Жалпы, елімізде үй жануарларын ұстаудың өзіндік ережесі мен тәртібі қалыптасқан. 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданған. Бірақ көптеген адам осы заң туралы нақты білмегендіктен, ондағы ережелердің керекті тұстарын ғана игілікке асыруға ұмтылатындардың себебінен түрлі қайшылықтар туындап жататыны рас. Шынында, моральдық немесе заңдық тұрғыдан болсын үй жануарларын ұстауға ешкім көлденең тұра алмайды. Бірақ үй жануарларына қызығушылығы бар немесе үй жануарларын ерекше ұнататын зооқорғаушылар көптің пікірімен келісе отырып, заңдық нормаларды бағыт етіп, жұмыс жүргізгені дұрыс.
Әрине, бүгінде әлеуметтік желі деген бар. Неше түрлі сұмдықты содан көріп, жағамызды ұстаймыз. Сол қатарда қаңғыбас ит пен мысықты аулаушыларды жерден алып, жерге салып жатқан бейнебаяндарды көзіміз жиі шалады. Дәрменсіз үй жануарларының қорғалуына қарсы емеспіз. Алайда, қала мен далада қаптап жүрген қаңғыбас жануарлар экологиялық ортаны мейлінше бүлдіріп, адам денсаулығы мен өміріне залал келтіріп жатқанын да ескеруіміз керек.
Экологтардың айтуынша, қаңғыбас, иесі жоқ ит пен мысықтың кесірінен адам денсаулығына орасан зор залал келтіретін 40-тан астам ауру таралады екен. Сол қатарда ит пен мысықтан жұғатын эхинококкоз, қышыма, дерматомикоз,туберкулезге, дерматофития, трихофития, бруцеллез ауруларын атауға болады. Өте қауіпті саналатын микроспория, альвеококкоз, токсокароз ауруы анықталмағанына ветеринарлар шүкіршілік етіп отыр. Осындай қауіп-қатерлерді болдырмау үшін ҚР 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңдағы нормативтік құқықтық актілерді іске асыру бойынша бекітілген бағдарламаларды орындау аясында жыл сайын облыстық бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Бағдарлама бойынша облысқа қарасты аудан, қалада арнайы кәсіпкерлер мен мекемелер жұмыс атқарады.
Қараусыз қалып, жабайыланып, айналадағы тіршілікке залал келтіретін қаңғыбас ит пен мысықтарды «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның «Үй жануарларын есепке алу қағидаларын және есепке алынатын үй жануарларының тізбесін бекіту туралы» тақырыбы бойынша чиптеу жұмысы жүргізіліп келеді. Чиптеуге кететін қаражат ит пен мысық иелерінің есебінен өтеледі. Егер де өз меншігіндегі ит-мысықты бірдейлендіруден өткізбеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын хабарланды. Сонымен қоса, Қаржы министрінің 2022 жылғы 24 мамырдағы №527 бұйрығының 458 бюджеттік бағдарламасына сәйкес жануарлар үшін панажай (питомник) және жануарларды уақытша ұстау пункттерін салу бекітілген. Бүгінгі таңда бұл жұмыс облыс орталығы Талдықорған қаласында және аудан, қалаларда қолға алынуда.
«Алмақтың да салмағы бар» дегендей, бүгінде үй жануарларын сәйкестендіруден көптеген адам хабарсыз. Хабары бар деген күннің өзінде оған немқұрайды қарап жүргендердің де қатары көп. Осы тұста: «Ит пен мысықты чиптеудің маңыздылығы неде?» деген сұрақ туындайтыны анық. Біріншіден, үй жануарларын ұстауға деген тұрғындардың заңдық жауапкершілігін күшейтіп, ит пен мысық асырауға қатысты тәжірибесін тереңдетеді. Екіншіден, қаңғыбас ит пен мысықтың санын азайтып, адамдарға төнетін қауіпті төмендетуге, қауіпті аурулардың таралуын тежеуге болады.
Дегенмен, қолындағы ит пен мысығын чиптемеген тұрғындар айыппұл арқалайтынын да ескерте кетейік. Чипте ит пен мысық иесінің барлық дерегі көрсетілетіндіктен үй жануары өз өмір сүру аумағынан тыс жерлерде адамдарға қауіп төндірген жағдайда жануардың иесі жауапкершілік арқалайтыны анық. Сондықтан үй жануарын ұстаймын десеңіз «жеті рет өлшеп, бір рет кескеніңіз» жөн.
Бұл жұмыс басталғалы біраз жыл болды. Қаражатта бөлініп келеді. Бірақ құлағында чипі жоқ қаңғыбас ит пен мысық көшелерде қаптап жүр. Құдай, пәленің бетін аулақ қылсын?!…
Қажет Андас
Q-andas ақпараттық агенттігі.





