«Жетісу» өлкетанушылар орталығы қоғамдық бірлестігі «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Өлкетану – ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы» атты облыстық семинар-тренинг өткізді. Тағылымды шараның басты мақсаты туған өлке тарихын насихаттау, білім беру ұйымдарындағы өлкетану бағытындағы жұмысты жандандыру, оқушылардың тарихи танымын арттыру және ұстаздар арасында тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру болды.
Маңызды шараға облыстық Әдістемелік орталық қолдау білдірді. Бұл бастама өңірдегі өлкетану жұмыстарын жүйелеуге, білім беру саласындағы тарихи-танымдық бағытты күшейтуге арналған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.
Семинар-тренингке Талдықорған қаласындағы жалпы білім беретін ұйымдардың тарих және география пәні мұғалімдері қатысты. Басқосу барысында өңір тарихын зерттеу, тарихи сананы жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Жиында өлкетану пәнін білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізу және оны оқытудың қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Бүгінде мектеп бағдарламасында туған өлке тарихына қатысты деректер көбіне қосымша материал ретінде ғана қарастырылады. Соның салдарынан оқушылар өз ауылының, қаласының, өңірінің тарихи тұлғаларын, көне қоныстарын, киелі жерлерін, жер-су атауларының мәнін толық біле бермейді. Бұл тарихи жадтың әлсіреуіне, туған жерге деген танымдық байланыстың үзілуіне әкелуі мүмкін.
Өлкетану жеке пән немесе тұрақты факультативтік курс ретінде оқытылса, оқушы туған жер тарихын тек оқулықтағы жалпы мәлімет арқылы емес, нақты дерек, жергілікті мұра, архив құжаты, тарихи орын, ел ішіндегі әңгіме арқылы таныр еді. Мұндай бағыт баланың зерттеушілік қабілетін дамытып, туған өлкеге деген жауапкершілігін арттырады. Әсіресе тарих, география, әдебиет, биология пәндерімен сабақтастыра оқыту арқылы өлкетануды кешенді білім беру құралына айналдыруға болады.
Семинарда осы бағыттағы олқылықтар да ашық айтылды. Бүгінде білім беру ұйымдарында өлкетану жұмыстары жүйесіз жүргізіледі, жергілікті материал жеткіліксіз, дайын әдістемелік құрал аз, мұғалімдердің архивтік деректермен жұмыс істеу тәжірибесі бірдей емес. Сонымен бірге, өңірдегі тарихи-мәдени нысандарды мектеп бағдарламасымен байланыстыру, оқушыларды музей, архив, экспедиция, дала зерттеуі сияқты тәжірибелік жұмыстарға тарту мәселесі де әлі толық жолға қойылмаған.
Кездесуде аясында «Жетісу» өлкетанушылар орталығы қоғамдық бірлестігінің мақсаты, міндеті және осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары туралы арнайы бейне таныстырылым көрсетілді. Қатысушыларға бірлестіктің өңірдегі тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, киелі орындарды насихаттау, архив деректерін жинақтау, кітап шығару және рухани құндылықтарды дәріптеу бағытындағы еңбектері жан-жақты таныстырылды.
Сонымен қатар бірлестік жанындағы өлкетанушылардың баспадан жарық көріп, электронды кітап қорына енген өлке тариын түгендейтін 37 кітаптың арнайы таныстырылым ұйымдастырылды. Тарихи-танымдық бағыттағы кітаптардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне ерекше тоқталып, туған жер тарихын оқытуда мұндай еңбектердің маңызы зор екені айтылды. Сондай-ақ, «Q-ANDAS» ақпарат агенттігінің ресми сайты таныстырылып, ондағы тарихи-танымдық мақалалар, архивтік деректер, рухани-мәдени жобалар мен электронды материалдардың мазмұны түсіндірілді. Қатысушыларға сайттың ақпараттық мүмкіндігі, құрылымы және білім беру үдерісінде пайдалану жолдары жөнінде кеңінен мәлімет берілді.
Семинар-тренинг аясында ұстаздар өлкетану бағытындағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, мектептерде жүзеге асып жатқан жобалар туралы пікір алмасты. Әсіресе туған жер тарихын оқушыларға заманауи форматта жеткізу, архив материалдарын оқу үдерісіне енгізу және тарихи-танымдық жобаларды көбейту мәселелері кеңінен қозғалды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосулар жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық тарих пен рухани мұраға деген қызығушылығын күшейтуге ықпал етеді. Өйткені өлкетану ұлттың тарихи жадын сақтап, өскелең буын санасына елдік құндылықтарды сіңіретін маңызды рухани негіздердің бірі.
Бірлестік жүргізген зерделеу нәтижесінде өлкетану пәнінің мектептерде оқу жылының соңына қарай бір сағатпен ғана шектелетінін, әрі бұл бағытты оқыту ісі өлкетану саласын жетік меңгерген мұғалімдерге үнемі тапсырыла бермейтініне көз жеткізді. Бұл жағдай туған өлке тарихын жүйелі оқытуға, оқушылардың жергілікті тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан аталған мәселе алдағы уақытта «Жетісу» өлкетанушылар орталығы қоғамдық бірлестігінің жіті назарында болады.
Семинар-тренинг соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, өлкетану бағытындағы жаңа жобалар мен бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Соңында облыстық семинар-тренингке белсенді қатысқан тарих және география пәні мұғалімдеріне арнайы сертификат табысталды.
«Q-Andas»ақпараттық агенттігі








