Бүгінгі таңда азаматтардың ар-ожданын ояту бүкіл ұлтты оятқанмен бірдей саналатын иманды іс болмақ. Галливудтың қырып-жойған дүниесінен арыла бастаған теледидар экранын соңғы кездері Түркия мен Индияның фильмдері жаулап алды. Әрине, біз өзімізді түркі текті елміз деп санағанмен, ұлттық болмысымызға сай келмейтін тұстары көп. Теледидар арқылы санаға сіңіп жатқан махаббат пен кек салдарынан, әулет пен әулеттің арасындағы бас араздықтың кесірінен туындайтын қызыл қырғын қазақ көрермендеріне не береді? Адамгершілік пен ақ пейілділікті өзек еткен корей фильімдерінен не ұтамыз? Егер олар ақпейіл болса, алақандай жерді екіге бөліп басқармас еді. «Жұмон ханзада» болып, бір-біріне садақ атып ойнап жүрген бүлдіршіндер, ертеңгі күні өзара құрал көтеріп қырқыспайды деп айта аламыз ба? Ең өкініштісі, жастардың өз тарихына, тарихи тұлғаларына немкетті қарағаны жаныңды мазалайды.
Халқымызда: «Ән – көңілдің ажары», – деген әдемі сөз бар. Алайда бүгінгі қазақстандықтар үшін ең аяулы – «Мемлекет Әнұраны». «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңда көрсетілгендей, «Мемлекет Әнұраны орындалғанда әрбір қазақстандық бойын тік ұстап, оң қолын жүрек тұсына қойып тұруы керек. Мерекелік шараларда осы Әнұранға болған құрметке қарның ашады. Тіпті қолын кеуде тұсына қоюға ерініп, маңғазданып тұратындар жетерлік. Ол, ол ма? Халықтық мерекелердің сахнасында жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке жетелейтін әндер орындалуы керек болса, оның орнына айқай-шуға құрылған татымы жоқ әуен берекелі мерекенің сәнін кетіріп жүр. Ал халықты толғантып, ой салатын «Қара бауыр қасқалдақ» сияқты әндерді қазақ жастары ұмытқалы қашан?!
Тағы бір мәселе қазіргі қазақ жастарының «Жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүруге» дағдыланған бойкүйездігі дер едік. Дүниежүзілік банк өткізген «Қазақстандағы кәсібилікке, жұмыс күшіне деген сұраныс» атты сараптаудың нәтижесіне сүйенсек, жұмыс берушілердің 63 пайызы жұмысшылардың білімі мен біліктілігінің төмендігі бизнестің дамуына кедергі болып отыр деп қарайды. Сондықтан кәсіпорындар шетелден жақсы маман іздейді. Бұл – ащы да болса шындық. Жер қойнауымыз байлыққа толы болғанымен, оның қызығын өзгелер көріп келеді. Әлемдік сапа деңгейіндегі өнім өндіреміз деп жаңа технологияларды сатып алғанмен пайдаға жарататын адам жоқ. Ал жастар заңгер немесе экономист болғысы келеді. Әрине, мұндай мамандар да керек шығар. Бірақ жастардың бәрі бір жолды таңдаса, Қаныш Сәтпаевтай Жезқазғанды ашып, ұлы бетбұрыс жасайтын жастар қайдан шығады? Қазіргі таңда өркениетті елдермен тереземіз тең болу үшін техника тілін жетік меңгерген білікті мамандар ауадай қажет. Міне, көзбен көріп, көкейге ұялайтын патриоттық хәліміз осылай болып барады. Біз әлемдік тәжірибелерге иек арту арқылы Қазақстанды еуропалық стандартқа сай етпекпіз. Бірақ еуропалық стандартқа ұлттық үнмен де жетуге болады ғой.
Иә, қазіргі әлемдік дағдарыстың түп тамыры рухани дағдарыстан туатынын осыдан жиырма жыл бұрын батыстың социологтары дабыл қағып айтқан болатын. Мұны ескерген елдер бүгінгі таңда өз ұлттық құндылықтарын нығайтумен бірге, экономиканың еркін даму үрдісін қалыптастырып үлгерді. Соның бір дәлелі ретінде Сингапурдың тәжірибесін айтуға болады. Иә, 96-97 жылдары орын алған Азия экономикалық дағдарысы кезінде «Сингапур өз мемлекеттігін сақтай алмайды» деген жорамал жұртты дүрліктіріп, бір мезгіл саяси сахнадағы пікірталастың ошағына айналған еді. Алайда, олар сүрінбей өтті. Оның үстіне ұлттық байлығын екі есеге дейін арттыра алды. Тығырықтан шығу үшін мемлекет қазынасындағы байлықты халыққа таратып берген жоқ. Керісінше, тұрғындар үйлерінде сақтаулы алтыны мен жақұтын ұлттық қорға тапсырып, мемлекетін сақтап қалудың қамын жасады. Иә, ХХ ғасырдың басында тайпалық үрдіспен орманда жүрген халық жарты ғасырдың ішінде өркениетті деңгейге жетті. Мұның түпкі негізінде өзінің даму бағытын айқындап алған отаншылдық идея мен берік ынтымақ жатыр.
Дерек көздеріне сүйенсек, ұлттық байлығын қайта жаңғыртуға Америка (1760-1880) 120 жыл, Жапония 52 жыл (1854-1916), Қытай 13 жыл (1918-1931) , жаңадан бас көтерген Азия жолбарыстары Сингапур мен Малайзия 8 жыл жұмсаған. Ал біз тарихтар бойы жатталған рухани және жер асты байлығымыз тұрып, тәуелсіздік алғалы 35 жыл болса да, ұлттық құндылығымызды әлі күнге ұлықтай алмай, нығайта алмай келеміз.
Тарихты парақтап отырсаңыз әр дәуірде мемлекет құраушы ұлттардың алдына үлкен сынақ жиі кездесіп отырған. Тіпті халықаралық аренада өз ұстанымынан айрылған ел аса ауыр жағдайға ұшыраған. Мысалы, Горбачевтің тек саяси реформаны жеделдетіп, Кеңестік ұлт құрмақшы болған қателігінің салдарынан кеңестер одағының күлі көкке ұшты. Ал кезіндегі Америка президенті Рейган депутаттар алдында жасаған бір баяндамасында: «Егер, біз индивализмге негізделген шексіз, қанағатсыз ұстанымымыздан бас тартпайтын болсақ, міндетті түрде қоғамымыз бүлінеді», – деп көрсеткендей, азуын айға білеген Американың бүгінгі хал-күйін көріп отырмыз. Ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, реформа жүргізген Қытай ғана қазіргідей жағдайға жетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Беласу» кітабында айтылғандай: «Қазақстанның экономикалық және ұлттық саясаты көп жағдайда қытайлықтардың ұстанымымен бір арнаға тоғысады».
«Әр елдің салты басқа» демекші, біз ең алдымен өзіміздің Азиялық мемлекет екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Қазақ мемлекеттігін нығайтамыз, әлемдік бәсекелестікте өз орнымызды сақтап қаламыз десек, батыстық бас пайдасын көксейтін қанағатсыз, нысапсыздыққа негізделген идеологиядан арылып, жалпы ұлттық құндылық пен ынтымаққа негізделген мемлекет құруға ұмтылуымыз керек. Ортақ мақсат жолындағы ағайын, ешқандай қиындық рухы мығым елдің еңсесін түсіре алмайтынын ескере жүрелік.
Қажет Андас
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











