НАУАТҚАН:
Үлгердік Ақөзенге біз де жетіп,
Ағажан қайдан жүрсіз түнделетіп.
Ояндық сіз келгенде шырт ұйқыдан,
Жатқанда түңлік жауып, ірге бекіп.
Ұстазсыз шәкірттері жол көрмейді,
Жақсыға қайда барса төр кең дейді.
Ақбоз үйде жайғасып жатқан халық,
Айтыс деп екі ақынға бой бермейді.
Ал енді домбырамды қолға алайын,
Демеңіз аға маған жол бермеді.
Жайылды өзіңізге жыр құшағы,
Жайлаудың гүл аңқыған түн құшағы.
Адасып кеп қалдыңыз сіз қай жақтан,
Үкі де күндіз ұшпай, түнде ұшады.
АНДАС:
Ұқсаймын қыранға да, үкіге де,
Білімсіз жандар мұны түсіне ме.
Үкінің қасиетін білмейсің бе,
Ақынсың атың шыққан бүкіл елге.
Қанатым талмайды ғой халық барда,
Қырандай түлкі ілемін жарықта да.
Ертеңгі айтысқа мен бағалаушы,
Кешігіп келгенімді айыптама.
Шабыттанса ақыннан жыр ағылар,
Сахналық айтыстың сынаға бар.
Ұстазыңмен ал енді майдан көріп,
Тұлпардай ащы терді шығарып ал.
НАУАТҚАН:
Айтысып үш аймақта жырлағансыз,
Тарихи мұраны да жинағансыз.
Жетемін тұяқ қызса көмбеге мен,
Ұстаз боп бізді осылай шыңдағансыз.
Қалмаңыз қапияда торға түсіп,
Қыранмын, үкімін деп қырланасыз.
АНДАС:
Көп жүрген біледі ғой жолдың жайын,
Түсінер зерделі адам жолдың жайын.
Әліптің алдын бақ деген сөз бар,
Бір жейде сенен бұрын тоздырғанмын.
Жеткізбей бұл айтысты мәресіне,
Кілеңнің алмай жатып кәдесін де.
Торыңа да, түспеймін қолыңа да,
Осылай шырғалайтын әдетің бе?
НАУАТҚАН:
Аға деп енді айтамын сыйлай тұрып,
Шығарсаңыз қосыңыз жинақ қылып.
Бағалаушы болсаңыз көңілді бол,
Алайын торымды мен жинастырып.
Қырандар мекен қылып тауда тұрар,
Шолпанда қарқыраған таңда туар.
Дегендей күш атасын танымайды,
Алыптан да жасқанбас айбатым бар.
АНДАС:
Ұқсайсың тотықұстай асыл құсқа,
Туыстық бар арада жақындық та.
Қілеңді де жан етті жеп айтады,
Керек деген ақынға батырлық та.
Сертке буып шығарсың сеніміңді,
Осы өнер жарқыратсын өміріңді.
Айта алмасаң ағаңа ренжіме,
Жақсы айтсаң жақсы қоям нөмерімді.
Біз де аламыз халықтан бағамызды,
Тас қойып теңшейміз ғой таразыны.
Ел алдында еңсемді көтеремін,
Әділдікпен қақ жарсам қара қылды.
НАУАТҚАН:
Ұстазым маған айтты бар ақылын,
Дей алмаймын кешегі Сара ақынмын.
Ұшамын сайға емес тауға қарай,
Қатқан кезі бұл менің қанатымның.
Сақтаған ақындар бар ел есімін,
Ентікпей көмбелерге келетінмін.
Теріде жүйріктердің теке кетпес,
Бәрі сіздей болса егер төрешінің.
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











