«Ырыс алды – ынтымақ» дейді қазақ. Елдің өркендеуі де осы ынтымақтан басталады. Түрі басқа болса да, тілегі бір әр алуан жұрт бір-бірін құрметтеп, ортақ іске жұмылғанда, қоғамда сенім орнайды. Сенім бар жерде елдің дамуына жол ашылады. Сол сенімді сақтауға журналист те қалам қуаты арқылы үлес қосып жүр. Оның таратқан дерегі, байыппен таңдаған сөзі, әр тарапқа құлақ асуы қоғамдық пікірге ықпал етеді. Осы тұрғыданк елгенде республикалық Журналистер клубы өңірлердегі әріптестердің басын қосып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп келеді. Семей қаласында өткен клубтың кеңейтілген отырыста осының айғағы.
Бірінші күн: Семейдің жаңа тынысы

Еліміздің әр өңірінен келген журналистер мен медиа мамандары Семейдегі алғашқы күнін қаламен танысуға арнады. Абай облысының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Өрлеубек Ерсінбек қонақтарға Бейбітшілік алаңын, Ертістің екі жағасын жалғаған аспалы көпірді көрсетіп, шаһардың тарихынан сыр шертті.
Бірнеше жыл бұрын Семейге келгенімізде, қаланың жүдеу көрінісі көңілімізге кірбің түсірген еді. Бұл жолы Ертіс жағасындағы шаһарды аралап жүріп, оның біраз түрленгеніне, тіршілігі жандана түскеніне куә болдық. Кезінде көңілімізге қаяу салған қаланың ажарлана түскенін көру бізді қуантты.
Сапар Алаш арыстарының мұрасымен танысуға ұласып, одан әрі Абай музейіне бардық. Алаш қайраткерлерінің ел болашағы үшін атқарған қызметін еске алып, Абайдың өмірі мен мұрасына үңілдік. Алаш тарихын осы қалада отырып қайта парақтағанда, арыстардың елге қызмет ету мұраты бүгінгі ұрпаққа да жақын екенін сезіндік.
Түрленген Семейді аралап жүріп, бір сәт Алаш арыстарының рухы қайта оянғандай әсерде қалдық. Ертіс үстіндегі аспалы көпірден басталған әңгіме осылайша елдік мұрат пен ұрпаққа қалған аманат жайына ойысты.
Екінші күн: Көңілге жылу, кәсіпке бағдар

Семейдің төріндегі Абай кітапханасында «Этносаралық қатынастар саласының жаңа архитектурасы: БАҚ рөлі» тақырыбында өткен отырыстың беташар сөзін Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев сөйледі. Әлеуметтік желілер дамыған сайын жалған ақпаратпен қатар дипфейктердің де таралып келе жатқанын айтты. Ол өз өнімін немесе пікірін сторителлинг арқылы әсерлі жеткізуге ұмтылған кейбір желі қолданушыларының сөзі кейде өздері аңғармай-ақ қоғамда түсінбеушілік пен өшпенділік туғызуы мүмкін екенін атап өтті.
– Мұның алдын алуымыз керек. Әсіресе әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатын азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Алишер Сатвалдиев.
Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы қатысушыларға құттықтау сөз арнап, жиын жұмысына сәттілік тіледі. Ал «QOSTANAI» телеарнасының директоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санай қазақ тілінің қоғамдық және ақпараттық кеңістіктегі орнына тоқталды. Ол мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөліне назар аударды. «Ұйғыр авази» (Ұйғыр ауазы) қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ершат Әсматов бірліктің тұғыры, елдіктің мыңымдығы туралы жүрекжарды ойымен бөлісті. Сондай-ақ, халыққа жетпеген сөздің қадірі болмайтынын тілге тиек етіп, әріптестеріне сәттілік тіледі.
Отырыстың алғашқы тренингін 24KZ телеарнасы жаңалықтар қызметінің, «Prime Time» және «Түйін» ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларының продюсері Қайнар Егізбаев өткізді. Ол журналистік идеяның эфирге дейінгі жолын тарқатып, әр кезеңде продюсердің қандай шешім қабылдайтынын, тәуекелді қалай бағалайтынын және ақпараттық өнімге кім жауап беретінін түсіндірді.
