Рыскелді Ыбырайымұлы Кеңес өкіметі кезінде өмір сүрді. Ол 1904 жылы Қоңырөлең ауылына қарасты, Қату тауының етегіндегі Тасқашар деген қыстауда дүниеге келген. Рыскелді атамыз төрт ағайынды болған. Үлкені Нұрмұқа, Жылкелді деген ағалары, әпкесі Бәти және Балапан деген інісі болған. Бәти деген әпкесін Сатай елінен шыққан Метербай болысқа ұзатқан. Ағасы Нұрмұқаның Жәкен, Ұлбай, кіші ағасы Жылкелдіден Тұрған деген қызы болған. Інісі Балапаннан ұрпақ қалмаған. Жылкелдіқызы Тұрғаннан Жайсаң, Манап, Талғат деген ұлдарды, Жамбы, Алтын, Күміс, Гаухар, Бағлан деген қыздарды дүниеге алып келген. Ортаншы ұлы Манаптың баласы Руслан Қалтайбеков Дәнеш Рақышев атындағы Халық театрында актер болып қызмет атқарады.
Рыскелді шешеннің ең көзге түскен шағы, Қытай жеріндегі Құлжа қаласында тұрған кездері еді. Ол осы жерде Суанның талай игі- жақсыларымен араласып,сыйласқан. Олар Рыскелді атамызды құрметтеп, қошеметтеп жүрген. Әсіресе Суанның Мырзакелді руынан шыққан полковник Қожаназар сақшымен етене жақын араласып, жиын- тойларда қасынан қалдырмай ертіп жүрген. Сондай- ақ, Қытай еліндегі Бұтарбай болыс, Нұрғали, Керімбек ақалақшылар мен Жұмағұл имам, әнші Дәнеш Рақышев пен ақын Тоқбай Исабеков сияқты сол аймаққа аттары шыққан, Суанның кіл жақсы- жайсаңдары Рыскелді шешенмен қоян- қолтық араласып, ерекше сыйлаған.
Қожаназар сақшы Кеңес жеріне көшіп келгеннен кейін де, Рыскелді шешенмен қарым- қатынасын үзбеген. Себебі Қожаназар сақшының қызын Рыскелдінің әйелі Рабиғаның інісі Зәріпке ұзатқан және Рабиға мен Зәріптің анасы Тұйғын апамыз Мырзакелді руының қызы болған. Рыскелді әулиенің шешесі Тайпалмас анамыз Албанның Қоңырбөрік руынан шыққан. Рыскелді қария 1904 жылы туғанын жоғарыда айтып өттік. Ал Қытай жеріне 1930 жылдары шешесі Тайпалмасты арқалап, інісі Балапанды жетектеп алып өткен. Ол сол жылдары жиырма алты- жиырма жеті жасқа келіп қалған сақа жігіт кезі еді. Содан Қытай жеріндегі, Құлжа қаласына келіп орналасады. Ол жерде жас Рыскелді қаладығы Мұсабай байдың тері өңдейтін зауытында, шахтада, базарда тағы да басқа қара жұмыстарда істеген. Рыскелді Қытай жеріне барған соң бірден үйленуге жағдайы келмейді. Шешесі мен жалғыз інісі Балапан өмірден озады. Екі ағасы Нұрмұқа мен Жылкелді Кеңес жеріндегі Ынталы және Соцжол (Бөрібай би) ауылдарында қалады. Қытай елінде жалғыз қалған Рыскелді шешен тек отыз бес жасқа келгенде Албанның Алжанынан шыққан Рабиға Достайқызына жолдас- жораларымен бірге өзі құда түсіп барады. Қыздың шешесі Суанның Мырзакелді руынан шыққан Сәрсенбі бидің қызы Тұйғын анамыз “Қырық қара алып кел”- деп бұйырады. Қырық қараны алып, құда түсіп барған Рыскелді «Міне, алдарыңызға келдім. Басым құда, тізем күйеу»- деп сөз тауып, қызды алып кетеді. Рабиға апамыз Албан Райымбек батырдың тікелей ұрпағы. Ол балаларына үнемі “Райымбек бабам менің арғы атам, үйден Райымбек бабама сыйынбай шықпаңдар ” дейді екен. Рабиға апамыз ұзатылған кезде бар жоғы он төрт жаста екен. Жиырма бір жас айырмашылығы болса да, Албандар өрімдей қызын Рыскелді шешенге текке бермесе керек.
