Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Мұрат Тілеубаев, «Береке» банкінің Жетісу облыстық филиалы корпоративтік клиенттерді қаржыландыру бөлімінің бастығы Бақытжан Бахқожа және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Ұлан Күздеубаев «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламамасының жүзеге асу барысын таныстырды.
Мал шаруашылығын дамытуға, ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтардың әлеуетін арттыруға бағытталған. Бағдарламалар арқылы фермерлер асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал сатып алып, мал басын көбейтуге, өндіріс көлемін ұлғайтуға және шаруашылықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жиын барысында несие алу талаптары, қаржыландыру көлемі, сыйақы мөлшерлемелері, өтеу мерзімдері және өтінім беру тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
Сала мамандары мемлекеттік қолдау шараларының ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін беріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл экономикасының тұрақты дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Журналистер тарапынан бірқатар өзекті сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, шетелден асыл тұқымды мал сатып алудың тиімділігі, импорттық малды жаңа несиелік бағдарламалар арқылы қаржыландыру мүмкіндігі, олардың жергілікті климатқа бейімделуі және мұндай инвестицияның шаруашылықтарға беретін пайдасы талқыланды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мамандардың айтуынша, өнімділігі жоғары асыл тұқымды малды сатып алу ұзақ мерзімді перспективада ет пен сүт өндірісінің көлемін арттырып, шаруашылықтардың табысын көбейтуге мүмкіндік береді. Дегенмен, малды таңдау кезінде өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктері мен күтіп-бағу талаптарын ескеру маңызды екені айтылды.
Соңында біз де өзімізді толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап алып, жаңа бағдарламалардың ауыл тұрғындары үшін қолжетімділігі мен тиімділігі туралы жан-жақты ақпаратқа қанықтық. Жаңа несиелік бағдарламалардың маңызды ерекшеліктерінің бірі – ауылдық жерлердегі шағын және орта шаруашылықтарды қаржыландыруға басымдық берілуі. Бұл ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашуға, отбасылық шаруашылықты кеңейтуге және тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қаржыландырумен қатар, өтінім берушілерге қажетті құжаттарды рәсімдеу, бизнес-жоспар әзірлеу және несие қаражатын тиімді пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Мамандар шаруаларға бағдарламалардың талаптарын алдын ала мұқият зерделеп, өз мүмкіндіктеріне сәйкес тиімді бағытты таңдауға кеңес берді.
Айдана Аманжолқызы
Динара Нарымбай
«Q-Andas ақпарат агенттігінің тілшілері.











