Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Тұлғатану

Шаған таудың перзенті

admin
2025/09/08
Тұлғатану
0
Шаған таудың перзенті

Тұрсын ӘбДУӘЛИЕВ (1939-2021) – қаламы қарымды журналист,  белгілі қаламгер. 1985-1996 жылдары облысы “Жерұйық” газетінің бас редакторы болды. 1997-99 жылдары республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі, 1999 жылдан І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің аға оқытушысы.[2] 2002 жылға дейін Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында саясаттану және философия пәндері бойынша аға оқытушы болып қызмет істеген.«Ауыл азаматы», «Алтын бағандар», «Өмір оты өшпейді», тағы басқа прозалық кітаптардың авторы.

Хакім Абай: «Бірі ішсем, жесем, өмірден өтсемнің өмірі. Енді бірі – нағыз өмір», – деп адам баласының өмірін екіге жіктейді. Әрине, біздің арамызда еңбегін бұлдап, қадірін асырмай-ақ қарапайым тұлғасымен үлкен-кішінің құрметіне бөленіп жүрген жандар баршылық. Солардың бірі біз әңгімеге тартқан Тұрсын Әбдуалиев. Қойнауына құт дарыған, баурайы төрт түлік малға өріс болған Шаған тауының бөктеріндегі Мұсабек ауылында дүниеге келген ауыл баласы кейінгі күндегі талпынысы, табандылығы, ізденгіштігі арқасында жас буынға үлгі болар үлкен адамдық қалпын қалыптастыра алды. Әлбетте, жетпіске келу бар да, қалай келу тағы бар. Тұрсын аға жетпіске басқаларға үлгі болар өзгешелігімен келді. Сондықтан оның өмірі мен өрге сүйреген кісілік қалпын бір екшеп алу кім-кімге болса да керек-ақ.

– Тұрсын аға, өз тұстастарыңыз сіздің кісілік қалпыңызды, адамгершілік ұстанымыңызды, жұмысқа жауапкершілігіңізді біледі. Сондықтан да сый-құрметке бөленіп, жетпіс деген белеске сергек, сезімтал қалпыңызбен жеттіңіз. Десе де, бүгінгі жастар жағы сіздің даналық, ақсақалдық, бедел биігіне көтерілген кезіңізді білсе де, сол биікке қалай жеткеніңізді  біле бермейді. Бұл тұста, мені, жастардың көкейінде жүрген «Бала Тұрсын, дана Тұрсынға қалай айналды екен», – деген сұрақ ойландырып отыр.  Мұны өзіңіздің аузыңыздан тыңдасақ?

– Әрине, мейлі қоғам қайраткері, өнер адамы немесе ғылым жолына алтын уақытын арнаған жандар болсын, оның өзіндік өмір белесі, бастан кешірген ыстық-суық қайшылықтары, қалыптасу кезеңі болады. Кейде, сенің басқан ізің, сол барыста көрген, көкейге түйген ақиқаттарың жинақтала келіп, сенің келешек болмысыңды жасайды. Былайша айтқанда, іскерлігің мен табандылығың бір арнаға тоғысса, жолай кезіккен кедергілерге мойымай алға ілгерілей алсаң, алынбайтын қамал болмайды. Әлдекімдерше бала күнімде жазушы, журналист немесе басқа өнер адамы боламын деп армандадым деп айта алмаймын. Бірақ ауыл ақсақалдарынан алған таза да, кіршіксіз кісілік, адамгершілік қасиетті есіме сақтап өттім дей аламын. Бұл менің өмірлік ұстанымым болды.   Құжатымда жазылғандай, 1ұ3ұ жылы қазіргі Көксу ауданының Мұсабек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келдім.  Дей тұрғанмен, көп балалы отбасының қызығы мен қуанышына бөленіп, бауырларыммен асыр салып ойнаған қоңыр дөңдер мен арманға жетелеген көк белдер көкейімнен бір кетпейді. Орта мектепті қатарластарым сияқты жақсы нәтижемен тамамдасам да, мектепті бітіре сала қойшы таяғын қолыма алдым. Мүмкін, әкемнің бір ойлағаны бар шығар, ол кезде «шопан» атанудың өзі де қадірлі кәсіп саналатын. Тіпті, үш жыл шопан болғандар жоғары оқу орнына емтихансыз қабылданып жататын. Кейде осындай үмітке алданып, шыдай беруге көнсем де, алыс отарда мал соңынан салпақтау маған ауыр тиді. Қыңырлыққа салынған кездерім де аз болған жоқ.

