Қазақ елінің тәуелсіздігі Алланың осы қайсар халыққа берген сыйы. Иә, ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалып, ел мен жердің берекесі бұзылмай, егемендігіміздің еңсесі биіктесе, елдің бағына туған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сынды ұлы тұлғаның тарыдай шашылған қандастарымыздың басын қосып, береке-бірліктің ұйытқысы болғанын дүйім жұрт ыстық ықыласпен еске алатынын айтқан жөн. Әсіресе, ел рухын көтерген біртуар азаматқа тарихтың да, қазақтың да алғысы шексіз екендігін атажұртқа оралған Андас Омарақынның отбасымен кездескенде тағы бір көз жеткізіп, шет жерде жүріп, көңіл шерін жүрегіне түйген ханның пейіл-ниетін аңғардық.
Отан деген ыстық сезім. Ол жүрегімді шарпығанда ширығып, туған жерден жырақта жүргенім есіме орала береді. Құжаттарымды жинастырып, Қазақстан қайдасын деп шекара аттадым. Әрине, келуін келсем де қайда барарымды білмедім. Автобекетте жолықтырған жанның мейірбандылығымен жұмысқа орналастым. Әкем Андас батасын бергенде: «Балам, ата-бабаңның кіндік қаны тамған жерге табан тірегелі тұрсың. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген. Еңбек етсең, ертең-ақ өрісің кеңейеді. Жолың болсын», – деп ақ батасын бергені бүгінгідей.
Жетісу жеріне ат басын бұрып, Талдықорған қаласында қарқын алған құрылысқа білек түріп, араласып кеттім деген Қажет мырзаның бар қиындықтың артта қалғанына қуанышты екенін аңғардық. Қазір қаланың шығысындағы Еркін ауылында отбасын құрып, еңбек етуде.
Жас жігіттің табалдырығын аттағанда кеше ғана Қытайдан әкесі Андас пен анасы Әуесхан келіпті. Олар балаларының арасында ағайын-туғанының жаңалығын ортаға салып, мәз-мейрам екен. Андас ағамыз Қытайдағы Күнес аудандық саяси кеңесінің тарихи материалдар комитетінде еңбек етіп, 14 кітап жазып, қазақ халқының тарихына байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізгенін естіп білдік. Кітаптарының дені жеке шығармашылығына арналса, қалғаны Қытайдағы қандастарымыздың қуғын-сүргіннің зардабы мен бүгінгі өміріне арналған зерттеу еңбектері көрінеді. Сөредегі қаз-қатар қойылған осы дүниелер тынымсыз еңбектің нәтижесі екендігі даусыз. Әрине, көпшілігі Қытай тілінде. Жазушының «Күнес тарихы» атты тарихи-зерттеу еңбегі ағылшын тіліне аударылыпты. Осылайша ол Қытай Халық Республикасы Жазушылар одағының, «Таңжарық» ғылыми зерттеу қоғамы мен ауыз әдебиеті қоғамының мүшесі ретінде жақсы бастамаларға жанашыр болған.
Қандай қиындық кездессе де Андас аға мен Әуесхан жеңгей 7 баласын Қытайдағы таңдаулы жоғары оқу орнына оқытып, білім алуына, халқымыздың тілі мен дінін сақтауына көңіл бөліпті. Қытайда жоғары оқу орны ақылы екеніне қарамастан, балаларды бірнеше мамандықты меңгертіпті.
– Тәуелсіз елдің бойтұмары Астананы барып, арнайы көріп келдім. Көркіне көз қызығатын Қазақстанның алтын шаңырағы күн өткен сайын әсемдігімен көрген жанның мейірін қандырады. Осының өзі-ақ, Мемлекет басшысының ерен еңбегін, халқы мен туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігін танытады. Жат жерде жүрсек те қазақтың туы биікте болса екен деген ыстық тілек ойымыздан кеткен емес, деген Қажет әке сөзін толықтырып, әңгімеге араласты.
Елжандылық қасиет деп көп айтамыз. Осының дәлелі 30-дан жаңа ғана асқан Қажеттің бүгінгі іс-әрекетінен, күнделікті еңбегінен де аңғарылады. Төрде Елбасының үлкен портреті ілінген. Біртуар тұлғаны отбасымен ерекше құрметтейтінім, бүгінгі саясатты қолдап, оған азырақ болса да үлестерін қосуға ұмтылғаны. Атажұртқа келісімен қандастарымыз көбінесе «квота» аламыз деп әр есікті ашып, шапқылайтыны белгілі. Ал жас отбасы оған да мән бермей, өз қаржыларымен баспана алып, ұрпақ өсіріп жатқан жайы бар.
– Биылғы Жолдауда «Дағдарыс өтеді кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады» деген ғой Елбасы. Еркіндік құшағында жүргенімізге көңіліміз тоқ дейді олар. Өйткені, осы бақытты күндердің жалғасы халқымыздың берекесі мен бірлігінде, ынтымағы мен ырысында екенін түсінген отбасы мүшелерінің жүрегінде Отанға деген ыстық сезім берік орныққан.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.












[…] Қазақ Qazaq توتە جازۋ Русский English […]