Өткенімізде өзекті өртер өкініш мол. Ойға тежеу, тілге тұсау салған қатал тәртіптің салдарынан ұлтым, елім деген қайраткерлерді «халық жауы» еткен кезеңдер болды, азаматтарымызды бораған оқтың өтіне де аттандырдық, «Қаңғып келген шүрегей елге пана болмайтынын білсек те» ата қоныс билігін басқаға беріп, өз ұлымызды өзекке тептік, босып та кеттік; қара көз, қолаң шаш қыздарымыздың бұрымы кесіліп, күң болғанына да көндік, «Үндістерше қаңғытамын» дегендердің тепкісіне де көндік. Десе де, ұлт болып сақталып қалдық. Ұлан-байтақ далаға, атамекенге қорған бола алдық.
Хакім Абай қара сөздерінің бірінде: «Бірі – ішсем, жесем, қам-қайғысыз өтсем дейтін өмір. Ал енді бірі, нағыз өмір», – деп адам баласының тіршілік жолын екіге жіктейді. Мұндағы нағыз өмір дегені, жалпы адамзаттың қымбат құндылықтарын, азаматтық, кісілік қасиеттерін бағалауға қаратылса керек. Қазақ – зерек, елгезек, тапқыр, батыл халық. Алайда, отаршылдықтың санамызға сіңірген жат қылықтарынан әлі де арыла алмай келе жатқанымыз, «Барға қанағат, жоққа салауат ететін» қанағатшылдығымыз, «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін жеке мүддешілдігіміз, үйге келген қонаққа жалғыз лағын соя салатын жомарттығымыз, тағы басқа қазіргі жаһанданудың жалынына төтеп бере алмайтын оғаш қылықтарымыз көп жұмысқа кедергі болып келе жатқаны жасырын емес.
Барлап қарасақ, бүгінгі күн кешегі дәуірден өзгеше. Біз геосаяси әлемде өмір сүріп жатырмыз, оның үстіне, тәуелсіз қазақ елінің құраушысы болып отырмыз. Алайда, осыншама жері бар қазақтың кедейліктен арыла алмауы, киіз үйді жасаған халық ұрпағының кірпіш кұйып, оны қалай алмайтыны, қымыз бен шұбат ашытқан ұлттың судан сусын шығара алмауы заманға үйлеспей, намысты өртеп, жігерді кұм етіп жатқаны да шындық. Соның салдарынан рух солғын тартты: салғырттық, саяси тар өрістілік, өзімізге сенімсіздік, жалтақтық, жақынын жаткөру, жағымпаздық, тағы басқа жат қылықтар жаулап барады.
Қазақстанның жеткен жетістігіне қызғаныштың «қызыл итін» жүгіртіп жатқандар да жоқ емес. Оның үстіне, қазақ даласы бүкіл әлемдік экономика мен ынтымақтың кіндігіне айналып отыр. Сондықтан әрбір қазақ баласы жолбарыстай жүректі, арыстандай айбатты, «Сегіз қырлы, бір сырлы» болуы тиіс. Өйтпесе, жаһанданудың жалынына жұтылып кетуіміз анық.
Үміт те жоқ емес. Қазіргі өсіп келе жатқан жастарға сенуге болады. Алайда, оларға өткен өмірді тықпалай бермей, «Еңбек етсең емесің» деген қағиданы үйретіп, ел рухын көтеретін өзіндік байламына жол беретін де кез жеткен сияқты. Өйткені олар – жігері жаншылмаған ұрпақ және тарихтағы қанды қырғынның түйіні болған діндердің басы тоқайласқан даланың ендігі қожайындары. Иә, бізде бәрі бар, тек қазақтың жаужүрек рухы ғана кемшін болып отыр. Әр ұлттың өзіндік қалыптасу, кемелдену барысы болатыны анық. Десе де, біз әлемдік саяси өлшемдерге сай келетін қазақы құндылықтарды негіз еткен мемлекет құрып жатқанымызды ескерсек, қазіргі жастардың жан-дүниесіне терең үңіліп, оның жігері мен сенімін ұштау керек. Ол сенің де, менің де, сіздің де міндетіміз.
Қажет Андас
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











