КҮЛӘН:
Ай аунап, жылдар жылжып алмасатын,
Осы ғой өмір жолы сан басатын.
Ардақты елі сүйген азаматым,
Жүрсің бе аман-есен, Андас ақын?
Жезтаңдай сіздей ақын кез келгенде,
Өрелі ой, ел сүйінер жалғасатын.
Еліңе сөз өнерін көрсетіп айт,
Мен емес болымсызға жармасатын.
АНДАС:
Өлеңді асқақтата бастағаным,
Неге мен бұл дәуірде жасқанамын.
Сен дағы өр дауыспен шырқап жібер,
Өлеңнің көтерелік тостағанын.
Ақын ба елі үшін терлемеген,
Төгілер көкейімнен селдеп өнер.
Өлеңнің ақ ордасын қондырайық,
Ақиқаттың бүршігі гүлдеп өнер.
КҮЛӘН:
Келетін талапсызға ырыс қайда,
Ақылы жақсылардың құрыш қайла.
Бұл жерде асқақтатып ән шырқасақ,
Көңілден көбелектей жыр ұшпай ма?
Айтыстым ақындардың нешесімен,
Сөйледім сөз келгенде есесімен.
Шайқадық өлең сөзді сабасымен,
Көтердік шарасымен, кесесімен.
Мен неге ел борышын ақтамайын,
Өседі күннен-күнге бақ-талайым.
Өмірге өлеңменен өрнек салып,
Өлеңнің салдырайық ақ сарайын.
АНДАС:
Қиялым өз тауыңды бөктерлейді,
Көңілімді өлең айтсам от кернейді.
Тұрғанда дәуір жебеп, халық қолдап,
Дауысым асқақтаған көкке өрлейді.
Келемін әріптес боп өлеңменен,
Ер көмбеге жетеді өнерменен.
Жырлаңыз замананы өр дауыспен,
Шығады тайдан жүйрік өрен деген.
КҮЛӘН:
Күлімдеп шығар күнім, атар таңым,
Өнердің жорығында сапардамын.
Мен дағы құр қалам ба сердебеден,
Бар менің төгер терім, татар дәмім.
Сендағы үдіре тарт төтеле де,
Көңілді көпірме сөз көтере ме?
Әдемі сылдыраған сұлу сөзбен,
Ел борышы мойындағы өтеле ме.
Дәл айтар білген жандар кесім қылып,
Топан су тобығынан кешіп жүріп.
Айтылмай қалып жатыр талай істер,
Түйінді сөйлесеңші шешілдіріп.
АНДАС:
Шешен тіл, сөз зергері тосылмайды,
Бәйгеге неге жүйрік қосылмайды.
Ардақтап ел қадірін білген жанды,
Ел сыйлаған есікте отырмайды,
Бұл жерге келмеген соң құдалыққа,
Жол емес биге шығар бұралып та.
Өнер қуған жандармыз екеуміз де,
Еске алмай даналарды тұралық па.
КҮЛӘН:
Жырлауға елім үшін табандымын,
Көтерем қара нардай заман жүгін.
Хылқымыз ақыным деп үміт артты,
Шықпасам үмітінен жамандығым.
Мұрагер алдыңғыға бола алсақ біз,
Кейінгі ұрпақ өткеннен алар білім.
Күнестен бай, батыр да, қасаң да өткен,
Кейбіреу бой көрсетпей тасада өткен.
Елімді Іле жаққа бастап келген,
Байеке, Бұқаш, Байболат, Сасан да өткен.
АНДАС:
Еліне белін буып бекемдеген,
Ілені төрт әйлие мекендеген.
Жұтқа мал, ажалға адам, дау бермеген,
Бұлғынаяқ, Мүсірбай, Текебайдай,
Өмірден нелер саңлақ шешенде өткен.
КҮЛӘН:
Дүниеден талай-талай дарынды өткен,
Сөзінің аямаған нәрін көптен.
Бастаған ұрпақтарды дана жолға,
Атақты қос Тұрысбай ғалым да өткен.
АНДАС:
Біріне бірі биік басым келген,
Күнестен сұлу да өткен қасын керген.
Қаздырып қырық «ошақ», үш жүз үймен,
Атақты Нұптебектің асы да өткен.
Өмір-ай, осыларды жанап өткен,
Тергеусіз, Машақалар дара кеткен.
