Шоқанның Басқан, Тасбекет (қазіргі Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кенті) елді мекендерінде болып, естелік жазғанын, топырағын зерттегенін ел біле бермейді. Ол мұнда қалай келген деген заңды сұрақ туады.1857 жылы ақ патша қазақтардың жеріне өзінің Черняев деген полк басшысын әскерімен аттандырғаны тарихтан белгілі. Ғылыми экспедиция деп аталғанымен бұл топ қазақтарға патша зеңбірегінің кереметін көрсетуді, қарсылық көрсеткендерді ықтырып алуды көздеген. Сауран қаласын бетке ұстаған оларға жолдан Шоқан қосылды. Ол полктың ойын түсінгеннен кейін, кейістік білдіріп, бейбіт елге оқ атуға қарсы шығады. Черняев та орысша сауатты, халқына қадірлі Шоқаннан бойын аулақ ұстайды. Жүре келе аспан мен жердің арасын шаң мен қанға толтырған жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берген халықтың ашу-ызасынан жасқана бастайды.
Қолбасшысы Шоқанмен ақылдасуға мәжбүр болады. Қашқария сапарынан аман-есен оралған ерлігін де естіген. Шоқан ғана полкты Верныйға сау жеткізетінін түсінген. Әйтпесе, әскері апатқа ұшырауы әбден мүмкін екендігін сезеді. Қол Кереку, Семей арқылы жүріп, Аягөзге тоқтайды. Верныйға жеткенше жол бастайтын адам жалдайды. Ол Балқаш арқылы жүруге қарсылық білдіреді. Өйткені, жол құмдауыт, зеңбірек сүйреген арбалар батып кетеді. Жалғыз амал – Алакөлді жағалап, мыңдаған жылқы айдаған атақты Маман ауылымен жүруді ұсынады. Себебі, Жоңғар тауынан асатын жол қиын, жалғыз асу «Қисық ауыздың» қасында сол ауыл отыратын. Шоқан да Ақсу арқылы аттануды қолдайды.
Алғашында ақ патшаның сеніміне ие болғанына қуанған Черняев енді өкінеді. Жауынгер қазақ арасынан аман өту үшін енді Шоқанмен санаспауға дәрмені қалмайды. Оның үстіне Ақсу аймағында патшаның Абакумов деген әскербасы барын білетін. Соны сағалап өтуді көздейді.
Осылайша жерімізден дәм татқан Шоқан артында мынандай естелік қалдырыпты: «Түнде басқан өзені арқылы өтіп, тауға жақын Ақсуға келдік. Ақсуда да Лепсі сияқты көпір салыныпты. Өзеннің ағыны қатты, жағалауы жайдақ. Кең де жазық дала Лепсіге дейін созылыпты. «Қисық ауыз» Алатауға иек артады. Алатаудың көгілдір сілемдері бұлттармен ұштасып жатыр. Кейбір жерлері бұлттан асып шыққан күнмен шағылысып тұр, таңғажайып сурет. «Қисық ауыз» Алатаумен салыстырғанда жүзжылдық еменнің түбіндегі шөпке ұқсас. Сүрлеуде жылқы үйірі көрінеді, алыста қырғыз ауылы қараңдайды. Бізді көріп, адамдар тезірек кетуге ыңғайланды. Біз сұлтан көшін білмек болып, бақташыны тоқтатып едік, ауыл жақтан әйелдердің айқайы шықты. Ауылда шу көбейіп, бір үйден екіншісіне жүгірген әйелдер көрінеді, біреуді дауыстап шақырады, мүмкін биді болар…
Біз ауылдан алыстай бере шу саябырлады. Тек алыстан күңкілдеген әйел даусы ғана қойын орыстардан аман алып қалғанына аллаға рахмет жаудыруда. Қапалда ешкім жоқ екен. Абакумов жаңа жолды жарғызу үшін «Қисық ауызға» кетіпті, сондай көңілсіз болды. Екі күннен кейін күткен мырзамыз да келді. Өзінің жаңалығына өте қуанышты көрінеді: біріншісі – аз оқ-дәрі жұмсап, шатқалды құлатқанына, екіншісі – құйма қыш құйғанға жақсы шикізат тапқанына. Мен оның тапқан дүниесін зерттеп көрдім, өте жақсы болды, бағалы топырақ екен. Мүмкін өте пайдалы болуы».
