Биыл қазақтың сөз өнерінде өзіндік орны бар белгілі айтыскер ақын Әбікен Сарыбаевтың туғанына 100 жыл. Ел жадында өрелі ойымен, өткір тілімен, халықтық өнерге адалдығымен сақталған ақынның есімі бүгінде туған өңірінің рухани кеңістігінде ерекше құрметпен аталады. Оның өнегелі өмірі мен өнер жолы ұрпаққа сөз қадірін, елдік рухты, ұлттық намысты ұғындыратын тағылымды мектепке айналды.
Әбікен Сарыбаевтың есімі аудандық мәдениет үйіне берілуі де тегін емес. Ең алдымен, елдің өнерге көрсеткен құрметі, халық жадында қалған тұлғаның рухына тағзым, ұлттық мәдениетке жасалған ілтипат. Өйткені мәдениет үйі концерт өтетін орын ғана емес, елдің рухани тынысы тоғысатын, өнер мен тәрбиенің, дәстүр мен сабақтастықтың алтын арқауы үзілмейтін қасиетті орта. Сол шаңырақта айтылған әрбір ән, қойылған әрбір көрініс, ұйымдастырылған әрбір тағылымды шара Әбікендей өнер иелерінің аманатын жалғап тұрғандай әсер береді.
Бүгінде Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық мәдениет үйі ел ішіндегі өнерпаздарды біріктіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, аға буын мен жас ұрпақ арасындағы рухани байланысты нығайтып отырған маңызды мәдени орталыққа айналды. Осы қара шаңырақтың жанынан құрылған «Шежіре» өнер, тәлім тәрбие отауы да игі дәстүрдің заңды жалғасы. Оның болмысы сахналық өнермен ғана шектелмейді. «Шежіре» өткен мен бүгінді жалғап, аналар өнегесін, әжелер даналығын, ұлттық өнер мен салт дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқан тағылым мектебі ретінде қалыптасты.
Қоғамның рухани өмірі ең алдымен еңбек ортасының ішкі бірлігімен, ортақ мақсатқа жұмыла білуімен, елдік іске деген жауапкершілігімен өлшенеді. Еңбек ортасы дегеніміз бір мекемеде қызмет атқаратын адамдар тобы ғана емес, ортақ мұратты, ортақ құндылықты, ортақ жауапкершілікті арқалаған тірі әлеуметтік кеңістік. Әсіресе мәдениет пен өнер саласындағы шығармашылық топтардың орны бөлек. Өйткені олар халықтың тарихи жадын сақтайды, ұлттың өнерін жаңғыртады, ұрпақ санасына тәлім мен тәрбиенің дәнін себеді.
Шығармашылық ортаның тарихы 2015 жылғы 1 наурыздан басталады. Алғашқыда алты әжеден құралған шағын өнер тобы аудандық мәдени шараларға қатысып, ұлттық ән мен салт дәстүрді насихаттауға кірісті. Осы бастама ауылдық мәдени кеңістікте жаңа серпін тудырды. Әжелер сахнаға ән айту үшін ғана емес, ұлттық болмысты көрсету, қазақы тәрбиені таныту, жастарға үлгі болу мақсатымен шықты. Кейін бастама кеңейіп, «Шежіре» өнер, тәлім тәрбие отауы ретінде жүйелі бағыт алды.
Өнер ордасының қалыптасуында ұйымдастырушы азаматтардың, мәдениет саласы мамандарының еңбегі ерекше. Алғашқы кезеңде әжелер тобының құрылуына Гүлмира Өтегенова ұйытқы болса, үйірме жетекшілігін Сәуле Қасымханқызы атқарды. Кейін жұмысты Ләззат Құсайынова жалғастырып, шығармашылық тынысын кеңейтті. Бүгінде Ләззат Құсайынова мәдениет саласындағы тәжірибесімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, әрбір мүшенің өнерін ашуға деген ықыласымен «Шежіренің» дамуына бағыт беріп келеді. Ал топ жетекшісі Раушан Нұрғалымова өнерпаздардың ішкі бірлігін сақтап, дайындық жұмыстарының жүйелі жүруіне ұйытқы болып отырған тәжірибелі жан.
«Шежіренің» басты ерекшелігі өнер мен тәрбиені қатар өрбітуінде. Мұндағы аналар халық әндерін орындап, ұлттық киім үлгілерін таныстырып, қолөнер бұйымдарын көрсетіп қана қоймайды. Олар шежіре айту, естелік бөлісу, тағылымдық кездесулер өткізу, жастарға ұлттық әдеп пен салт дәстүрдің мәнін түсіндіру жұмыстарын да тұрақты жүргізеді.
