Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Тұлғатану

Ұлт ұлағатының ұйытқысы

admin
2026/01/29
Тұлғатану
0
Ұлт ұлағатының ұйытқысы

Иә, «Өнердің жолы ауыр жол», –  деп хакім Абай айтқандай, оның биігіне тек қажыры мен қайраты бекем, жолай келген қиындыққа моймайтын бір беткей жандар ғана шыға алатынын өмір сан мәрте дәлелдеп берді. Мұны елу жылдық ізденісін осы салаға арнаған Дина НҰРҒАЛИҚЫЗЫНЫҢ еңбек жолынан аңғаруға да болады. «Әркімнің туған жері мысыр шәћарі» демекші, адам баласына кіндік қаны тамып, кіндік бауы кесілген жердің ыстық болатыны анық. Дина апамыз 1940 жылы қазіргі Мұқыры ауылында дүниеге келді. Бірақ балалық, жастық шағы бүгіндері Зылиха Тамшыбаева ауылы атанып кеткен Амангелді ауылында өтеді. Өйткені, әкесі Нұрғали Әлішев осында көп жылдар бас есепші болып жұмыс істеген. Отан қорғауға да осы ауылдың азаматтарымен бірге аттанып, от пен оқтың арасынан аман-есен ауылға оралады. Алайда, соғыс салған жарақаттың салдарынан 1946 жылы дүние салады. Енді ғана 6 жасқа шыққан қыз бала шешесінің тәрбиесінде өседі.

– Дей тұрғанмен, ауыл арасы емес пе? Ол кез бүгінгідей байлыққа бола бауырын ұмытып кететін заман емес. Бауырмалдық пен туыстықтың ұйыған шағы. Үлкенді иманындай сыйлап, кішіні көзінің қарашығындай қорғаштауды абырой деп білетін тұс еді. Туысқандар, көрші-қолаң  көмегін аямады. Әсіресе, Қожахмет Әлішев атамыз көп сүйеу болды. Несін жасырайын, сонау отызыншы жылдары жеті баласын желкілдетіп өсіріп отырған отбасыдан 1932-33 жылдардағы ашаршылықта әкем мен осы інісі екеуі аман қалған екен. Олар сан қиындықты бастан кешіріп, енді ғана жетілгенде әкемді қатал тағдыр алды да кетті. Тағы да шаңырағымызға қара бұлт үйіріліп, қала бердік. Бірақ өмірге қайсарлана ұмтылуға тура келді. Менің кейінгі күндердегі кездескен қиындыққа мойымай, алған бетімнен қайтпайтын мінезім осы кезде қалыптасқан шығар, – деп күрсінді апамыз.

Иә,  мұндай тағдыр сол тұстағы адамдардың әрбірінің басында бар еді. Сондықтанда «Көппен көрген ұлы той» оларды басқаша өмірге, сенімге баулыды. Алдағы күнге деген арманмен өзін қамшылады, жігерін жаныды.  Енді бір жағынан, сол тұстағы қазақ ауылдарының дені соғыстың азабан басынан кешіп жатты. Бұл да бала жүректің қайғысын жеңілдете түсті. Оның үстіне, соғыс өртін көріп, ауылға тірі оралса да, ауру арқалап қайтқан азаматтардың қиналысын көріп өскендіктен бе болашақта дәрігер болсам деп армандады. Тағы да соған өзін дайындай бастады. Бірақ орта мектепті бітіріп, құжаттарын Алматыдағы мединститутқа тапсырғанымен, оқуға қабылданбай қалды. Осыдан кейін өнер жолында бағын сынап көруге бекінді. Нәтижесінде, 1956 жылы халық әртісі,  қазақтың біртуар ұлдарының бірі – Қанабек Байсейтовтің бастамасымен Абай атындағы опера және балет театрының жанынан ашылған хор-вокалдық студиясына қабылданады. Аталған студия 1958 жылы Мәскеуде өтетін қазақ ақын-жазушыларының 10 күндігіне баратын театр әртістерін дайындау мақсатымен қолға алынған болатын. Міне, осылай, еңбек жолын  хордың әншісі болып бастайды.

