Шоқанның «Ыстықкөл сапарының күнделігіне» жасалған талдаулардан 1856 жылы Шоқан қатысқан, полковник М. Хоментовскийдің жетекшілігімен ұйымдастырылған, Семейден шыққан әскери-ғылыми экспедицияның Аягөзге, одан әрі батысқа қарай Арғанаты жотасының солтүстік шеті арқылы Лепсі, Ақсу өзені, Жетісу Алатауының солтүстік сілемі — Қаракүңгей жотасындағы Гасфорт асуы арқылы Қапал бекінісіне жеткені анықталады.
Күнделіктегі жазбаларға сәйкес, Арғанаты тауы — Лепсі мен Аягөз өзендерінің төменгі ағысы аралығындағы тау. Абсолюттік биіктігі – 712 метр, ұзындығы – 25, ені – 10 шақырымнан астам. Саяхатшы тау беткейінде жабайы аскөк, шомыр, сәбізшөп, жабайы сарғалдақ, тобылғы, қараған өсетінін сипаттаған. Табиғатына сипаттама бере отырып, Арғанатының батысындағы Балқаш ойысында шөлді ландшафттар басым екенін атап өткен.
Шоқан Лепсі өзені аңғарында тораңғылы, жиделі, жыңғылды тоғайларды, өзеннің батысындағы құмды шөлдерді сипаттап, онда өсімдік жамылғысы тасты шөлдерге қарағанда біршама мол екенін және мал жайылымына қолайлы екенін жазады. Сонымен қатар тасбақалар мен жыландардың көп болатынын атап өткен.
Саяхатшы Лепсі, Ақсу, Қаратал өзендерінің бастауын Жетісу Алатауынан алатынын, суы мол әрі терең екенін, одан салмен жүзіп өткенін сипаттаған. Қазіргі Қоқан қорықшасы аумағын қамтитын Лепсі өзенінің Балқашқа құяр сағасы қалың қамысты болып, онда түрлі құстар мекендейтіні және жолбарыс кездесетіні жазылған. Бұдан XIX ғасырдың екінші жартысында Балқашқа құятын өзен сағаларында қамыс жолбарысы мекендегенін, ал қазіргі кезде оның жойылып кеткенін көруге болады.
Ыстықкөл сапарының күнделігінде түркі кезеңінің балбал тастарының, жол бойындағы қазақ зираттарының, ежелгі қорған төбелерінің суреттері де салынған.
Өз жазбаларында Шоқан қазіргі Алтынемел, Көлсай көлдері, Іле Алатауы, Шарын ұлттық табиғат парктері аумағындағы Іленің сол жақ салалары — Талғар, Шарын өзендерінің салалары; Орта Шет Меркі, Кеген, Темірлік; Шелек өзенінің салалары — Сатылы, Қарабұлақ, Құрметті, Жіңішке, Сарбұлақ, олардың ағыстарының сипаттарын берген. Шелек жағалауындағы алқаптарда мал жейтін шөп жоқ, тек жусан мен қызғалдақ бар, бірақ өзеннің жағасында тал, жиде, тобылғы, жыңғыл өсетінін атап өткен.
Шоқан саяхат бағыты бойындағы қазіргі Қаратұрық, Қорам ауылдарының маңында ши, қоңырбастан тұратын шалғынды биік шөптесін өсімдіктер өсетінін, кей бөлігінің батпақты болатынын жазған. Ғалым Қорам атауын ежелгі молалармен байланыстырады. Қазақ аңызы бойынша, мұнда қалмақтардың бекінісі болған, оны Абылай хан қиратып, Шелек алқабын жаудан тазартқан.
Шоқан өз жазбаларында Шелектен Ыстықкөлге баратын керуен жолының Сөгеті тауы — Көкпек асуы — Торайғыр тауы — Темірлік — үш Меркі өзендері — Қарқара жазығы — Санташ арқылы өтетінін сипаттаған.
Саяхатшы Ыстықкөлге керуен жолымен емес, Сөгеті тауы — Орта Меркі — Шет Меркі — Қарабұлақ — Сатылы — Құрметті асуы арқылы барған. Ғалым Ыстықкөл мен Қашқарияға сапары барысында Шарын, Іле Алатауы, Көлсай көлдері ұлттық парктері мен оған жапсарлас жатқан Еңбекшіқазақ, Кеген, Ұйғыр аудандары аумағындағы жер-су аттарын, өсімдіктері мен жануарлар дүниесін зерттеуге баса назар аударған. Бұған дәлел — жоғарыда аталған аумақтардың жер-су аттарының шығу тегі мен мағынасына берген сипаттамалары.
Өз жазбаларында атауы бүгінге дейін сақталған Сөгеті мен Торайғыр арасындағы Шелек ағысының Бартоғай шатқалы, Шарынның Бөгеті мен Торайғыр таулары біткен жердегі ағысы — Сарытоғай, ал оның Бірінші Меркі құятын жерден Сарытоғайға дейінгі арасы Ақтоғай деп аталатынын атап өткен. Торайғыр, Бөгеті, Сөгеті тауларында қыста қар аз түсетіндіктен, қыстауға қолайлы екендігін көрсеткен.
Торайғыр, Бөгеті, Сөгеті тауларында қыста қар аз түсуіне байланысты қыстауға қолайлы болуымен ерекшеленеді.