Мені шопандықтан немере әкем Момын Берсүгіров құтқарды. Әкем аңқылдақ, ақкөңіл адам еді. Оның үстіне ол кісінің айтқанын ауыл болып тыңдайтыны тағы бар. Әкемді қалай көндіргенін білмеймін, бір күнде қойшы баладан теміржолшыға айналдым. «Өзі жақсы жігітке бір кісілік орын бар» демей ме, Көпір теміржол бекетінде ұзақ жылдар жұмыс жасаған Әбдіқадыр Шойбеков, Батырбай Жаманқұлов сияқты байырғы теміржолшылардың көмегімен жұмысқа төселіп шыға келдім. Айнабұлақ дистанциясының басшылығы мені Жамбыл техникалық мектебіне бір жылдық «бригадирлік» оқуға жіберуді ұйғарды. Ол жерден мен теміржолшы оқуымен бірге, болат жол еңбеккерлерінің шынайы, таза адамгершілігі мен өмірге деген терең сүйіспеншілігін оқып бітірдім десем де болады. Онда бүкіл республикадан 32 адам болдық. Олардың сенімі, жігері, тірлікке құштарлығы осы күнге дейін ойымда жатталып қалыпты.  Енді бірде, 1ұ58 жылы әскер қатарына алынған екі мың баланың Үштөбе стансысынан аттанғанымыз жадымда қалыпты. Біз Үштөбеден шығып, он үш күн дегенде Украинаның Львов қаласынан бір-ақ шықтық. Қызығы мен қуанышы, қиындығы мен қынжылысы көп үшжарым жылдық әскери өмір менің болашақ мамандық таңдауыма ықпал етті.  1ұ62 жылы «Аға лейтенант» деген шенмен ауылға оралып, тағы да сол меншікті кәсібім теміржолға жұмысқа шықтым…

Мұның бәрін тізбелеп айтып жатуымның да өзіндік себебі бар. Қазір ойласам, әкемнің байламы да дұрыс болған екен. Өйткені, шопандық мені табандылыққа, теміржол – қажырлылыққа үйретті. Кейінгі күндерде кезіккен талай қиыншылықтарды бала күнде бойыма жатталған осы қасиеттерім арқылы жеңіп отырдым. Соңғы жылдарда жазылған туындыларымда сол адамдардың мінсіз қасиеттерін өз кейіпкерлерім арқылы көрсетіп отырдым. Өйткені, олар «Тағылым» атты кітабымда жазғанымдай: «Бәрі де кешегі, бүгінгі тірліктің тізгінін мығым ұстап, өздерінің өмір өріндегі орындарын тапқан тұлғалар. Әншейін көптің бірі ретінде өмір сүру үшін еңбек еткендер емес, жасампаздық жалауын биіктете ұстаған айрықша қабілеттерімен танылған тұлғалар» еді. Ал, әскердегі кезімде өнерге бет бұра бастаған едім. Баян, домбыра тартып, өлең шығаратын болдым. Әскерден оралған соң сонда жазылған мақалаларым Қаратал аудандық «Коммунизм жолы» газетінде жиі жариялана бастады. Нәтижесінде, бұл газетте жұмыс істейтін белгілі журналист жеңгеміз Толқынай Қарабекова, Жұмахан Маитжановтардың көмегімен 1ұ63 жыл аталған газетке корректор болып жұмысқа орналастым. Содан бастап менің екінші өмірім, қаламгерлік, журналистік сапарым басталды. Балалықтан шыңдалуға жету жолым да осылай өріледі.

–  Содан бері баспасөз саласында еңбек етіп келесіз бе?