Басында біраз қиналса да, Кәукен Кенжетаев, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Байғали Досымжанов, Әлкен Мұсабекова сияқты театр саңлақтарының тәлім-тәрбиесінің арқасында ортаға тез көндігіп кетеді. Тіпті, 1958 жылы хордың әншісі ретінде Мәскеуге барып, жоғары баға алып қайтады. Осыдан кейін оның жұмысқа ыждағаттылығы мен жауапкершілігін ескерген ұжым жауапты қызметтерді де жүктеп, комсомолдың секретары, кәсіподақ ұйымының мүшесі болып сайланады. Бұл енді ғана 18-ге келген жас қызға оңай болған жоқ. Десе де, Қанабек Байсейітов, Батыр Амангелдиев, Жексенбай Еркінбеков сияқты білікті мамандар мен басшылардың жол көрсетуінде әр тапсырманы тыңғылықты орындап, көзге түсіп отырды. Театрмен бірге қазақтың кең даласын аралап, ел-жұрттың жағдайымен танысу мүмкіндігіне ие болса, шет елге де шығып, көз аясын, көңіл ауанын кеңейтіп қайтты. Әрине, бұл туралы талай қызық әңгімелерді өруге болар еді, бірақ, апамыз айтқандай, өмірдегі ең үлкен табысы – атамыз Қажымұқан Үсеновпен танысып, шаңырақ көтергені. Атамыз орысша оқыған, тік мінезді болғанымен, жүрегі жұмсақ, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына жетік адам  болыпты. Әскери салада ұшқыш болып жүріп, 1958 жылы әскерден босап Қ. Сатпаев атындағы политехникалық институтына «ПГС» мамандығы бойынша білімін жалғастырады. Осы жерде табысқан екі жас қырық жылдан астам бірге жүріп қызмет етті.Ұлағатты ұрпақ өсіріп, бір әулеттің ақылгөй ақсақалы мен әжесіне айналды.

Әрине, өнер жолына түскен адамға отбасындағы отағасының түсіністікпен қарағаны ең маңызды. Өйткені, айлап алыс сапарға кету, тіпті, үй шаруасына, бала тәрбиесіне қарайтын уақыттың шықпай қалатын кездері болады. Мұндайда «Сен саларда, мен салар болып жатса…» үйдің берекесі, жұмыстың берекеті болмайтыны анық. Дина апамыздың да бүгінгі биікке жетуіне атамыздың байсалды байыптылығы үлкен көмек болғаны шындық. Ол кісінің азаматтық тұлғасы жөнінде жолдас-жораларының аузынан жиі естиміз. Ал отбасының қорғаны болған ағамыз туралы ойын былайша тарқатты:

– Бірде шет елге гастрольдіқ сапармен 23-ші қаңтарда жолға шықтық. Өзіңізде білерсіз, сол жылдары бұл күн ерекше құрметпен аталып өтілетін. Отбасы, бала-шағаңмен мәре-сәре болатын кез. Алайда, біз жолдамыз. Содан 8-ші наурызда елге қайттық. Бұл да мерекелі күн. Осы уақыт аралығында ағаларың менің жоқтығымды білдірмей, балаларды қалаған жеріне апарыпты, дос-жарандарын құттықтап, туыс-туғандарды да аралап, бірін қалдырмай қыдырып шығыпты. Бұл Қажымұқандай еркектің қолынан ғана  келетін шаруа. Атаң екеуіміз Жанар, Тимур, Аида есімді үш бала тәрбиелеп өсірдік. Олар оқуын бітіріп, өз алдына отау болып кеткенше барлық қиындығы мен тәрбиесін өзі арқалап келді. Сондықтан, балаларымның мінезі менен гөрі әкелеріне тартып кеткен,  – деп көзін бір сығымдап алды апамыз.