Елінің игі ісі үшін зауыт құрып,
Нұптебек, Ноғайбектей саналы өткен.
Дүние-ай, саған халық таңғалады,
Өзіне бас изеткен хан, қараны.
Өнердің қос жұлдызы – Әшім, Тәкең,
Соларды алдың халықтың бар ма амалы.
Ағартушы Мақсұт пен Әбеуде өткен,
Айбарлы Алабай мен Мәнен де өткен.
Бұлбұл ақын Мамырбек оны да алды,
Қара жер тойымсыз-ақ кенеуі кеткен.
Өзінің аямаған бәрін көптен,
Өмір-ай, соларды да зар илеткен.
Алдынан сөз жүйрігін құтқармаған,
Бәйшешек, Нұрила мен Тәни де өткен.
Тоқтамай шыр айналып ғасыр да өткен,
Күй «пірі» Қоңқай сынды асыл да өткен.
Әуелхан, Оспандай балуандар бар,
Еспер мен Інжыбайдай батыр да өткен.
Өмірдің кездері бар еркелеткен,
Ортадан Оразәлі ерте кеткен.
Дүниеде аз ғана өмір жасаса да,
Бұлбұл еді көңіл күйін шерте кеткен.
КҮЛӘН:
Өнерден біз қалайша кеш қаламыз,
Жол салған ақылды ата, асті анамыз.
Үміттің шамшырағын алаулатып,
Аруағын даналардың еске аламыз.
Күнестің ән шалқыған тауларынан,
Арманды болашаққа жалғар ұлан.
Тарихты қай-қашанда еске аламыз,
Айналдым, ата-аналар, аруағыңнан.
Бел буып болашаққа бастым қадам,
Кеудемнен жырым тулап тасқындаған.
Бабадан қалған мирас осы өлең,
Тың өріс, жыр қайнарын ашсын маған.
АНДАС:
Көңілге білген істер пайдалы екен,
Құшағы туған елдің сайран екен.
Біздерге бабалардан салған мирас,
Кілкіген қара өлеңнің қаймағы екен.
Өркендеп күннен-күнге сана бүгін,
Байқалсын сөзімізден жаңа ұғым.
Жалғыздың аты шықпас деген сөз бар,
Мендағы өз елімнен бағалымын.
КҮЛӘН:
Еліңнің саған қойған талабы үшін,
Алаулап шалқисың ба, жанамысың?
Көтерер дәуір жүгін ер-азамат,
Шығарар ел дегенде дара күшін.
Қоса алсаң елің үшін елеулі еңбек,
Сонда сен елімізге бағалысың.
Қиыннан қысылғанда жыр табасың,
Сайыста талай-талай шырқағансың.
Келемін өлеңменен бірге жасап,
Қәнеки, енді қалай бұлтарасың.
АНДАС:
Күнесім, сені ойласам қысылмаймын,
Мен неге шабыт құсын ұшырмаймын.
Мен сені көз нұрындай аялаймын,
Дұшпанға бір сүйем жер бастырмаймын.
Көрікті көк торғындай дала неткен,
Ақын жоқ жаратылған дара көптен.
Әз анам – өзі туып, тәрбиелеп,
Өзіңсің мені осындай адам еткен.
Туған ел сенде ғана күй кешемін,
Қараймын қабағыңа күнде сенің.
Халқым-ау, таразыңа тартылайын,
Азамат, азамат па сүймесе елін?
Күнесім кімдер келіп, кім кетпеген,
Көтерем жүгің болса міндеттеген.
Жүрмеймін еш уақытта дүрмекпенен,
Жылды емес, айды емес, күнді өткердім.
АНДАС:
Күнесім, сүйем сенің тауларыңды,
Малға толы құлпырған аумағыңды.
Тірліктің жолын салған кейінгіге,
Мирас боп дәл солардан қалған үлгі.
КҮЛӘН:
Күн өтіп жаз келу де, күз келу де,
Жылдардың ғасыр өтер тізбегінде.
Бел буып, берекемен қолтықтасып,
Өнерге талпынамын ізденуге.
Өлеңім тасқындасын, сіркіресін,
Көкейге өлең қонып, жыр түнесін.
Қабақтан іреніштің табы өшіп,
Шабыттың дуылдаған бұлты келсін.
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











