Ойлап отырсаңыз заман ағымына сай әр халықтың өзіндік тарихи әлеуметтік даму ерекшеліктері мен өміріне, тұрмыс – тіршілігіне, дәстүрлеріне байланысты дүниетанымдық, рухани – материалдық құндылықтары қалыптасады емес пе. Мінекей, Қазақ жері де осындай бай тарихтың иесі екені баршаңызға аян. Сонымен, астымыздағы жол таңдамайтын жеңіл көлік (УАЗ) бар дауысымен ышқына гүрілдеп, солтүстік жақты нысанаға алып бар жылдамдықпен зымырап келеді. Біздің шұғыл түрде жолға шығуымызға себепші болған, тағатымызды тауысып қызығушылығымзды арттырған аудан аумағындағы тарихи рухани құндылықтардың бірі, көне ғасыр адамдарының тасқа түсіріп кеткен таңбалары, яғни петроглифтер туралы жан-жақты танып білуге деген құштарлық еді. Басты бағытымыз тамыры тереңге жайылған, тарихы талайды тамсандырған Жаркент өңірінің Жетісу Алатауы. Іссапарымыздың негізгі мақсаты әзірге бізге белгісіз аталмыш тау қойнауындағы жартаста жазылған «Беймәлім жазуды» көзбен көріп, суретке түсіріп қайту.
Жол бастаушымыз жасы жетпістен асса да жүрісі ширақ, көкірегі толған шежіре, көргендерін көңілге түйе білген – Атубаев Өмірзақ (Торғай) ағамыз. Қазыналы қартымыздың туған ел мен жердің, обалар мен тастағы сурет, жазулар сияқты тарихи ескерткіштер туралы айтқан әңгімелері жандүниеңді баурап, ертегідей елітеді. Осындай бір кезекті әңгіме барысында осы «Ырғайлы сайдағы көне жазулар…» туралы айтпасы бар ма?! Содан сол бір белгісіз «құпия жазу мен таңбаларды іздеп бару, өз көзіммен көріп қайту» туралы ой миыма маза бермеді. Әуелі күндегі күйбең тірлікпен жүріп біршама уақытта өтіп кетіпті, міне «Сабақты ине сәтімен» – дегендей бүгін осы бір істің ыңғайы келіп тұрған сияқты. Ал, тасқа бедерленген бейнелік белгілер ғылымда петроглиф немесе пиктография деп аталатынын мектеп оқулығынан білеміз. Аталмыш, тас немесе металл құралдармен жартастарға ойып салынған «сурет – петроглифтер» деп аталатын көне ескерткіштердің бұл түрі көркемдік құндылығы жағынан көпшілік зерттеушілер назарын ертеден – ақ өзіне аударғанды . Неге десеңіз, өткеннің көзіндей болып бізге жеткен сан алуан тарихи ескерткіштердің ішіндегі жартастағы өрнектер, бедерлер мен жазулар тарих ғылымында көрнекті орын алады. Жалпы Қазақ жеріндегі жартастағы бейнелер туралы деректерді XI ғ. әйгілі ғалым Әбу Райхан әл-Бирунидің жазбаларынан кездестіреміз, ол өз еңбегінде «…қимақтар еліндегі жергілікті халықтың табынатын нысандары қызметін атқаратын жұмбақ суреттер» туралы жазғаны бар. Жалпы еліміздің аумағы шеңберінде қарастырар болсақ, көптеген ежелгі заман петроглифтері жоғарғы Ертіс өзені мен Балқаш көлі бойынан, Жетісу мен Оңтүстік, Орталық Қазақстан және Маңғыстау жерлерінен көптеп табылды. Органикалық заттар мен күн сәулесінің күрделі әрекеттесуі нәтижесінде пайда болған «жартастардың қара жылтыр беттері» тастағы жазуларды іздестіруде таптырмас көмекші қызметін атқарады. Ертедегі бәдізшілер өз өрнектеріне қолайлы саналатын тастарды әрдайым күн көзі көбірек түсетін жартастардың оңтүстік және шығыс беткейлерін таңдаған, себебі; “тотықтың” қара фонында қашалған сурет, жазулар айқын көрініп, бірден көзге ұрып тұратын болған. Сондай тарихи жәдігерлерді әсіресе, Батыс Алтайдың, Іле өзені мен Жетісу Алатауларының және Қаратаудың көрікті шатқалдарының сілемдеріндегі жартастар мен қойтастар бетінде молынан кездестіруге болады… Қалың ой құшағында отырып Китіңнің суына қалай жеткенімізді де байқамай қалыппын – ау.Таудан соққан самал жел, көз талдырар зеңгір көк пен мөп – мөлдір тау өзені, айнала жайқалған жасыл желек, табиғаттың тамашасынан басың айналады. Көз көріп, жан сезінген рахатты, табиғаттың осынау бір нәзік те, сұлу кереметін сөзбен жеткізу мүмкін емес..!?