Рыскелді Ыбырайымұлы өз кіндігінен Айтмұқамет, Тоқмұқамет, Бекмұқамет атты ұлдары шетінеп кеткененнен кейін өмірге келген Тұрсын, Фарида, Еркін, Гүлшат, Гүлбақыт атты ұл-қыздарын өсіріп-жеткізген. Ұлы Тұрсын бес бала сүйген, қызы Фарида алты бала бар. Ұлы Еркіннен ұрпақ қалмай, ортаншы қызы Гүлшат тоғыз перзент дүниеге алып келіп, батыр ана атанып отыр. Кенже қызы Гүлбақыт екі баланың анасы. Қарияның балалары Тұрсын, Фарида, Еркін өмірден озған. Қызы Гүлшат Көктал ауылында, кенжесі Гүлбақыт Жаркент қаласында тұрады. Гүлбақыт Ырыскелдіқызы кітапхана саласында қырық бір жыл қызмет атқарып, қазір құрметті еңбек демалысында. Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып “Кітапхана саласының үздігі”, “Қазақстан Республикасының Еңбек озаты”, “Қазақстанның құрметті кітапханашысы” және ҚР Мәдениет министрлігінің “Мәдениет саласының үздігі” төс белгілерімен марапатталған.
Рыскелді шешенді бала кезімізден көріп өстік, ол кезде сексенге таяп қалған кезі еді. Біздің үйге жиі келіп тұратын. Шешем Рақымбүбі Исабекқызын қарындсым деп сыйлайтын. “Бір күні Рыскелді аға үйге келіп, айран ішіп, екеуміз әңгімелесіп отыр едік, қайдан келгенін білмеймін, бауырым Тоқбай үйге кіріп келмесі бар ма? Олар көрісіп арқа- жарқа болды. Сол күні қозы сойып, ауылдағы Сәйбек молда үшеуі таңға дейін әңгіме-дүкен құрды.Тоқбай Рыскелді шешеннің айтқандарын жазып алып отырған, кейін ол кісі туралы жазды ма, білмеймін”деп, бүгінде тоқсанның төріне келген шешем Рахымбүбі еске алады. Ал әулиенің кенже қызы Гүлбақыт “Тоқбай Исабековтың “ Әнші Дәнеш” атты дерекеті романында, бір екі жерде әкем Рыскелді жайлы айтылған”- дейді. Ең өкініштісі Рыскелді шешеннің айтқан тапқыр сөздері мен әзілдері тек ауызекі тарап, еш жерде жазылып, сақталмаған. Тек ел ішінде айтылған әңгімелерінің бірнешеуі ғана газет беттеріне шыққан. Төменде өздеріңізге “Рыскелді шешен айтыпты” деген тапқыр сөздерін беріп отырмыз.
Рыскелді қарияның арғы бабасы Есдәулет өзі батыр, ірі тұлғалы, қас- кірпігі ұзын, сом денелі адам болған. Жан баласына көзін ашып қарамайтын, ашуланып қарғыс айтпайтын әулие адам еді. Көнекөз қариялардфң айтуынша, ол кісі қалмақтармен көп соғысқан. Кенже інісі бір күні мені де тастамай ала кет дешен соң, атына мінгестіріп алаған екен. Содан жау шетіне барғанда інісі Байтілеуге “Осы жерде еүт, кешке алып кетем” деп аттан түсіріп кетеді. Өзі жаумен айқасыпкешініп қалады, сол кезде інісі “Баба, қайдасың, мені қашан алып кетесің? Баба , келші” деп айқайлай береді. Содан бері Есләулет “Баба” атанып кеткен.
Оның алып денелі, алғырт, ажарлы, батыр тұлғалы тұңғышы Құл атты баласы болады. Әкесі жоқта ол тойға барам деп үйіне келіп, киімін сұрағанда әкесінің тоқалы киімін бермей қойғанда, ол теңді қамшымен тартып жіберіп, киімін алып киіп, тойға кетіп қалады. Әкесі үйге келгенде тоқалы Құлды жамандайды, соған сеніп “Ой, ол шіркін маңдымас” дейді. Той тарқайтын кезде Құл қатты ауырады. Оның әкесінен келгенін білген туыстары Есдәулетке келеді де ” Баба, Құл әл үстінде жатыр, қарғасаң, қарғысыңды қайтып ал” деп өтінеді. Сонда ” маған қыл шылбырмен юұрау салып көріңдерші” депті. Шылбыр санына қатты батқанда ” айтылған сөз, атылған оқ, қайтып алынбас болар” депті. Сол кезде Құл өз жұмыпты.
