Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Халық жады

Зобалаң жылдардың зорлығы

admin
2026/06/10
Халық жады
0
Зобалаң жылдардың зорлығы

Жазиралы Жаркент өңірі шекара бойында орналасқандықтан бұл аймақта қуғын-сүргін көрмеген отбасы, ашаршылық дәмін татпаған әулет кем де кем. Сондай жандардың бірі – Үркімбаев Мұхамедхан ағамыздың аталары.

Үркімбаев Мұхамедхан Мұқашұлы ҚХР-дың Шипаңзы елді мекенінде 1941 жылы 4-мамырда дүниеге келген. Зейнеткер. Қытайға қарайтын шекарадан Қорғас өзенінен өткен жердегі Қорғас ауылындағы мектепте төте жазумен оқып, 7 сыныптық білім алған. 1957 жылы туған жерге оралған. Әскер қатарына алынып, 3 жылдай Челябинскідегі авиациялық салада азаматтық борышын өтеп, 1968 жылы ауылға оралған. Сол жылдардан бастап «Красный Восток» колхозында қойшы болған. Көптеген марапаттарға ие болып зейнетке шыққан. 2008 жылы қажылыққа барып келген. Алмалы ауылындағы мешітте көп жыл имам болды. Зобалаң жылдардың зорлығын басынан өткерген әулеттің бүгінгі үзігі – Мұхамедхан Мұқашұлы ағамыздан кезінде әкелері айтып отыратын ескі де есті әңгімені газет оқырмандары үшін арнайы баяндап беруді өтінген едік.

«Біздің аталарымыз осы аудандағы таудың арасындағы жақсы жердің бірі – Бұрқан ауылында отырады екен. Руымыз Суанның ішінде Елтінді батырдың туған баласы Молақтан тарайтын аталы ел. Әкем Мұқаш 1910 жылы туылған кісі. Өздері де сол кездердегі ауқатты, бай адамдардың санатында болыпты. 1916 жылы патша өкіметі соғысқа қазақтан солдат аламыз деп, халық балаларын соғысқа жібермейміз деген дүрбелең басталғанда біздің үй де туған-туыстарымен, ағайындарымен түп көтеріліп аржаққа – Қытай жеріне өтіп кетіпті. Екі-үш жылдай сонда тұрыпты. «Кеңес өкіметі орнапты, ел тынышталыпты» деген сыбыс шыққан соң ол жерде тұрақтай алмай, 1918 жылы қайтадан мал-жанын айдап тау ішіндегі Шұңқырбұлақ жақтан шекарадағы Қорғас өзені арқылы өтіп елге оралыпты. Шекара маңына тоқтамай, бұрынғы өздері үйренген Бұрқандағы қонысына бармақ болып Үсек өзеніне қарай бет түзейді. Баяғы жұрттарына орналасып, көшпей қалған ағайындарымен, туған жермен табысыпты. Аздап естерін жиып, өздеріне-өздері келе бастапты. Әкем сол Бұрханда ашылған мектепке барып оқымақ болғанында бай-құлақтың баласы деп жолатпай қойыпты. Содан ретін тауып Жаркентке барып мұғалімдік курста оқыпты.

1925 жылдары алғашқы кіші кәмпеске жүргенде біздің үйді бай адамдардың қатарына санап, қолдарындағы малдарын тартып алып өздерін басқа отбасылармен қосып Үсектің күнбатыс жағына – Суанның Тоқарыстан руының  арасына жер аударып өткізіп тастайды. Қанша дегенмен де бір туған бауырлары емес пе, қиыншылыққа ұшырап араларына көшіп келген бұларға Мырзагелді руының ақсақалдары жиылып, ақылдасып жекжат деп көмек жасап, алдарына 20 құлынды бие, 300-дей ұсақ мал – қой-ешкі жиып берген екен. Ол жақта тыныштықпен 3 жыл тұрады. Кейін тұрмысы жақсарып, малы көбейіп, жылқысы 70-ке, қойы мыңға жуық болғанда бізді енді өкімет мазалай қоймас дегендей Үсек өзенінен бері шығысқа қарай өтіп, Бұрқандағы көне қоныстарына – ағайын-туғандарының ортасына қайта көшіп келеді. Қолдарындағы малын ағайындарымен бөлісе отырып шаруасын жүргізеді. Сонда төңірегінде отырған Құдайберді руының адамдарының бірі бұлардың малының барлығын айтып, ел-жұртпен шақырысып, бөлісе дәм татысып жүрген қонақжайлылығын байқап, әжемізге былай депті. «Бақты сіздің маңдайыңызға берген екен, біздің таңдайымызға тиіп қалды» деп дәм-тұзын татып жүргенін меңзепті. Бұрқанда бұрын орыстар көп болған. Солардың арасындағы бір орыстың қаздырған «Кадушкиннің тоғаны» деп аталатын тоған болыпты. Өкімет қайта-қайта салық жинап, ел іші наразы болып  тынышсыздана бастағаннан кейін әлгі орыс оны тастап кетіп қалыпты. Тастаған тоғанды атамыз ел-жұрттың басын қосып жинап, жөндетіп біраз жыл егін салдыртыпты. Адам болғасын тіршілігін тоқтата ма, алғашқы жылдары ерте қимылдап егін салғанымен өндіртіп жақсы өнім бере қоймапты. Ауылдағы ағайынға жетпегеннен соң Алмалының жері егін егуге қолайлы жер, астық жақсы шығады екен деп естіп, осы жақтан түйемен бидай тасып елге жеткізетінбіз дейтін әкем. Сондай кездердің бірінде бауыры Мұхтардың жағына қара сүйел деген жара шықты. Әйтеуір емдеп-домдап жазып алдық дейтін.

