Менің әкемнің туған ағасы Байбалаев Құрманбай елге танымал, көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтжанды адам болатын.
Атақты Қарқара жәрмеңкесінің шаруашылық ісін басқарған. Ел жақсылары жаздың 3-4 айында осы жәрмеңкеге жиналып, ұлы дүбір тамаша, той-думанға айналдырып, айналадағы елдің көңіл- күйін бір көтеріп тастайды екен.
Менің шешем (Құрманбайдың келіні) Үміт ол күндерді былай деп еске алушы еді:
«…Айтулы белгілі қонақтарға арнайы үй тігіліп, алаңсыз демалып, тамашалауға жағдай туғызылатын. Есесіне олар да тамашаны тамашаға қосатын. Тігілген үйдің үзіктерін түріп тастап Әміре Қашаубаев ән шырқағанда үні Қарқара жәрмеңкесінің басынан аяғына кетуші еді. Қазақтың аттысы ат үстінде, жаяуы жата қалып ән тыңдайтын. Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Қанабек Байсейітов бай, байдың кемпірі, тоқалы, жалшысы болып ойнап, елді қыран-топан күлкіге батыратын. Иса Байұзақов “бір түнде білте шамның жарығымен жазып шықтым” деп, “Ақбөпе” поэмасын оқитын».
Құрманбай әкем сол біртуар азаматтардың ақ батасын алған кісі болатын. Құрманбай жеті ағайынды еді. Байбаланың жеті баласы ел алғашқы отырықшылыққа көшкенде бірігіп кірпіш құйып, қарағай тіліп, ауылдан данғыратып үй салдырады.
“Ағайын бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды” дегендей, бір ауылдас ағайын Байбала байдың баласы Құрманбай, әне, байлығын істеп, хан сарайындай үй салды, кедей-кепшіктердің еңбегін қанап”,… деп арыз домалатып, ұстатты. Біз Жылысайда тұратынбыз. Ұзынбұлақтың екі арасы жақын, жаяу келсем, төбесі шошақ бас киім киген (ГПУ дейтінбіз) екі адам атқа мінгізіп айдап барады. Үй іші у да шу, жылау-сықтау. Шешеміз Зәуре екіқабат, тоқсандағы әжем Кішімжан, 2-3 жасар баласы Ермек, кішкентай қарындасым Клара осылайша аңырап қала берді.
Әкеміз Құрманбай сол кеткеннен мол кетіп, Владивостоктан бірақ шықты. Бір күндерде 1937 жылы зар-запыран өкініш аралас бір хат келді өлеңдетіп.
“Ермегім, ұзап кеттім қарағымнан,
Зар болдым бір сүюге тамағыңнан.
Ел-жұртым, жетім жайын білесің ғой,
Өзіңнің кем көрмеші қарағыңнан….
Байбала ұлы Құрманбай деп білерсіздер,” дегендей
өксік хаттар мұнан кейін де келіп жатты.
1940 жылы бір қазақ, бір башқұрттан өлеңмен жазылған суық хат келді. “…Мен Құрекеңмен сотты болып жүргенде табыстым. Ауыр азапты бірге көрдік. Мұнда көрген қиыншылығымызды адам баласының басына бермесін. Мен сияқты ол да болмашы нәрсе үшін сотталыпты. Өзі сондай парасатты, ақылды, қамқор азамат екен. Осындай азаматқа қастандық жасаған адамның өзі де оңа қоймас. Ауыр азапқа шыдамай, ауырып қайтыс болды. Мен өз қолыммен жерледім, Құран бағыштадым.
Егер осы азаптан құтылсам, міндетті түрде ауылдарыңызға, Құрекеңнің отбасына барып қайтамын,” – депті хатта. Бірақ Ұлы Отан соғысы басталып кетті, келмеді, бар ма, жоқ па ол бейбақ, білмейміз.
Құрманбайдың отбасының да ауылда көрмеген азабы-тозағы жоқ. Шешеміз Зәуре сол қайғы-қасіреттің азабынан көп кешікпей қайтыс болды.
Әкеміз Құрманбай баласы Ермекті Ішән (Рысжан) әпкемізге аманаттап кеткен, үлкен әкеміз Сәрсебек қолына алды. Үлкен баласы Зейден соғысқа кетіп, қайтпады. Үлкен апам (әжем Кішімжан), қарындасым Клара мен, үшеуміздің тауқыметімізді шешем Үміт біркісідей көтеріп, мехнат, азап-тозақтың отын көсеп жүріп бағып қақты.
Бұл қасірет жалғыз біздің отбасымыздың басынан өткен тарих емес, барша қазақ баласының басынан өткен қаратүнек еді ғой.
Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, жазықсыз жапа көріп өлгендеріміз тіріліп, өшкен оты қайта жанды. Менің досым, құрдасым, бауырым Зықаев Әділхан балаларына бас болып, жазықсыз жазаланған өз әкесі Ашаданнан бастап 165 әкемізге Кегеннен еңселі ескертіш орнатты. Жыл сайын ел болып, жұрт болып басына барып, қаралы күннің ақтаңдақтарын ашып айтып, еске алып, боздақтарды ұрпақтары бір аунатып түсіреді.
Заман өзгерді, адамдар да өзгерді. Мына бейбіт өмірде қазақтың жаңа ұрпақтары өсіп-өніп, көгеріп-көктеуде. Тіпті Тәуелсіздік алған жылы туғандардың өзі 25 жасқа келіпті. Менің немере қызым Айдана Мақсатқызы Оразаева Тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Биыл жаңа отау құрып, өмірлік жар тауып, ұлан-ғайыр той жасап ұзатылып, мені ұшпаққа шығарды.
Ермегім де 80-нен асып, басы аман, бауыры бүтін тірлік кешуде. Немере-шөберелердің атасы ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, жұбайы Жалғаспен бақытты өмір сүруде.
Біз, өмірдің небір қияметін көрген қариялар: “Еліміз аман, жұрттымыз тыныш болса екен, бейбіт өмір жалғасын тауып, ағайының араздығы азайып, ынтымақ, бірлігі арта берсе екен, ұрпағымыз бай-қуатты өскелең өмір кешсе екен, қазағым Мәңгілік Ел болу арманына жетсе екен”…деп дұға жасап, күнімізді өткізудеміз. Ләйім солай болғай!
Совет Оразаевтың естелігі,
Райымбек ауданының
Құрметті азаматы.
Жарияланды. – Талдықорған: «Жетісу» газеті. №121. 2016. -3 б.
Дерекөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1723995