Енді бір жағынан, атамыздың осындай азаматтығына апамыздың да үлесі мол болған көрінеді. 1964 жылы оқуын бітірген Қажымұқан Үсенов жолдамамен қазіргі Кербұлақ ауданы, Сарбұлақ ауылына қызметке барады. Ол кезде үйлі баранды болып алған Қажекеңнің  бала-шағаны Алматыға қалдырып, шалғай ауылға барып қызмет істеуі оңай емес. «Ауылға бара алмаймын» деп сылтау айтуға тағы болмайды. Еңбегі еленіп, елге таныла бастаған Дина қасиетті театрды қиып кеткісі келмейді.

Иә, өмірдің кейде адамды екі ұдай ойға салатын кезі болады. Мұндайда батыл қадам жасаудың келешегіңе кең жол ашатын тұстары да аз болмайды. Ақыры Дина сахнадан қол үзіп, отбасымен бірге болашаққа нық қадам басуға бекиді. Содан, 1965 жылы сол кездегі Талдықорған облысы, Гвардия (Қазіргі Кербұлақ ауданы) аудандық Мәдениет үйіне жұмысқа тұрады. Кейіннен Көксу ауданына ауысып, тағы да мәдениет саласында тер төгеді. Сол жылдары күнделікті жұмысын атқара жүріп, музыка мектебін құруға құлшына кірісіп, жаңа оқу орнының директоры болып тағайындалды. Енді сахнадағы актриса ұстаз болып жастарды халықтық өнерге баули бастайды. Бұл уақытта қаншама жас дарынның жолын ашқанын саусақпен санап бере алмасақ та, бүгінгі өнер жолында жүрген танымал өнерпаздың дені Дина апаның тәрбиесін алғанын ел біледі. Осы еңбегінің нәтижесінде, 1974 жылы Талдықорған облыстық көркемөнерпаздар үйінің директоры болып ауысады.

Араға бір жыл салып облыстық І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының директоры қызметіне кіріседі. Сол жылдары Мәдениет сарайының жанынан құрылған төрт ансамбль халықтық атақ алды. Соның бірі – «Алтын дән» ансамблі бүгінде республикаға, тіпті, шет елдерге танымал. Оның үстіне халық мұрасын насихаттаумен де жұрт көңілінен шығып келеді. Бұл туралы бір кездері аталған ансамбльде жұмыс атқарғандар ризашылықпен еске алады. Осыдан кейін, Динаны Талдықорған қалалық атқару комитетінің мәдениет бөліміне меңгеруші етіп тағайындайды. Өйткені, мәдениет саласы қиындығы мол орынның бірі еді. Сондықтан оны өз жұмысына ұқыпты адамның басқаруын талап етеді. Басшылықтың үмітін жауапкершілікпен қабылдап алған Дина бас-аяғы төрт жылда қаланың мәдениет саласында қордаланып қалған мәселелерді шешіп, жұрт сенімінен шығады. Енді оны 1981 жылы облыстық Б. Римова атындағы  драма театрына директор етіп жібереді. Әрине, өнер адамдарымен жұмыс жасаудың машақатын әркім де біледі. Бірақ бұл тапсырманы апамыз қуана қабылдайды. Себебі, отыз жыл қол үзіп кеткен сахнаға қайта оралғалы отыр. Әлбетте, Алматыда жиып-терген тәжірибесі болғандықтан жұмысқа сеніммен кірісті.

Адам періште емес қой, жұмыс бабында немесе басшы ретінде кейбір қателіктер болған шығар. Бірақ бүгінгі аталған театрдың мақтанышын арттырып жүргендердің дені Дина апаның шәкірттері. Олар осындай тәлімгердің тәлімін көргенін  ілтипатпен еске алады. Арада бір мезгіл «Қазаккумулятор» зауотына қарасты қазақ балабақшасының меңгерушісі болып, балдырғандар тәрбиесіне де барын салғаны тағы бар. Қысқасы, 1995 жылы зейнеткерлікке шыққанша облыстың қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, мәдениетімізді мәйектетуге қосқан үлесі орасан мол болды.   Зейнеткерлікке шыққан соң да Дина апа еңбегіміз сіңді, енді жайланып бір демалайық деген жоқ. Тағы да жастарға ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттап, олардың рухани байлығын кемелдендіруге белсене кірісті. Нәтижесінде, 2003 жылы «Ардагер әжелер» ансамбльін құруға бір кісідей атсалысты. Оның ықпалымен бүгіндері  облыстың барлық елді мекендерінде аталған өнер ұжымы құрылып, іс-шараның шырайын келтіріп жүргенін тұрғындар толық біледі. Өткен жылы облыстық «Әже – отбасының алтын қазығы» атты байқаудан көңіліне ой түйген ата-аналардың көптігі аталған бастаманы жұрттың жылы қабылдағанын айғақтайды.

