Ертеде бір сыған бай болыпты. Ол басқа тапшы екен де жалғыз Разқан атты қызы болыпты. Әкесі оны салтанатты той жасап ұзатады. Қызды аттандырарда әкесі одан бұйымтай сұрап былай дейді:
ӘКЕСІ:
Аралап қалың тоғай жүрер қабан,
Жылқыда бәйге болар сары табан.
Ұл болып қарағым-ау енші алмадың,
Бар болса қалағаның айтшы маған.
РАЗҚАН:
Қолында су құйғанның шелегі жоқ,
Су алуға сүйенер терегі жоқ.
Беріңіз қой торы атты қалағаным,
Одан басқа дүниенің керегі жоқ.
ӘКЕСІ:
Қолына су құйғандар алар шелек,
Жан балам бұйымтайдан айттың дерек.
Отыз ат, алпыс түйе мен берейін,
Сұрама қой торы атым маған керек.
РАЗҚАН:
Қызыңның жұма күні қылдың тойын,
Мыңғырып жатқан аз ба жылқы-қойың.
Ешкімдей қойға келген мені саттың,
Бермедің артық па еді менен торың.
ӘКЕСІ:
Қызыл қыршын, ендеше қызыл қыршын,
Бүйтіп берген, құдайым, қызың құрсын.
Бермесіме қоймадың атымды енді,
Ал енді олай болса назам ұрсын, – деп қызына теріс батасын беріп, наразылық білдіреді. Әке мен бала ортасындағы бұл нараздықты көрген ел-жұрты араға түсіп, қызды әкесінің аяғына жығады. Әкесін де иландырып, қой торы атты қызға мінгізеді. Қыз ұзатылады. Бірақ теріс бата алған қыз әке назары бір кесір бола ма деп ойлайды. Разқан ұзатылып барған соң көп өтпей ауруға шалдығады. Ол ауырып жатып.
Разқан деп қойылған менің атым,
Халқыма осы болсын жазған хатым.
Бақыты жанбай кеткен мен бейбаққа,
Құран оқып қойыңдар қалған халқым, – деп қой торы атқа мінгізіп әкесіне хабаршы жібереді.
Сонда әкесі:
Әуеде ұшып жүрген ала кептер,
Құдайым аларында өзі-ақ ептер.
Сорлы қыз бүйтеріңді білмеп едім,
Бейшара тие берсін Аллаһуакпар, – деп отыра беріпті.
Жоғарыдағы айтысты Зағипа Бекенқызынан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











