Қола, сақ, түркі кезеңдерінің зираттарында басында – антропоморфты ескерткіш ретінде қойылатын жазуы бар, граниттен қашалып жасалған тақталар – Жетісу Алатауының аласа және орта биік таулы бөліктер Суықтөбе, Шөлдіадыр, Матай тауларының етегінде жиі кездеседі. Оларда жазудан басқа садақ, семсер, қорамсақтың суреті бар. Көксу ауданындағы қола, сақ кезеңінен бастау алатын ежелгі табиғи ғибадатхана қызметін атқарған жартастағы суреттер үш деңгейлі тау аралық Орта Көксу, Молалы, Ақтекше ойыстарымен оларды қоршап жатқан Шаған (2552м), Лабасы (1562м), Ешкіөлмес (1054м), Қарашоқы (1398м), Шөлдіадыр (1126м) тауларында шоғырланған. Алакөл өңірінің Ынталы, Ақши, Бескөл, Үшарал, Қарабұлақ және Лепсі ауылдарындағы балбалтастарда бейнеленген адам мүсінінің аңшылықпен немесе белгілі бір кәсіппен айналысқаны қашалынып жасалған. Олар – балбал тастар, сандық тастар, қошқар тастар, муфлон аталатын мүйіздері шеңберіне оратылған жануарлар: ірі таутеке, тауешкілер. Сондай-ақ, ірі жануарлар ит пен аң аулау формасында тау етегіндегі жалпақ тастарға қашалып жасалады. Қарабұлақ және Ынталы тауларындағы петроглифтер IV-III және VIII-IX ғасырларда жасалған деген болжам бар.
Ескелді ауданы, Ешкіөлмес тау жотасындағы жартас беттері, шың басы мен шатқалдарда тас бетіндегі бейнелер сақталып, қола дәуірі мен орта ғасырдағы осы өңірді мекендеген тайпалар өмірінен сыр беріп тұр. Көне суреттер 24 шатқалдан табылып, олардың саны 10 мыңның үстінде екені анықталды. 1886 жылы маусымда Көксу стансысы мен Жалғызағаш ауылының Д.Кашкаров және М.Хмылев есімді казактары Жетісу әскери губернаторына: «Жалғызағаш ауылы маңындағы Теректі сайынан өтіп келе жатып, біз жазуы бар алпысқа жуық тас көрдік», – деп хабарлайды. Содан бастап-ақ, патша өкіметі Көксу өзені тілгілеген аңғарды зерттеуді бастап кетеді. Қазіргі Көксу ауданы Теректі ауылының шығыс жағындағы биік беткейдегі петроглифтер сол кезден-ақ археолог ғалымдардың назарына ілігеді. Алайда әртүрлі себеппен әлемдік мәдени мұра қорына кіргізілмей қала береді. Ешкіөлмес тауындағы таңбалардың басым бөлігін арқар, таутеке, бұғы секілді жануарлар құрайды. Арасында адам сұлбасы, діни рәсім өткізгендер, садақ атқан, шоқпар көтеріп, ту ұстағандар кездеседі. Одан бөлек, нұр бейнелі беймәлім жаратылыстар да бар. Қасқыр, ит, түлкі секілді жыртқыштар да табылады іздегенге.
Жалпы Ешкіөлмес петроглифтері ерте кезден-ақ зерттеліп келеді. Көксу аңғарының көне дәуірін ашу мен зерттеу XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ басталған. Мұнда Ешкіөлмес пен Шыбынды тауының шығыс жағын бойлай Жалғызағаш ауылы мен Көксу стансысы арқылы Іле өлкесін Семей өңірімен жалғастыратын бас пошта күрежолы өткен. Мұнда Қапал және Гаврилов стансысынан (қазіргі Талдықорған қаласы) шығып Іле өзеніне, одан Верныйға апаратын жол түскен. Бұл жолмен Шоқан Уәлиханов, Петр Семенов-Тянь-Шанский, Василий Радлов, Николай Северцов, Иван Мушкетов сынды көптеген зерттеуші жүріп өтіп, ғылыми жаңалықтар ашты. Кеңес одағы тұсында қазақстандық ғалымдар Ешкіөлмес петроглифтерінің сырын ашуға талпынды. Атап айтқанда, археологтар Е. Агеева, К. Қарабаспақова және А. Марьяшев бастаған зерттеу жұмыстарын А. Рогожинский, А. Горячев, Карл Байпақов жалғастырады. Сөйтіп, күллі әлем Ешкіөлмес петроглифтері жайлы дерекке қанығып, қазақ даласының асыл құндылығына тамсанды.
Қажет Андас, «Қазақ әдебиеті» газеті.
Қажет Андас,
«Q-Andas» ақпарат агенттігі.
Дереккөз: ӨТКЕНІ ЕРЕН, КЕЛЕШЕГІ КЕНЕН ЕРКІН/(Тарихи-танымдық кітап)
/Қ. Андас/ Талдықорған. «Офсет» баспаханасы, 2023. – 320 бет
ISBN 978-6017646-45-5