Үйде отырған балалары әкесіне ” Ата, қарашы қызыл түлкі кетіп барады” дейді Сонда әкесі ” кірпігімді көтеріңдерші” дейді де түлкіні көреді. “Шіркін, алты айдай қызыл екен ғой” дейді. Балалары қимылсыз қалған түлкіге жүгіріп барып қараса, мұрнынан қан кетіп түлкі өліп жатады. Қариялардың айтуы бойынша ол кісі соғыстан қайтып келіп сауытын шешкенде мылтықтың садақтың оқтары саусылдап, түсіп жатады екен. Денесіне оқ дарымаған. Қатты әл үстінде жатып, туыстарына “Мен өлгенде ақ атаң келеді, соған мінгізіп жіберіңдер. Сол шөккен жерге мені жерлеңдер”деген екен.
Ыбырайымның әулиелігі
Рыскелді шешеннің әкесі Ыбырайым атамыз әулиелігі мен көріпкелділігі бар адам болған екен. Бірде атпен келе жатып, бір ауылға тап болады. Ауыл ішіндегі бір үйге ат басын бұрып, амандық- саулық сұрасып болған соң, үй иесі қарияны аттан түсіп қонақ болуға шақырады, қария “Жоқ, мен бұл үйге түсе алмаймын, бұл үйдің керегесінен қан тамшылап тұр екен”- дейді. Олай дейтіні сол үйдегі кішкентай баланың қолында кездік тұрады. Қария үй иелеріне “Мына баланың қолынан кездікті алсаңдар бала жылайды, алмасаңдар өздерің жылайсыңдар”- деп, атының басын тартып жүріп кетеді. Қария біраз жер жүріп кеткенде, арт жағынан шу етіп жылаған дауыс шығады. Сол кезде бала құлап, кездік баланың мойынынан кіріп, желкесінен шыққан көрінеді. Қария атының басын қайта бұрып келіп көңіл айтқан екен.
***
Бір күні Ыбырайым ақсақал жол жүріп келе жатып, бір өзенге тап болады. Қараса өзеннен атпен өте алмайтындай. Қария біраз ойланып ер- тоқымын сыпырып алып суға салып, өзі үстіне отырып, атын жетектеп ағысы қатты судан су болмай өтіп кеткен екен. Бұл әңгіме де атамыздың әулиелігін бір дәлелдегендей көпшілік арасына тарап кетіпті.
***
Бір күні Ыбырайым қария көрші ауылға келеді, кеш батып кеткеннен кейін сол ауылға қонбақшы болады. Ас ішіп біраз отырғаннан кейін қария ол жерге қона алмайтынын айтады.
– Ой, не болды, қария? Жаңа ғана қонып қайтамын, Құдайы қонақпын деп едіңіз – дейді үй иесі.
Сонда қария:
- Қонбайтын себебім бұл жерді қазір су басады, сендер де жүктеріңді жинап дайындалыңдар.Бекер судың астында қаласыңдар, болыңдар, тез жиналыңдар!- деп, сырт киімін киеді де, атына отырып кетіп қалады. Расында да, біраз уақыттан кейін ауылды су басқан екен.
Ыбырайым атамыз ортаншы баласы Рыскелдіні бала кезінде атына міңгестіріп, үлкенірек болғанда жеке тайға мінгізіп көп ертіп жүрген екен. Ол кісі елді аралап жүретін, естігенінен көргені көп кісі болыпты. Елгезек, әкесінің ойын айтпай ұғатын, сөзге шебер, шаруаға ыңғайлы баласы Рыскелдіні тастамай алып жүретінін былай түсіндірген екен “Осы баламда арғы аталарының қасиеті бар сияқты, кейінгі кезде бір мінездерін байқап жүрмін. Ылайым солай болғай, еліне шарапаты тисе одан артық не керек. Елді көрсін, жерді көрсін деп, тастамай алып жүретінім де сондықтан”- дейді екен. Әке балаға сыншы деген сөз осындайда айтылса керек.
Рыскелдінің шайтанды көруі
Рыскелді қарияның арғы бетке өтіп, Құлжа қаласында тұрып жатқан кезі. Қаладан біршама жерде орналасқан шахтада жұмысшы болып істеп жүреді. Бір күні біраз жұмысшылар қолдарында қайла, күректері бар, жұмыстан жаяу қайтып келе жатады. Күн кешкіріп қалған уақыт көрінеді. Бір кезде дабырласып, әңгімелесіп келе жатқан жұмысшылардың алдынан төрт- бес жастағы қыз балалардың түр- сипатындағы бірнәрселер бір топ болып шыға келеді. Үпір- шүпір болып бірін- бірі итерісіп, сөйлескендей болып тұрған бұларға Рыскелді қария бірден түсініп
– Өй, мына атаңа нәлеттер қайдан шықты? Жігіттір, мыналарды ұрыңдар, қане, қане – деп айғайға басады.