Соңына Ш. Уәлиханов деп қол қойған.
Шоқандар мұнда бірталай аялдағанын айғақтайтын тағы бір қолжазба табылды. Онда былай деп жазады: «К. И. Гутковскиийге. Мен Керейдікінде тұрып жатқаныма сегіз күн шамасы болып қалды, ауылдың бәрі жайлауға кеткен, Ақсудың бойында шошайып, жалғыз үй Керей кедейдің үйі тұр. Керей Тасбекетте болып, Семейден Верныйға бара жатқан татарға жолығып, 23 күн ешқандай керуен жолға шықпағанын біліп келді… Тасбекетте 14 үй бар екен. Ел отырықшылыққа үйрене бастаған сияқты. Енді бір медресе ашылса». Ш. Уәлиханов 4 маусым 1858 жыл. Ақсу ауылы.
Ағартушының бұл тілегі ширек ғасырдан кейін жүзеге асты деуге болады. 1909 жылы Тасбекеттің түбіндегі Қарағаш деген жерде Маманның медресесі ашылды. Көз көрген қариялардың айтуына қарағанда және табылған құжаттарға жүгінсек, ол республикадағы тұңғыш мектептердің бірі көрінеді. Оны көп уақытқа дейін тек бай адамдардың балаларын оқыту үшін салынған деп те жүрді, бірақ әйгілі әнші, ақын композитор Әсет Найманбаевтың мына бір хатына көз жүгіртсек, медресенің кедей балалары үшін де ашылғанын түсінеміз. Осы тойға шақырылған құрметті жандардың бірі – Әсет науқастанып, келе алмай жолдаған хатында былай дейді: «Құрметті Байқожа әулеті. «Ел құлағы – елу» дегендей, менде Қарағаштағы істеліп жатқан игілікті істерге қанықпын. Оның үстіне қадірлі қонақ ретінде шақырғандарыңа мың да бір рахмет. Алты қырдың астында жатсам да Мамания медресесі тек қол жеткендердің оқуы болмай, кедей – кембағалдардың да білімге сусындайтын ордасы болмақ екенін естігенде қатты қуандым. Бұл жолы тойларыңызда болып, жүректегі қуаныш сезімдерді білдіре алмадым. Аздан бері науқас меңдеп, берекені кетіріп тұрғаны. Той тойға ұласып, медресенің берер жемісі таусылмасын. Осы салтанатқа арнап бірер шумақ өлеңімді жіберіп отырмын. «Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, көптей көріңдер.
Уа, жаным, құтты болсын медресең,
Бек жақсы жеміс ексең, теріп жесең.
Немерем тәрбие алып, тәлім алып,
Оқыса өтелгені менің есем.
Шіркін-ай, ашылса ғой баяғыда,
Берер ме еді Әсет жол аяғына.
Көрдім бе өкіндіріп отырғанын,
Кез келіп сүйенгенде таяғыма.
Дауысым естіле ме Шәуешектен,
Еңбегің өтеледі келешекпен.
Иллаһи, кейінгі ұрпақ теріп жесін,
Жемісін аталары егіп кеткен.
Үшбу сәлеммен, Найманбайұлы Әсет.
9-тамыз, 1909 жыл. Шәуешек қаласы».
Қарағаш медресесі ашылғанда білімді оқытушылар өздерінен толық табыла қоймай, Маман Тұрысбек тұқымы сырт жақтан мұғалімдер, дәрісшілер шақырған. Солардың бірі болып Майра Уәлиқызы да осында келгені туралы деректер табылды. Әнші Майраның туған жері – Кереку де, өскен ортасы Ертіс бойы екендігі жұртқа мәлім. Ол Қарағашта бір жыл еңбек етеді. Ұстаздық ете жүріп, Ақсу, Қапал, Баянжүрек, Арасан, Басқан, Тасбекет, Сағабүйен ауылдарында болып, әншілік өнерімен көпшілікті сүйсіндіреді.
Бір себептермен еліне қайтатын болып, кетерінде Ақсу жерін қимай «Қоштасу» әнін шығарады. Мұғалімдер Майраның Қарағаштан аттану құрметіне түнімен сауық кешін өткізіп ол осы әнін сырнайлатып айтып береді.
Қош боп тұр, туған жерден алыстағы ел,
Той жасап, думандатып танысқан ел.
Лепірген асау Ақсу өзеніндей,
Өнері дәулетімен жарасқан ел
Қарғаш ән шырқадым баурайында,
Сөзімді игілерге арнадым да,
Қалғандай өмірімнің бір қызығы.
Бүркітті, Баянжүрек тауларында.
Ақсуым болсын деймін елің аман,
Жаз жайлау, жұмар желді жерің аман.
Аялап еркелеткен серілерің,
Болған да ел бастаған ерің аман.
Жан емен келіп-кеткен әлдекімше,
Сақтармын жүрегімде өлгенімше.
Ұмытпа ақ Майраның әнін сен де,
Қош боп тұр, қайта айналып келгенімше, – деп жырлайды. Қабырғалы ел емес пе, ақсулықтар: «Майраның жаңағы әніне жауап беру керек» деп шешеді де, өздеріндегі талапты жандарды іздейді. Сөйтіп, сол кезде жылуы мол, жігерлі жырларымен көзге іліге бастаған Жансүгірдің Ілиясын алдырады. Ол әншімен аман саулықтан соң, төмендегі шумақтарды төгілдіреді:
Майра апай, сіз бе едіңіз өнері асқан?
Құмар ем өзіңізге бала жастан.
Сайраған үніңізді естігенде
Тіл қаттым жастығыма қарамастан.
Мен де бір талаптанған ініңізбін,
Жарқ еткен ұшқынымен жырыңыздың.
Қабыл ал, өлеңменен өзіңізге,
Тарту ғып жас жанымның гүлін үздім.
Сайрап ед Керекудің жыр құсы кеп,
Мәз болып қалған жоқ па құрбысы көп,
Сіз бізге жат емессіз, санаймын мен,
Сарадай апамыздың сіңлісі деп.
Өнердің қанат қағып өріне біз.
Шықтыңыз құрметпенен төріне Сіз.
Еліңе қайтып барам десеңіз де,
Ұзатқан қызымыздай көрінесіз.
Майра апай бізді де Сіз ұмытпаңыз
Көңілді бізге деген суытпаңыз.
Көгімде әніңізді қалықтатып,
Ақсуды тағы келіп қызықтаңыз.
Сол кезде Ілияс он бес жасар жеткіншек екен. Майра апасы оны баурына басып, ақ тілеу тілеген көрінеді. Керекуге қайтқан соң да өткен-кеткеннен жас жыршының амандығын сұрап тұрыпты. Өнердің өрен жүйрігі қателеспепті, кейіннен Ілияс төкпе жырдың дүлдүлі атанғанда: «Майра апамнан бата алғанмын» дейді екен.
Жоғарыдағы деректер көп жылдар бойы іздеусіз, сұраусыз архивтерде, көнекөз адамдардың сандығында сақталып келді. Ілиястың өзі де Қарағашта оқығаны, онда жүріп жазған өлеңдерінің бірқатары шығармалар жинағына енгізілгені белгілі. «Қазақ тілі» қоғамының аудандық бөлімшесі қазіргі күндері айтыс ақыны Қуат Терібаев, енді халқына танылған шағында марқұм болған ақын Құдаш Мұқашевтың шығармашылығына байланысты біршама еңбектер жинақтап, оларды аудандық «Өмір нұры» газетінде жариялатып келеді.
М. ҚАЗБАНБЕТОВ,
«Қазақ тілі» қоғамы Ақсу аудандық бөлімшесі төрағасының орынбасары.
Дереккөз: «Жерұйық» газеті, 7 маусым 1991 жыл. 3 бет.
Q-Andas ақпарат агенттігі.