– Жоқ, газетке келсем де, маған ақпарат саласында жұмыс жасау жазбаған екен. Арада отбасының жағдаймен бір мезгіл мұғалім болғаным бар. Оның үстіне, алғаш газетке келгенде білімімнің жеткіліксіздігін аңғарып, оқуға деген ықыласым арта түсті. Ақыры 1ұ66 жылы В. Ленин атындағы Москва мемлекеттік педагогикалық иниститутына құжаттарымды тапсырдым. Аталған оқу орнын оқи жүріп, марксизм-ленинизм университетінің журналистика факультетін бітіріп шықтым. Кейін Свердлов мемлекеттік педагогикалық институтын, Москва қоғамдық білімдер академиясын бітірдім. «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар емес пе? Осыдан кейін ұзақ жылдар жауапты партиялық қызметтерді істеуге тура келді. Осы жылдар аясында Талдықорған облыстық партия комитетінде ақпарат құралдары бойынша нұсқаушы, лекторлар тобының жетекшісі, саяси-ағарту үйінің меңгерушісі, облыстық телевизия және радио комитетінің төрағасы, сондай-ақ, аудандық, облыстық газеттердің бөлім меңгерушісі қатарлы қызметтерді атқардым. Халық депутаттары облыстық кеңесінің үш шақырылымы бойынша депутаты болып сайландым. Бұл тұста менің саяси санам толысып, кемелденген кезіне жетті. Көзқарасым да, адамдық таным-түсінігім де қалаптасып үлгерді.

Ал баспасөз саласына дендеп кіріскенім облыстық «Октябрь туы» – «Жерұйық» газетінің бас редакторы болып қызмет еткен 1ұ85-1ұұ6 жылдар аралығында болды. Бұл тұстағы ең бастысы, облыстық газетті басқарып отырсам да ел өміріндегі келелі мәселелерді қозғап, талай мәселенің шешімін тапқанымызды айта аламын. Ауылдағы алғабасар істер, балабақша мәселесі, теміржол, тұрғындарды тұрғын үймен қамту мәселелерін тереңнен талдап, биліктің назарына ұсынып отырдық. Соның нәтижесінде көптеген іргелі істер атқарылып, назардан тыс қалған жайлар шешімін тауып жатты. Осындай құлшыныс барысында бірталай қаламгерлер мен журналистер қауымын тәрбиелеу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Атап айтар болсақ, қазіргі күнде республикаға танымал ақын Жұматай Жақыпбаев, Әбен Дәуренбеков, Ордаш Кендірбаев, Кемел Құсайынов, Тоқтасын Сүгірбеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әміре Әрін, белгілі журналистер – Мәулетқан Ақсанов, Ғалым Жазылбеков, Қанат Асқаров, Талғат Батырханов, Бағдат Баққожаева, сатирик, жазушы Тұрлыхан Кәрім қатарлылар міне, осы «Жерұйық» газетінің шекпенінен шыққандар. Әрине, олар бүгінгі таңда өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерлер  болғанымен, олардың қалыптасуына басшы ретінде аз болса да үлесім бар дей аламын. Тағы бір жағынан осы жылдары менің шығармашылық жұмысымның жоғары белеске көтеріліп, «Тоқыраудан толымды табысқа дейін», «Жер мен тер», «Өмір оты өшпейді» атты туындыларым жарық көрсе, «Алтын бағандар», «Келесі күні таңертең» атты екі кітапты аударып, бастырдым. Бұл дүниелерді оқырмандарда жылы қабылдады. Нәтижесінде, 1ұұ4 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылдандым. Он бес жыл бойы Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалын басқардым. 1ұұ6 жылы бір мезгіл республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болып қызмет атқара жүріп, ұстаздық салаға ат басын бұрдым. Содан 2002 жылға дейін Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында оқытушы болып жұмыс істеуге тұра келді. Алайда, бұл жылдары ұстаздық ете жүріп Зылиха Тамшыбаеваның өмірін өзек еткен «Өмір өрінде», «Тағылым» атты екі кітабымды жазып, оқырманға ұсындым. «Еңбегі бардың өнбегі бар» демекші, 2006 жылы Алматы облысының Құрметті азаматы деген атаққа ие болдым.