Жұмысшылар болса қалшиып- қалшиып тұрып қалған. Ал қария
– Өй, не қылып тұрсыңдар? Ұрыңдар күрекпен! – деп, өзі қолындағы кәйләмен алай сермеп, былай сермеп, алдында тұрған дөңеске қуа жөнеледі. Біраз жүргеннен кейін әлгілер бу мен түтінге ұқсас бір нәрселерше айналып, жоқ болып кетеді. Ашуға булыққан Рыскелді: “
– Естерің дұрыс па, өздеріңнің? Неге қалшиып, қатып қалдыңдар? Сендерді де шешелерің еркек бала таптым деп қуанды ау- деп ашуланады. Сол кезде жұмысшылар:
– Аға, сізге не болды? Не көрінді көзіңізге? Біз түк түсінбей қалдық қой- депті. Рекең болса:
– Не болушы еді? Шайтан ағзубиллях қой алдымыздан шыққан. Атаңа нәлет бұлар осындай таза емес жерде жүреді. Қай күні көзіме көрінер екен деп қаперімде түйіп жүр едім- депті.
Біраз әңгімелесіп, Рыскелдінің оғаштау қылығының себебін түсінген жұмысшылардың көңілдерді орнына түскенде, барлығы бірден жамырасып:
– Ойбай-ау, аға, біз енді тек сізбен бірге жүрейік, бізді тастап кетпеңіз!- деген екен. Сол кезде Рекең:
– Ой, ауыздарыңды ұрайын, бәтшағарлар, көрмегендерің жақсы болыпты, көргенде дамбалдарыңды былғағандай екенсіңдер – деп, өз әдетінше қалжыңға басыпты.
Рыскелдінің делдалдық жұмысы
Арғы бетке өткеннен кейін, екі қолға бір жұмыс деп, Рыскелді қария әр түрлі жұмыстарды істеп жүреді. Соның бірі Құлжа қаласындағы базардағы делдалдық жұмысы. Ол жерде Рекең қазақ, татар, ноғай, ұйғыр саудагерлерімен бірлесіп, оларға сатып алушыларды тауып беріп, сатып алушыларға өздеріне керекті тауарларын- малдарын (Ол жақта сатылатын бұйымды солай атайды екен) тауып беріп, делдалдық жасайды екен. Рыскелді қария ауызша есепке жүйрік болыпты. Саудагерлер затын өткізіп, ақшасын шотқа салып болғанша, ол кісі “Ей, сорлы ноғай, мына затың мұнша пұл болады, оның несін шотқа салып тұрсың”- дейді екен. Сеніңкіремеген саудагерлер есептеп болып, басын шайқап: “Бұл жаман қазақ, жаман- деп, күліп кететін көрінеді. Базарда жүрген кездерінде, сол өңірден базарға түскен ағайын- туыс, жалпы қазақ бауырларына іш тартып, саудагерлердің “бұл жақсысы” деп, тығып қойған былғары етіктерін, ер- тоқымдарды, самаурын, басқа да киім- кешектерді Рекең: “Шығар, ана жақсы бұйымдарыңды”- деп саудаласып, ақшасын түсіртіп, алып беріп жүрген деседі. Ешкімді жат көрмейтін қария базарға түскендерді танысын, танымасын үйге алып келіп, қонақ етіп жіберетін көрінеді. “Рысекең базарға кетті дегенше, үйге қонақ келді дей бер”- деген екен жұбайы Рабиға.
Рыскелдінің емшілігі
Рыскелді қарияның әулиелігі мен шешендік өнерінен басқа емшілік қасиеті де болған екен. Көптен ілініп- салынып, шырайы кірмей, ауырып жүрген кісілер, жас балалар, бала сүйе алмай жүрген әйелдер алыс- жақыннан келіп, дем салдырып, ұшықтатып, бата сұрап келген деседі. Бір ерекшелігі, бұл кісі шын көңілмен келген адамдарды ғана қараған көрінеді. Көңілі тартпаған кісілерді қайтарып жібереді екен.
Бір күні қарияға Үшарал ауылынан үлкен апамыз келінін алып келеді. Келіншектің бетіне біраз қарап отырып, “Келініңіз қолында ұстап отырған баласы шетінеп кетіп, содан шошынған” дейді. Енесі Рекеңнің сөзін растап, жылап жібереді. “Жыламаңыз, келініңіз құлан таза жазылады, уайымдамаңыз”- деп басу айтып, келіншекті далаға алып шығып, су, күл алдырып ұшықтап, дем салып береді. Біраз уақыт өткеннен кейін кейуана келінін ертіп тағы келеді. Бұл жолы апамыз Рыскелді қарияға рахмет айтуға келген екен. Келінінің жазылып, тәуір болып кеткенін айтып, алғысын жаудырып, Рыскелдіден бата сұрағалы келген айтады. Атамыз батасын беріп, дастархан жайып қонақтарын шығар салған екен.