Өз жазбаларында Орта Меркі, Шет Меркі мен Кеңсу өзендері алабында, Торайғыр, Сөгеті, Бөгеті тауларында қарақұйрық, құстардан жабайы кептер, кекілік, шіл, тау қараторғайы, суық торғай, лашын, қозықұмай мекендейтінін атап өткен.
Шоқан Орта Меркінің Шарынға құяр сағасынан бастап тік жартасты шатқалды болатынын, өзеннің орта ағысында шырғанақ, ырғай, сарыағаш, сары гүлді және ұсақ жапырақты итмұрын, жапырақтары кішкентай биік қараған, үшқат, қылша, тау беткейлерінде шырша өсетінін сипаттаған.
Шоқан еңбектеріндегі Жетісу өңіріндегі жер-су аттарының мән-мағынасы Шоқан еңбектерінде жан-жақты сипатталған қазіргі Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек аудандары аумағындағы жер-су аттарының мағыналарын анықтап, сөздік жасадық.
Қарқара — өзен атауының шығуы туралы аңыз жердің фаунасымен байланысты. Бір аңызда бұл мекенді ұзақ уақыт мекендеген Қарқара атты құс болған, халық оны қастерлеп, өзенге сол құстың атын берген. Басқа аңызда Қарқара — аса сұлу ару қыздың аты ретінде аталады.
Ақтоғай — ойыс жерлердің, сулы жағалаулардың атауы. «Ақ» сөзі кейде «су» мағынасында, ал «тоғай» сөзі — әртүрлі фонетикалық нұсқаларда (туғай, тохой, т.б.) қолданылған.
Бүйен — Жетісу Алатауының солтүстік беткейіндегі мұздықтардан басталатын өзен. Көне түркіше «бий» — биік, «-ен» — көптік аффикс. Бірнеше саласы (Бала бүйен, Бүркіттібүйен, Сұңқарбүйен) қосылып, ортақ атауға ие болған.
Быжы — Қараталға құятын өзен. Көне тілдегі «бажа» сөзінен, мағынасы — «саз», «сазды жер».
Елшенбүйрек — Райымбек ауданындағы тау мен алқап атауы. «Елчен» — моңғол тілінде «шабарман», «бүйрек» — көне түркі тілінде жер бедерінің ойыс пішінін білдіреді.
Күнес — өзен атауы. Төр Жетісу қазақтарының тілінде «күнес», қырғыз тілінде «күнгей» — күнге қарап ағатын өзен.
Күреңбел — елді мекен атауы, түспен байланысы жоқ. «Күреңсе» (өсімдік аты) + «бел» сөздерінен жасалған.
Өсек — Панфилов ауданындағы Ілеге құятын өзен. Екі жорамал бар: біріншісі — көне түркі «ус» (су) + «оқ» (тайпа), мағынасы «қасиетті су»; екіншісі — Үш-оқ тайпасының атауынан шыққан.
Шарын — парсы тілінде «шар» — төрт, мағынасы дүниенің төрт бұрышы.
Түрген — «түрілген», «көтерілген» дегеннен шыққан, таудың биік бөктеріндегі қоныс атауы.
Бұғыты — «бұқ» (жасырыну, көзге түспеу) + «ты» аффиксі, сондай-ақ «бұғы» жануарының атауымен байланысты.
Сөгеті — қырғыз, ұйғыр тілдерінде «сөгет» — верба (талдың бір түрі). Сондай-ақ моңғол тіліндегі «соготы» (марал) сөзімен байланысты болуы мүмкін.
Торайғыр — «торы» (жылқы түсі) + «айғыр» (жылқының аталығы), таудың кескін-пішініне байланысты қойылған.
Шоқанның ғылыми қызметі мен этнографиялық зерттеулері, таңдамалы шығармаларына жасалған талдаулар Шоқан Уәлихановтың саяхатшы ғана емес, барған жерлерінің табиғатын, өсімдік жамылғысын, геологиялық құрылысын сипаттап, жол жазбаларына карта-сызбаларын жасаған географ әрі картограф, халықтың салт-дәстүрлері мен аңыздарын жинаған этнограф екенін көрсетті.
Қысқа ғұмырында ол Ресей мемлекеті мен әскери қызметкерлері үшін маңызды анықтама болатын картографиялық мұралар қалдырды. Әр зерттеу бағыты бойында өзендерді, тауларды, асуларды, тау жоталарын сызып отырған. Бұл еңбектерінің басты құндылығы — қазіргі географиялық карталардың негізіне айналуы.
Шоқан этнограф ретінде Баянжүрек, Ешкіөлмес, Матай тауларындағы жартастағы суреттерді, Қапал ойысындағы қола дәуіріндегі астрономиялық бекет пен ғибадатханаларды, Шалкөде аңғарындағы Шартас киелі орнын зерттеп, аңыз-әңгімелерін жинаған.
Шоқанның этнограф ғалым ретінде табиғи ғибадатхана қызметін атқарған Баянжүрек, Ешкіөлмес, Матай тауларындағы жартастағы суреттерді, Қапал ойысындағы қола дәуіріндегі аспан денелерін бақылайтын астрономиялық бекет және ғибадатхана қызметін атқарған “Қалақай”, Шалкөде өзеніні аңғарындағы Шартас киелі орындарын зерттеп оларға қатысты аңыз-әңгімелерді жинауы дәлел болады.
Қысқа ғұмырында ғылымға ұзақ жол салған Шоқан еңбектерін тәуелсіз мемлекет тұғырында тұрып, кешенді зерттеудің қажеттелігі мол.
Қажет АНДАС,
Q-Andas ақпарат.