Жаркенттен шыққаннан тоқтамаған қалпы Лесновка, Еңбекші ауылдарын көктей тіліп өткен көлігіміз киелі Китіңге келіп бірақ аялдады. Тек қана Еңбекші мен Китіңнің арасындағы жолдың ойлы – қырлы жайсыздығы болмаса, жалпы қарқынымыз жаман емес. Сарқыраған тау өзенінің жоғарғы жақтағы өткелінен өте сала бейтаныс адамдарға жолығып, жөн сұрадық. Діттеген жеріміз Қайшының беліне баратын жолды біліп алып көңіліміз жайланған соң, түскі астың қамына кірістік. Жол бойы Торғай ағамыз сөзге араласпай, тек қысқа ғана жауап қайырып, томаға тұйық отырып келді. Өзен жағасында рахаттанып отырып түстендік, арасында ағамызды сөзге тартып едім, онша әсер етпеді, сол бұйығы күйінде, қалың ой құшағында қала берді. Неге көңілсіз?… «Қинап қойдық па, жасы келген адамды» деген, ой да келе берді… Сыртқа білдірмегенмен ағамыздың көзінен «ішкі жандүниесінің алай – түлей күй кешіп, мазасызданып» отырғанын аңғардым. Әрі қарай мазалауды жөн көрмедім, «не де болса бара көрерміз…» деп шештім. Ал, жиенім Бекболаттың – беймәлім жазу мен суретке деген құштарлығы сондай ерекше көңілді, мына қалпында оттан да, судан да тайынатын түрі жоқ. Жүргізуші баламыз Райымбек пен Айбектің ойларында түк жоқ, олар үшін бәрі қызық, бәрі таңсық. Екеуі зыр жүгіріп ағаларына барынша қызмет көрсетіп жатыр, өте ізетті, тәрбиелі жастар екені көрініп – ақ тұр, қарап тұрып ризалықтан жаның сүйсінеді. Өзен жағасындағы көк майсада әзілдесіп отырып асымызды ішкен соң, Ақшағылдың сайымен батыс жақты бетке алып, Қайшыға қарай тартып кеттік. Жолай мен де ойға берілдім: …қандай жазу екен ә…? ..кімдердің қолтаңбасы ? Қашан тасқа басылды екен? Жазу… таңба… Тоқта! Мен осы жазулар тарихы туралы не білемін? Өзіме – өзім сұрақ қойдым, тағы да ойды – ой жетелеп тұңғиыққа батып барамын…
Жалпы алғанда революцияға дейінгі кезеңде петроглифтер туралы зерттеулер мәліметтері анағұрлым қарапайым болды, өйткені зерттеушілер іс барысында нақты күрделі ғылыми мақсаттар қоймаған еді. Сондықтан да олар кейбір сурет сюжеттерін жай сипаттап, олар туралы алған өздерінің жалпы әсерлерін жеткізумен шектелді. Ал, отандық археология саласында тастағы таңбалар туралы зерттеулердің ауқымды түрде жүзеге асуы өткен ХХ ғасырдың еншісінде. Ондағы зерттеуші ғалымдар Жетісуды жалпы Оңтүстік Қазақстанмен бір кешенде қарастырады. Себебі петроглифтердің анағұрлым шоғырланған аймағы Қазақстанның оңтүстігі: Жоңғар Алатауы, Шу-Іле таулары және Қаратау жотасы болып табылады. Негізі, Жетісу жеріндегі археологиялық қазбалар мен көне тарихи ескерткіштер оның бай даму тарихының тым тереңнен тамыр алатынын байқатады. 1918 жылы Мәскеуде «Мәдени ескерткіштерді тіркеуге алу және сақтау туралы» Декреттен басталатын бұл іс 1956 жылы, одан кейін 1979 жылдары қазақ жерінде жалғасын тапты. Мысалы, 1957 жылы ғалым А.Г. Максимова экспедициясы Шу-Іле тауларының Оңтүстік-Батыс бөлігінде Тамғалы шатқалында петроглифтердің ірі шоғырын табады. Бұл тастағы суреттер мазмұны жағынан өте бай және ерекше болғандықтан А.Г. Максимова бас – аяғы 1000-ға жуық петроглифтерді зерттеп, оларды негізгі үш кезеңге бөліп қарастырады:
1) Сақ дәуіріне дейінгі; 2) Сақ заманы; 3) Түркілік кезең.