Мұндағы аналар өнерді өмірлік өнегемен ұштастырып, сахнадағы шығармашылық қызметімен қатар отбасының ұйытқысы, руханияттың шырақшысы ретінде де елге үлгі болып келеді. Әрбір ісінен аналық мейірім, әжелік даналық, ұлттық тәрбиеге деген адалдық айқын көрінеді. Сондықтан «Шежіре» мүшелерінің еңбегі мәдени шараларға қатысумен шектелмей, отбасы құндылығын, ұрпақ тәрбиесін, елдік сананы нығайтатын маңызды рухани қызметке айналып отыр.
Мұндай ортада сахна мәдениеті мен өмір мектебі қатар қалыптасады. Әрбір ән, әрбір көрініс, әрбір ұлттық бұйым көрерменге жай ғана өнер туындысы ретінде емес, елдік сананы оятатын рухани белгі ретінде жетеді. Өйткені осы өнер шаңырағындағы әрбір ана мен әже өмір көрген, еңбекпен шыңдалған, отбасы тәрбиесін, елдік дәстүрді, ұлттық өнегені бойына сіңірген тұлғалар.
Өнерпаз аналардың өмір жолы да аталған ортаға ерекше мазмұн береді. Раушан Нұрғалымова, Раушан Өскенбекова, Алтыншаш Оразова, Ботакөз Рахимова, Қамихан Қалқабекқызы, Күнарай Күзембаева, Шолпан Шыныбаева, Бибінұр Андақұлова, Гүлнар Қасымова және өзге де өнерпаз аналар «Шежіренің» абыройын көтеріп жүрген жандар. Әрқайсысының артында еңбекпен өрілген ғұмыр, отбасылық тәрбие, аналық мейірім, әжелік өнеге, қоғамдық белсенділік жатыр. Сондықтан «Шежіре» мүшелері сахнаға шыққанда, көрермен өнерпаздарды ғана емес, өмірдің өзінен сабақ алған, ұлт тәрбиесін бойына сіңірген тұлғаларды көреді.
«Шежіренің» маңыздылығы да осында. Бүгінгі таңда жаһандану ықпалы күшейіп, жастардың танымы мен талғамы түрлі бағытқа бұрылып жатқан кезде, ұлттық өнерді тірі орта арқылы көрсету аса қажет. Кітаптан оқылған дәстүр мен сахнада көрінген дәстүрдің әсері екі бөлек. Әжелердің өз қолымен тіккен ұлттық киімі, өз қолымен жасаған бұйымы, өз даусымен айтқан әні, өз жүрегінен шыққан батасы жас ұрпаққа әлдеқайда терең әсер етеді. Өйткені мұнда жасандылық жоқ, өмір тәжірибесінен туған шынайылық бар.
«Шежіре» құрылған күннен бастап аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі мәдени рухани шараларға белсене қатысып келеді. 2018 жылы Панфилов ауданы Қоңырөлең ауылында өткен «Ауылым алтын бесігім» іс шарасында Алғыс хатпен марапатталуы өнер ошағы еңбегінің алғашқы елеулі бағаларының бірі болды. 2019 жылдан 2022 жылға дейін Талдықорған қаласындағы «Таңжарық» бағдарламасына бірнеше рет қатысып, қолөнер бұйымдарын таныстырып, көрерменге ұлттық өнердің мәнін жеткізді. 2021 жылы «Болмыс» бағдарламасының «Қарттарым асыл қазынам» түсіріліміне қатысуы да шығармашылық ортаның қоғамдық мәдени беделін арттыра түсті.
«Шежіренің» қызметі сахналық шаралармен ғана шектелмейді. 2020 жылдан 2022 жылға дейін Рамазан айында аудандық қайырымдылық қорларына тұрақты көмек көрсетіп, ізгілік пен жанашырлықтың үлгісін танытты. 2022 жылы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы медресеге қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларға атсалысты. Қаңтар оқиғасы кезінде блокпосттағы азаматтарды ыстық тамақпен қамтамасыз етуі өнерпаз аналардың ел басына түскен сын сәтте де шет қалмайтын азаматтық болмысын көрсетті. Осы деректер «Шежіренің» өнер көрсететін орта ғана емес, қоғамға қызмет ететін рухани алаң екенін дәлелдейді.
Шығармашылық жетістіктері де аз емес. 2023 жылы үйірме мүшесі, қолөнер шебері Ботакөз Рахимова облыстық «Үкілі серуен» ұлттық киім байқауының іріктеу кезеңінде жоғары бағаланды. 2024 жылы өнерпаз аналар КТК телеарнасының «Кел шырқайық» бағдарламасына қатысып, Бас жүлдені жеңіп алды. Сол жылы «Дара ене, үздік келін» байқауында Гүлнар Қасымова мен келіні Бас жүлдеге ие болды. Аталған жеңістер аналар мен келіндер сабақтастығының, ұлттық тәрбиенің нақты нәтижесі ретінде қабылданды.

