Сүлеймен Нұрышұлы 1903 жылы Сарыесім-Атырауда Ақшағыл елді-мекенінде дүниеге келген. Нұрыштың қарындасы Жаңғақ атақты Маман-Тұрысбекке ұзатылып, Нұрыштан тараған ұрпақтардың әріп танып, білім алуларына ықпалын тигізген. Сүлеймен Нұрышұлының он жасында Маман-Тұрысбек ауылындағы Қарағаш мектебінде 7-кластық білім алып, Петербургте жоғары оқу орнын оқығандығы туралы Көбес Ақылбаевтың кітабында жазылған.
Сүлеймен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Маман-Тұрысбектің балаларымен бірлесіп, Қапал уезінде жұмыстар атқарған. Қапалдан Балқаш өңіріне 1921-1922 жылдары қайтқан. Сүлейменнің бауыры Сарекенің қызы Гүлсімнің айтуы бойынша қызы Зекеннің жазып алған дерегіне сүйенсек, Тәттібаев Шоқпай атаның қарындасы Шынар және Көпбірлік ауылының тұрғыны Әйнеков Манаттың әкесінің айтқанына ден қоятын болсақ, Пышан ақын ұсталғаннан соң, төрт жылдан кейін, яғни 1924-1925 жылдары Нұрышұлы Сүлеймен Балқаш өңірінде болыс (ауылдық Советтің басшысы) болып сайланған.
Сүлеймен атамның туған жездесі Әбдіқадыр ата Күлияға 1977 жылы Қаңбақты селолық Советіне хатшы болып сайланған кезінде: «Әкеңнің жолын басқан ізбасары болдың. Сүлеймен атаңа ұқсап, еліңе адал қызмет жаса», – деп бата беріп еді.
Сүлейменнің орыс тілін еркін меңгергендігін, жоғарыдан келген адамдармен тіл табыса алатынын және мәдениеттілігін ескеріп Деріпсал ата Нұрышқа: «Балаң Сүлейменген айт, жоғарыдан келген адамдар бізді колхоздастыруға қоспасын, біз жеке малдарымызбен жеке қалайық», – деген екен. Сүлеймен жоғарыдан келген адамдарға Деріпсал қарияның айтқанын түсіндіріп, колхоздастыруға қоспай, жеке малдарымен қалдырып, халықты аштықтан алып шыққан екен.
Балатекенов Жазықбай ата (Жазықбаев Медеғалидың әкесі) мен Байкенжінов Ордалы (Байкенжінова Балкеннің әкесі) атаның айтуларынша, Сүлеймен атам болыс болған кездерінде халықтың жағдайын көтеру үшін үкіметке өткізетін мал жинағанда жоғарыдан келген өкілдермен келісіп, еркек малдарды өткізіп, ұрғашы малды қалдырып отырған. Атаммен бірге колхоздастыруға Жазықбай ата да қатысқан екен.
Сүлеймен атамыз 1929 жылы Талдықорған уездік комитетіне нұсқаушы болып ауысады. Сол кезде ол Әлішпанов Молдахметпен бірге жұмыс жасаған екен. Ашаршылық келген жылы ауылдың жағдайын естіп келген Сүлеймен қамбадағы көктемгі егіске сақтаған бидайды табақтап үй-үйге таратқан. «Егер халық аштан қырылса, бұл бидайды кім егіп, кім жинайды?», – деп түсіндірген. Сондай-ақ, ертельдің бір өгізін сойып, әр үйге таратып берген.
Тоқсанның төріне озған Қосжанов Сейдахмет атаның айтуынша, сол кездегі Балқаш өңірінің атқа мінер бес азаматы 1938 жылы (Әлішпанов Молдахмет, Нұрышұлы Сүлеймен, Халықберген, Дәмебай деген азаматтар) «халық жауы» деген атпен ұсталып кеткен. Біздің пайымдауымызша, елге жасаған жақсылығы жоғарыға жаман оймен жеткізіліп, «халықтың дүниесін оңды-солды таратты», – деп кінәлаған, «Халық жауы» ретінде ұсталған.
Әкем Биболдың айтуы бойынша, Сүлеймен атамыз қамалған кезде жас бала екен. Қазіргі Дөңши ауылынан он шақырым жерде орналасқан Мақашта тұрған. Сол жерге әкесі Сүлеймен ұсталғаннан кейін алты-жеті солдат келіп, үйге тінту жүргізген. Алты ай бойы сырттай қарауылдап жүрген. Жазықсыз жаладан ұсталғаннан кейін атамыз Үштөбе абақтысына қамауға алынды. Ең бір сорақысы Сүлеймен атамызды артынан іздеп барған немере бауыры Дөңсебайұлы Еңсебайды абақтының қарауылдары «Бауырымды көрмесем кетпеймін», – деп абақтының алдында тұрып алғаны үшін атып тастаған.
Сүлеймен атамыздың татар досы Сарекенің қызы Гүлсімді (қарындасы) Алматы қаласында орналасқан абақтыға ағасы Сүлейменді көру үшін сол жердегі кездесуге алып барған. Бірінші күні Гүлсім ағасымен кездескенде: «Енді мені іздеп келме, қырсығым тиеді», – деп келмеуін өтінген. Алайда, олар үшінші күні барғанда кездесуге шықпаған. Сөйтсе Сүлеймен атамыз ату жазасымен атылып кетсе керек.
Жетпісінші жылдардың басында Маман-Тұрысбектің ұлы Ыбырайымның көмегімен әкем республикалық архивке кіруге рұқсат алған. Сол жердегі кезінде қаралып, қозғалған істермен толығымен танысқан. Ондағы құжаттардың арасында атамыздың ақталғанын оқығанын айтып келген.
Әкем өз әкесі туралы көп әңгіме айтпаушы еді. Өйткені, ол өзінің бала кезіндегі көрген қиыншылығын, тартқан азабын есіне алғысы келмеген шығар деп ойлаймын. Содан кейін сол кездегі партияның қатал талабы бойынша балаларының болашағына кесірі тимесін дегені шығар.
Сүлеймен Нұрыштың Бибол, Фарида, Ғалия атты балалары болған. Биболдан Тамара, Күлия, Пания, Есен, Ғания, Алма, Есет, Алмагүл дүниеге келген. Бүгінгі күнде Сүлеймен Нұрышұлының 8 немересінен 16 шөбере, 13 шөпшек, 1 немене тарап отыр.
Ардақты әкем Бибол Сүлейменұлы 1941-1945жылдары ҰОС-на қатысып, 1947 жылы елге оралған. Өзі туған топырағында, өз ағайын жұртының ортасында дүниеден озды. Үлкендер жақсының көзі еді деп ризашылығын білдіретін. Жазықсыз жапа шеккен Сүлеймен атам «қызыл террордың» құрбаны болған мыңдаған қандастарымыздың бірі десек те, оның есімі біздер үшін өте ыстық.
Жарияланды. Қараман Қ. Қаратал ақтаңдағы: тарихи-танымдық кітап-Алматы: «Тоғанай Т». 2015. -240 б. -142–144 б.