Бұрқан ауылында тұрған кездерінде өкімет салықты шамадан тыс – елдің төлеуге шамасы келмейтіндей межеге көбейтіпті. Белсенділер келіп бес жылдық салықты бірақ төлейсіңдер деп, үй басына жүн бересің, бидай құясын деп бар ауырпалықты үйген. Астық салығын орындай алмаған соң әкем Мұқаш Қорғаста істеп жүрген бауыры Мәдиге барады. Мұғалімдік курсты тәмамдаған сауатты болған соң Қорғастағы бастық қасына алып, «Сен сауатың бар жігіт екенсің, біраз құжаттарды толтырып бер» деп жұмыс тапсырып қояды. Жағдайын байқаған әкем біраз қағаз жазу жұмысын істеп жүріп 2 тонна бидай өткізді деп екі қағазға екі мөр басып алыпты, бірақ қорыққанынан өзі Қытайға қашып кетеді.

Үркімбай екі әйел алған кісі екен. Олардан төрт ұл, тағы басқа қыздар тарапты. Омар, Әубәкір, Шәкіржан, Оспан – бәрі бірге туған, ара жігі ажырамай жүретін бауырлар болатын. Бірақ әрқайсысы шаруа малының жайына қарай тау бөктеріндегі сай-саланы жайлап, қыстап жүретін. Байлар деп ауқаттыларға қырғыйдай тиген қатал заман туып келе жатыпты. Сондай кездің бірі болу керек, қыстың күні салықты күштеп жинаушы отряд шығып Шежін өзенінің қатарындағы Нарынның сайында түтін салығын уақытылы төлемедің деп бауырлары Омарды атып кетеді. Отряд кеткеннен кейін бұл сұмдықты естіп барған туыстарымыз қалың қар, жер тоң болғасын әрі құрал-сайман да тапшы, бауырларын жерлей алмай, сүйегін қыстай сақтап, көктемде бірақ жерлепті. Ал енді Оспан ағамыз Жыңғылдыда (Жаркент қаласының солтүстігіндегі, қазіргі полктің полигоны) қой бағып жүріп гранат тауып алған екен, байқаусызда граната жарылып, Оспанның бір аяғын жұлып кетіп кем болып қалыпты.

Елге шыққан салық жинаушылар «Елтай Ерназар Қазақстан бес жылдық салықты бір-ақ жылда жинаймыз деді, сондықтан да  өкімет берген тапсырманы орындауымыз керек» деп қимылдапты. Көнбеген ел қалмапты. Бәрі жанын сақтау үшін малдай, астықтай барын беріп, өздері жоқшылықтан тұралай бастапты. Біздің отбасымыз 1928 жылғы үлкен кәмпескелеуге қайта ұрынады. Бай-құлақ деп ауқатты адамдарды кәмпескелеу басталғанда ел тағы үркіншілікке ұшыраған. Атамыздың мыңға тарта қойы, жүздей жылқысы болған. Енді бұл жақта қалса өкіметтің тігерге тұяқ қалдырмай, малды түгел жинап алып, бала-шағасын тоздырып жіберетінін білген Үркімбай атамыз әулетін алып Қытай жеріне біржолата өтіп кетіпті.