2025 жыл да «Шежіре» үшін мазмұнды кезең болды. Өнерпаздар Жетісу телеарнасының «Армысың, әз Наурыз» бағдарламасына қатысып, ұлттық өнерді кеңінен насихаттады. Сол жылы өткен «Дана ене, дара келін» облыстық байқауында арнайы жүлде иеленді. Қызылжар шайқасының 327 жылдығына арналған «FELT BOOK 2025» кітап жәрмеңкесіне қатысып, тарихи танымдық шараға өнерімен үлес қосты. 2025 жылғы 2 қазанда Қарттар күніне орай «Шежіре» үйірмесінің 10 жылдық есеп беру концерті жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
2026 жылы 18 наурыз, Ұлттық киім күні аясында Жетісу облысының «Көркемөнер» галереясы мен «Жетісу» өлкетанушылар орталығы қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Ұлттық киім, ұлт құндылығы» көрме фестивалінің жоғары деңгейде өтуіне атсалысуы да өнер шаңырағының бағыт бағдарын айқын көрсетті. Аталған шараларда «Шежіре» мүшелері ұлттық киім үлгілерін, қолөнер бұйымдарын, тарихи танымдық мазмұндағы көріністерді ұсынып, өнер арқылы халық жадын жаңғыртты.
Өнерпаз аналардың сахнаға деген жауапкершілігі де бөлек айтуға лайық. Әжелердің әр концертке тыңғылықты дайындалып, ұлттық киімдерін өз қаражаттарына әзірлеп, жаңа образбен шығуы олардың өнерге деген құрметін көрсетеді. Қарапайым көрінгенімен, үлкен мәдениеттің белгісі. Сахнаға адалдық, көрерменге құрмет, ұлттық киімге ұқыптылық, әрбір шараға дайындықпен келу, осының бәрі еңбек ортасының ішкі тәртібі мен жауапкершілігін танытады.
Бүгінде «Шежіре» мүшелері «Жетісу» өлкетанушылар орталығы ұйымдастыратын түрлі мәдени рухани шараларға белсене қатысып келеді. Мұндай әріптестік өңір тарихын, ұлттық киім мәдениетін, қолөнерді, аналар өнегесін, ұрпақ сабақтастығын насихаттауға жол ашып отыр. Осындай байланыстар арқылы аталған өнер ошағының қызметі бір аудан көлемімен шектелмей, облыстық деңгейдегі рухани жұмыстармен сабақтасып келеді.
Өнерлі аналар ортасының жүріп өткен жолына қарасақ, басты жетістігі алған марапаттарымен ғана өлшенбейді. Ең үлкен табыс халық жадында ұмыт бола бастаған салт дәстүрлерді қайта жаңғыртуы, қолөнер мен ауыз әдебиеті үлгілерін тірілтуі, жастардың ұлттық құндылыққа деген қызығушылығын арттыруы. Мұндай еңбек көзге бірден көрінбеуі мүмкін, бірақ қоғамға әсері терең. Өйткені ұлттың рухани тамыры дәл осындай қарапайым, бірақ табанды еңбектер арқылы бекиді.
Бүгінгі «Шежіре» өнер, тәлім тәрбие отауы еңбек ортасының қандай болуы керектігін көрсететін жарқын мысал. Мұнда тәртіп бар, бірлік бар, жауапкершілік бар, ең бастысы, ортақ рухани мақсат бар. Өнерпаздар сахнаға шыққанда ән айтады, көрме ұйымдастырғанда қолөнерді танытады, жастармен кездескенде өнеге айтады, елдік шараларда ұлттық болмыстың биігін көрсетеді.
Сондықтан аталған өнер ошағының тарихы бір өнер тобының шежіресі ғана емес. Аналардың ел руханиятына қосқан үлесінің көрінісі. Еңбек ортасының қоғамды тәрбиелеудегі күшін дәлелдейтін өнегелі жол. Өткенді ұмытпай, бүгінді бағалап, болашаққа аманат арқалаған аналар мектебі.
Осындай өнер ошақтары барда ұлттық өнердің оты өшпейді, дәстүрдің тамыры үзілмейді, ұрпақтар арасындағы рухани байланыс әлсіремейді. «Шежіре» соны ісімен дәлелдеп келе жатқан тағылымды орта. Оның әрбір мүшесі, әрбір концерті, әрбір көрмесі, әрбір қайырымды ісі өңір мәдениетінің дамуына қосылған сүбелі үлес болып қала бермек.
Қажет Андас,
Q-Andas ақпараттық агенттігі











