Мұқай батыр Жаркент өңірін жайлаған қазақтарды басына төнген қиындық пен қасіреттен қорғау үшін алғаш қолына қару алды. Сол күннен бастап-ақ, отаршылдықтың құрсауында қалып, есесі кеткен елінің кегін қайтаруды көздеді. Советтің де, Қытайдың да түрмесіне қамалды, жан төзбес қаншама азап пен қасіретті де тартты. Және сол жолда өмірі қыл үстінде болған қандай қауып пен қатер тұрса да қаймығып, шегінген емес.
Атқан оғы мүлт кетпейтін, ұстасқанын жер қаптыратын бұла күштің иесі болған, жүрегінің түгі бар осынау өжет жігіттен бетпе-бет келгенде екі жақтың шекарашылары да қаймығып, көрсе де көрмеген сыңай танытатын. Арғы-бергі беттегі ағайындардың ішіндегі мен деген тентектері «Мұқай келді» дегенде оның сұсынан-ақ жымдай болатын.
«Қалың елі, қазақтың…» басына үйірілген қара бұлт, оның ой-санасы мен жүрегінде қасіреттің қатты шемені болып қатып жатты. Елдік намыс үшін ажалға қасқайып қарсы тұрып жасаған жанкешті ерліктері үшін, ешкімнен, ешқашан етеңе дәметкен де емес, ақы да сұрамаған тау тұлға.
Демек, оның бойына табиғат берген алапат кұш пен қатар, елге, туған жерге деген сүйіспеншілікті, ұлтжандылықты асыл қасиеттер қан арқылы берілген болуы керек. Ал, өр рух пен ақылдылық пайым-парасатты қайшылыққа толы тағдыры мен қатыгез өмір үйреткен-ау, сірә..?!…
Ел арасында «Елдің намысы, ердің арысы» туралы сөз болып, соңы дау-шарға айнала бастағанда найзағайдай жарқ ететін намысшылдығымен, өңменді тесер өткір жанарға, түксиген сұсты жүзі қосылғанда мен-мен дегеннің мысы басылып, беті қайтып қалатын. Азу тісін ақситқан дала көкжалындай ызбарлы айбарымен де ешкімге дес берген емес.
Қайнап жатқан мынау тіршіліктің қазанында көзбен көрген небір аярлық, екіжүзділік пен әлімжеттік әрекеттерде әрдайым әділдіктің жағынан табылатын бұның бойына еліне, ағайынға деген жанашырлықпен қатар сатқындықты кешірмейтін қатыгездік қасиетті де дарытты.
Күн-күндерге, жыл-жылдарға ұласып уақыт шіркін зымырап өтіп жатты. Атаман Дутовты жою кезінде де батылдығымен, жаужүректілігімен ерекшеленген. Одан кейінгі 1928 жылғы «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмсын!»-деген, қызылдар қырғыны кезінде қаншама қазақтың көшін мал-жанымен шекарадан аман-есен алып өткені және бар. Шыбын жанын шүберекке түйіп 1931-33 жылдардғы нәубетте ауыл-аймақты азық-түліктен тарықтырмай аман алып қалғаны жеке әңгіме. Онда да қазаққа тісі батып малын тартып алған, малай қылып істетіп ақысын жеген, басынып қорлық көрсеткен байлардың малын айдап әкеліп елге таратып беруші «Халық кекшілі» болды. Өзі тиіспейтін, тиіссе бай-бағланыңа қарамай қандай содыр болса да кездескен жерде еш қаймықпастан сазайын тартқызатын.
Мұқай Байсымақұлы қазақтың маңдайына біткен, сол бір зар заманда елінің арман мақсатынынң үдесінен шыға білген, көзсіз батыры. Халқы мен туған жері үшін қандай азап пен қасірет болса да қайыспай көтерген қара нары. Миллиондаған халықтардың қанымен суарылған Кеңестік жүйені де, халықтың арасында «…қыл бұрау» аталатын Қытайды да мойындамаған ерен тұлға! Қазақтың арда ұлы, жүрек жұтқан хас батыры!
Жарияланды. Қ. Ибрайымжанов. «Мұқай батыр» публицистикалық зерттеулер. -Алматы. “Принет-Плюис” баспасы. 2020. -240 б. -12-15 б.