Бедерленген өрнектердің басым бөлігі адамдарды қоршаған жануарлар әлемі және де ол күн сайын аң аулауда және күнделікті өмірде бетпе-бет келген жағдаяттар. Бұл өнердің түпкілікті мағынасын ашуда әлі де ақтаңдақтар көп, өйткені тастағы оймаларда тұрмыстың жай суреттері мен орын алған оқиғалардың сызбалары бейнеленбеген. Тастағы бейнелерде – ертедегі адамның оған таныс жануарлар әлемі, кейбір әдет – ғұрып жоралғылары да шама – шарқынша орын алғаны байқалуымен қатар, олардың айналасындағы шындық туралы жинақталған санадағы мифтік түсініктері көріністерінің бейнеленгенін пайымдауға болады. Бұл тарихи кешен өзінің ерекшелігімен кәсіпқой мамандардың назарына бірден ілініп, бүгінгі күндері әлемге белгілі «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи – мәдени және табиғи қорық – мұражайға айналды.
1979 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінен «Казреставрация» археологтарының тобы шығып, Панфилов ауданының мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамымен бірлесіп ежелгі ескерткіштерді есепке алу жұмыстарын жүргізгендігін білдік. Яғни, сол жылдардың аудандық мемлекеттік мұрағатындағы экспедиция құжаттары негізіндегі сақталған жазбалардың бірінде «Қазақ ССР мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының» жауапты хатшысы В. Семенова : «Жоңғар Алатауының солтүстік беткейінде орта ғасырдағы қалалар орны анықталған, ежелгі жазулар мен петроглифтер, тастағы жазулар мен суреттер табылған. Жоңғар тауының Панфилов ауданына қарасты оңтүстік сілемінде ежелгі қоныстардың орны және Өсек өзені аңғарында, Лесновка, Еңбекші ауылдары аймағы мен одан жоғарыда тау бөктерлерінде орналасқан ерте дәуірдегі көшпенділердің бейіт – қорғандары табылған. Мұнда 2500 жыл бұрын өмір сүрген адамдардың қонысы болғанын білдіретін «із» қалған. Ал, Кіші Қойтастағы 700 жуық тас бетіне түсірілген ежелгі нақыштамалар, бұл ежелгі көшпенділер өнерінің көзіндей болып, сан ғасырды артқа тастап бізге жеткен тарихи ескерткіші. Олардың біразы скифтік стильде, яғни жануарлар бейнесінде нақышталып, тек археологтар үшін ғана емес, сондай-ақ, тарихшылар мен геологтар, мәдениеттанушылар мен мұражай қызметкерлері үшін де таптырмайтын құндылықтар. Ауданымыздағы Қоңырөлен ауылы маңынан ортағасырдағы тас мүсіндер табылды» деген құнды мәліметтер жазып қалдырған.
Иә, бірден – бірге жалғасып жазулар тарихы жайлы оқығандарым еске түсіп, бейнетаспаның лентасындағы кадрлар тәрізді тізбектеліп сана арқылы өтіп жатыр. Жазу – қысқаша айтсақ, адамның ойын, қоршаған ортаға көзқарасын білдіріп, солар жайлы хабар беретін таңбалар жүйесі ғой. Бірақ, оның пайда болып қалыптасуы адамзат тарихында мыңдаған жылдарды құрайды.Сонымен адамзат тарихындағы алғашқы жазу таңбаларының өмірге келуі осыдан 5000 жыл бұрынғы Таяу Шығыстағы Шумер елінен бастау алған – ды. Одан кейінгі 22 дауыссыз дыбысы бар тұңғыш әліпбидің иелері – финикиялықтар екенін де білеміз. Қысқаша қайырсақ мына ғаламшардағы адам өмірінде жазудың алатын орны ерекше. Себебі, кез келген қоғамның саяси, мәдени және экономикалық әлеуетінің көрсеткіші жазусыз жүзеге асуы мүмкін емес, әуелі десеңіз әлемдік өркениеттің дамуы да осы жазу – сызудың пайда болуымен тығыз байланысты.