***
Рыскелді атамыз бір күні ауыл ішінде келе жатса, алдынан сол ауылдаға Құрмаш деген ағамыз шығып, қарияны көріп қуанып кетеді.
- Ой, аға, жолым болады екен- деп, қарияны кездестіргенін жақсылыққа жориды.
- Не болып қалды?”- деп сұрады атамыз.
- Өзіңізді іздеп кетіп бара жатыр едім. Үйде бір балам қатты ауырып болмай жатыр. Жүріңізші, көріп беріңізші-деп, үйіне ертіп келеді. Баланы көріп, дем салып болып:
- Енді ештене болмайды, біраз күнде тұрып, шауып кетеді-деп кетіп қалады.
Бірнеше күннен кейін баланың әкесі қарияны іздеп келіп, баласының сауығып кеткенін, уайымының сейіліп, көңілінің жай болғанын айтып, алғысын білдіреді.
Рыскелді ақсақалдың балаларының айтуы бойынша, ол кісіден бата алып, өмірге келген балаларды әке- шешелері қарияға амандасуға жиі алып келіп тұрады екен. “Әкеміздің бізден басқа толып жатқан балалары бар”деп еске алады ұл-қыздары.
Рыскелдінің әулиелігі
Рыскелді қария жасы келіп, совхоздың жұмысынан босағаннан кейін, “Октябрь” қой совхозына қарасты Айнабұлақ деген жерде өзінің жекеменшік малын бағып отырады. Бұл кісілерге көрші болып Смайыл қарт пен кемпірі Орнай орналасқан. Орнай апа Рекеңнің жинап қойған қиы мен отынынан ұрлап, маза бермейді. Басында қарт кісілер ғой деп үндемейді, ала берсін дейді. Апамыз да өзінің ісін тоқтаусыз жалғастыра береді. Бір күні шыдамы таусылған Рыскелді: “Ей, Орнай тате, қойсаңызшы енді. Ұрламай, сұрасаңыз да беретін едім ғой. “Ұры басынып ұрлайды деген”, қоймадыңыз ғой, түге.”- деп, ренжиді. Орнай апамыз үндемей жүргенімен, тілі шайпау екен. Рыскелді қарияны абден тілдеп, боқтай жөнеледі. Рекең әйел адаммен салғыласпауды жөн көріп үнсіз қалады. Бірақ, кемпірге қатты ренжігенін әйелі Рабиғаға айтады. Содан, кемпір төрт- бес күн көрінбей қалады. Рабиға Смайыл атадан жөн сұрап еді, ол кемпірінің қатты сырқаттанып қалғанын айтып, емшіге апарғалы жатқанын жеткізеді. Ауызы- мұрын бір жағына қисайып кеткен Орнайға, емші: “Өзіңіз бір қасиетті адамға тіл тигізген екенсіз”- деп, дем салып берген көрінеді. Кейіннен, Орнай кемпір біраз тәуір болған соң, шалы екеуі Рыскелдінің үйіне кіріп болған әбестік үшін кешірім сұраған деседі. Әулиенің жұбайы Рабиға: “Бұл кісі ашуланғанда ұрсып, боқтап жібергені жақсы, үндемей қалғанынан қорқу керек. Рекең ашуын ішіне салып, налыса жаман болады”деп айтып отырады екен.
***
Емші Молдақұл қайтыс болғанын естіген Ырыскелді атаның ұлы Тұрсын әкесіне:
– Молдақұл қайтыс болыпты, барасың ба?, – дегенде Рекең:
– Әй, ол сорлыға осы жетіде кездесеміз деп айта сал,- депті.
– Әке, қатты ауырып жатырсың, олай – бұлай болып кетсең қайда жерлейміз?- дегенде:
– Мені алысқа сүйреп әуре болмаңдар, бәрібір жаяу апарасыңдар. Есікті ашсаң артында мүрде болса, сонда қойыңдар,- депті. Ол кісі қайтыс болғанда, сүйегін апаратын жаңа “ГАЗ- 53” машинасы оталмай қалып, мәйітін өзенді кешіп, жаяу көтеріп, Қоңырөлеңдегі бейітке апарып, жерлеп қайтып келген соң, машина оталыпты кеткен екен.
Айтқанындай- ақ сырқаттанып жатқан Рыскелді қария Молдақұл емшіден кейін бір аптадан соң дүниеден озыпты.
