Жоңғар ханы Халдан хонтайжы өлген соң 1697 жылы билікке келген Сыбан Рабдан қазақ-жоңғар арасындағы қайшылықты шиленістіріп жіберді. Ол одасын қазыргі Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласының маңына көшіріп, көрші отырған қазақ қоныстарынан дүркін-дүркін шабуылдады. Тарихи деректерге сүйенсек, Сыбан Рабдан 1998, 1711, 1712, 1714, 1718, 1723, 1725 жылдары [1] жеті реткі жойқын жорық ұйымдастырды. Соның ең алғашқы 1698 жылғы жорығы Жетісу жеріндегі қазақ ауылдарына бағытталды. Сол жылы шежіре деректер мен қисса-дастандарда жиі айтылатын «Қызылжар шайқасы» қазіргі Қапал шатқалында орын алды. Бұл шайқаста Матай – Аталық (Қызай) Құдайназар батыр Тәңірбердіұлы және оның батыр қызы Гүлайым Құдайназарқызы бастаған қазақтың 100 сарбазы ел қорғау жолында ерлікпен қайтыс болып, олар жерленген жерді кейінгі жұрт «Жүз оба, Қыз бейіті» деген атаумен бүгінге жеткізді. 2022 жылы жетісулық өлкетанушылар және батырдың ұрпақтары сол тарихи орынды анықтап, Жетісу облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығымен бірлесе экиспедиция ұйымдастырып, «Құдайназ батыр бастаған 100 сарбаздың тарихи рөлі» атты ғылыми-танымдық конференция өткізіп, тарихи оқиғаны қайта жаңғыртты [2]. Әрине, бұл оқиған біздің келесі көтеретін тақырыбымызға тікелей қатысты.
Құдайназар батыр Тәңірбедіұлы Қызылжар шайқасында 37 жасында қайтыс болғанда оның артында Жолымбет, Есенгелді, Солтангелді атты үш ұлы қалады[3]. Олар тарихи кітаптарға «Үш жетім» деген атпен енген. Сол үш жетімнің бірі Есенгелді жас кезінде Қабанбай батырмен бірге қазақ жерін жоңғардан қорғау жолындағы ұлы шайқастарға қатысса, кейін жоңғар жойылған соң ата қонысына оралған Қызайларды Аягөз бойына қоныстандырып, 1757 жылғы Қазақ-Қытай ортасындағы Мамыр су келісімінде үйлестіруші қызметін атқарған. Кейін Қазақ-Қытай қатынасы реттелген соң Абылай ханның тапсырмасы және Цин патшалығының Шығыс Түркістандағы өкілі Фуденің атсалысуымен Шәуешек, Үрімжі, Құлжа сауда базарлары ашылған да сол сауда базарын басқарып, қазақ-қытай ортасындағы сауда қарым-қатынасын реттеп отырған. Ендеше, осы жағдайларға тереңдей үңілсек.
Есенгелді мен Қабанбай батырдың алғашқы таныстығы 1726 жылғы Ордабасы кеңесінде ерекше көзге түсіп, Қабанбай батырдың сеніміне ие болып, аға-інілік қарам-қатынас қалыптасады. Осыдан кейін Бұланты, Түркістан, Аңырақай, Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарда, Еділ қалмақтарына қарсы жорықта, Шорға қырғынында, Қырғыз жорығында, Қарақалпақтарды құтқару шайқасында Қабанбаймен тізе қоса соғыс жүргізеді. Олар жайлы көптеген аңыз деректер бүгінге дейін жетті. Осы ретте, тек соның біреуіне ғана тоқтала кеткенді жөн көрдік.
1923 жылы Қаракерей Қабанбай, Керей Жәнібек, Дөртуыл Төбет би Көкшетаудағы хан кеңесіне бара жатқан жолында Аягөздегі Есенгелдінің ауылына тоқтайды. Сол күні Есенгелдінің бәйбішесі Жанар босанып, ұл бала дүниеге келеді. Сәбиді құндақтап Қабанбай батырдың алдына әкелген үлкендер: «Баламыздың атын қойып беріңіз», – деп өтінеді. Сонда Қабанбай: «Болса Қабанбай, болмаса Жаманбай болсын», – деп өз есімін береді[4]. Тарихта, осы Қабанбай Есенгелдіұлының ұрпақтары да шетінен батыр болды. Оның бәрін тізбесек те, кезінде Кенсары хан қайтыс болып Матай Тәнеке батыр Кенесарының кегін қуып, қырғызды шаппақ болып қол жинағанда арғы беттегі Бұратала өңірін мекендеп отырған қызайлар 60 жігіт жиып, Тәнекеге аттандырады. Осы қолды бастан келгендердің бірі Есенгелді Қабанбайдан тарайтын Біртері батыр еді. Ал өткен ғасырдың 40-шы жылдары арғы беттегі қазақтар арасындағы ұлт-азаттық көтерілісінің алғашқы оғын атқан, Нылқы көтерілісінің ту ұстаушысы, кейін араларына жасырынып кірген жансыздар жағынан қапияда көз жұмған Акпар-Сейіт те осы Қабанбайдан тараған ұрпақтар. Бүгінде қызай Қабанбайдан тараған ұрпақ бір рулы елге айналды[5]. Оның дені тәуелсіздікпен бірге елге оралып, сан салада еңбек етуде. Бұл Есенгелі мен Қабанбай батыр ортасындағы аға-інілік, бауырмалдық қарым-қатынастың нақтылы дәлелі.
