дұшпан болса,
Кеңірдегіне тас тығылсын.
Аумин!
НАУРЫЗ БАТА
Қош келіпті Наурыз мерекеміз,
Наурызбен беріктелсін берекеміз.
Байтақ осы бақытты ұлы отанда,
Барлық ұлт ынтымақта тел өсеміз.
Отырған тойға келіп халқым менің,
Ардақта Наурыз тойы салтыңды елім.
Мереке басы болсын берекенің,
Игі еңбектің жемісін бәрің жегін.
Наурыз күні қазаның ортаймасын,
Еңбекшіл ел шаттанып той-тойласын.
Ақниеттің жайылып дастарқаны,
Айгіленсін ізгілік ортаңда шын.
Ұлыс күні құтты болсын,
Төрт түлік сүтті болсын.
Ұлыс күні кәрі-жас ,
Құшақтасып көріссін.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамрасып өрісің.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Ұлыс береке болсын,
Пәле-жала жерге енсін.
Алқа қотан той дұман,
Ортамыздан ашайық.
Ән мен күйді төгілдіріп,
Інжу- маржан шашайық.
Көрген адам таң қалсын,
Өнерден күмбез жасайық.
Төрлетіңіз қонақтар,
Келіп тұрған алыстан,
Сіздердің ерлік істеріңіз.
Ғасырлар бойы тынбайды,
Аңыз дастан жырлардан.
Жастар оқып тыңдайды,
Наурыз тойы ұлыс күн,
Шырқап әнге салыңдар.
Ертең еңбек ер еңбек,
Жастарымыз жалындар.
Тәлейлі боп шырқасаңда асқарға,
Өзеуреме өзгелерді таптарға.
Алмақтың да салмағы бар ағайын,
Алғаныңды айт, бергеніңе мақтанба.
ЖЕТКІНШЕККЕ БАТА
Қүндері көкке өрлесін,
Құлашын кең сермесін.
Күш қуаты кернесін,
Озат болып ерлесін.
Биіктерге төрлесін,
Қауып- қатер төнбесін.
Жарық жұлдызы сөнбесін.
Жас ұрпақ ғұмырлы болсын.
Еңбегі өнімді болсын,
Сабырлы, төзімді болсын.
Ақылды, сезімді болсын.
Абыройлы беделді болсын.
Бақ келіп қонып басына,
Көңілің көлдей шалқысын.
Пейіліңе тойған ұрпағың,
Ішпей жемей шалқысын,
Аумин
Алуан түрлі өнерлі болсын.
Табысы таудай келелі болсын.
Сөзі өткір жүйелі болсын.
Халқының жан күйері болсын.
Елінің қамқор тірегі болсын.
Ізгі тілегі қабыл болсын.
Өзі, баласы, немересі,
Шөбересі, шөпшегі, туажаты,
Жұрағаты, жегжаты,
Аман болып қой үстіне боз торғай,
Жұмыртқалайтын заман болсын.
Ұрпағымыз аман болып, өміріміз
Ұзақ болсын.
Аумин!
Талмайтын талап берсін,
Самғайтын қанат берсін,
Баянды бақыт берсін,
Ұзақ ғұмыр, тұрлаулы бақыт берсін.
Әмиін!
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