Айтқандай, американ этнологі Л.Г.Морганның адамзат тарихын жабайылық, тағылық, өркениеттік деп үш кезеңге бөліп қарастырғаны, одан өркениеттік кезеңнің жазу – сызу шыққаннан кейін басталатындығын жазып кеткені естеріңізде болар. Демек, жазудың пайда болуы адамзат қоғамы тарихында үлкен бетбұрыс жасаған теңдессіз жаңалық! Бұл әр жазудың өзіндік тарихы мен өркениеттер шежіресінде айшықты орны, өзгеге ұқсамайтын тағдыр тәлейі бар деген сөз. Мысалға, Египет жазуларына «иероглиф» – яғни, «қасиетті таңба» деп атау берген К. Александрийский болса, осынау сиқырлы жазудың сырын ашу француз ғалымы – Жан – Франсуа Шампольонның маңдайына бұйырыпты. Және де ХVІІІ – ХІХ ғасырларда көне жазулардың көптеп табылып оқылуы көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым өкілдерінің әңгімелерінің негізгі өзегіне айналған кезең болатын. Оған дәлел ретінде Сирия, Вавилон, Парсы сына жазуларының оқылуының құпиясын ашқан талантты оқымыстылар – Г. Гротефенд, Г. Роулинсон, Э. Хинкс т.б. ғалымдар сол кезеңдегі зиялылар арасында барынша мадақталып, үлкен қошеметке ие болған еді. Бұндағы тоқтала кететін бір ерекшелік, Парсы жері мен Месопатамиядан (Тигр мен Ефрат өзендері арасы) табылған сына жазулардың бір – біріне өте ұқсастығы. Оның ішінде ұзындығы – 20м, биіктігі – 7м жерді алып жатқан 400 жолдан тұратын Бехустун жазуы талайды таңдай қақтырды. Сонымен қатар, Хет елінің тарихын зерттеп, хетология – ғылымының негізінің қалануына себепші болған, хет жазуының сырын ашқан чех ғалымы – Б. Грозный есімі ғалымдар ортасында үлкен құрметке ие болып, тарихта мәңгі қалды.
Ал, Қазақ жеріндегі петроглифтердің орналасуы бойынша анағұрлым кең мағлұмат беретін еңбектердің қатарына Х.А. Алпысбаев пен Т.Н. Сенигованың зерттеу мақалалары жатады. Ғалым Т.Н. Сенигова өзінің бір мақаласында тастағы таңбалардың тобын былайша сипаттап жазады: «….основная часть рисунков (одиночные фигуры козла, оленя – группы І, ІІІ, ІV, V) датируется VI-V-в.в. до н.э., а остальная (группы ІІІ, VІ, VІІІ) – І – ІІІ в.в. н.э.» деп екі кезеңге бөліп жатқызады. Сөзімізді нақтылау үшін және бір мақаладан үзіндіге назар аударсақ: «…Такие же фигуры козлов на скалах зафиксированы во многих районах Казахстана и датируются VІ – ІV.в.в. до н.э. и несколько позже» деген сияқты мәліметтер келтіріп таңбаларды ғасырлар бойынша тура мерзімдеген. Мұндай мерзімдеуді негізге алсақ, біздің жазып отырған «Ырғайлы сай жазуы» нысанымыздағы кейбір жануарлар бейнелерінің осы жазбаға дәл келетіндігін атап өткім келеді. Одан басқа Сақ жазуын алғаш оқыған Отандық ғалым, түркі тілінің маманы А. Аманжолов ағамыз бен Шумер жазуы мен Түркі руникасының айтылу үндестігі мен мағыналық байланысын нақты мысалдар келтіре отырып зерттеп жүрген О. Сүлейменов ағаларымыз да бар. Соғды жазуының тарихы мен қолданылуы өз алдына бір бөлек дүние.
Ал, көне Түркі сына жазуының біздің ұлттық тарихымыздағы алатын орны өте жоғары. Неге десеңіз бұл б.з. VІІ- VІІІ ғасырларына жататын құнды жәдігерлер көне Түркілердің ру – тайпаларының таңбалары негізінде жасалғандықтан төл мәдениетіміз бен руханиятымыздың берік іргетасы іспетті. Көне түркі руникасы туралы мәліметті алғаш жариялаған С. Ремезов еді. Осынау құнды тарихи ескерткіштің шежіресі 1718 – 1727 жылдары Сібірді зерттеуші ғалым Мессершмидтің Енисей өзенінің бас жағынан тауып алған түрлі таңбаларға, жазуға толы екі балбал тастан бастау алады. Кейіндері дәл осындай жазу таңбалары бар тастар Минусинск ойпаты мен Орхон өзендері бойынан табылды. Ертедегі түріктердің жартастағы бейнелеулері (петроглифтер) көрінеу көз тартарлығымен және терең символикасымен айрықша болды. Олар мазмұны жағынан екі топқа бөлінеді:
1) — салт аттылар, қаумалап аң аулау, көшіп-қону, жекпе-жек бейнеленген көріністер;
2) —- ертедегі түрік қағанаттарының өзінше бір нышандарына айналған таутекелердің таңбасы сияқты бейнелер. Алайда олардың бәрі түгелдей қамтылып, есепке алынып, зерттелген жоқ.
