Есенгелді артында көптеген қанатты сөз, нақыл өлеңдер қалды.
Соның біразын келтіре кетсек:
Үркер үйден көрінсе,
Үш ай тоқсан жазың бар.
Үркер іңірде жамбасқа келсе,
Жаз шықпағанда несі бар.
Жеті қарақшыны аңғарсаң,
Жеті түнде адаспайсың
Сәуір болмай жауын болмас,
Жауын болмай қауын болмас.
Бұлт көп болса, жұт болады,
Ауру көп болса, құрт болады.
Тышқан көп жылы,
Тоқшылық болады.
Қоян көп жылы,
Жоқшылық болады.
- Жолаушы нешеу болады? – деген сұраққа Есенгелді би:
- Атты жолаушы – алғыр жолаушы. Барам деген жерге барады, жетем деген жерге жетеді.
- Түйелі жолаушы – киелі жолаушы. Желіп жүріп жер көреді, келіп жүріп, ел көреді. Жағаласқанды жағасынан алдырмайды, жүгіңді жолда қалдырмайды.
- Өгізді жолаушы – өлі жолаушы. Не атқа жете алмайды, не есектен озып кете алмайды.
- Есекті жолаушы, есепті жолаушы.
- Жаяу жолаушы – көңілі қаяу жолаушы, – деп жіктеп берген екен.
Есенгелді би бір жолы ат базарын аралап келе жатса, алдынан бір саудагер: «Биеке арзан жылқы сатып алыңыз», – деп бір күрең атты алдына тартады. Би әлгі аттың Қайып би ауылының жылқысы екенін таңбасынан таниды да:
Саудагерде сана жоқ,
Арын сатады.
Өтірікшіде иман жоқ,
Жанын сатады, – деп мақалдап жүріп кетіпті.
Қасқыр жүйрік, жылысы жоқ,
Түлкі жүйрік, дыбысы жоқ,
Қоян жүйрік, тынысы жоқ.
Қыран қиядан аңдиды,
Жылан ұядан аңдиды.
Қаршыға қанжығаны қызартады,
Ителгі күнді ұзартады.
Ителгінің қызығына батқан,
Қаршығасын қамшы етер.
Есенгелді би әдетте малға, адамға тігіліп қарамайды екен. Тігіліп қараған мал, адам болсын тіл тартпай кетеді екен. Өйткені, Есекеңнің көзінің сұғы өте өткір болса керек.
Бір жолы Құдайназар ауылы көктеуден қыстауға көшеді. Қалыптасқан заңдылық бойынша алдымен үш ағайындының үлкені Жолымбет бірінші көшіп, одан кейін Есенгелді, соңынан кенжесі Солтангелді көшеді екен. Сол жылы жағдай басқаша болады. Есенгелді ағасы жайлауға көшіп барды-ау деп жоспарлап, көшіп келсе, жылдағы жайлаудағы қонысында бір ақ шатырдың тігулі тұрғанын көреді. Інісінің өзінен бұрын көшіп келгенін білмеген Есенгелді: «Менің жұртыма баса-көктеп келіп қонып алған бұл кім?» деп жетіп келсе, шытырдан бір адамның жалаң аяғы жіліншігіне дейін сыртқа шығып жатқанын көріп қалады. Інісі Солтангелді екі ағасына еркелеп өскен мырза, бүркіт салып, саят құрған сері, денесі ақшағаладай таза адам екен. Сырттан аттың дүбірін естіген Солтекеңнің әйелі далаға жүгіре шығып, қайнағасын көріп, иіліп сәлем береді. Сонда ғана інісі Солтангелді екенін бірақ білген Есенгелді көзінің сұғы түсіп кеткенін біліп, бәйбішесіне жаушы жіберіп, көшті тоқтатып, жүк түсіріп, үй тігуге хабар жібереді. Ауыл қонып, үй тігіліп біте бергенде:
- Ініңіз аяқ астынан қатты ауырып қалды, – деген хабар келеді.
Солтангелді осылай қайтыс болады.
Бірде Есенгелді, Қоңырбай бастаған қызай қолы жоңғардың бір батырының ауылын шауып, қызын барымталайды. Қыз бет біткеннің әдемісі, аты Момын екен. Батырлар қыздың сұлулығына қызығып, іштей таласып қалады. Оны сезген Момын сұлу.
- Мен бір шарт қояйын. Бәріңіз қамшыларыңызды анау белдің арғы жағына апарып тастаңыздар. Мен таңдаған қамшы кімдікі болса, соған жар болайын, – деп өтініш айтады.
Батырлар бұл өтінішке келісіп, қамшыларын белдің арғы жағына апарып тастайды. Таңдау Қоңырбай батырдың қамшысына түседі.
Сонда Момын қыз:
- Түнде түсімде Қоңырбай батырға үйленіп жатыр екенмін. Ертең ауылды шабады деп әкеме ескертіп едім: «Түс түлкінің боғы» деп сенбей қойды. Бірақ Қоңырбай батыр екеумізден ұрпақ болмайды. Бала туылса, күніне қан төгетін қанышер болады, – дейді.
Момын шешеміз бала таппапты. Бірақ атақты емші болған екен.
Бірде матай Қайып би Есенгелдінің түс көріп жатқанының үстінен түседі. Тойын шешеміз ұлын оятпақ болғанда Қайып би:
- Жеңге, тимеңіз, түс көріп жатыр екен, – деп ояттырмайды.
Бір шай қайнатым уақыттан соң Есенгелді есінеп оянып, төрде отырған Қайып биді көріп, қысылып қалады:
- Қсылма, інім, көрген түсіңді айтшы, – деп қолқалайды.
Сонда Есенгелді:
–Аға, түсімде басым шығысқа, аяғым батысқа созылып бара жатыр екен, – дегенде Қайып би:
- Атың шығыс пен батысқа машһұр болады екен, – деп жориды да – түсіңнің соңын іркіп қалдың, – деп күледі.
- Сәл қымсынған Есенгелді:
- Иә, қалың бала Іле өзеніне сиып тұр екенбіз. Менің сідігім алысқа түсіп жатты, – деп түсін жалғастырады.
Сонда Қайып би:
- Балам, бұл түсті менен басқаға айтпа. Тұқымың көп болады екен, – деп жақсылыққа жорыпты.
Сарыарқада тоғызтаңбалы найманның үлкен кеңесі өтеді. Оған қаракерей Қабанбай, Барақ батыр, дөртуыл Төбет би, семіз найманнан Тәуке би, қызай Есенгелді би, дулат Өтеген батырлар қатысады. Осы жиналыста Тайлау бимен бірге Құл ақын да келеді. Ол Есенгелді бимен кездескенде:
Қызайдан бұл жиынға Есенгелді,
Көк серке қой бастаған көсем келді.
Ауызды сөз, аяқтыға жол бермейтін,
Әрі би, әрі батыр, шешен келді, – деп амандасыпты.
Сол кеңестің бір күні Есенгелді би Абылайханның шақыртуымен ханның ордасына барып, сол күні түнеп қалады. Сол түні Абылайханның келіні босанып, ұл бала туады.
Абылайхан:
- «Құтты қонақ келсе қой егіз туады» деген бар, немереме өзің ат қойып бер, – деп бұйырады.
Сонда Есенгелді ханның немересіне өзі атын беріп, Есенгелді деп ат қояды.
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.].
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