Туыстарымыз, Айман, Жұмақан деген әпкелеріміз шекарадан өтерде шекарашылардың қолына ілігеді. Олармен бірге келе жатқан Қолаш ағамыз бірнәрсе етіп сытылып шығып арғы бетке өтеді. Айман әпкемізді Әлен ағамыз алып өтпек болғанда ол да көзге түсіп қалып, Қорғаста істеп жүрген Мәди деген бауырының қолына тастап кетіпті. Мәдидің (Меңлібаев Мәди 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, Әскери трибуналдың үкімімен 10 ж.бас бостандығынан айырылған) қолында жүрген Айман Қорғас отрядында істеп жүрген Құсайын деген жігітке тұрмысқа шығыпты. Сол жігіт Айманмен отасып 10 жыл бірге тұрған екен, соғыс басталғанда майданға алынып, содан хабарсыз кетіпті. Одан екі ұл бала қалыпты, олар орысша оқыпты, ішкертінде тұрады екен деп естідік. Кейін іздестіріп таппадық. «Көп туыстарды тоздырып жіберді ғой» дейтін әкем.

Үркімбай атамыздың әулеті Қытай жеріне өтіп барғанда ешкімнен көмек көрмеген. Шекара күзеткен шеріктер шекарадан ары-бері өткен кезде ұстаса киім-кешек қана алып, жібере салатын дейді. Қытайға өтіп барған жерлерінде негізінен Қызайлар, Албандар, Суандар, Жалайырлар аралас тұрыпты. Алғашқы кезде қытайға барған Мұқа болыс болыпты. Ежелден сол аймақты мекендейтіндердің жағдайы жақсы көрінеді. Осы жақтан малсыз өтіп барғандар соларға жалданып, малын қараған. Қызайлар бұрыннан сол жерді жайлап жүрген жерлік болған соң көбейіп, бір болыс ел болыпты.

Қызылдардан қуғын көріп, ығысып өтіп барған Суанның Сатайынан шыққан Мұқа 20-шы жылдары сол жердегі қызай, албан, суан, жалайырларға болыс болыпты. Бұрын барған, кейінгі өткен Суандарға зәңгі етіп Шоқпарды (Сатай руынан) бекітпек болыпты. Мұқаның жанында жүретін молақтан шыққан қу тілді Рахманбек: «Әй, Мұқа бізге Шоқпардың керегі жоқ, бізге шыбық болса да болады», – деп өз туысыңнан басқаны қой дегенді білдіріпті. Тұспал сөзді тез аңғарған Мұқа болыс түсініпті де зәңгі етіп Бөлек руынан шыққан Қосжанды сайлаған. Мұқаны кейін Жаркент түрмесіне әкетіп, атып тастады деп айтып отыратын.

Қызайдан шыққан Дарубай ақалақшы туған жерлерін тастап ар жаққа азып-тозып өтіп барған Суандарға көп көмек беріпті. Жан-жағындағы ауқатты адамдарға сауын айтып, мал жинап, жағдайы нашар, тұрмысы төмен адамдарға қарайласыпты. Әйтсе де біраз үйіміз талай қиындыққа тап болыпты. 1930-1935 жылдары Боратала жаққа жалданып, мал бағып кеткен Мұқажы ағамыз қайтыс болып, ағайындарымыз қақаған аязда оған жете алмапты. Ол жақтағылар қыста мәйітін үш ай бойы қой қораның шетіне сақтап отырыпты. Туыстарымыз көктемде қар кеткенде барып сүйегін атқа өңгеріп алып келіп, жер қойнына тапсырыпты.

Әкелеріміз мұндай қиыншылықтарды бастан көп өткердік деп айтып отыратын. Сол жылдары ыңыршағы шыққан елдің арасында сүзек жүріп, халық қатты қырылыпты. Кейбір үйлердің адамдары түгелдей опат болып, түтіні шықпай қалыпты. Дәрі-дәрмек жоқ, тек елдің ішіндегі тәуіптер, емшілер қолдарындағы барымен, шөп дәрімен емдегендері аман қалыпты. Ел арасы емес пе, арғы бетке ауып барған ағайын ашаршылыққа қатты ұрына қоймапты.

Шекара түбіндегі Шатырқолтыққа, Жарқора төңірегіне мейнам астық –  арпа, бидай жақсы өнім беретіндіктен соны айдап себеді екен. Әр туысы жан-жаққа кетіп, жұмыс істеп, бала-шаға бағу қамына кіріскен. Бір ағамыздың үйіндегі үлкен жеңгеміз салық алмаймын деген соң бай қашқарлыққа малай болып жалданыпты. Күндіз-түні тынбай 40-тан астам адамға тамақ жасап беріп, шыжыған ыстықта күйіп тұрған тандырға нан жауып, миы кеуіп кеткен. Содан оңалмапты. Кейіннен жағдайлары жақсарып, тұрмыстары түзелетін жағдайға жетіпті. Қытай өкіметінің тәртібі  жаңадан ене бастапты.

Арасында мынаны да айта кетейін. Мұхтар деген ағамыз қыздай жеті қатын алған екен. Әйелдері жүкті болып қыз туады екен де, туыттан қайтыс болып кете беріпті. Әйелінің артында қыздары қалыпты. Алған жетінші әйелі қайтыс болған соң күйінген Мұхтар інісі Сайлаубекке: «Алған қатындарым бәрібір өліп қалады екен, енді үйленбеймін» депті. Бұл сөзі ел арасына тарап кетіпті. Мұның сөзін естіген Қыстаубай деген кісі Мұқаш пен Сайлаубекке айтыпты. «Менің інімнің қызы бар, Мұхтар соны алсын. Бір өлтірсе Мұхтарды сол өлтіреді» депті. Мен сол кездері жеті-сегіз жаста едім. Бұрынғылардың ырымдарының бірі – әйелі тоқтамайтын, қайтыс бола беретін еркекке «аластау» ырымын жасайды екен. Шарбақты деген жерде отыратынбыз. Үлкен кемпірлер жиналып далаға отты өртеп жағып қойды. Башайы, Мәдиан деген кемпірлер Мұхтарды үйден шығарып, екі қолынан екі жаққа ұстап, отқа салып қыздырып қойған қып-қызыл қысқашты шыжылдатып аяғының  астынан арлы-бері өткізіп ұшықтады. Мұндай ырымдарын үш рет жасады. Қыстаубайдың сөзін естігеннен соң екі інісі барып, қызға құда түсіп алып келіп, некесін қиып, тойын жасап қосыпты. Мұхтар өзі бармапты. Той болған соң Рахманбек атамыз: «Құдай маған екі бала берді, енді маған баланың керегі жоқ. Сол екеуін саған бердім. Атын өзім қойып кетейін, біреуі Сырттан, біреуі Қасқыр болсын. Одан кейін әйелің я туады, я тумайды оны құдай біледі. Менің берерім осы» деп бата жасапты.

Ар жақта жүрсе де ондағы Суандар жаңалықты ары өткен, бері өткен адамдардан естіп, хат-хабар алысып тұрыпты. Бір күндері шекарадағы Қазақстанның консулы айтқан «Кезінде Қазақстанда келеңсіз жағдайлар көп болып кеткен. Енді бәрі жақсарды, елге қайтсаңыздар болады» деген хабары тарап, ел сәбеттік паспортқа жазылып ала бастады. Бағашар деген жездеміз  «Балаларды тастап кетпеңдер, қытай болып кетеді» деп айтып жіберіпті. Туыстардың ешқайсысын қалдырмай, біздер де жиылып паспорт алып, туған елге 1957 жылы өтіп, осы Алмалыға орнығып қалдық. Әрлі-берлі еріксіз қоныс аударып жүріп аталарымыз, әке-шешелеріміз көп қиыншылықты бастан өткеріпті. Қанша ағайын-туыстар қиындық көрді, көбінің сүйегі әр жерде шашылып қалды. Енді құдайым елге тыныштық беріп, жұртыма жақсылық берсін», – деп аяқтады әңгімесін қария ауыр күрсініп.

 

Молот СОЛТАНАЕВ,

ақын, ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Панфилов ауданының Құрметті азаматы.

Жарияланды. – Жаркент: «Жаркент айнасы» газеті.№16-17. 2022. 5 б.

0 0 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 28
Қытайдың мылтығынан сескенбеген Оспанқұл мен Жапар
Халық жады

Қытайдың мылтығынан сескенбеген Оспанқұл мен Жапар

June 2, 2026
Тар кезеңде таланған тағдырлар
Халық жады

Тар кезеңде таланған тағдырлар

June 1, 2026
Ұлт жадын жаңғыртудың жаңа кезеңі
Халық жады

Ұлт жадын жаңғыртудың жаңа кезеңі

June 1, 2026
Түрмеден келген тосынсый немесе райыс молданың ақырғы аманаты
Халық жады

Түрмеден келген тосынсый немесе райыс молданың ақырғы аманаты

May 26, 2026
Білімге салынған алғашқы инвестиция
Халық жады

Білімге салынған алғашқы инвестиция

May 18, 2026
Имандылықтан таймаған
Халық жады

Имандылықтан таймаған

May 13, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Төккен тердің қадірі

Төккен тердің қадірі

June 11, 2026

Зобалаң жылдардың зорлығы

Зобалаң жылдардың зорлығы

June 10, 2026

1932 жылғы Қытайға ауа көшкендердің тізімі: архив құжаты нені аңғартады?

1932 жылғы Қытайға ауа көшкендердің тізімі: архив құжаты нені аңғартады?

June 10, 2026

Ауылын көріп, азаматын танисың

Ауылын көріп, азаматын танисың

June 3, 2026

Ұстаз ананың хаты

Ұстаз ананың хаты

June 3, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz