Ақын, жазушы, зерттеуші, фольклорист Андас Омарақынұлы Жансарбаев 1946 жылы қыркүйек айында Күнес ауданы, Кеңсу ауылының шұрайлы да қонысты Кеңсу бұлағының бойындағы Көктөбе қыстағында күннің шүлен шуағына шомылып, ауқатты отбасында туды. Әкесі ақсарбас айтып сойып, азан шақырып, Андас деп ат қойып, екі-үш күн шілдехана күзетіп, мәре-сәре болған екен. Ол оқу жасына жеткенде әкесі Омарақын оны Қазақстаннан 1938 жылдары келген Егеубек атты оқымысты мұғалімнің тәрбиесіне беріп, болашағына сәттілік тілейді. Көреген ұстазының жақсы тәрбиесінде бастауыш сыныптарды үздік деген бағамен бітіріп, ұстазының жақсы алқауына бөленеді.
Егеубек мұғалім шәкіртінің талантын байқап, көз аясының кеңеюіне көптеп көмектесіп, оған сол тұста Қазақстаннан шыққан ертегі, өлең, дастан кітаптарын оқытып, үнемі жол көрсетумен болады. Оның үстіне әкесі Омарақын Таңжарық пен Қойдымның, Біржан мен Сараның айтысы сияқты қазақтың бай мұраларын іздеп тауып, әкеліп, оқытып, жаттатады. Осындай мол мұрамен сусындаған жас талант ендігі кезекте Кеңсудың сұлу табиғатынан сыр іздеп, Сарыкезеңнің саумал самалымен желпініп, жыр сапарына қанат қаға бастайды. Толықсыз орта мектептегі кезінде сол маңда өткен өлең-тойлардан қалмай, жарқылдап, жанып, ел көзіне түсе бастайды. Елдер оған «Омарақынның тақылдақ сар баласы» деп атайды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ата-ана тәрбиесінің арқасында ашық-жарқын, ақкөңіл, мейірімді, кеңпейіл болып өседі.
1961 жылы Күнес ауданы, Аралтөбе ауылында өткен ақындар айтысында
Өркенді ортаның тәрбиесінде өсіп, есейген Андас Омарақынұлы 1960-1966 жылдары толық ортаны тамамдап, сол тұстағы Күнес ақындық мектебінің белді өкілдері Дәулетқан Қораласұлы, Әбілқайыр Асқарбекұлы, Айт Қапсалаңұлы, Тілеуқабыл Әбілғазыұлы, түргендегі Дәулетхан Шылбыұлы, Жұмаш, Нараттағы Дәулеткелдімен етене байланыста болып,олардың ақындық өнеріне үңіліп, өзінде жоғын толықтап, барып асырады. Оларды ұстаз тұтып, айтыс өнеріне талпынады. Осындай талпыныстың арқасында көп өтпей-ақ, ауылдағы той-томалақта, аудан, аймақ, облыстағы ақындар айтысына қатысып, суырыпсалма өнері, тапқыр талантымен елдің көзіне түседі. Оның айтыс сахнасындағы қағілездігі, қиуадан қиыстыратын тапқырлығы, шешен сөздері елдің жүрегіне жағып, көңілінен орын алады. Ол айтыс сахнасына көтерілгенде сәттілік тілеп айтылған алғыстармен, «Уа, бәрекелді» деп алқаған жылы лебіздер үзілмеуші еді. Ол осы талантымен ауданнан таңдалып, 1974 жылы Құлжа қаласында өткен Іле қазақ автономиялы облысының құрылғанының 20 жылдық мерейтойында Іле ақыны Науатқанмен, Текес ақыны Әбдүшкүр Тұрдыбекұлымен айтысып, осы жолғы айтысты Әбдүшкүр Тұрдыбекұлы былай деп бастапты:
–Бұл тойға ән-жыр алып келдім алғаш,
Ақынның патшасы бір, көңілі жалғас.
Атақты бір ауданның ақынысың,
Қырандай қиял құшқан ақын Андас.
Жырлайық еліміздің жер байлығын,
Бір жылы бір ғасырмен болған барлас.
Өлеңнің шумағын төк, ойыңды аға,
Ал енді айтысалық кел замандас, дегенде,
Андас сөз кезегін алып, былай деп жауап қайтарады:
–Ақын емес мендағы таланттымын,
Сүйтседағы келмейді қарап тұрғым.
Өлең ойдан өріліп шыға берсе,
Еңбектенсе туады талант бүгін.
Жаңа өмірден шығайық бағыт алып,
Тың туынды таралып жатыр анық.
Елімізді әсерлі жырға қосып,
Біразырақ жақсы өлең ағыталық.
Өлең, шіркін адамды желпіндірер,
Жаңа өмірде шалқыған серпінді көр.
Сен де ақынсың бір аудан таңдап келген,
Тың табысын Текестің желпіп жібер.
Азаттықтан нұр алған талықпайтын,
Жаңа өмірде жастармыз еркін күлер, – деп Іле қазақ автономиялы облысы құрылғандығының 20 жылдық мерейтойының шымылдығын ашып, көпшіліктің алғысына бөленіп, ақеділ жас ақын осы реткі айтыстың бірінші дәрежелі дипломын жеңіп алады. Осылай тұңғыш рет облыс жұртшылығына танылып, осыдан кейінгі аудан, аймақ, облыс деңгейіндегі айтыстарға үнемі шақырылып отырады. Міне, осылай басталған өмір жолы оның қазақтың халық ақыны деген мәртебелі деңгейге дейін көтерді.
1976 жылы Нылқы ауданының Мөңкіті жайлауындағы ақындар айтысында. Төменгі қатар оңнан екінші адам.
«Шын жүйрік өршеленсе, өрге жүзер» дегендей, айтыс ақыны Андас Омарақынұлы 1976 жылы Іле аймағының Нылқы ауданындағы Мөңкіті жайлауында өткен ақындар айтысына қатысып, Нылқы ауданының ақыны Дәулетбек Қаңбақовпен айтысқа түсті.
Айтыс кезегін алған Дәулетбек Қаңбақов былай деп сөз бастады:
–Қабағым ой ойласам түйіледі,
Сан қыран құз-қиядан шүйіледі.
Аспанның ақша бұлтын зауаттасақ,
Ұршықпен қарындасым иіреді.
Ғылыммен егін егіп, кең далаға,
Өркениетке бет алған үйір еді.
Заманаға сай туған елді көріп,
Табиғат ибасымен иіледі.
Қарт өзен, тарпаң тауым басын иген,
Сом білек ерлеріме сүйінеді, – дегенде, жұлып алған Андас ақын:
–Отырмын болашақты анық біліп,
Тылсымды игереміз қанық қылып.
Ұғынып заңдылықты, келешекті,
Жасаймыз қолымыздан азық-түлік.
Сол кезде халық шалқып, саламыз ән,
Жын-шайтан жоғалады арамыздан.
Үстімде киіп жүрген асылдарды,
Киеміз оңай тоқып аламыз да.
Ерлікпен шалқытамыз елімізді,
Ойпаңға орнатамыз қырымызды.
Бейімдеп табиғатқа тілімізді,
Жасаймыз қолымызбен күнімізді.
Уа, елім, шынында да күтімді едің,
Ғылымнан мол өнімді түсінгем мен.
Бұлтпен қоса қажетке жаратамыз,
Зауыттан шыққан іс пен түтінменен, – деп айтыс сахнасында әріптесіне оңай шағыла салар жаңғақ емес екенін көрсетеді.
Осы реткі аймақтық ақындар айтысында тағы да бірінші дәрежелі жүлдені еншілеп, Күнес ауданының мәртебесін тағы да асқақтатады. Сол жылғы өлкелік «Шұғыла» журналының 10 санында Андас Омарақынұлы мен Дәулетбек Қаңбақовтың айтысы басылып, ақынға зор шабыт береді.


1977 жылы Болбадайдағы ақындар айтысында. Төменгі қатар оңнан екінші адам.
Ақынның шабыты шарықтап, ой өрісі кеңіп, қазақ халқының ақындар айтысы сынды төл өнеріне мұрагерлік етіп, келелі, дүбірлі ақындар айтысына шақырту алып, аламан бәйгенің басын бермейді. Соның бірі 1977 жылы Алтай аймағы, Қаба ауданының Болбадай жайлауында өткен Іле қазақ автономиялы облысының 2 реткі ақындар айтысында Тарбағатай ақыны Бердіқанмен, Жұмағали Құйқабаевпен, нылқы ақыны Жұмабекпен, Құлжа ауданының ақыны Әлқыдырмен айтысып, тағы да бірінші дәрежелі сыйлықты жеңіп алады. Осы ақындармен айтысқан айтысы Шыңьжаң халық баспасы жағынан шыққан «Дала дабылы» атты жыр жинағының бірінші томына енеді. Ақын бұдан басқа көптеген айтысқа қатысып, шеберлігін дәлелдейді. Айталық, Күләнмен айтысы, Айшамен айтысы, Мәзімханмен айтысы, Қасейінмен айтысы, Әсембекпен айтысы, Мәкешпен айтысы, Нұрсарамен айтысы, Наутқанмен айтысы, Айнашпен айтысы сияқты бір топ айтысы бар.
Бұл айтыстарды зайыбы Әуезхан Мажайқызы жинақтап, баспаға ұсынылу алдында тұр.

Әнші, күйші, қисашы, шежірешілер мен шәкірттерін бастап айтыс алаңына кетіп бара жатқан сәті.
Кейінгі жылдары қоғамдық салаға қарай бейімделіп, қызметі қарбалас болса да жас ақындарды баулып, тәрбиелеуді ешқашан есінен шығарған жоқ. Бүгінде ол тәрбиелеген жас айтыс ақындары қазақ өнерінің даңқын аспандатып, талай жыр додаларының төрінен көрініп жүр. Айталық, Науатқан Шантубайқызы, Жақыпнұр Оқасұлы, Жарқыннұр сияқты шәкірттері ел құрметіне бөленіп жүрген айтыс өнерінің саңлақтары. Олар ұстазынан алған үлгісімен халқымыздың төл өнерін төрге шығару үшін әлі талай еселі еңбек етеріне сенімдіміз. Ақын бұдан өзге тарих саласына қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Осындай қажыр-қайратпен келген мәртебе қашанда пәс болмасы анық. Қайта Андас Омарақынның келешегін жарқыратып, болашақ ұрпақтың алдындағы беделін асқақтата түседі.
Әнуәрбек ЖӘУКЕЕВ,
қоғам қайраткері, фольклорист, зерттеуші











