Өзге елдің суын ішіп, топырағын басып жүрсе де өзегі қазақ деп өртенген, жүрегі қазақ деп жылайтын, Алаш мұрасын түгендеген азаматтар аз емес. Солардың бірі Қытай Халық Республикасының Шыңьжаң өлкесінде дүниеге келген Андас Жансарбаев. Иә, 1944 жылдың қыркүйек айында Шыңьжаң өлкесінің Күнес деген елді мекенінде туды. Әкесі Омарақын ұлының болашағынан үлкен үміт күтетін. Жақсылықты осы ұлымнан көрермін деген әкенің асқақ үміті алдаған жоқ.
Расында да Андас бала кезінен-ақ зерек әрі еңбекқор болып өсті. Оның поэзияға деген сүйіспеншілігі өлең әлеміне алып келді. Яғни, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өлеңнен өрнек өрді. Ең алғашқы туындыларын ауыл еңбеккерлеріне арнап жазды. «Біздің екпін» деп аталатын өлеңі алғаш рет «Шыңжаң» газетінде жарық көрді. 1964 жылы орта мектепті ойдағыдай бітіреді. Отбасылық жағдайына байланысты жоғары оқуға бара алмай, ауылдағы шаруашылықтарда қара жұмысқа қабылданады. Ащы еңбектің кермек дәмін тата жүріп оның өлең әлеміндегі жолы айқындала түсті. 1974 жылы «Дарқан өмір» атты жмнақта Андас Жансарбаевтың бір топ өлеңі жарық көрді. Осыдан кейін ақынның есімі елге танылып, өлең көгінде шарықтай ұшты. Дәл осы жылы оны Шыңжаң өлкелік «Шұғыла» журналы жұмысқа шақырады. «Бұл журнал Қытай қазақтарының арасында ең мықты журнал еді. Дәл сіздерде шығатын «Жұлдыз» журналы сияқты», – дейді ағам.
Бұл кезде Андас Омарақынұлы отбасын құрып та үлгерген еді. Алғашында біраз ойланғанымен, қабырғасымен ақылдаса келіп, Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімші қаласына тартып отырды. Журналға келгеннен кейін оны әдебиет бөліміне бөлім меңгерушісі етіп қояды. Төрт жыл бойы осы жерде табжылмай жұмыс істейді. Әдебиеттің қайнаған ортасында жүріп, көптеген өлең жазып, өзгелердің еңбегін жариялап, бірнеше жыр жинағын құрастыруға атсалысады. Алайда, оған отбасынан бөлек тұрған өмір ұнамайды. 1978 жылы туған өлкесі Күнеске қайтып оралып, мұнан соң осындағы Күнес аудандық №3 орта мектепке әдебиет пәнінен мұғалім болып орналасады. Он жылдан астам уақыт ұстаз болып жүріп, жоғары оқу орнына түссем деп армандайды. Ақырында сол ойын жүзеге асыру мақсатында Андас аға Үрімжі қаласындағы Шыңжаң университетінің филология факультетіне құжаттарын өткізеді. Бала кезден бергі армандаған арманы жүзеге асып, бірден оқуға түсіп кетеді. Оқуға түскен жылы мұғалімдіктен Күнес аудандық мәдениет мекемесіне ауысады. Ал, 1992 жылы аудандық саси кеңестің тарихи материалдарды зерттеу комитетіне жауапты қызметкер болып жұмысқа тұрады. Осы жылдан бастап жергілікті қазақ халқының тарихын зерттеуге кіріседі. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде, оның Күнес тарихы, қазақтың мақал-мәтелдері жайында зерттеген 8 кітабы жарық көрді. Оның төртеуі қытай тіліне аударылған. Тарихты зерттеп жүрсе де өлең әлемінен алыстаған жоқ. Дәл осы жылдары «Жылдар ізі» атты жыр жинағын баспадан шығарды. Артынша «Жыл құсы», «Дода» атты жинақтарын баспаға ұсынды. Тарихи зерттеулері бойынша бүгінге дейін 14 кітабы жарық көрді.
«Осындай биіктерге жетіп ақын, жазушы, тарихшы атануына өскен ортам, ата-анам, қолдаушы адамдардың үлесі зор. Міне, енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел ортасындағы достық, ынтымақтастықты берік ұстауының арқасында атажұртқа келіп, елмен қауышып жатырмыз. Өз елім өзегімнен теппей алда талай биіктерге шығуыма жол ашады деп ойладмын» дейді әңгіме арасында ағамыз.
Бүгінде Қытай Халық Республикасы Күнес аудандық саяси кеңесінің тарихи материалдар комитетін басқарып отырған Андас ЖАНСАРБАЕВ Пайғамбар жасына да аяқ басып қалды. Балаларының бәрі жоғары білім алып, өмірден өз жолдарын тауып үлгерді. «Еркектің жақсы, жаман атануы көбінде әйелге байланысты» екені рас. Сол айтқандай, Андас болып жүруімнің өзі жастай қосылған жарым – Әуесхан Мажайқызының арқасы», – деген ойын да жасырып қалмады.
Жастайынан жаны өлеңге құмар болып өскен Андас Омарақынұлы күні бүгінге дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деген емес пе. Андас ағаны сегіз қырлы, бір сырлы азаматтардың қатарына жатқызуға әбден болады. Өлеңін өміріне азық қылған ағамызға поэзия әлеміндегі қадамыңыз қарыштай берсін демекпіз.
Сәрби ӘЙТЕНОВА
Алматы облыстық «Жетісу» газеті, сенбі, 28 шілде, 2007 жыл











