Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылына оңтүстік-шығысқа қарай 21 шақырым, Шанханай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 5 шақырым жерде, Дегерес және Матай тауларының солтүстік баурайында, Көшен тоғаннан жол алсаң сүт пісірім уақытта жететін Қоянкөз бекеті туралы деректер ғалым Мырзатай Жолдасбековтың «Жамбыл және оның ақындық ортасы», Төлен Қаупынбаевтың «Ақындардың киесі Қабан жырау», Мұғалымбай Жылқайдаровтың «Қабан ақынның қызы – Қоянкөз», Бақыт Смайловтың «Сәдбенұлы Өтеген батыр елінде» атты кітабында жазылған.
Олардың сипаттауынша, Қоянкөз ана XVIII ғасырда өмір сүрген Қабан жыраудың қызы. Шапыраштының Теке руына келін болып түскен. Қоянкөз өзінің ақылдылығы, зерделілігі, көргенділігімен көптің ықыласына бөленіп, кейін ол ірге тепкен елді мекенге Қоянкөз есімі берілген. Бұл жер кезінде Жібек жолының бір тармағы өтетін бекет болған. Оның іргесінде Шоқан Уәлиханов жерленген. Тағы бір жағы Бесшатыр қорғандары мен Айғайқұммен жалғасады. Шоқан Уәлиханов 1856 жылы маусым айында Ыстықкөл сапарынан келе жатқанда «Қоянкөзден өтіп, таңертеңгілік Алтынемелге жеттік» дейтін бекеті осы (Ч.Ч. Валиханов. А-А.1984. 2т., стр. 351). Қасиетті мекенге тәу етіп баратын адамдардың қатары көп.
Қоянкөз анамызды Шапырашты Текеден тарайтын Байтемір деген адамға жастайынан атастырады. Ал Байтемірдің үш ағасы шетінен батыр екен. Бір жолғы қалмақтармен соғыста Жырғалы деген қызды қолға түсіреді. Оны ауылына жіберіп, ағалары ары қарай соғысқа кетеді. Осы кезде ат жалын тартып мінген Бәйтемір Жырғалыға жақындасып қояды. Сонымен ағалары қызды Байтемірге қосады. Мұны естіген Қабан жырау намыстанып, Теке әулетін шаппаққа қол жинайды. Істің насырға шапқалы тұрғанын сезген Қоянкөз анасы арқылы әкесіне: «Әуелгі айттырған жерім сол екен, мен сол жерге барамын. Кімнің бәйбіше, кімнің тоқал боларын уақыт көрсетеді. Мен үшін әкем ел арасына егес салып, кан төкпесін», – дейді. Сонда Қабан жырау: «Қоянкөз ақылды екен ғой», – деп мейірімі түсіп, батасын беріпті. Сонда Қоянкөз: «Маған еш байлықтың керегі жоқ. Тек өзіңіздің асыл мұраңыз – дарыныңызды берсеңіз болды», – дейді.
Сонда Қабекең: «Қолыңды жай, қызым, бердім батамды» деген екен. Сол күннен бастап Қабан жыраудың ақындығы да, әулиелігі де Қоянкөзге дарыпты. Қабекең: «Менің ақындығым қызым мен жиендеріне кететін болды» депті. Жырғалы да тегін адам болмаған екен. Ұзатылып келе жатқан Қоянкөздің алдынан көш жерден шығып, шашуын өзі шашып: «Қоянкөз, үлкен үйге сен лайықсың, өйткені бұрын айттырылғансың», – деп, өзі отау үйге шыққан екен. Осыдан екеуі ғұмыр бойы шай деспей, тату-тәтті өмір сүріпті. Кейін сол атадан Жамбыл Жабаев туады.
Байтемір 25 жасында қайтыс болып, асы өткен соң ауылдастары екі жесірді әменгерлікке алғысы келеді. Сонда Қоянкөз Жырғалы екеуінен туған жеті баланы көлденең тартып, үлкендерден рұқсат алып, төркініне, Шолақ тауының етегіне келіп қоныстанады. Сол жерден Жырғалы екеуі бекет салдырып, оны өзі ұстаған. Ол кейіннен «Қоянкөз бекеті» деп аталған.
Қажет Андас,
ӨТКЕНІ ЕРЕН, КЕЛЕШЕГІ КЕНЕН ЕРКІН/(Тарихи-танымдық кітап)
/Қ. Андас/ Талдықорған. «Офсет» баспаханасы, 2023. – 320 бет
ISBN 978-6017646-45-5