– Әлбетте, адам есейген сайын өмірден көрген, білгенін екшеп, қайталай ой елегінен өткізіп отырады. Сіз жазушылық пен журналистиканы тең ұстанған және оның қыры мен сырын жетік меңгерген қаламгерсіз. Осы тұрғыдан келгенде, өзіңізді қандай әдебиеттің өкілі санайсыз, журналистикадағы ұстанған бағытыңыз жайлы айтып берсеңіз?

– Біз әдебиет майданына Мұхтар Әуезовтің үлгісімен келдік. Ғабаңның, Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын оқи жүріп, ержеттік. Сондықтан болар, көркем әдебиеттегі еңбегіміздің дені ауыл еңбеккерлерінің өмірі мен олардың таза қасиеттеріне бағытталып отырды. Солардың қуанышы мен қынжылысы, өмірдегі таным-түсінігін бейнелеуді мақсат еткен бірқатар дүниелер жаздым. Оқырмандар бұл туралы жақсы бағасын беріп келеді. Әсіресе, менің жазушы болып қалыптасуыма, бедел биігіне көтерілуге себепкер болған туындыларым әр жылдары жазылған көркем очерктер. Журналистикада ұстанған бағытыма келер болсам, ең алдымен әкемнің маған айтқан өсиеті дер едім. Ол кісі маған: «Өтірік айтпа? Адал бол, жеке бастың қамымен әлдекімдерді арандатушы болма?» – деп үйретті. Кейінгі журналистік қызметімде мұны үлгі еткенім анық. Шындықтан таймадым, сол үшін кедергіге ұшырасам да күйреп қетпедім. Осы тұстарда Мырзағали Серғалиев, Ырымтай Дәулетов, Тыным Ырысқалиев, Ғайыс Егембердиев сияқты халқының қадірі мен құрметіне бөленген ағалардың аялы алақыны мен ақыл-кеңестері мені қамшылап отырды. Енді бір жағынан мен Қоғамдық білімдер академиясын бітірген соң, партия комитетінде лекторлар тобының жетекшісі болғаннан кейін саяси мәселелерді талдауды жетік игердім. Саясаттану ғылымының тарихын, теориясын толық білгендіктен өзімді саясаттанушы деп атауға да қақым бар. Мен көріпкел емеспін, алайда, болған жағдайға баға бере алатын саясаттанушымын деуге хақым бар сияқты. «ұш тұғырлы тілден түңілмейік», «Демократия және қоғам», «Басқаруды жоғарыдан реформалау» атты сараптамалық мақалаларымның оқырмандар арасынан кең қолдау тапқаны осыған байланысты.  Оның үстіне «Капиталды» терең зерттегендіктен экономикалық мәселелердің бүгіні мен ертеңіне ой жүгірте алдым. Бір кездері Талдықорған облысы таратылып, қиын жағдайлар орын алғанда, газетте бірге жұмыс жасаған әріптестерімді ұйымдастырып, облыс орталығын Талдықорғанға ауыстыру мәселесін ашық көтеріп шығып едік. Бұл туралы «Тағылым» кітабымдағы «Вопреки волюнтризму» атты сессияда сөйлегенімді айтып өттім. Бастамамыз нәтижесіз болған жоқ. Көп өтпей облыс орталығы Талдықорғанға көшті. Бүгінгі облысымыздағы өркенді істерге таңқаласыз. Бұл да менің саясаттанушы ретіндегі талпынысымның дәлелі болары анық. Тағы бір жағынан, өзім ауылдың баласы болғандықтан ауыл шаруашылығы тақырыбында көсілтіп жаза білдім. Теміржол мен мал шаруашылығын жаныма жақын мамандық екенімді жоғары да айтып өттім. Қысқасы, журналист болып қалыптасуыма ықпал еткен нәрсе – өмірде бастан кешкендерім. Сол барыста жинақтаған пайым, түсінігім.

– Әрине, бұл сіздің өміріңіздің өлшеуіші деуге тұрарлық пікір. Десе де, қазір кейбіреулер көркем әдебиеттің дағдарысқа ұшырағанын алға тартып, керісінше, публицистиканың алға озып кеткенін айтып жүр. Тәжірибелі журналист, қарымды қаламгер ретінде осындай көзқарастарға айтар уәжіңіз қандай?

– Иә, біз әдебиет майданына келе бастаған өткен ғасырдың 60-жылдары көркем әдебиеттің дүрілдеп тұрған кезі еді. Ол кезде көркем әдебиетке деген қаржылық қолдау барынша жақсы болды. Сын жанры керемет дамыды. Сондықтан жазушылар әр қадамын аңдап, тақырыпты таңдап, өмірде орын алған келеңсіздіктерді көркемдік тұрғыда жеткізуге барынша күш салатын. Енді бір жағынан, қалам тартқан адамдардың алдында Мұхтар бастаған ұлы жазушылар тұрды. Жастар соған қарап ой түзеді, оларға ұқсауға ұмтылды. Дей тұрғанмен, ол тұста идея тарөрісті болатын. Тек Мәскеудің идеологиясына жұмыс жасағаны да жасырын емес. Қазіргі көркем әдебиеттің кенжелеуіне нарықтық экономиканың әсері болмай қоймады. «Қалтасына қарай көсілетін» жағдай орын алды. Қаржысы барлар өз бетінше  кітап шығара беретін болды да, қалтасы таяз жазушылар күн көрудің қамымен басқа жолға түсуге мәжбүр болып отыр.  Керісінше, журналистика жанданып, ел назарын баурап алды. Мұның себебі, өткен ғасырда біз өзге биліктің қаулысына сай жұмыс жасап келсек, қазіргі журналистика тәуелсіз елдің болашағына қызмет атқаруда. Былайша айтқанда, ел өмірінде орын алатын күнделікті өзгерістер мен саяси шешімдерді көркем әдебиеттің тілімен халыққа жеткізу қиындады. Журналистика бұл жағынан өте жылдам әрі нақты жауап таба алады. Біз алғаш газетке келгенде саяси тақырыптағы сараптамалық дүниелер одақтың идеялогия шеңберінен шыға алмайтын.  Қазір бұл бағытта қалам тартқан журналистер шоғыры қалыптасты. Оның үстіне, біз бүгінгі таңда Қазақстан деген шектеулі мекенде емес, геосаяси әлемге тәуелсіз ел ретінде ықпал жасай бастадық. Басқасын айтпай-ақ қоялық, ұлы державадан жаңа ғана бөлініп шыққан жас мемлекеттің Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуі жай нәрсе емес. Осы барыстағы атқарылған шаралар мен жеткен жетістіктерді тек публицистиканың тілі арқылы ғана халыққа нақты, жылдам үгіттеп, таратуға мүмкіндік бар.

– Халқымыз «Жас өседі…» демей ме, өздеріңіздей көргені мен түйгені көп ағалары бар бүгінгі жастар да төселер, жығылып жүріп жол табар. Бірақ қалам ұстаған адамдарға ортақ бір парыз бар. Ол – халқына қызмет ету. Осы тұрғыдан келгенде журналистердің қадірін асыратын, беделін қашыратын не нәрсе?

– Журналистердің қадірін асыратын – шындықты айту. Беделін қашыратын – шындықтан жалтару. Мұнда біз алдымен шындық дегеннің не екендігін парықтай білуіміз керек. Ол үшін сезгіштік, сезімталдық, мәселеге нақты талдау жасайтын қабілеті болғаны жөн. Сонымен бірге, журналист қоғамда орын алған келеңсіздіктерді термелей бермей, бүгінгі дамуымыздың ең өзекті мәселелерін байқай алуы керек. Өзіңіз барлап қараңыз, алғаш тәуелсіздік алған кезде қалай болдық, абдырадық, не істеудің жайын білмей сансырап қалдық. Десе де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында бар қиындықты сырып тастап, бүгінгі өркениетті өмірге жеттік. Осыдан он жылдың алдында облысымыз қандай болып еді?  Енді ше?.. Шындық деген міне, осы. Нағыз журналист осы кезеңдерді сараптай отырып, елді ынтымаққа, береке-бірлікке, ұлтаралық татулыққа үгіттеуі керек. Өйткені, қазақ елі бүгінгі таңда татулықтың құтты бесігіне айналған қасиетті мекен. Қаншама жақсы дүниелер жасалып жатыр. Осы жұмыстардың бүгіні мен ертеңгі болашағын,  ол кімдер үшін жасалып жатқан жақсылық екенін халыққа дұрыстап ұғындыруы керек. Тағы да айтамын, шындық деген міне, осы. Мен өмірімде осы ұстанымда берік тұрдым деп ұялмай-ақ айта алатын адамдардың бірімін.

Қоғам болғаннан кейін түрлі жағдайлардың орын алатыны даусыз. Әрине, қазіргі нарықтық қатынастардың салдарынан көпшік қойып, көтермелеп жататын жағдайлар жоқ дей алмаймын. Сондықтан бүгінгі журналистерге қойылар талап та ауыр. Тек жалаң қызығушылық пен бедел жинауды мақсат еткен журналистен үлкен нәтиже шықпайды деген ойдамын. Сөз орайы келгенде айта кетерлігі, қазіргі көптеген (бәрі бірдей дей алмаймын) жас журналистердің теориялық даярлығы төмен. Өйткені, бүгінгі таңдағы оқудың дені ақылы болып кеткендіктен, көптеген жастар диплом үшін ғана оқиды. Журналистика мамандығын бітіргендердің дені еңбекақысы жақсы, беделі биік орындарда жұмыс жасауға ұмтылады да, тәжірибе жинақтауы кемшін түсіп жатады. Қолға байлау, аяққа тұсау болатын жайттың бірі осы.

Өткен жылдан бері Елбасының бастамасымен «Дипломмен ауылға» атты бағдарлама жүзеге аса бастады.  Бұл ең ұтқыр, ұтымды жоба дей аламын. Әрине, жастар ауылда шыңдалуы, өмірді үйренуі керек. Сонда ғана халыққа қызмет ету сынды өмірдің нағыз шындығын жете ұғына алады.

– Өңіріміздің өткені мен бүгінін терең білетін адамсыз. Оның үстіне саясаттанушы ретінде бағамдай аласыз. Қазір ұлттық сана, құндылық, тәрбие деген қағидаттар жиі тілге алынып жүр. Мұның өзі ұлттық мәдениетіміздің нығая түскенінің белгісі. Сіздің пайымыңызша осындай жетістікке жетуіміздің себебі неде?

– Халқымызда «Жақсы келсе іске…» – деген нақыл сөз бар ғой. Осыдан он жылдың алдындағы Талдықорғанды көр де, бүгінгі бейнесіне қара. Жасыратыны жоқ, жер мен көктей айырмашылық бар десем артық айтқандық болмас. Оның үстіне қаламызда соңғы жылдары жаңа ғимараттар бой көтеріп, қала көркіне көрік қосылса, салт-дәстүрге сай қазақ үйлері тігіліп, қонақжайланып, дастарқанынан ұлттық тағамдар орын алды. Осындай жақсы жағдайлардың бәрі ең алдымен қазақ деген қайсар халықтың ұрпағы болғанымыз десек, сол халқын жұдырықтай жұмылдырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын бір кісідей қолдаған Серік Әбікенұлының облыс басына келуімен қолға алынған шаралар екенін облыс жұрты тегіс біледі. Менің де, қарапайым қала тұрғыны ретінде ризашылығым бөлек. Әсіресе, бізді облыс әкімінің рухани байлыққа деген көзқарасы мен құрметі қуантады. Оның кішіпейіл парасаты, қазақ тілі мен қазақ тілді басылымға деген жанашырлығы, төл тарихымыз бен мәдениетімізге деген қамқорлығы көңілімізді ризашылыққа бөлейді. Сонымен бірге, рухани құндылықты назардан тыс қалдырмаған облыс әкімінің бастамасымен дәстүрлі түрде өтетін аудандардың мәдениет күндері жоғалғанымызды түгендеп, мәдениетімізді қайта оралтты. «Атадан ұлағат» атты ақсақалдар жиыны, ақжаулықты әжелер байқауы ұрпақ сабақтастығына жол салса, тарихта елеулі орын алған тұлғаларға арналған ескерткіштер бірінен соң бірі бой көтеріп, елдіктің беделін өсіріп, жастардың ғибратты тәрбие көзіне айналды. Жетісу жеріндегі ақын-жазушылар мен өнер адамдарына арнайы грант бөліп, мәдениетті мәйектетуге серпін бергені өз алдына.