***
Сыйласып жүрген Сәйбек молда бір күні Рыскелді атаға:
– Сен ылғи құры амандасып, үйге жүр деп айтпайсың,- дейді. Сонда Ырыскелді ата:
– Ой, Сәйбек, саған қашан барсаң да үй дайын, барып қонақ болып, бір қойдың басын жеп қайт,- дейді. Бір күні Сәйбек ата Айнабұлақтағы Ырыскелдінің үйіне барады, амандасып үйіне кіргізеді, әйелі Рабиғаға шай қой дегенде:
– Сен тыныш жүрмейсің, қойлар жоғалып кеткенде, елге масқара күлкі болатын болдық,- деп самауырын қояды. Сол аралықта ата молданың қамшысын алып, атпен жақын маңдағы бейітке барып, малымды қайтар деп бейітті үш рет айналып, қамшысымен сабап кетеді. Үйге қайтып келіп шайға отырғанда, машина келіп тоқтайды. Оралбек есіктен кіріп:
– Ата, сіздің қойларыңыз ақ күмбездің жанында жүр екен, Сейіт екеуміз ұстап, басып әкелдік, түсіріп алыңыз,- дейді. Содан қойларды түсіріп алып, бір қойды сойып, Сәйбек молданы күтіп жіберіпті. Бұл атамыздың әулиелігінің бір көрінісі еді.
***
Ырыскелді атаның ағасы Нұрмұқа қайтыс болғанда, су таситын көлікпен атаның туысы Молдамырза Ырыскелдіге хабар айтуға шығады. Ақ күмбез деген жерде алдынан Ырыскелді атпен келе жатады. Ол кісіні көріп Молдамырза көліктен түсіп, атаны құшақтап:
– Ағаңыз қайтыс болды – деп көңіл айтқанда,
– Өй, о сорлы қайтыс болмағанда мен қайтыс боламын ба, мен де сол жаққа кетіп бара жатырмын,- деп жауап қайтарады.
Рыскелдінің ат қоюы.
Ел арасында Ыбырайым әулиенің баласы Рыскелді әулие деп елге белгілі болған қарияға ырымдап балаларының атын қойғызады екен. Ол кісі ұл балаларға тек Алмасбек деп ат қоятын көрінеді. Неге тек Алмасбек деп қоясыз деп сұрағандарға: “Алмастай өткір, бай, дәулетті, жоғарғы атақты болсын. Бір жағы Қытай жерінде аты жер жарған, азулы генерал Алмасбектей болсын деп ырымдадым”- деп жауап беретін көрінеді. Атамыздың ат қойған Алмасбектері Қоңырөлең өңірінде де, туыстарын көп іздеп баратын Теріскей жерінде де көп деседі.
Рыскелдінің қалжыңдары.
Бір күні ауылда бір кісі қайтыс болады. Бүкіл ауыл ақсақалдарымен бірге Рыскелді қария да сол жерде екен. Кенеттен сол жерге “Садық сынықшы дүние салыпты” деген хабар келеді. Жаназаға жиналғандар: “Оу, Садық қария қайтыс болыпты, сол жаққа барайық”, “Е, барайық, барайық”, “Қадірлі қариямыз кетіпті, сонда болайық”- деп, көбісі кетуге ыңғай білдіріпті. Сол кезде, Рыскелді қария: “Өй, не болдыңдар? Өлгеннен кейін адамның қадірлісі не, қадірсізі не? Алдымен кеткен мына кісі еді ғой, осы кісіні жөнелтейік. Садық қайтыс болса, ол жаққа да бір сынықшы керек болған шығар”- деп, кетпек болғандарды тоқтатқан екен.
1927 жылдан қуғын- сүргінге ұшыраған Жаркент өңірінің жақсы мен жайсаңдары, би- болыстары Шығыс Түркістанға жер ауып барып, сол жақта ақалақшы (болыс), жүз басы, елу басы, ахун(имам), сақшы болып жұмыс атқарған Нұрғали ақалақшы, Бұтарбай ақалақшы, Керімбек ақалақшы, Қожаназар сақшы, Жұмағұл имам бастаған бір топ атқа мінер, замандастар жайлауға демалуға, Құлжа қаласынан шығып келе жатып, жол- жөнекей көктеуде отырған Рыскелді қартқа сәлем беріп, әзілдесіп кетейік десіп, атбасын Рекеңнің үйіне бұрады. Күн батып, қараңғы түсіп, алакеуім болып қалған уақыт екен. Аулаға жақындағанда:
- Оу, Реке! Құдайы қонақтар келді, – деп, Қожекең сақшы дыбыс білдірсе
керек.
- Бей уақытта жүрген не қылған қонақтар екен?- деп, асып- сасып,
шапанының бір жеңін киіп, бір жеңін кимей далаға шыққан Рыскелдіге Қожаназар сақшы:
- Ассалаумағалейкум, Реке! Біз, өзіңіздің үзеңгілес замандастарыңыз ғой, асықпай- ақ, екі жеңіңізді киіп шықсаңыз да болар еді ғой, – десе керек
әзілдеп. Сонда Рекең:
- Үстіне қару- жарақ артып, өрдең шыққан өгіздей ыңыранып, суанның өңшең жуандары аяқ асты, бей уақытта келіп қалғанда, шапанымның жеңін толық кимек түгілі, жалаң бұт шықпағаныма рақмет айтпайсың ба?- деген екен.
Амандық саулықтан соң Рекең өзің құрдасы Жұмағұл ахунға қарап:
– Ахуным, мыналарыңның көбін танымадым. Ересейдің асыл бұқасы секілді қож-қож болып ортада отырған кім? Көңнен жинап жасаған төбедей бопоң жағыңда отырған кім? Аршылған ақ қайыңдардай жайғасқандар кімдер болады?- депті.
Жұмағұл имам төрде отырғандарға бұрылып қарап:
– Мына ортадағы Бұтарбай ақалақшы, оң жағындағы Керімбек ақалақшы, сол жағындағы Нұрғали ақалақшы. Өзіңіздің бауырларыңыз ғой- деп,
таныстыра бастағанда Рекең, Жұмағұл имамға қарап:
– Ей, ахуным! Өңшең ақалақшыларды жиып келіп, менде ала алмай жүрген қандай ақың бар еді? Мыналарың ақы алса алып- ақ жүргендей түрлері бар екен. Үшеуі де қыстан мойымай шығыпты. Мен де ақысын төлейін, деп, Рекең қорадан бір қой әкеп сойып, қонақ жасап, әзіл- қалжыңдарын жарастырыпты.
***
Рекең Шығыс Түркістаннан 1955 жылы өзінің туған жері Қоңырқойнауға көшіп келгенде, отыз жыл көрмеген сақалды құрдасы ерулікке шақырып, мал соймай, сүр етпен қонақ ете отырып:
- Реке, жасың болса келіп қалды, неге сақал- мұрт қоймайсың?- десе
керек. Сонда Рекең, иегін сипап:
– Ее, отыз жылда бір тоқтының басын жеугғ жарамаған сақал мен мұртты ұрған бар ма?- деген екен.
***
Суанның ақша руынан шыққан Рыскелді шешен тілді адам болған. Рекең Қараменде ауылына барып, қонақ боп, әңгіме- дүкен құрып жақсы отырған болу керек. Қараменденің бір жігіті қайта- қайта орынсыз сөзін бөліп, әр сөздің басын шалып, жалбаңдай берсе керек. Жігіттің әдепсіздігіне ренжіген Рекең:
– Қарағым, осы сен қараменденің қайсысың?- депті.
- Ойбай, ағау! Білмейсіз бе? Мен Қараменденің есегімін ғой- депті.
– Е, қарағым, болсаң боларсың. Ел болған соң бәрі болады- деген екен.
***
Қыс мезгілі болу керек. Ауыл біргәдірі Рекеңе келіп
– Балаңызды тауға жұмысқа жіберейік, жылы киініп шықсын, бар болса шақырып жіберіңізші?- десе керек.
Рекең баласын айқайлап шақырып алып, біргәдірді көрсетеді. Бала жеңіл киініп шықса керек. Біргәдір балаға:
– Жылы киін, басыңа бас киім ки, жалаңбас жүруге болмайды, миыңа суық тиеді, – деп, жаны ашып жатса, Рекең біргәдірге қарап:
– Ай, қарағым- ай, басында ми болса суық тиеді, жоқ болса несіне тиеді деген екен
***
Қайтыс болған Әділбек қарияға көңіл айтып шыққан Рыскелді ата көлікпен келген партком хатшысы Әділшайықты алғаш көріп:
– Өй, мына Сарыөзектің бар көмірін жалғыз өзі түсіріп келгендей қап- қараң кім?- дейді.
– Ол Ыбырайымолданың баласы- дейді жанындағылар. Әділшайық көңіл
айтып шыққаннан кейін оған қарап:
- Сондай жақсы адамнан, осындай жаман бала туа мекен,- депті
Ырыскелді қария.
***
Жәреке қария қайтыс болып, Өкен, Нүсіпбек үшеуі тұрғанда Рыскелдіден:
– Рыскелді аға, осы ақшадан жақсы бала туа ма? – депті Өкен. Сонда ата:
– Жақсылар туады екен, бірақ оларға нағашылары ие болып, асырап алады екен- депті. Өйткені Өкен де, Нүсіпбек те нағашыларының
қолында өскен еді.
***
Бір күні мал бордақылайтын кешеннен бір қап жем араласқан шөпті есегімен алып келе жатқанда, алдынан совхоз басшылары Өкен мен Әділшайық екеуі шыға келеді, оларды көре салып қария:
– Атаңа нәлет қара есек дем- жем деп тақылдамасаң, мен осы жерге келер ме едім, деретір мен парткомды көрер ме едім,- есегінің басынан ұра бастапты. Оны көрген Өкен:
– Ата, айтсаңыз, өзіміз- ақ түсіріп беретін едік қой,- депті. Сонда ата:
– Ой, Өкенжан, кеңсеге барғанда сен жоқсың, кеңседе сен болғанда мен бармаймын,- депті. Содан Өкен бір машина шөп түсіріп беріпті.
***
Амандасып, жөн сұрасқан кісілерге арғы бетте жүрген кезінде “көрінбейсіз ғой” дегендерге “мен сендерге күнде көрініп тұратын Мұсабаев зауытының мұржасы ма еді едім” десе, еліне келгеннен кейін сұрағанда дәл осылай сұрағандарға “мен сендерге көріне беретін Матайдың шоқысы емеспін” дейді екен.
***
Рыскелді қария Кербұлақ ауданының Тастыөзек бидай болса ала келейін деп екі бос қап пла барады. Біргәдірдің үйіне “құдайы қонақпын” деп кіріпті, ол кісіні үй иелері жақсы қарсы алыпты. Үй иесі:
– Ата, қай елсіз?- дейді, оған Рыкселді:
– Суанмын,- дейді
– Суанның қайсысы боласыз?- деп сұрайды. Ата:
– Ақшамын, – деп жауап береді. Үй иесі:
– Ақшаның қайсысы?- деп сұрағанда, ата:
– Ой, сұрап қоймадың ғой, Ақшаның екі сом сексен жеті тиынымын,- деп жауап бергенде барып үй иесі түсініп, дастарханға шөлмек әкеліп қойып, барын беріп сыйлап жіберген екен. Бұл бекер адам емес екен деп, екі қап бидайымен жолға шығарып салады.
***
Қызу күйінде атаның үйіне келген туысы Бейсенге атаның әйелі Рабиға:
– Осы ішпей жүрмейсің, – деп ұрсыпты. Соған ыза болған Бейсен көзі шарасынанн шығып, булығып тұтығып сөйлей алмай қолымен жерді екі- үш рет қойып – қойып қалады. Оны көрген ата:
– Ой, сорлы ауызыңды… ит қуған бұқаға ұқсап неғып қылқынып, көзің шарасынан шығып кеткен,- дегенде, Бейсен күліп жіберіпті.
***
№4 ші фермаға бастық болып келген Омарды көрген Ырыскелді қария:
– Өй, бетіне бес қатын нан жайса, алтыншы қатынға орын қалатындай табақ бетің кім?- дейді жандындағыларға, оны естіген Омар келіп қол алып танысқан екен.
***
Машинасының үстінде кісілер бар Нұркештің көлігіне Ырыскелді ата Ынталыға дейін отырады. Келіп көліктен түсіп жатқандарға ата “арты қышыған адамдар Нұркештің машинасына отырып, Қату тауына бір барып келсе, қышуы қанбақ түгілі басқа жерінің қандай боларын білмей қалар” депті.
***
Суан елінде кебенек, тұрсын деген рулар бар. Кебенектің бір топ бетке ұстар жақсылары мен жайсаңдары қаладағы бір үлкен жиынға барып, қайтар жолында Тұрсын руындағы бір құдаларына қонақ болу үшін сол ауылға бет алады. Бір топ қонақтың апақ- сарақта қонуға келе жатқанын байқаған отағасы кебенек жігіттерін қондырса да қалжың айтып қалайын деген ниетпен қорасындағы ешкілерін шығарып, қорықта жинауды тұрған шөпке қаптатып жіберіп, қонақтар үй ауласына жақындай бергенде, қаттырақ дауысын шығарып”Шек-ей, кебенек, шек мына қата кегір кебенектер жер болатын болды- ау”- деп аттың басын ұстаудың орнына ешкілерге қарай жүгіріпті. Мұны байқап қалған Ырыскелді үй иесіне жақындай беріп, қаттырақ айғайлап “Айдама ешкіні, Тұрсын әкеңнің аузына ұрайын, қорадағы шөпті де аяйсың ба?” – деген екен.
Роза ЫСТАЙ,
өлкетанушы-журналист.
Панфилов ауданы.
Ескерту: Мақаладағы Рыскелді шешеннің көрнекі суреті
автор ұсынған тұн нұсқа бойынша өңделіп, жасалған.
Басқа қолданушылар сайттың сілтемесін қойғаны жөн.











