Тумысынан ат құлағында ойнаған халқымыз күнделікті тұрмыс барысында қамшыны өте көп пайдаланады. Сондықтан да қамшының атқаратын бірнеше қызметі, функциясы бар. Негізгі қызметі – ат айдаушы құрал. ХІХ –ХХ ғасырдың басына дейін билік құралы ретінде де пайдаланылған. Қазақ хандарының, билерінің өз дәрежесіне қарай ұстайтын қамшы түрлері де бар. Сонымен қатар қамшы биліктің, батылдықтың һәм киеліліктің символы. Қамшы арқылы қазақ ұлты ханға дат, байға бүйімтай, қызға наз, досқа сыр, адамзатқа ақыл айта білген.
Қазақтың қара өлеңдеріндегі:
Алты таспа бұзау тіс,
Былжырамай аттан түс,- деп, немесе:
Ұстаға бердім қамшы жездеткелі,
Ешкімге көз салмадым ержеткелі.
Өзіңдей абзал ару іздеп жүрмін,
Отауда шайнекке шай дәмдеткелі,- деп келетін өлең жолдарынан, қамшының жай ғана ат айдайтын құрал емес, жігіттің жүрегінің лүпілдік деңгейіне көтеріліп, обыраздана түскенін байқауға болады. Сонымен бірге қамшы арқылы да қазақ көп нәрсені айтқызбай түсінген. Ел тағдырын, ер мүддесін қорғайтын даулы жерде, өзінің пікірін айтқысы келген адам, ортаға қолындағы қамшысын тастайды. Бұл менің айтарым бар, маған да сөз кезегін беріңдер деген сұраныс сипатындағы қимыл. Қазақ ұлты әр адамның әр кезеңде қамшыны ұстауынада қарап, оның қандай іспен жүргенін аңғарған. Егер атқа мініп келе жатқан адам, қолындағы қамшысының өрімін сабына қабыстыра білеулеп ұстап келе жатса, ол даулы мәселемен келе жатқанын аңғарып, іштей қалай қарсылық көрсету қамына дайындалады. Егер де атты адам қамшысының бүлдіргесін білегіне іліп, өрімін созып, салақтатып келе жатса, ол жай жүргінші екенін аңғарып, ас-суы ауқаты үшін маңайына бұйырық беретін болған. Тарихи деректерде үйдің ішінде отырған хан, сұлтан, билерге жолыққалы келген адам, қамшысын үйге алып кірмейді. Кісі өліміне себепші болатын суық қару ретінде де қаралған. Қамшының күнделікті өмірде білдіретін түсініктері бұдан да көп. Ерте кезде қамшының сабы көбінде тобылғы ағашынан алынған. Оның да өзіндік ерекшелігі бар. Қамшы туралы айту үшін тобылғы өсімдігінің де қасиетіне азырақ тоқтала кетсек, тобылғы тау беткейлерінде көбірек өседі. Қазақ тобылғының беріктігінен сырт емдік қасиетінің де барын аңғарған. «Қараған кен, тобылғы ем немесе тобылғы шөпке жетеді, шөп көпке жетеді» деп те мәтел шығарған. Қазақтың тобылғы өсімдігінің түрлі қасиеттерін жете меңгергендіктен де, киелі бұйымы қамшыға сап етіп алады. Ал өрімін негізінен өгіздің терісін илеп, әбден бабына келгенде таспалап тіледі. Қамшының жуан иә жіңішкелігі осы таспа санына байланысты.
Қамшы ұстайтын адамның жасына, жынысына, дәрежесіне қарай сүндет қамшы, бойжеткен қамшы, бозбала қамшы, би қамшы және басқада түрлерге бөлінсе, ал жасалуы мен көлемі, ұстау мақсатына қарай да бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтар болсақ, сарыала қамшы, әшекейлі ақ қамшы, алтынды қамшы деп бөлінеді. Сарыала қамшыны көп жағдайда ерлер ұстайды. Ескі замандық түсінік бойынша «Сарыала қамшыға сайтан жоламайды» деп, бақсылар зікір салған кезде де пайдаланған. Тіпті қамшының бұл түрін төрге іліп қойса, үй иелеріне түрлі кесел, пәле-қаза жоламайды деп те түсінген. Осы қасиеттер негізінде қамшының сайтан қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы деген түрлері де пайда болған. Әшекейленген ақ қамшы – сабы ақ күмістен сәнденіп жасалған қамшы түрі. Бұл қамшыны көп жағдайда әйел адамдар ұстап жүреді. Атының өзі айтып тұрғандай әрі жеңіл, әрі әдемі келеді де, қолдың қарымын көп қажет етпейді. Әшекейлеу үшін, асыл тастан көз орнатқан, тіпті сылдырмақ шашақ та тағып қояды. Атбас алтын қамшы – сабы мен өрімі тегіс алтын, күмістен жасалады. Сабына березе тәрізді асыл тас орнатқан. Қамшының жалпы болмысынан аттың бас сүйегінің формасы шығып тұрады. Сол себепті де атбас алтын қамшы деп аталады. Қамшының бұл түрін жасау, ұлтымыз исләм дінін толыққанды қабылдаған кезде қолданыстан шыққан. Өйткені исләмдік түсінік бойынша, белгілі нәрселерге ондай сурет салуды қате түсінік деп қабылдаған. Әсілінде қамшыдағы ат басының суреті жылқыға табынушылық емес, асқан сәулет өнері болатын.
