Соның бірі – ұлтымыздың Қыдыр ата туралы пайым-түсінігі. Қиыр қонып, шет жайлаған бабаларымыз: «Ұлыстың ұлы күні Қыдыр ата келіп, ел мен жұртқа амандасады, жүрегі таза, пейілі бекем жандарға оның ықыласы ауып, бақ пен дәулет шаңырағына қонады», – деген сенімге имандай сеніп келген. Тіпті, барлық пен жоқтықты, байлық пен кедейлікті сол ұғымның төңірегінен қарастыратынымыз да жасырын емес. Бір мезгіл кеңестік саяст бұл ұғымды өшіруге тырысып, оның орнын Аяз ата сияқты ұғыммен айналдыруға күш салды. Дей тұрғанмен, тәуелсіздіктен кейін қайта түлеген қазақы таным, ұлттық сана жүрек түпкіріндегі сол ақиқатты қайтадан қаузап, жаңа қырымен жарқырата түсті. Бүгінде Аяз атадан гөрі Қыдыр атаға деген сүйіспеншіліктің арта түскенін байқап жүрміз. Осының себебін өңірдегі бірқатар өнер саласының өкілдерінен сұрап көрген едік.
Серік Нұрхалық,
«Құрмет» орденінің иегері:

– Менің пайымымша, Қыдыр ата туралы сенімнің түп төркінін бүгінгі күннен қарауға болмайды. Ол ұзақ уақыттық сыннан өткен салиқалы ұғым. Қазіргі таңда көптеген адамдар Қыдыр атаны дінмен немесе Аяз атамен байналыстырып жатады. Бұл – дұрыс емес. Кезінде өңірде өткен Наурыз думандарда Қыдыр атаның рөлін сомдадым. Сонда мерекелік шараны режиссерлердің шешімімен қобыз үнімен үндескен, Қыдыр атаның бастауындағы шерумен бастайтынбыз. Мұнда қобыз үні қазақ халқының арғы тарихынан сыр шертетіндігін ескеріп, Қыдыр ата жайындағы танымның арыдан басталғанын көпшілікке ұғындыру еді. Тіпті, бұны – Адам атаның халық жадындағы жанды бейнесі деуге де болады.
Базарбек Тоқымтаев,
Б. Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі:

– Халықтың нанымында Наурыз айының 21-і күні Қыдыр ата ауыл-аймақ, үй-үйді аралап, амандасып шығады дейтін сенім қалыптасқан. Атаның бір саусағы буынсыз жаратылыпты. Сондықтан қос қолдап амандасады екен. Осы кезде атаның буынсыз саусағын сезінген адамға бақ қонып, дәулет дариды деген таным да бар. Біздің қос қолдап амандасу әдетіміз міне, осы аңызбен астасып жатыр. Бүгінде ұғымымызда Аяз ата деген термин қалыптасқан. Шынтуайтына келгенде, Аяз атаның түп төркіні Қыдыр ата туралы ақиқатта жатыр. Бәрімізге аян, түп-тұқиянымыз саналатын Ғұндар батысқа ауып, ұйқыда жатқан Еуропаны құлдықтан азат еткендігін тарихи деректер растап берді. Сол кезде Ғұн жасақтарының соғыстан түсірген олжаларын Қыдыр ата барлық жасауылға теңдей бөліп береді екен. Бұл жосық кейінгі бейбіт өмірде Аяз ата болып тұлғаланып, Еуропа жұртының санасына берік орныққан. Кеңес одағы кезінде бұл үрдіс бізге де жетті. Қысқасы, Аяз ата негізінде бабаларымыз парасатының ұшқыны болған Қыдыр атаның прототиві деп ойлаудың тарихи құндылығы мол. Бір сөзбен айтқанда, кезіндегі көшпелі халыққа мейірімділікті, көпшілдікті, береке-бірлікті, молшылықты үлгі еткен Қыдыр ата Аяз ата болып қайта оралып отыр. Сондықтан жаңа жылда балаларға сауға ұсынатын Аяз атаның орнына Қыдыр атаны ауыстырудың еш ұяттығы жоқ деген ойдамын. Қайта, бұл – саналық тұрғыдан балалардың таным-түсінігін тереңдете түсетіндігі анық.
Кендебай Темірбайұлы,
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері:

– Халқымызда: «Батамен – ел, жауынмен – жер көгереді» дейтін мақал бар. Осы тұрғыдан келгенде Қыдыр атаның ең басты артықшылығы – қалың қауымға бата беріп, оларды болашаққа жетелейтін ұлы қасиетінде жатыр. Әлбетте, батаның сан түрі бар. Бірақ, Қыдыр ата жалпы қауымның атынан сөйлейтіндіктен, ондағы әрбір сөздің астарында терең мағына жатуы керек. Сонымен қатар, Қыдыр ата елді, әсіресе, жастар мен балғын балаларды болашаққа деген сенімге жетелеп, олардың балғын санасына ұлтжандылықты ұялатады. Дегенмен, әр жылдың өз ерекшелігі бар. Сонымен қатар, біз қазір тәуелсіз мемлекет ретінде өркениет пен өрліктің туын биік ұстап, болашаққа өз үніміз, жолымызбен бет алып бара жатқан елміз. Сондықтан, осы кездегі мерекелік шараның беташар батасында міндетті түрде осындай игілікті істер қамтылуы керек. Жастарды патриоттыққа үндейтін:
«Елбасымыз алысты көрсін,
Ел-жұртымыз табысты болсын.
Қыздарымыз сұлу,
Ұлдарымыз намысты болсын» дегендей, ойға жалын, бойға
жігер беретін ұғымдар қамтылуы керек. Сондай-ақ, Наурыз бата үлкенге де, кішіге де ортақ ұғым қалыптастырады. Былайша айтқанда, әр жастағы адам бата сөзінен өзіне керекті нәрсені тауып, сол арқылы бойындағы жақсылығын асырады, жамандығын түзетеді. Ал Аяз ата балаларға базарлық таратады. Расында, оның кішігірім сыйлығына қызыққан аңқау балғындар Аяз атаны асыға күтіп жүретінін жасырмаймын. Алайда, үлкейе келе бұл қылығынан ұялатыны тағы бар. Өзімізде сондай көңіл күйді бала шағымызда бастан кешірдік.
Біраз жыл облысымызда өткен Наурыз думандарда Қыдыр ата рөлін сомдап келдім. Әрине, басқа сахналық рөлдерге қарағанда оның жүгі ауыр екенін мойындаймын. Расында сахнада жүрген жылдарымда көбінше батыр, би, қаћан, хандардың рөлін көп ойнадым. Онда өңіңнен ызғар шашып, көзіңнен жалын есіп тұру керек. Тағы бір жағынан, қаћарлы немесе қарапайым болып көрінуің керек. Ал Қыдыр атаның бойынан өмірде қандай кейіпкер болса соның барлық қасиеті, ішкі дүниесі көрініс табуы керек. Көпшілік сенің үніңнен, жүрісіңнен, қимыл-қозғалысыңнан адамдық болмыстың барлық сипатын көріп тұруы керек. Ол үшін көп еңбектенген жөн. Қыдыр ата рөлін «Сегіз қырлы, бір сырлы» әртіс қана сомдай алады. Сахна өнерінен хабары жоқ адамдар бұл рөлді сомдаса күлкіге қалатыны анық. Ал Аяз ата бейнесінен аса көп құпияны күтудің керегі жоқ. Ұзын шапаны, салалы сақалы, қолындағы таяғы болса болғаны. Осы заттардың ішінде кім тұрса да балалар оны Аяз ата деп таниды. Ал үлкендер үшін қызықсыз. Қысқасы, Қыдыр ата тек мерекенің сәнін кіргізуші емес, ұлттық мәдениеттің ұшқырлығын танытушы кейіпкер.
Түйін
Қалай айтсақ та, Қыдыр ата ұғымының халқымыз өмірінде ерекше қадірлі екенін түсінеміз. Дей тұрғанмен, осы қасиетті ұғымды жете түсініп, қадірлей алмай жүргенімізде жасырын емес. Басында айттық, бата – қазақ ұрпақтары үшін құнды мұра. Бірақ, арамызда дұрыстап бата жасап, елдің ықыласын алатын аталарымыз азайып барады. Неге? Оған атеизмді әбден санамызға сіңірген Кеңестік таным кінәлі. Сондықтан осы және бұдан да басқа құндылығымызды қайта түлету үшін Қыдыр атаны дәріптеудің орны бөлекше деп ойлаймын. Осы қасиетті есімді жылына бір рет келетін Наурыз мейрамында ғана емес, оның жолын ұстанып, қасиетін бойымызға ұялататын іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп, жас буынның санасына сіңірсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Қ. Андас.
Q-Andas ақпарат агенттігі.