Бірақ, дегенмен де бұл салада біршама зерттеу жұмыстары жүргізіліп, түрлі теориялық мәселелер де көтерілді, атап айтсақ: петроглифтерді мерзімдеу, олардың мазмұнын түсіндіру сияқты жұмыстары қолға алынған. Археологиялық зерттеулер нәтижесі бұл аймақтың көне Түркі мәдениетімен тығыз байланысты екендігін айқындап берді. Аталмыш құпия жазу көптеген ғалымдардың қызығушылығын оятып, назарын аударғанмен олардың еңбектері еш нәтиже бермеді. Бірақ, адамның ақыл – ойының мүмкіндігі шексіз емес пе?! Дат ғалымы В. Томсеннің жанкешті еңбегі мен ізденісінің арқасында бұл құпия жазудың да сыры шешілді. Нәтижесінде, осынау тарихи жәдігер бүкіл Түркі жұртының оның ішінде қазақ халқының мәдениетінің мәңгілік рухани қазынасының Темірқазығына айналды. Ұлы бабалардың мәрмәр тасқа қашап жазған ұлағатты сөздері біздер үшін өнегелі өсиет, мәңгілік мұра болып қала бермек.
….Өзіммен өзім болып, тұңғиық ойдың түбінде отырған мені «Іздегеніміз осы жер, келдік!» деп, «саңқ!» еткен Торғай ағамыздың дауысы селт еткізді. Бөктерді қиялай жолсызбен жүйіткіген көлігіміз, жердің ой – шұңқырына қарамай шоқырақтаған күйі бір киіз үйдің алдына келіп бірақ тоқтады. Жамырап көліктен түсе бастадық, бәріміздің көзіміз тау жақта, тас біткеннің бәрі жазу сияқты елестейді. Сөйткенше киіз үйден бет – аузын уқалап, көзін сығырайтқан бір жігіт ағасы шықты, жөн сұрастық. Ол «бұл жер Күлдіқора, ары жақтарыңыз Көктасты» деді, қолын батысқа сермеп. Бәріміз ешнәрсеге түсінбей бір сәт абдырап қалдық, сонда қалай болғаны…? Торғай ағаның айналаға таңдана қарап «Әй, онда Ырғайлы сайы қайда?» деген сұрағына, «арттарыңызда қалды ғой» деп шығыс жақтағы біршама аралықта тұрған биіктеу жартасты нұсқады. Ағамыз айналаны көзбен шолып «Сонда қалай адастым ба?» деп, жан – жағын аңырып қараған күйі тұрып қалды. Тез есін жия қойып сәлден соң әлгі малшы жігітке «Жақын маңда жазу – сызуы бар тастар көрмедің бе?» қайта сұрақ қойды. Малшы «жоқ» деп қысқа қайырды да, тоқтап барып есіне түсті – ау дейім, «Тек мына төбенің ар жағында арабша жазуы бар бір тасты ғана көрдім» деп сөзін аяқтады. Оған жауап ретінде Торғай аға: «Е оны білеміз, ол бір байдың қызына қойылған тас қой, одан басқа ше? Мал қарағанда осы маңды сан шарласа да жан – жақтарына кішкене бір зер салмайды екен ә бұлар…» деп, ренжіген кейіп танытты. Сонымен кері бұрылып төбені бөктерлей жүріп отырып, іздеген Ырғайлы сайымызға да жеттік – ау. Енді бұл жерде жол азабын жеңілдеткен жеңіл көлігіміз бен оның жүргізушісі Райымбекке шексіз риза болдық.
Бара сала сол екпінімізбен тоқтамаған күйі сайды бойлап жоғары өрледік, есіл – дертіміз тезірек көне жазуды көру. Шамамен 150м жүргеннен соң алғашқы жартасқа жолықтық, ондағы жазуды менен басқа ешкім байқамады, бәрі жылдамдата ілгері кетті. Алғашқы жазу жандүниемді жағымды әсерге бөледі, жайлап фотоапаратымды қолға алып суретке түсірдім. Қытай иероглифіне ұқсайтын сияқты ма, қалай өзі? Жоқ, емес – ау, емес. Содан сайды өрлеп тағы 400м жүргенде сайдың екі жағын ала орналасқан үлкен жақпар тастар бірден көзге түсті. Солар шығар деп шамаладым, ізінше менен бұрын жеткен Бекболаттың қуанғаннан мәз болып айғайлаған дауысын естідім. Екі қолын аспанға көтеріп алып қуаныштан жарылайын деп тұр:
— «Міне жазу, міне сурет!» деп әр тасты бір көрсетеді.
Жалпы жартас доға тәрізді үлкен үш бөліктен тұрады екен. Екі бөлігі батыс жағында қатарласқан, ал бір бөлігі шығыс жағында жеке орналасыпты. Ортадағы ашықтан су аққан болуы керек, бірақ осы ашық бөлікті, алдыңғы жақты жергілікті малшылар жартастың сынған кішкене бөліктерімен қоршап қора жасап алыпты. Шығар есіктің сол жағында ұзын құрық тұр, соған қарағанда жылқы малын қамайтын секілді.