Ал «Ата-баба дәстүрі  – ұрпаққа аманат» бастамасымен қолға алынған шараның жас буынға берерінің мол екенін жұрт түсінді. Осыдан бірер жыл бұрын бастау алған шара аталар мен әжелердің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін дәріптеу арқылы мектеп оқушыларын білікті де білімді, иманжүзді етіп тәрбиелеуге ықпал етуде. Өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында Талдықорған қаласындағы мектептерде тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, оның қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар марапатталып, олардың тәжірибесі өзге оқу орындарында үлгі ретінде қолданылып келеді. Нәтижесінде, мұндай шаралар биылғы жылы облыс аумағындағы 749 мектепте қолға алынды. Осы орайда, бұл шараның сәтті ұйымдастырылуына Дина Нұрғалиқызының көп тер төккенін айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта облыстық әжелер комитетінің төрайымы болып өнімді еңбек етуде.

Дина апамыз: «Менің осы биікке жеткенім біріншіден, құдай қосқан қосағым Қажымұқан Үсеновтің қолдауы болса, екіншіден,  өнерде де, өмірде де ұстазым болған, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, халқының қалаулы ақсақалы Егеубек Далбағаев ағамның жол көрсетіп, нұсқау беріп отырғандығында», – дейді ағынан жарылып.  Иә, «Адам ұрпағымен мың  жасайды» дегендей, өсер елдің өсиетін айтып, ұрпақты береке мен бірлікке ұйытатын осындай аталар мен апалары бар бүгінгі ұрпақ бақытты. Сондықтан олар қандай да биік мәртебе мен атаққа лайықты деп санаймыз. Биыл Дина апамыз жетпіске келді. Осыған орай, айтар ойымызды былайша түйіндесек артық болмас деп ойламын:

Ақ тілекте бір керемет мән бар, шын,

Тұла бойы кіршігі жоқ талғамсың.

Арамызда Зерелер жоқ кешегі,

Дегенменен Дина апа, сен барсың.

 

Жетпіс деген елеулі жас, еңселі,

Қадір тұтып, құрметтейді ел сені.

Жұбын жазбай Қажымұқан атамен,

Саналы ұрпақ өсірген,

Бір үлгілі отанасы қазақтың,

Деп санаймын мен сізді.

 

Сіздер басқан әрбір жолдың нарқы бар,

Керектісін кезіккен жан қалқып ал.

Өсер елдің өсиетін айтатын,

Ел бақытты сіздей дана қарты бар.

 

5 2 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 31
Шәкірт мақтанышына айналған
Тұлғатану

Шәкірт мақтанышына айналған

April 16, 2026
Ел анасы
Тұлғатану

Ел анасы

April 15, 2026
Қыз Бәтес
Тұлғатану

Қыз Бәтес

April 3, 2026
Қайсар қызы қазақтың
Тұлғатану

Қайсар қызы қазақтың

April 3, 2026
Тәңірдің берген сыйы
Тұлғатану

Тәңірдің берген сыйы

March 27, 2026
Дәстүрді жаңғыртқан шебер
Тұлғатану

Дәстүрді жаңғыртқан шебер

March 26, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Мұқаншының Мұхиты

Мұқаншының Мұхиты

April 16, 2026

Біз үшін қастерлі есім

Біз үшін қастерлі есім

April 16, 2026

Шәкірт мақтанышына айналған

Шәкірт мақтанышына айналған

April 16, 2026

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

April 16, 2026

Елдіктің жолы

Елдіктің жолы

April 16, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz