Көптің қатарында біз де кітапты қолымызға алып, құныға оқып шыққан едік. «Шипагерлік баян» атты ғылымнамалық кітапты Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Қазақ хандығының іргесін қалаған әз-Жәнібек ханның тапсырмасымен жазады. Алайда әз-Жәнібек хан оқыстан қайтыс болады да, қолжазбаны Өтейбойдақ өмірінің соңына дейін жұртқа көрсетпей сақтайды. Өкінішке қарай, автордың артында ұрпағы қалмағандықтан қолжазбасын інісі Топайға аманаттап кетеді. Содан кейінгі қазақ өміріндегі аумалы-төкпелі жағдайдың себебінен аталған еңбектің елімен қауышу мүмкіндігі болмайды. Қолжазбаны Райымбек, Шыбыл, Қоңырбөрік, Тама, Бұршақ би аталарымыз бір-біріне өсиетпен тапсырып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Қолжазба көнерген тұста оны жаңалап көшіріп, көне нұсқасын өртеп отырған. Жыл жылжып, ғасыр ауысқан сайын ұлттық діліміз де, тіліміз де өзгерді. Кітап көне шағатай тілінде жазылғандықтан, кейін келе оны оқып, аударма жасайтындар азайып кетеді. Десе де, Өтейбойдақтың өсиеті бойынша қолжазбаны сақтаушылар шағатай тілін бір-біріне үйретіп отырады. Ал 1932 жылғы ашаршылық кезінде қолжазбаның соңғы аудармашысы Түменбай Ыстанбайұлы саяси қысымға төзбей Қытай асқанда оны өзімен бірге ала кетеді де, Текес ауданы, Шиліөзек ауылында сақтайды. Денсаулығы сыр беріп, қыңқыл-сыңқылы күшейе бастаған Түменбай ақсақал өзінен басқа көне шағатай тілін білетін адамның жоқтығын ескеріп, немере інісі Қатиппен бірге 1952 жылы кітапты соңғы рет шағатай тілінен қазіргі қазақ тіліне аударып, ұлы Нұртайдың еншісіне тапсырады. Бір қызығы, 1968 жылғы «мәдени төңкеріс» кезінде қытайлық белсенділер жатақхананы тінтіп жүріп, қолжазбаны тәркілеп, отқа тастайды. Отқа өртенбей қалған бөлігін Нұртай аман алып қалады. Сонымен 1994 жылы қолда бар қолжазбаны жинақтап, араб әліпбиімен Үрімші қаласындағы ғылым-техника баспасында басып шығарды. Екі жылдан кейін кітап кирилл әрпіне көшіріліп, Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Оттан да, судан да аман қалған қолжазба бізге осылай жетті.

Ғалымның жазған «Шипагерлік баяны» – ең алдымен медициналық еңбек. Бұл еңбек өзінің жүйелілігі, кемелділігі, ғылымилығы жағынан осы заманғы медициналық ғылыми еңбектердің қай-қайсысынан кем түспейді. Яғни, «Шипагерлік баяндағы» шипалық қасиеті бар емдік дәрілер тізбегінің өзі 1384 түрден асады. Оның 70 неше түрі металл-металойд, 859 түрі өсімдік, 455 түрі жан-жануар. Адам денесінің сыртқы тұлғалық бітіс аталымдарынан 430 жуық атау, бұдан сырт 1050 дәрі атауы, 4577 шипалық рецепт бар. Иә, бұлардың емдік қасиетін қойып, атын біліп, санын түгендеудің өзі қиын соғатынына ешкім шүбә келтірмейтін шығар. Өтейбойдақша: «…Сырқат себепкерлері саналғы тауысқысыз» болғанымен, шипагер өзінің ұзақмерзімдік зерделеуі, мол тәжірибесіне сүйене отырып, аурудың талай-талай себептерін анықтайды. Осы тұрғыдан зерттеген профессор Әуелхан Қалиұлы «Шипагерлік баянда» көрсетілген
аурудың себептеріне арнаулы орын беріп, талдау жасап, жүйелі сөз қозғайды. Шипагердің қолжазбасындағы дәлелдер бойынша аурудың себебін 14 түрге жіктеп көрсетеді. Сондай-ақ, кітапта жоғарыда көрсетілген ауруларды анықтаудың, емдеп-жазудың барлау, сөйлесу, тамыр ұстау сияқты жолдарын да ұсынады. Тіпті, «Шипагерлік баян» рецепт жазудың үлгісін де алғашқылардың бірі болып алға тартқан. Бұдан бөлек бүгінгі таңда терең зерттеуді талап етіп отырған тылсымдық медицинаның (жұлдызнамалық, балгерлік) түпкілікті мәнін де «Шипагерлік баяннан» таптық. Онда бақсы, жауырыншы, балгер, құмалақшы, болжамшы, аяншы, құшнаш, әулие, әнбиелерді шипагерлер қатарына жатқызып, тіл сұғы мен көз сұғын сырқат себептерінің бірі ретінде көрсетеді. «Жұлдыз – пенделік болжамдық дестыр» («Шипагерлік баян» 85-бет) деген пайымдаулар арқылы жұлдыз бен адам ғұмырының сабақтастығын пайдалана отырып, психикалық тұрғыда адам емдеу тәсілі кең ауқымды баяндалады. Сонымен қатар, кітапта киелі сандарды пайдалану жиі ұшырасады. Яғни, дәрі беру уақытын 3, 5, 7, 21, 25, 41 күн деп келтіруі ғылымилықтан гөрі, тылсымдыққа жақын ұғымдар. Осыдан барып, жеті атаға толмай қыз алысуға болмайтын тыйымды ойлап табады. Оның бұл пікірін құптаған әз-Жәнібек хан: «Жеті атадан ілгері қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт жарағы. Әгар олай болса, болғанына көз жетсе, жұбайларды тең бас қылыштамақ шарт», – деп жарлық шығарады. Тіршілікті материалистік тұрғыда түсіндіруді ғылым дүниесі Энгельстің «Анти-диуонигінен» білсе, бұл тақырыпты Өтейбойдақ одан 400 жыл бұрын өз ғылымнамасында қозғаған. Қазіргі медицина тарихында: «Ағылшын шипагері Эдуард Дженнер 1796 жылы шешек вакцинасын тапты», – деп жазады. Ал содан төрт жүз жыл бұрын Өтейбойдақ бабамыздың шешек вакцинасын тауып, оны шипагерлікте қолданып, ауру балаларды емдеп, жазғанын кітапта тайға таңба басқандай көрсетеді. Сондай-ақ, бүгінгі медицина ғылымы 3000 түрлі дәрі шөптің емдік қасиеті жинақталған қытайлық Ли Цы Джиннің «Дәрі шөптер каталогі» деген 1780 жылдары жазылған еңбегін аса жоғары бағалайды. Ал «Дәрі шөптер каталогінен» 300 жыл бұрын жазылған «Шипагерлік баянда» 4000 түрлі шөптің емдік қасиеті көрсетіледі.
Несін жасырайық, аталмыш еңбек бірінші рет басылып шыққанда оған таңғалғандар да, сенімсіздік танытқандар да кездесті. Бірақ, уақыт өте келе күдіктен гөрі, оның ғылымға қосқан үлесін жоғары бағалайтындардың қатары көбейе бастады. Аталмыш еңбекке алғаш өз пікірін білдірген қытайлық зерттеуші, ғалым Төлеуқан Ыбырайұлы: «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабы – Шығыс медицинасының үлгісімен жазылған, бірнеше ғылымдардың басын біріктіретін, адам баласының ең басты байлығы – денсаулықты сақтап, сырқаттарды емдеудің негізін қалаған терең де тарихи ғылымнама» – деп бағалады.

Демек, аталмыш кітап тек медицинасының жетістіктерімен қатар, ұлтымыздың тіл, мәдениет, тарих, философия, биология, астрономия, этнография, психология ғылымындағы табыстарынан да толықтай мағлұмат береді. Өтейбойдақ өз қолжазбасында жоғарыда аталған ғылымдарды өте шебер үйлестіріп, халықтың түсінік-түйсігімен түйіндеп, қарапайым тілмен баяндайды. Ең бастысы, «Шипагерлік баян» – Қазақ хандығы тарихының аса күрделі кезеңінде жарыққа шыққан бірқыдыру басы ашылмаған тарихи шындықты айқындап беретін шынайылығымен де құнды. Ондағы тарихи деректерге жүгінсек, Жәнібектің Ақ Орда ханы аталғандығы, хандықтың астанасы Құзорда болғандығы баяндалады.
Сонымен қатар, еңбекте Жиренше шешен, Жиренше ханзада, хан Темір, Қанай шешен, уәзір Жандамар, уәзір Шаркеш, тағы да басқа тарихи тұлғалардың аты аталады. Әрине, ел арасындағы аңыз-әңгіме, қиса-дастан, тарихи кітаптарда әз-Жәнібек туралы дерек көп. Бұдан бұрынғы мақалаларымызда аталған тұлға жайлы біраз жаздық. Сондықтан бұл ретте әз-Жәнібек туралы тоқталмауды жөн көрдік. Ал бізді «Шипагерлік Баяндағы»: «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бин ұлұ иүз бин Зарман бин Адбан бин Әл-Құзорда».., «Ордадан оңаша, арнаулы сыйласырдан жайлы орын бергесын, миыма тоқығаным мен қайта еске жазғандарымды, ойға жиғандарымды жазуға кірістім» деген дерек қатты қызықтырды. Осыдан Керей мен Жәнібектің Шу өзені бойындағы Құзорданы ең алғашқы астана еткенін білдік. Жәнібек хан Солтүстікке жорық жасап, қазақ тайпаларын біріктіру барысында да астанасын көшірмеген. Кейін Бұрындық хан тұсында Қазақ хандығының астанасы Сығанақ, одан кейінгі жылдары Сауран, Түркістан, Ташкент қалалары болғаны тарихтан белгілі.
Ендеше, алдымен: «Бұндағы Құзорда қазіргі қай қала?» деген сұрақтың туатындығы анық. ХІ ғасырда өмір сүрген ғұлама Жүсіп Баласағұн: «Болған талай қалалар да, халық та, уақыт көмді бәрін жерлеп табытқа» дегендей, есімі ескі тарихтан белгілі Құзорда жайлы деректі іздестіріп жүріп, оның Қарахан әулеті мен Қарақытай (Қытан) хандығының саяси орталығы болғанын білдік. ХІ ғасырда Қараханидтер мемлекетінің астанасы Баласағұн (Құз орда) шаһары мәдениет, ғылым-білім саласында басқа қалаларымен салыстырғанда оқ бойы озық тұрған. Оған дәлел ретінде Махмуд Қашқари «Диуани луғат ат-түрк» (1072 – 1074) сөздігі мен Жамал Қаршидың «Мүлхакат ул Сурах» (1230 – 1305) шығармаларындағы дәлелдерді айтсақ та жеткілікті. «Қараханидтер елінің екі орталығы болды. Оның бірі Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласы, яғни Құзорда, енді бірі Қашқар қаласы» («Қазақтың қысқаша тарихы», ШҰАР халық баспасы, 209-бет 1986 жыл). «1133-жылы Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласының қасына Қарақытай патшалығының жаңа астанасы салынды. Бұл Құзорда деп аталды» (Бұл да сонда). Халидовтың айтуынша: «Бала» – көрікті қашалған тас, «Сағұн» – қала деген моңғол сөзі. Көрікті тас қала деген ұғым береді, – дейді» (Құрбанғали Халидов. «Тауарих хамса», Қазан, 1911, 681-бет). Осы дәлелдердің өзінен-ақ, Құзорданың Баласағұн қаласының екінші бір атауы екендігіе көз жеткіземіз. Сонда Қазақ хандығының алғашқы астанасы Баласағұн қаласы деуге негіз жеткілікті.
Тарихи деректерде Жәнібек ханның туған, қайтыс болған жылдары белгісіз болып келген еді. Алайда, «Шипагерлік баянда»: «Амал қанша, хан тақсырмен жүздестіріп ғалек алғызбай жазып болып, ертең ұсындаулық қол екі болар деп қуанып, бетіне мына дәтті жаздым: Аллажар тақсыр хан, қасиет жарлығы түсіргі сай хан тағында асмар тағында қол алғай орда алды. Жазылмыш «Шипагерлік баяны» болмыш. Езгі тағзым жаса бас байтақ ұсыным…Қуанышым өте ерте болған екен. Сол түні ғақыбытлы хан Темір ойда жоқта қандауыш қарғы бастады да, хан Жәнібек жан жаһаннам тұлға қандыр болды…Ағыбытқан темір Алладан торығар. Даяжаннан бал тамбас кызінеу қайдан тұрғызар деген осы-ақ шығар…» – деп Жәнібек ханның өлуінің себебі туралы мағлұмат береді. Расында тарихшылар арасында сырлы болып келген әз-Жәнібек ханның қазасы туралы бұл дерек өте құнды. Оның дұрыстығын ғалымның өмір сүрген жылдарымен салыстыра қарастыруға болады.
Яғни, ғалым өз еңбегін өмірінің қай шағында жазғанын да айқын ескертіп: «Жетпіс жылдық өмірімдегі төл кешірме, кешіргіліктік ая бойынша жазып отырмын», – дейді. Демек, ғалым «Шипагерлік баянды» жазуды жетпіс жасында бастаған. Сондай-ақ, өзі туралы мәліметте туған жылының иіртек екенін көрсетеді. Иіртек – ұлу. Ұлу жылы 1397 жылға тұра келеді. Одан жетпіс жыл өткен уақыт 1467 жылды көрсетеді. Яғни, Өтейбойдақ ғаламат еңбекті 1467 жылдары жазуға кіріседі әрі ханға: «Әгәр сырқат науқас кежігу болмаса, тұлғалы бітісім мінсіз ұялы, берік болса, хан қасиатлы жарлық шыбын жаншық орындалмақ», – деп уәде етеді. Өкінішке қарай, ол ұлы еңбекті 1473-1474 жылдары жазып бітеді де, жазған дүниесін ханға тапсыра алмайды. Кітапты жазып беткен түні Жәнібек хан Темір ханның қолынан қаза табады(Бұл туралы да «Шипагерлік баянда толық баяндалады). Ендеше, әз-Жәнібек ханның өліміне себепкер болған Темір хан дегеніміз кім? Ол неліктен Жәнібекті қапияда өлтіріп отыр? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Қытайдың тарихи жазбаларын ақтарып отырып ойраттың өз-Темір деген тайшы (қытайша мансап аты) болғанын білдік. Бұл адам ойрат ханы Есенбұғаның екінші баласы. 1453 жылы Есенбұға Шыңғыс әулетінен хан сайланатын салтты бұзып, өзін хан деп атаған соң оның балалары мен туыстары да хан, тайшы, құнтайжы лауазымдарын алуға құқылы болды. Ал Есенбұға Шәйбани әулеті мен Жүніс ханнан қорғану үшін Шу мен Талас өзенінің аңғарын Керей мен Жәнібекке бөліп беріп, Қазақ хандығын құруға мүмкіндік жасағанын білеміз. 1454 жылы Есенбұға өлген соң қалың ойрат тайпалары оның ұлы өз-Темірдің басшылығымен Жетісу, Сыр бойына шапқыншылық соғыстарын үдете түсті. 1450 жылы Темір әскерлері Түркістаннан көрінсе, 1457 жылы Әбілқайырды ойсырата жеңді (Қазақ совет энциклопедиясы). Ал Жәнібек хан тұсында Қазақ хандығы Әбілқайыр ханның көшпелі өзбек мемлекетіне қарсы тұрып, Сыр бойындағы қалалар мен сауда орталықтарына ие болу үшін ойраттармен достық қатынас орнатты. Қазақтар мен ойраттар бірлесе отырып, өзбектерге төтеп берді (Қазақ совет энциклопедиясы). Алайда, қазақтардың күшінің күн сайын ұлғаюы ойраттармен арадағы қайшылықты туындатты. Ақыры Жәнібек хан 1474 жылы Темір ханның қолынан қапыда қаза тапса, өз-Темір 1478 жылы қайтыс болады. «Шипагерлік баян» бізге осылай тарихтың тағы бір құпиясын шешіп берді.
Аталмыш еңбекте сөз болатын тағы бір тарихи тұлға қазақ аңыздарында жиі айтылатын Жиренше шешен. Яғни, Өтейбойдақты Жәнібек ханға таныстырған Жиренше шешен. «Шипагерлік баянда: – «Жарайсың, қарабас! Басың нағыз алтын бас, тілің нағыз гауһар тас екен. Әкең атыңды тауып қоя алмапты. «Қарабас» деп, елі ілікке алуға жарамас деп, әттең қойса жөн екен, «Алтынбас» деп, – деді Жиреншеге бұрылып, кенет Жиренше езгі тағзым жасап ханға:
– Әкем менің атымды жағалап қойыпты, сіз бағалап қойдыңыз, жұрт ағалап айтатын шығар. Бірақ, тақсыр, менің атым «Қарабас» емес, Жиренше, Азан айтып қойған аттан айырылып босқа күйгенше, басымды шауып тастаңыз, қара жерге кірейін ғазиз басымды игенше, – деді де езгі тағзым жасап тұра берді. Хан бедірейе қарап бірсыпыра отырды да, кенет түсін жылытып:
– Жасың қаншада? – деп сұрады Жиреншеден.
– Жылым айбар, қырық беске келдім. Біле алмадым мәнін, мен қалайша өлдім? – деді».
Иә, «Шипагерлік баяны» 1467 жылы жазылғанда Жиренше шешен 45 жасқа кірген. Сонда ол 1422 жылдары туған болады. Бір қызығы, Жиренше шешен туралы аңыз-әңгімелер XV-XVI ғасырдан басталады. Екі дерек те бірін-бірі дұрыстап тұр. Ал Жиреншенің «Қарабас» аталуына Жәнібектің Махмұттан кейінгі ұлы ханзада Жиреншемен аттас болғандығы себеп болады. Жиренше сұлтанның есімі 1470 жылдары Сауран, Созақ түбіндегі, Қаратаудың Сұғынлұқ асуындағы ірі шайқастармен белгілі. Ол Мұхаммед Шайбани жасақтарының бірі Әліке сұлтан билеп тұрған Сауран қамалын алып, оның дербес билеушісі болған. Бұл дәлелдер Жиренше шешен туралы ақиқаттың дұрыстығын тағы да растай түседі. Ал «Шипагерлік баяндағы» оң қол бас уәзір Шәркеш, сол қол бас уәзір Жандамар, Қанай шешен, тағы да басқа есімдер туралы арнайы зерделеу керек.
Қысқасы, «Шипагерлік баян» шмпагерлік тұрғыдағы ғылымнама болумен қатар Қазақ хандығының құрылуы кезеңіндегі тарихта жұмбақ болып келген Жәнібек ханның қазасы, қос Жиренше, Қазақ хандығының алғашқы астанасы Құзорданың сырын ашып берді. Ол сонысымен де құнды.
Қажет АНДАС
Дереккөз: «Жетісу» газеті, №118, Сенбі 17 Қазан 2015 жыл, 5-бет.
Q-Andas ақпарат