Жартаста бейнеленген тәуешкі, атты адам, бұғылар мен арқардың суреттері керемет! Ал, жазуларды көріп таң – тамаша болдық, тіпті есіміз шығып қалды. Осыншама ғажайып тарихи ескерткіштердің табылуы, мені аяқ астынан бейне бір алтын көмбеге жолыққандай күйге түсіріп, аңырып тұрып қалдым. Қытайдың, арабтың, парсының, көне түркінің сына жазуларына мүлдем ұқсамайды. Кім, қашан жазды екен? Қай дәуірге тән? Қаншама ғасырларды артқа тастады екен бұл жәдігер? Әттең, тастар да сөйлейтін болса ғой… Сөйлейді олар, сөйлейді, бірақ оған біздің өреміз жетпей тұр – ау…!? Өзіммен өзім күбірлеп сөйлесіп жүрмін, суретке де түсірудемін. Ойымның сан – саққа бөлінгені сондай, ойша әр нәрсенің басын бір шаламын… Тағы бір байқалған ерекшелік жабайы және үй жануарлары жартастың жоғарғы бөлігінде суреттеліпті де, төменгі жақ бөлігі біз сөз етіп отырған құпия жазулармен көмкерілген.
Менің өз жорамалым бойынша Сақ, Үйсін, Түркі дәуірлеріне жататын сияқты. Иә, сол! Дәл өзі, жабайы жануарлар Сақ заманы болса, атты адам Үйсіндердікі! Жазу ше , жазулар Түркі дәуірі болар…? Есіме әр сайдың жаңағы Күлдіқора, Ырғайлының аузындағы биік тепсеңде жатқан тас обалар сап ете түсті. Себебі, Үйсіндер өлген адамдарды мүрдені су шаймайтын биік төбелер мен тау бөктерлеріне жерлегені тарихта бар. Келе жатып сол обалардың бірнешеуін суретке де түсіріп алған едім. Тағы бір байқаған нәрсем тастағы суреттер арасынан қолына құс ұстаған атты адам, яғни құсбегі! Мал бағып саятшылық құру біздің ата кәсібіміз екенін бәріміз де білеміз, сол сурет астындағы жазу саятшылық, аңшылық немесе мал бағу туралы жазылған деректер болуы да мүмкін ғой. Басқаша айтқанда, петроглифтерде ежелгі нанымдар көлеңкесі арқылы өткен алғашқы адам мен малшы өмірі, сондай – ақ мұнда құдай деп танылған шындық пен болашақ туралы армандар қабыса бейнеленген. Табиғат күштеріне толық тәуелділік, олардың түсінігі бойынша, күндегі өзінің, айналасындағы туған-туысқандарының аман-есендігі және аңшылық кәсіпшілігіне табыс әкелуге тиісті жаратылыстан тыс күштер сияқты түсініктердің жиынтығы да тұтасып өрілген. Уақыт өте келе жартастардағы өнер жаңа сюжеттермен және бейнелермен толыға түскен – ау шамасы..!? Оларда аңшылық өмірдің стихиясы, мифтердің, эпикалық аңыздардың ауызша сипатталғанын аңғарамыз. Мұндай нысандар «рулық ғибадатхана, немесе өзіндік діни рәсім орны ретінде пайдаланылып рулық және тайпалық аядағы табиғат оянуларының мерекелері мен түрлі діни ғұрыптардың өткізілетін жері болған шығар» деген ойларға да жетелейді .
Б.з.б. І – ІІ ғасырларда солтүстігі Балқаштан біздің өңірді қоса алғанда оңтүстігі Ыстықкөлге дейінгі аймақты үйсін елі мекендеген еді ғой. Сол кезеңдегі Қытай саяхатшыларының тарихи мәліметтері бойынша: «…Үйсіндердің мемлекет басшысы – Күнби (Гуньмо), астанасы – Шығу қаласы (Чигучень) қазақша Қызылаңғар, түтін саны – 120000, адам саны – 630000, әскері – 188800». Демек, бұл елдің өзіндік мемлекеті, тілі, ордасы, жазуы болды деген сөз, ол бұл мәліметтердің бәрін аталмыш мемлекет ордасындағы арнайы құжаттардан алған. Неге десеңіз бүкіл үйсін жерін аралап мал – жанын санап шығуға қытай жиһанкезінің өмірінің жетпесін бәріміз де түсініп отырмыз. Сондай – ақ, 70 мың иероглифтен тұратын Қытай жазуының тұңғыш рет қолданысқа түсуі қазақ елімен шекаралас аумақта іске асқанын тарихтан білеміз. Демек, бұл салада біздің көшпенді бабаларымыздың ықпалының болғанын жасырып қалу мүмкін емес және де бұл жағдай көшпелілердің өзіндік жазу белгілері болғандығынан да хабар беріп тұр емес пе.
Тағы да зерттеуші ғалым Т.Н.Сенигованың еңбектеріне жүгінер болсақ, кітапта тастағы таңбаларды кезеңдеудің әдістерін қолдану туралы пікір айтылып, авторлар таңбаларды белгілі бір дәуірлерде пайда болған заттармен, өнердегі стильмен байланыстыра отырып, кезеңдеуге ұмтылады. «Петроглифы разновременны. На это указывает множество фактов, в первую очередь сюжеты: изображения колесниц, относенные большинством исследователей первобытного искусства к эпохе бронзы; фигуры архаров, оленей переданных в типично скифо-сакском зверином стиле; средневековые тюркские воины со знаменами, легко датируемые по реалиям и т.д.». Демек, осы бір деректі басшылыққа ала отырып біздің қарастырып отырған петроглифтеріміздің сақ дәуірімен мерзімдес болғанын жобалаймыз.
Ал, жазулар мерзімін анықтау жағы біз үшін өзіндік қиындығын туғызып отыр. Петроглифтерді зерттеудегі тағы бір көңіл аударатын мәселе олардың мазмұнын айқындау. Көптеген ғалымдар пікірінше оларды тек бір көргеннен-ақ ежелгі адамдардың шаруашылығы, тұрмысы туралы ақпарат беруші деп қарауға болмайды дегенге саяды. Себебі бұларды қалдырған адамдардың мал шаруашылығымен де, егіншілікпен де айналысқаны белгілі. Алайда таңбалар ішінде осы аталған шаруашылық түріне байланысты ақпарат жоқ, сол үшін де бұл бейнелердің негізінен мифологиялық сипатта жасалған деп жорамалдауымызға да болады. Және бір тоқтала кететін жағдай бұл жартастағы бейнеленген құсбегілік пен аң аңлау сәттері сияқты бейнелердің де ролін жоққа шығара алмаймыз. Бірінші кезекте оларды мерзімдеуге байланысты мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Оның үстіне бұл бүгінгі зерттеулер бойынша жекелеген менің пікірім ғана. Ойымызды түйіндей келе осындай мәселелер ғылымда аз да болса өз шешімін тауып жатса «біз петроглифтерді құнды тарихи – археологиялық дерек ретінде анағұрлым кеңірек пайдалануға мүмкіндік алар едік-ау» деген ойға келіп тірелеміз.
Қорыта айтқанда осылардың бәрін ой елегінен өткізе отырып, бұл көне жазу «Үйсін жазуы болуы да мүмкін ғой…» деген болжамға тоқтадым. Оған қоса құрметті оқырман, қазақ жерін мекендеген тайпалардың төл жазуының пайда болу мерзімі б.з.д. І мыңжылдық екенін ұмытпаған боларсыз. Әрине, бұл тек өз ойым, бірақ толықтай зерттеуді қажет ететін дүние екендігіне шүбәм жоқ. Жартастағы жазу таңбалары мен жануарлар бейнесін суретке түсіруді аяқтап, тағы бір рет әрқайсысын жеке – жеке мұқият қарап шықтым. Тамаша жаңалық, алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес! Айналаға риза көңілмен қарап біраз тұрдым да демалуға тізе бүгіп отырғанымыз сол еді, бұлттан шыққан күндей болып «жарқ!» етіп Торғай ағамыз келді, жүзі жанып тұр, өте көңілді. Бағана біздер жапа тармағай сай бойымен өрлеп кеткенде, ол кісі шаршағандықтан артта қалып қойыпты. Содан біраз демін алып, аптығын басып келген беті осы. Қуаныштан жүзі бал – бұл жанған ағамыз: «Осы ғой біздің іздегеніміз, мана жол бойы жас болса келіп қалды, бұл жаққа келмегеніме де көп жылдар болды (20 жылдан асып кетті), таба алмай қалсам балалардан ұят болатын болды – ау» – деп, қатты уайымдап едім. «Жазулы жартасты тапқанымыз қандай жақсы болды» – деп, екі қолымен жартасты нұсқап жас баладай мәз болып тұр. Оу, бәсе, бәсе, енді бәрі түсінікті болды, жол бойғы ағаның «тұйықталып отыруы, іштей мазасыздануының» себептері осы екен ғой. Ех, шіркін пейілі дархан даладай, ақкөңіл жас баладай, қазағымның қайран қариялары – ай! Қартымыздың дидарынан төгілген риясыз сәби күлкі, қуанышқа толы көз жанары менің жадымда көпке дейін сақталып қалды. Әттең, өзіңіздей қазыналардың қатары сиреп барады – ау деген өкініш өзегімді өртеп өтті. Естелік үшін деп суретке түстік, біраз әңгімелесіп тылсым сырын бауырына бүккен, беймәлім жазуы бар жартасқа қимастықпен қарай – қарай кері қайттық.
Бәріміз көңілдіміз, дабыр – дұбырмен көлік қасына да келдік, қалған азық – түлігімізді ортаға салып, дастархан жайып жүрек жалғадық.
