Жетісу жеріндегі әрбір тау мен сайдың, бұлақ пен қыстаудың атауында өткен дәуірдің ізі сақталған. Осындай табиғи әрі тарихи мекендердің бірі – Талдықорған қаласы мен Еркін ауылының маңындағы Дауылбай тауы. Еркін ауылының солтүстігіне қарай, әуежайдың жанында көлденең созылып жатқан бұл қара тау жергілікті халық арасында ежелден Дауылбай деп аталады.
Дауылбай – жай ғана табиғи қырат емес. Оның айналасындағы сайлар, көне қыстаулар, қорымдар, жер-су атаулары мен ұрпақтан-ұрпаққа жеткен әңгімелер бұл өңірдің бірнеше тарихи кезеңді қамтитын мәдени кеңістік екенін аңғартады. Таудың ішкі алқаптарында Алдияр, Айырмас, Айырбек, Жақсыбек және Бейсен деп аталатын сайлар кездеседі. Сонымен қатар мұнда Алдияр қыстауы, Бекқожа қыстауы, Белқожа қыстауы, Күнқожа қыстауы, Айқожа қыстауы, Ахмет қыстауы және Есен қыстауы секілді көне жер атаулары сақталған.
Жергілікті шежірелік деректерде Дауылбай тауының тарихы Алдияр Жалтырұлының есімімен байланыстырылады. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, бұл тауды Алдияр Жалтырұлы Ресей императоры Александр ІІ патшадан өмір бойы пайдалануға сыйлыққа алған. Алдияр Жалтырұлы ел арасында ерлігімен, шешендігімен және халық арасындағы дауларды әділ шешкен бітімгерлігімен танылған тұлға ретінде айтылады. Ол ауылдардың жер шекарасын белгілеуге, ел арасындағы келісімді сақтауға және халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты маңызды мәселелерді шешуге атсалысқан.
Алдияр батырдың Дауылбай тауының маңын қоныс етіп, осы өңірде ұрпақ өсіргені жөнінде де деректер бар. Алдияр қыстауы аталған мекенде оның қонысының орны болғаны, ескі құрылыстардың жұрнақтары сақталғаны айтылады. Алайда Алдияр Жалтырұлына жердің нақты қандай жағдайда берілгені туралы мәліметтер негізінен ауызша тарих пен әулеттік шежіреге сүйенеді. Сондықтан бұл мәселені патшалық Ресей кезеңіндегі мұрағат құжаттары арқылы тереңірек зерттеу қажет.
Қазақ халқының дәстүрлі танымында қыстау атаулары жай ғана географиялық белгі болып саналмаған. Олар белгілі бір әулеттің мекенін, жайылымдық аумағын, шаруашылық жүргізу тәртібін және атадан балаға жалғасқан жер пайдалану жүйесін білдірген. Дауылбай тауының қойнауындағы қыстаулар мен сайлардың атаулары да осы өңірді мекендеген адамдардың өмірінен, олардың шаруашылығы мен тұрмыс-тіршілігінен хабар береді.
Жергілікті шежіре бойынша, Дауылбай тауының күнгей-шығыс бөлігін Есберлі бабаның бір бұтағынан тараған Ерназар, яғни Баймамбет атаның ұрпақтары мекендеген. Таудың батысындағы Қайрақты жотасына дейінгі аралықты Есназар, яғни Қайып әулеті жайлаған. Жартасты мен Ойсаз аумағында, қазіргі Еркін ауылының төңірегінде Бабаназар ұрпақтары тұрған.
Бабаназар атадан тараған Сағындық, Нұрым, Бекет және Алшынбай ұрпақтарының Дауылбай, Жартасты және Қызылтас аралығында, сондай-ақ Қырғызбай, Екіаша, Алмалы мен Ащыбұлақ маңында жер үйлері мен қыстаулары болған. Бұл жерлерді мекендеген халық мал шаруашылығымен айналысып, табиғи жағдайға қарай маусымдық қоныс ауыстырып отырған.
Дауылбай тауының солтүстік жағындағы Сарыкөл маңын Бабаназардың Нұрымынан тараған ұрпақтар көктем мен күз айларында қоныс еткен. Ал қыс түскен кезде Есберлі ұрпақтары Қаратал өзенінің сағасына қарай көшіп, Қосқұдық, Үшмола және Үшкөл маңын қыстаған деген дерек бар. Бұл мәліметтер Дауылбай өңірінде қалыптасқан дәстүрлі көшіп-қону жүйесін көрсетеді. Таулы және қыратты жерлер көктемгі әрі күзгі жайылым ретінде пайдаланылса, өзен сағалары мен ойпаң алқаптар қысқы қонысқа қолайлы болған.
Дауылбай тауының тарихы Еркін ауылының өткенімен де тығыз байланысты. Қазіргі Еркін ауылы Қаратал өзенінің аңғарына жақын орналасқан. Ауылдың бұрынғы атауы Сыдық немесе Садық болғаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Ауыл төңірегіндегі көне жер атаулары, қыстаулар мен қорымдар бұл аумақта халықтың ертеден қоныстанғанын байқатады. Осы тұрғыдан алғанда, Дауылбай тауы, Еркін ауылы, Қаратал аңғары және айналадағы ескі қоныстар бір-бірінен бөлек қарастырылмайтын тұтас тарихи-географиялық кеңістік құрайды.
Дауылбай атауының тарихи маңызын тауға жақын орналасқан археологиялық ескерткіштер де айқындай түседі. Талдықорған әуежайының маңындағы Дауылбай қорымында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ерте темір дәуіріне жататын ірі қорған анықталған. Қорғанның биіктігі 3,4 метрге, диаметрі шамамен 40 метрге жеткен. Оның айналасы ормен қоршалған. Зерттеушілер мұндай ірі қорғандарға сол дәуірдегі қоғамның беделді өкілдері жерленуі мүмкін екенін айтады.
Қазба жұмыстары кезінде бес метрге жуық тереңдіктен екі қабір орны табылған. Қорғанның бұрын бірнеше рет тоналғанына қарамастан, археологтар ер адамның сүйек қалдықтарын, керамикалық ыдыстарды, мал сүйектерін, ағаш қынабы сақталған акинак-семсерді, қола қорамсақ ілгегін, оқшантай, ине және алтын әшекей бұйымдарды анықтаған. Алтын заттардың арасында белдік ілмешегі, түтікше және мысық тұқымдас аң бейнесіндегі айылбастар болған.
Ерекше олжалардың бірі – жылан немесе айдаһар бейнесі салынған сүйек қапсырма. Мұндай бейнелер ежелгі адамдардың дүниетанымы мен наным-сенімінде ерекше мағынаға ие болған. Мамандар Дауылбай қорғанын шамамен екі мың жыл бұрын Жетісу аумағын мекендеген ежелгі тайпалардың мәдениетімен байланыстырады. Бұл археологиялық олжалар Дауылбай аумағының тарихы XIX ғасырдағы Алдияр батыр кезеңімен ғана шектелмейтінін дәлелдейді. Аталған өңірдің адамзат баласы ерте темір дәуірінен бері мекендеген көне мәдени кеңістік болуы әбден мүмкін.
Дауылбай тауының қасиеті белгілі бір діни нысанмен ғана өлшенбейді. Оның негізгі құндылығы – табиғи ландшафттың, археологиялық мұраның, тарихи тұлғалар өмірінің, көне қыстаулар мен әулеттік шежіренің бір кеңістікте тоғысуында. Мұнда ежелгі қорғандар, тарихи қоныстар, ұрпақ есімдерімен аталған сайлар мен қыстаулар және ел жадында сақталған аңыз-әңгімелер бар.
Сондықтан Дауылбай тауын жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени және қасиетті ландшафт ретінде кешенді зерттеудің маңызы зор. Алдағы уақытта таудың айналасындағы көне қыстауларды картаға түсіріп, сақталған құрылыс орындарын фото және бейнежазбаға тіркеу қажет. Жергілікті қариялардың естеліктері мен әулеттік шежірелерін жинап, оларды мұрағат құжаттарымен салыстыру да маңызды.
Ендігі кезекте, Дауылбай қорымдары мен басқа да археологиялық ескерткіштердің шекарасы белгіленіп, оларды тонаудан, құрылыс пен шаруашылық жұмыстарының әсерінен қорғау шаралары күшейтілуі тиіс.
Дауылбай тауы – ғасырлар бойғы тарихи жадты сақтап тұрған үнсіз куә. Оның сайлары мен қыстаулары, қорғандары мен жер атаулары туған өлкенің тарихын бүгінгі ұрпаққа жеткізетін құнды мұра. Осындай жерлерді танып, зерттеп, насихаттап, қорғау – өткенге тағзым ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Қажет Андас,
«Q-Andas» ақпарат агенттігі.
Дереккөз: ӨТКЕНІ ЕРЕН, КЕЛЕШЕГІ КЕНЕН ЕРКІН/(Тарихи-танымдық кітап)
/Қ. Андас/ Талдықорған. «Офсет» баспаханасы, 2023. – 320 бет
ISBN 978-6017646-45-5











