Есімбай Жүсіпұлы 1896 жылы Батырбек деген жерде дүниеге келген (Көпбірлік ауылынан 10-15 шақырым қашықтықта). Бала кезінде ауылда араб тілін білетін шала сауатты молдалардан білім алады. Сол алған білімін тереңдету үшін әкем Қазан қаласына барып, жалданып жұмыс істеп, әрі оқып, араб, орыс және латын тілін меңгереді және медреседе оқып діни білім алады.
Әкеміздің жастық шағы және есейіп, орта жасқа келгенге дейінгі өмірі мұсылмандық дінге беріліп, молдадық құру жолымен Қазан қаласында өтеді. Еліне тек 1935 жылы оралады.
Ол уақытта әкеміздің әке-шешесі, ағалары және туыстары Көпбірлік және Жаңаөндіріс колхоздарында еңбек етеді екен. Содан әкеміз Жаңаөндіріс колхозында қоймашы болып жұмысқа кіреді. Еңбек ете жүріп, молдалық қылады және жасырын діни мектеп ашады. Ол кезде ауыл адамдары білімсіз болған ғой. Соарды арабша оқуға тартып, сабақ береді. Ол кездерде діни білім оқытуға және арабша білім беруге тыйым салынған уақыт екен. Сондықтан біреулер үкімет органдарына Есімбай діни мектеп ашып, елді жасырын оқытып жүр деген мәлімет жеткізеді. Содан әкемізге кінә тағылып, сотқа тартылып, 1938 жылы 5 жылға сотталады.
1930-1940 жылдары Балқаш қаласында мыс қорытатын алып өндіріс құрылысы салынып жатты ғой. Сол қалаға әкемізді жазасын өтеуге жіберіпті. Балқаш қаласының жанындағы Қоңырат кенішінде шахтада жұмыс істеп, 1943 жылы босатылып, еліне қайтыпты. Сол Жаңаөндіріс колхозында жұмыс істеп және ауыл адамдарының қалауымен ауыл молдасы болып сайланады. Шешеміз Асқарбаева Қатипамен отбасын құрып, оншақты балалы болады. Бірақ олардың көбісі шейіт болып кетіп, қазір тірісі екі ұл мен бір қыз қалады.
Әкеміз 1961 жылдың 19 желтоқсанында Дөңші ауылында (Байшегір ауылының қасында) дүниеден өтті.
Нұрғазы ЕСІМБАЕВ,
Баласы. 2015 жыл. Үштөбе қаласы.
Жарияланды. Қараман Қ. «Қаратал ақтаңдағы: тарихи-танымдық кітап» -Алматы: «Тоғанай Т». 2015. -240 б. -166–167 б.