Қамшының батылдық һәм биліктің символы ретінде биік өреге көтерілуінің астары мына бір аңызбен байланысты екенін жете түсінуге болады. бұл аңыздың түрлі айтылулары бар. Біз бұл мақалада белгілі жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Бастырма» деген мақаласындағы айтылымына жүгіндік.
Ертеде скифтің бір тайпасының жауынгерлері алыс елге жорыққа аттанады. Жорықтары сәтімен аяқтап, жаулап алған жерлерінде біраз уақыт аялдап қалады. (шамасы 20-30 жыл болса керек) Осынау жылдар ішінде елде қалған әйелдер, есіктегі құл-қотандармен көңіл жарастырып, балалы болыпта үлгірген. Құлдардан туған балаларда өсіп, ел тізгінін ұстап, жаңа жасақ дайындап та болыпты. Күндер өте келе скиф сарбаздары кіндік жұртын сағынып, өз ауылдарына қайтуды жөн санап, ат басын туған жерге бұрса керек. Ел шетіне ілігіп, туған жердің саумал ауасын құшырлана жұтып, кеңінен тыныстайды. Бірақ, алыстан арып-ашып жеткен скиф сарбаздарының алдынан өрімдей жас әскерлер күтіп тұрғанын көргенде, қынаптарынан қылыш суырған екен. Шындығында скиф сарбаздарына қарсы тұрған әскерлер құлдан туған ұлдар еді. Қандай жаулар болса да жеңіп, тосқауылдарды табанға таптаған скиф әскерлері, құл ұрпағынан туған әскерлерді жеңе алмай сарсаңға түседі. Қылыштасса қылышқа шебер, найзаласса, бәрі найзагер, садақ атысса, шетінен құралайды көзге ататын мергендер. Өмірі бұндай тегеуірінді жасақ көрмеген скиф сарбаздары таң-тамаша болады. Соғысып жүріп, жас перілердің өңіне сәп-салып қараған скифтің жасамыс әскер басысы жасақтарын жиып: биік жерлерге шығып, қамшы үйіріңдер және бұларды қамшымен сабаңдар,- деп бұйырық береді. Сан мыңдаған қамшының ысылдаған дауысын естіген бағанағы күшті қарсыластардың зәресі ұшады. Өздерінің санасындағы құлдық түйсік олардың айбаттарын қашырып, естерінен адастырады. Осылайша қамшының құдіретімен скиф сарбаздары туған жерін құлдардан туған сарбаздардан азат еткен екен.
Скифтерден жеткен бұл аңыз бізге қамшының да мықты жаугершілік қару екенін түсіндіреді. Ертеде қазақ халқының барымта-қарымтасында да көп пайдаланған қамшы түрі – Дырау қамшы. (Кейбір деректерде Дойыр қамшы деп атайды). Жұмбақ ақын аталған Жұмекен Нәжімеденов өзінің «Дойыр» деген өлеңінде:
Дойыр дейді,
Күмістелген сабы аппақ,
Шешем кейде көреді ұстап қабаттап.
Дұрыс шығар өрімшінің есебі:
Осы қамшы он екі өрім деседі.
Иесі өліп сұрапылда кешегі,
Маған қалған жалғыз мұра – осы еді,- деп өлеңге қосқан.
Алматы қаласынан басталып, шығысқа созылып жатқан Алматы-Жаркент күре жолының бойында Шелек деген ауыл бар. Қазақстан республикасы бойынша жан саны ең көп ауылдардың бірі. Асы жайлауы мен Бақай тауларының бұлақтары және басы Көл сайдан басталып, Бартоғай тоспасына бір тоқтап, Ілеге қарай құлдилайтын Шелек өзені жанай соғып өтеді. Осы Шелек ауылындағы Жібек жолының бойына, қазақтың өткені мен бүгіні туралы сыр шертіп тұратын «Шелек тарихи-өлкетану музейі» орналасқан. Мұражайда қазақтың ертедегі тұрмыс-тіршілігінен сыр шертіп тұратын тарихтың тірі куәгері 2000 ға жуық жадігерлері бар. Солардың бірі жоғарыда біз сөз еткен қамшының төресі саналтын – ДЫРАУ ҚАМШЫ (Дойыр)
Халқымыз үшін бүгінгі күні қолданыстан қалған, бірақ ерте кезде кем болса болмайтын қамшы түрін – Еліміздегі атақты өрімші Дәркембай Шоқпарұлының шәкрті, Өрімші, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ақтоған ауылының тұрғыны Шұбаев Ақберген Батырханұлы «Музейге жол» атты акция кезінде әкеліп сиғя беген. Суық қару ретінде барымта кезінде қолданылады. Өрімі жуан, жұмыр, кей жағдайда төрт қырлы болып келген дойыр қамшының өрімінің арасына қайыстан жұмырлай ширатылған өзек салып, сыртын таспамен тоқи өреді. Түйініне тас, қорғасын құйып тоқтатады. Мықты әрі қарсыласын талмау жерінен тиген кезінде-ақ аттан аударып немесе жаяу болса да жығып түсу үшін өте тегеуірінді етіп жасайды. Сондықан да таспа саны мейінше көп болуы қажет. Музейіміздегі бұл құнды жәдігер, музейге келушілерді ерекше баурап алады. Әрі қамшының жасалу ерекшелігіне қарап отырып-ақ, ұлтымыздың өткен тарихын бағамдап, ата-бабамыздың қол өнер шеберлігіне тәнті болып қайтады.

Қуанәлі Алмасбекұлы,
Шелек тарихи-өлкетану мұражайы