– «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген бар. Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз. Оның үстіне, «бір мықты қаламгердің артында, мықты әйел заты тұрады» деп те жүрміз. Сіздің беделді тұлға ретінде қалыптасуыңызға үйдегі жеңгеміздің көмегі болды ма?

– Қаламгерлік ауыр жол. Ол үшін үй шаруасын қайырып қойып, апталап алыс жолдарға шығуға тура келеді. Кейде, дүниеден оқшауланып, өз идеяңның жетегінде кететін кездерің де болады. Тіпті, басқалардың қалауынан шыға алмай қалып, сүрініп жүретінің тағы бар. Сондықтан қаламгер болу үшін сенің ыстық-суығыңа бірдей көнетін әйел затының болғаны да дұрыс. Қоғамнан қағажу көрсең де, отбасыңнан жылылық тапсаң соның өзі жазушыға бір падишалық. Жеңгең – Рәш Артықовамен елу жылға жуық отасып келеміз. Қазан-ошақтың сылдырлаған кездері болған шығар. Бірақ өмірлік мақсатымыз бір жерден шығып отырды. Мен Мәскеуге оқуға аттанғанда үш баламыз болды. Оқуымды бітіріп, ауылға оралғанша бала тәрбиесін өзі арқалап, қиналысын білдірген жоқ. Кейінгі күндері қызмет барысындағы келеңсіздіктерге жолыққанда маған ақылшы болып, қасымнан табылып отырды. Тәубе, осындай ынтымағымыздың арқасында төрт бала тәрбиелеп өсірдік. Үлкен қызымыз Гауһар Мәскеуде оқыды. Қазір Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында жұмыста, екінші қызымыз Ғалия әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірді, қазір Шымкент қаласында тұрады.ұлымыз Талғат халық шаруашылығы институтын бітірген, облыстық әкімдікте жұмыс істейді. Кенжеміз Жанар Оңтүстік Кореяның Алматы қаласындағы филиалында есепші. Балаларым маған тартып, қалам ұстамаса да, хал-қадірінше елі үшін еңбек етіп жүр. Тоғыз немере, бір шөбереміз бар.

– Алда қандай жоспарыңыз бар?

– Шамам келсе, ақын, халқының дана перзенті Бақтыбай Жолбарысұлы туралы көркем туынды жазуға дайындалып жүрмін.

  • Әңгімеңізге рахмет.

 

PS: бұл сұхбат «Жетісу» газетінің №13, бейсенбі,28 қаңтар 2010 жылы жарияланған нұсқасы бойынша берілді. Мақсатымыз қаламгерді тағы бір еске алып, өнегелі өмірін сайтымыздың оқырмандарына жеткізу.

Қажет АНДАС.

Q-Andas ақпарат агенттігі.

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 76
«Аққу ағай» атанған ұлағатты ұстаз
Тұлғатану

«Аққу ағай» атанған ұлағатты ұстаз

August 24, 2026
Төккен тердің қадірі
Тұлғатану

Төккен тердің қадірі

August 31, 2026
Ұстаз ананың хаты
Тұлғатану

Ұстаз ананың хаты

August 31, 2026
Бегзат өмір
Тұлғатану

Бегзат өмір

August 31, 2026
Қайырымдылықтың қайыры мол
Тұлғатану

Қайырымдылықтың қайыры мол

August 31, 2026
Ырысы тасыған әулет
Тұлғатану

Ырысы тасыған әулет

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz