OMIR – ғимараттардың экологиялық, энергетикалық және климаттық тұрақтылығын бағалайтын ұлттық сертификаттау жүйесі. Жүйе тұрғын үй, кеңсе, білім беру ұйымы, сауда нысаны, қойма және модернизацияланған ғимараттар бойынша бағалау жүргізеді.
Жүйедегі жаңа талаптар бойынша ғимараттың аптап ыстық, жел, нөсер сияқты климаттық тәуекелдерге төзімділігі бағаланады. ҚР заңнамасына сәйкес ғимарат энергоэффективтік белгі алуы тиіс. Қорытынды сертификаттаудан өткен ғимаратқа арнайы рұқсат беріледі.
Бүгінде еліміз бойынша 138 тұрғын үй кешені OMIR бағалауынан өткен. Оның жалпы аумағы 3,0 млн м² құрайды. 1000-нан астам отбасы «жасыл» үйлерден баспана алып, «Жасыл ипотекаға» жол ашты. Атап айтқанда, KazGASA OMIR алған алғашқы білім мекемесі, «Four Season» алғашқы энергия маркировкасын алған жоба атанып, Gate City жобалары тұрақты жоғары баллға ие болды. KazGBC 162 маман және 9 сарапшы дайындап, 17 ұйыммен меморандум жасасты, 150+ студент қатысқан жасыл жоба конкурсын өткізді.
Алдағы уақыттағы жоспарлары да ауқымды. Келесі жылы жеке тұрғын үйлер үшін жаңа стандарт, модернизацияланған кеңселерге арналған OMIR , жаңартылған сауда нысандары, реконструкцияланған мектеп, колледж және ЖОО ғимараттарына арналған бағалау жүйесі қолданылады. Мұндағы мақсат Қазақстандағы жасыл құрылысты қолжетімді ету және елдің климаттық міндеттерін орындау.
OMIR – экологиялық құрылыс мәдениетін қалыптастырып, тұрғындардың өмір сапасын арттырып, елдің климаттық тұрақтылығын күшейтіп жатқан ұлттық жүйе. Осы жүйені тиімді пайдаланудың нәтижесінде еліміз жасыл құрылыс саласында көшбасшы елге айналып келеді.
Қажет АНДАС
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