Шәй үстінде ағамыз алысқа көзді қадаған қалпы: «…Долаңқара, ерте тұрып атыңның, жалын қара!» деді де шығыс жақтағы керуеннің шашылған теңіндей созылып жатқан қаратауды қолымен көрсетіп, өзі білетін тарихи оқиғаларға тоқталды. Ерте кезеңдерден осы аумақты мекендеп келе жатқан Суан тайпасының Ақша, Қараменде руларының арасында болған жер дауы жайында біраз әңгіменің тиегін ағытумен қатар, Кеңес заманында бұл аймақтың егіс алқабы болғандығынан да хабардар етіп өтті. Ары қарай төмендегі көз ұшында нүктедей көрінген қос бейітті нұсқап, «Жарықтық Шыны – Шыңғыс бейіті, Шыны әйелі де, Шыңғыс ері деді» бұл кесенелердің сонау үркіншіліктен бұрын тұрғызылғандығын айтты. Шамасы 1931 -1933 жылдардағы ашаршылық жылдарынан бұрындары, шамамен өткен ХХ ғасырдың басы болса керек. Одан әрі осы маңдағы жер – су аттарына байланысты біраз шежіре тарқатқан ағаға іштей риза болдым. Сұңғыла қарттың әңгімесі өткен ХХ ғасырдың 70 жылдары қайтыс болған атам Рамазанды есіме түсірді. Себебі, мен ес білгелі «атамның баласы» болып өстім, атаммен еріп жүріп ауыл ақсақалдарының, манпаң, зәңгілердің әңгімесін, ақалақшылардың өздерін көрмесемде олар туралы небір аңыз – естеліктерді тыңдап өскен едім. Олардың әрқайсысы бірін – бірі қайталамайтын «… дария шалқар, тау мүсіндер» ерекше тұлғалар еді ғой, жарықтықтар!
Уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыптық, күн де кешкіріпті үйге жинала бастадық. Келгендегідей емес жер жағдайын біліп алған жүргізуіші бала жолды – жолсызбен төтелей тартып көзді ашып – жұмғанша келген жолымызға қайта түсіп алып жүйітки жөнелді. Әркім өз ойымен отыр, бәрінің де шаршағаны білініп тұр. Тек Бекболат қана әлі арыны басылмаған секілді, айналадағы көзге түскен әрнәрсеге түрлі теңеулер айтып, тілі жетпеген жерлерін түрлі қимылдармен көрсетіп бәрімізді күлдіріп, көңілдендіріп келеді…
Бірде шоқырақтап, бірде жайлы қалпы зулап келе жатқан көлік терезесінен – зеңгір көкке, манаурап мүлгіген алып тауға қарап келе жатып қайтадан еріксіз ойға шомдым: Ойпырмай, «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген рас – ау сірә, іштей ойды – ой қозғап беймәлім бейнелер мен таңбаға толы жартас қайта көз алдыма елестеді.
Әртүрлі сауалдар санамда мың құбылады, бұл жазулар ерте орта ғасырда да жазылуы мүмкін – ау деген «сұрақ» та қылаң берді. Есіме енді түсті б.з. VІІІ ғасырындағы Қарлұқтар заманында Жетісу жеріне келген тибеттіктер тау – тасқа өздерінің буддалық дұғаларын ойып жазып қалдырғандары туралы деректер бар ғой, тарихта.Түркінің Таспар, Ышпара қағандары өз билігі тұсында Будда дініне бой ұрды емес пе…?! Сөйтіп, Тибеттен ламаларды алғызып, Будданың қасиетті жазбаларын түркі тіліне аудартып кеңінен насихаттаған еді. Бұл жазу сол будда монахтарының қолтаңбасы шығар…?! Енді бұған сол Тибет ламалары жазбаларының бұдан бұрындары Іле өзенінің оң жақ жағалауынан табылғаны туралы деректі қосыңыз. Бірақ сонша жазудың ішінде бірде – бір Будда суретінің болмауын қалай түсінеміз?!…Иә бұл күрмеуі қиын құпия жазу болып тұр, әрине бұл терең зерттеп, зерделеуді қажет ететін дүниелер, біздікі тек жоба, болжам ғана. Туған елдің, жердің тарихы біздер мен келешек ұрпақ үшін баға жетпес қазына ғой. Сол құнды жәдігерлерді қастерлеу әр қазақтың азаматтық парызы болмақ. Әрқашан парызымызға адал болып, «Елі үшін еңбек еткеннің еңсесі биік» деген халық нақылын ту етіп, еліміз үшін аянбай еңбек етейік ағайын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз мәңгілік болсын!

Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Өлкентанушы, «Жауынгерлік даңқ» иузейінің директоры.
Q-Andas ақпарат.