Жалған ақпараттың таралуы да осы талқылауға арқау болды. 24KZ мәліметінше, жыл басынан бері елімізде интернетте жалған ақпарат таратқан 124 азамат жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында әлеуметтік желі қолданушылары, блогерлер және көпшілікке арналған парақшалардың авторлары бар. Жиынға қатысушылар жаңалықтың шынайылығын қалай қамтамасыз етуге болатынын және этносаралық тақырыптарды жариялауда қандай кәсіби ұстаным қажет екенін талқылады.
Кәсіби әңгіменің арасында «MEDIA ДОДА» зияткерлік сайысы өтті. Сайысты Қызылорда облыстық Журналистер клубының төрағасы Елена Рыбина мен өңірдегі «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз хатшысы Әсел Абзал ұйымдастырды. Төрт топқа бөлінген журналистер түрлі тақырыптағы сұрақтарға жауап беріп, білімдері мен тапқырлықтарын ортаға салды. Сайысқа серпін берген осы бәсекеде «Алға» мен «Бірлік» топтары үздік шығып, арнайы марапаттарға ие болды.
Одан кейін «Қоғамдық келісім» РММ-нің жетекші сарапшысы Наргиз Шотбай «Медиасауаттылық – қауіпсіз болашақтың кепілі» тақырыбында тренинг өткізді. Ол ақпаратты саралау, жалған мәліметті ажырату және желіде тараған хабарға сыни тұрғыдан қарау жолдарын түсіндірді. Ақпаратты бөлісер алдында оның қайдан шыққанын анықтаудың маңызын атап өтті.
Түстен кейін Абай облыстық телеарнасының директоры Нұрбек Бекен жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалы туралы сөз қозғады. «Жасанды интеллект және журналистика: жаңа құралдар, жаңа жауапкершілік» тақырыбындағы тренингте ол технологияның журналист жұмысына ашатын мүмкіндіктерін және оны қолданған кезде туындайтын кәсіби жауапкершілік мәселелерін ортаға салды.
«Abay Media Group» ЖШС директорының орынбасары Думан Кенжеғазин этносаралық тақырыптарды жариялаудың кәсіби тәсілдері өзегінде материалда сөзді дәл қолданудың, деректі мұқият тексерудің және бейтараптық сақтаудың маңызын талдады. Қатысушылар ақпараттың қоғамға қалай әсер ететінін ескеріп, этносаралық қатынастарға қатысты оқиғаларды байыппен жариялау жөнінде пікір алмасты.
Соңында Алишер Сатвалдиев журналистер арасындағы кәсіби байланысты нығайтудың маңызына тоқталды. Семейдің тарихымен танысудан басталған екі күндік басқосу журналистің күнделікті жұмысына қатысты нақты әңгімемен түйінделді. Бір хабарды жариялар алдында дерегін анықтау, тақырып қойғанда сөздің салмағын ескеру, ал қоғамға сезімтал мәселе көтерілгенде әр тарапқа құлақ асу – журналистің ел ынтымағына қосатын үлесі осындай күнделікті шешімдерден көрінеді.
Медиа форум, семинар мен тренингтер әр өңірде, әр уақытта, түрлі тақырыпта өтіп тұрады. Семейдегі осы басқосудың ерекшелігі қатысушылардың жаңа адамдармен танысып, ойы озық, көңілі жарқын жандардың пікірінен нәр алғанында еді. Әріптестердің тәжірибесін тыңдап, медиа саласындағы жаңа бағыттардың мәніне үңілді. Әрқайсысы өміріне ой азығын, кәсібіне жаңа бағдар алып қайтты.
Қоштасар сәтте «Көңілге ізгілік ұялатқан осындай кездесулер жалғасын тапса екен» деген ортақ тілек айтылды. Бір-бірін қимай қоштасқан әріптестер қайта жүздесер күнді тілеп, өз өңірлеріне аттанды.
Қажет Андас,
Семей қаласы,
Абай облысы.











