ҚАРАТАЛ ӨЗЕНІ – Жоңғар Алатауындағы мұздықтардан бастау алатын өзен. Таудан аққан Текелі, Қора, Шажа өзендерінің қосылуынан пайда болған. Жалпы ұзындығы – 390 шақырым. Су бассейнінің көлемі – 19,1 мың шаршы шақырым. Алғашқы 160 шақырымы таудың ішімен ақса, кейін Сарыесік-Атырау, Жаманқұм, Бестас құмына өтіп, Балқаш жазығына келіп жайылады. Қараталға Көксу, Быжы, Қара, Теректі, Лаба, Балықты, Мүкір сынды өзендер келіп құяды. Арасындағы ең үлкені – Көксу.
Қаратал – асау өзендердің бірі. Көктем мен жазда жауын-шашын көбейсе, арнасынан асып кетеді. Оның үстіне, құмды, тақырмен аққан жері босаң, жағасын лезде жайып кетеді. Өзен желтоқсанда қатып, наурызда ериді.
Қаратал – Балқашқа құятын екінші ірі өзен (біріншісі – Іле). Өзен бойында бірқазан, үйрек, шағала, құтан сынды құстар мекендейді. Суы таза, ішуге жарамды. Маңайындағы елді мекендердің барлығы осы Қараталдан су алып отыр. Су күз айларында тартылып, қазан айына қарай тіпті таяз болып кетеді.
Кезінде Қараталдың Балқашқа құяр тұсы бес арнамен келіп қосылған. Қазір тек бір арнамен ғана су келеді. Ақтөбе құмымен келіп, көлге құятын тағы бір сағасы болған. Алайда оның барлығы көкөніс шаруашылығы қолға алынған кезде тартылып кеткен.
Қаратал өзенінің қазақ тарихындағы маңызы ерекше. Қазақ хандығы алғаш Жетісу жерінде құрылғаны белгілі. Демек, алғашқы қазақ рулары да дәл осы өзен бойында қоныстанып, орда көтерген. Қараталдың бойындағы шатқалдарда сақ пен көне түркі кезеңінде қашалған петроглифтер сақталып қалған. Шамамен, қола дәуірінде қашалған.
Тұңғыш рет Қаратал өзені Қадырғали Жалайырдың дерегінде 1364–1376 жылдардағы оқиғалармен байланысты айтылады. Бұл кезде Жетісу жері Ақ Орданың құрамында болған. Бұдан бөлек, Муин ад-Дин Натанзидің «Аноним Искандера» деп аталатын еңбегінде көрініс табады. 1490 жылы Әмір Темір әскері Іле, Қаратал беткейлерімен, Ішкі Қаратал, Ішкі Бошна арқылы Моғолстан жерлеріне басып кіргені жайлы да деректер бар. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Қаратал өзенін Моғолстанның солтүстік шекарасы ретінде Көкше теңіз, яғни Балқаш көлімен бірге атап көрсеткен. Аталмыш еңбекте Қасым хан Бұрындық ханнан бөлініп кеткен соң Қаратал өзені бойын қыстағаны жазылған.
Қаратал – ағашы қалың беткей, ағашы мол бөктер деген ұғымды білдіреді.
ҚОРА ӨЗЕНІ – бастауын Жетісу Алатауының мұздықтарынан алады да, Мыңшұңқыр жотасының оңтүстік баурайымен ағып өтіп, Қаратал өзеніне оң жағынан құяды. Өзенге орта ағысында бірнеше шағын салалар қосылады. Ұзындығы – 90 шақырым. Арнасы тік, тар шатқалды. Қар, мұздық суларымен толығады.
Бұрқан саласы бойындағы құламасу (сарқырама) түбінде жатқан «Әулиетасты» жергілікті халық қасиетті санайды. Өзенде ұсақ балықтар бар.
ШАЖА ӨЗЕНІ – мың сан бұлақтардан өрілген Шажа өзені мөп-мөлдір. Түбіндегі майда құмның арасынан жылтырап, күн көзіне шағылысып, жалт-жұлт етіп ұп-ұсақ алтын қабыршақтар көрініп жатады. Еріксіз еңкейіп, құммен бірге уыстап алып қарайсың. Жұп-жұқа, биттің қабығындай ғана. Сөйтсе де оны қайтып суға тастауға қимайсың. Өзіңмен бірге алып кеткің келеді. Өйткені ол – алтын ғой!..
Текелінің бір тұрғыны айтады:
«Баяғыда біздің бабаларымыз жаңа сойылған малдың терісін осы өзеннің бас жағына лақтырып, сонау төменгі жақтан тосып алады екен. Асау өзен әлгі теріні домалатып, тастан-тасқа соққылап, ұмар-жұмар етіп әкелетін көрінеді. Ал содан соң суын сорғытып, күнге кептіріп, құмын қаққан кезде биттің қабығындай ұп-ұсақ алтын қабыршақтар жалтырап, жүнге ілініп қалатынға ұқсайды».
САРЫБҰЛАҚ ӨЗЕНІ – Еркін ауылының іргесіндегі өзен. Басы Алмалы сайынан басталып, Қаратал өзеніне құяды. Өзеннің екі жағалауындағы ел ауыл және мал шаруашылығымен айналысады. Кезінде аттыға жол бермеген өзеннің бүгінде суы азайып, арнасы тартылып барады.
Өзеннің бойында Сарыбұлақ ауылы бар. Сарыбұлақ ауылында Барақ батыр төбесі бар. Руы белгісіз біреу Жайнақ батырмен жекпе-жек айқасында мерт болады. Барақ батырдың шешесі:
«Менің баламды өлтірген қандай адам екен?» – деп іздеп келіп, Жайнақ батырмен кездесіп, шапалақпен ұрған кезде батыр бір тізерлеп отырған көрінеді.
Сонда анасы:
«Нағыз батырдың қолынан қаза болған екен», – деген екен.
Қажет Андас, «Қазақ әдебиеті» газеті.
Қажет Андас,
«Q-Andas» ақпарат агенттігі.
Дереккөз: ӨТКЕНІ ЕРЕН, КЕЛЕШЕГІ КЕНЕН ЕРКІН/(Тарихи-танымдық кітап)
/Қ. Андас/ Талдықорған. «Офсет» баспаханасы, 2023. – 320 бет
ISBN 978-6017646-45-5











