Қоршаған ортаның тазалығы көбіне үлкен істен емес, қарапайым еңбектен басталады. Арықты тазалау, шөп шабу, қоқыс жинау сияқты жұмыс күнделікті өмірде аса байқала бермеуі мүмкін. Алайда осындай іске жастардың араласуы тазалыққа деген көзқарасты қалыптастыруға әсер етеді. Биыл Жетісу облысында «Жасыл ел» еңбек жасағы осы бағыттағы жұмысын жалғастырды.
Облыстық «Жасыл ел» менеджері Ринат Далеловтың мәліметінше, маусым айында 268 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 42 студент, 80 техникалық білім беру ұйымының білім алушысы, 120 мектеп оқушысы және 26 жұмыссыз азамат бар. Шілде айында жобаға қатысуға ниет білдіргендер саны 260 адамды құраған. Маусым айында облыстың 8 ауданы мен 2 қаласында «Жасыл бақ – таза қала», «Тазалық тыңшысы», «Жайқалсын жас терек», «Экодесант», «Экосақшы» сияқты акциялар ұйымдастырылған. Сонымен қатар «Армысың – ардагер», «Үлкенге құрмет – кішіге міндет», «Бұл сенің жерің, таза ұстау міндетің» атты бастама да жүзеге асқан.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде, маусым айында облыс бойынша 20 шақырым арық тазаланып, 10 гектар аумақта шөп шабылған. 5 тонна қоқыс жиналған. Бұл бір ай ішінде атқарылған жұмыстың нақты көрсеткіші. Дегенмен, «Жасыл елдің» маңызын тек осы сандармен бағалау жеткіліксіз. Себебі жобаға қатысқан жас үшін бұл алғашқы еңбек тәжірибесі. Жұмыс тәртібіне бейімделіп, өзіне берілген міндетті орындау арқылы жауапкершілік қалыптасады. Сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарауды үйренеді.
Мұны жобаға қатысып жүрген Ғылымбек Айбектің айтқанынан аңғаруға болады. Ол атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесін күнделікті көріп, тазалыққа өз үлесін қосудың маңызын атап өтті.
– Қала жап-жасыл болып тұрса, бізге де жақсы ғой. Айналаң жасыл желекке бөленіп тұрса, адамның көңіл-күйі де көтеріледі. Ал жан-жағың сап-сары болып, қурап жатса, несі көңілді? Елді мекеніміздің айналасы жасыл болып жайнап тұруы үшін гүл мен ағашты суғарып, шөп шауып, тазалық жұмыстарына атсалысып жүрміз. Өз еңбегімізбен осындай өзгерісті көргенде қуанып қаламыз, – дейді Ғылымбек Айбек.

Жобаға әртүрлі бағыттағы жас қатысады. Бірі оқуын жалғастырып жүрсе, енді бірі жұмыс іздеп жүрген болуы мүмкін. Олардың ортақ мақсаты – еңбек етіп, өзіне қажетті тәжірибе жинау. Осы тұрғыдан алғанда, «Жасыл ел» жаз мезгіліндегі уақытша жұмыстан бөлек, еңбекке алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беретін орта. Сонымен бірге атқарылған жұмыстың кейінгі жағдайы да маңызды. Тазаланған арық қайта бітелмей, жиналған қоқыс орны қайта ластанбаса, отырғызылған көшетке күтім жасалса, еңбектің нәтижесі де ұзақ сақталады. Демек, тазалықты бір реттік жұмыс емес, тұрақты әдетке айналдыру қажет. «Жасыл елдің» басты ерекшелігі де осында. Жоба бір жағынан жастарды еңбекке тартса, екінші жағынан туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Қарапайым жұмыстың өзі осындай әдет қалыптастыруға себеп болса, оның маңызы да арта түседі.
Айсұлу Бауыржанқызы
“Q-Andas” ақпарат агентігінің тілшісі.