1757 жылы Жоңғарлар түбегейлі жойылғаннан кейін 1757 жылы 7 маусымда Балқаш көлінің шығысындағы Аягөз өзенінің жағасында Қазақ хандығының ханы Абылай мен Цин патшалыгының генералы Фуде кездесіп, келісімге келеді[6]. Бұл тарихта «Мамыр су (Қандыжап)» келісімі деп аталған. Бұл келісімнің үлкен тарихи себептері бар. Қазақ пен жоңғардың ең соңғы соғысы 1756 жылы Ұржар мен Емілде болды. Бұл соғыста жоңғарлар (қазақ тарихында қалмақ деген атпен де аталады) ауыр жеңіліске ұшырап, Қандыжап деген батырынан айырылды. Келісімге қазақ-қалмақ өкілдері түгелімен шақырылады. Мың қаралы қолымен Абылайханда келеді. Кеңесте көк қасқа айғыр, қарабас қошқар сойып, қолдарын қанға батырып: «Өткен іске кешірім, төгілген қан, бұланған мал төлеусіз болады, жоғарғыны елге, төменгіні селге жіберейік» деп келіседі. Қарсы жақ бұл бітімді «Қандыжап бітімі» деп атаса, қазақтар бітім Аягөз өзеніне құятын Лайсу өзенінің бойында өткендігін ескеріп, Лайсудың атын Мамырсу деп өзгертіп, бітімді «Мамырсу келісімі» деп атайды. Қызайлардың ел ісіне араласуы (қазақ жерін жоңғардан азат ету соғыстары туралы алдағы уақытта жазамыз) осы «Мамырсу келісімімен» тұспа-тұс келді. Өйткені осы тұста, Аягөз өңіріне қызайлар ғана қоныстанған. Ел аузында «Қызайдан бұрын Аягөз бойына іргесі тиген ел жоқ» деген сөз бар деп жазды «Тауарих хамсаның» авторы Құрбанғали Халиди.
«Есенгелді» дастаннындағы:
Осылай Аякөзге келді қызай,
Қалдырып кіндік кескен жерді қызай.
Суы бал, желі жұпар, шөбі дәрі,
Қызығын Аягөздің көрді қызай.
Кешегі Абылайдың заманында,
Көксала, Аягөз боп орны қызай, – деген өлең жолдары да Аягөздің құйқалы кезінде қызайлар елден бұрын келіп тіршілік еткенін деректейді.
Осы келісімде қызайлар екі жақтың елшілерін күтіп алу, олардың аман-саулығын қадағалау, ат-көлік, қонақасы қатарлы түрлі дипломатиялық жұмыстың атқарылуына қажетті міндеттерді үстіне алған. Демек, бұл қызайлардың сол кездегі іргелі ел болып, еларалық мәселелерге араласа бастағанын білдіреді. Осы келісімде қызай жағының барлық жұмысын Есенгелді би ұйымдастырып отырды. Есенгелді Құдайназарұлы (тарихи тұлғаның өмір дерегі, еңбегі туралы алдағы уақытта Қазақ хандығын Абылайхан басқарып тұрған тұстағы қазақтан шыққан еларалық мәселелерді шешуге атсалысқан алғашқы дипломат деп атауға болады. Сонымен бірге, қызайлардан шыққан алғашқы елші ретінде де белгілі. «Мамырсу келісімінде» Абылайхан Цинь империясымен елдескені (бағынғаны деп түсінбеу керек) туралы хат тапсырып, төрт сайгүлік ат тарту етіп, Ханжығар бастаған елшілер тобын Ханбалыққа жіберетін болып келіседі. Сонымен 1757 жылы қыркүйекте Абылайханның алғашқы елшілері Ханжығар, Өміртай, Долан, Аранжы, Танаш, Бекенай қатарлы елшілері Цинь империясының астанасы Бей Жіңге (Ханбалық) барып, Чиян Лұң ханның қабылдауында болып қайтады. Міне, осылай Қазақ хандығы мен Цинь империясы арасында бірінші рет дипломатиялық қарым-қатынастың қалыптасты. Осы тұста айта кетер жайіт, сол кезде басқа елден келген елшілер Чиян Лұң ханның қабылдауында болуы үшін жылдап күтеді екен. Тіпті, кейбірі кездесе алмай еліне кері қайтып отырған. Ал Қазақ хандығынан келген елшілерді Чиян Лұң хан кезексіз қабылдап, жылы шырай танытып отырған[7].
Сол тізім бойынша Қазақ хандығының хан, билеушілері Абылай, Әбілмәмбет, Әбілпейіз, Аблас, Ханбаба, Санияз төре, Болат хан, Уәли сұлтан, Ханқожа, Жанқожа, Жолшы, Салат, Байдолла, Тоғым хан, Алтынсарылардың бұйрығымен Цин императорына 33 рет елшілер тобын аттандырып, үш жүзге жуық елші барып қайтқан. Екі рет елші жіберуге уәде еткенімен ел ішіндені аумалы-төкпелі жағдай, сыртқы шапқыншылықтың салдарынан бұл жоспар орындалмай қалған. Осы елшілер тобының қатарында оң қанаттан (Ұлы жүзден) 11 адам, сол қанаттан (Орта жүзден) 20 адам Чиян Лұң патшаның тікелей қабылдауында болған. 1760 жылдардағы бір жолғы елшілер тобының қатарында қызайдың Есенгелді биі де астана Бей Жіңге барып, Ежен ханның (Чиян Лұң) қабылдауында болып, ханның ерекше мәртебелі елшілерге ғана беретін көктасын алып, жібек шапанын киіп қайтады[7]. Есенгелдінің осындай Абылайханның алданда үлкен құрмет, зор беделге ие болуына хан батыр Қабанбайдың әсері болғаны да анық.
1757 жылы 22 шілдеде Абылайхан Цинь империясының әскербасы Жау Хуймен кездесіп, келісім нәтижесінде, 1758 жылы Тарбағатай (Шәуешек), 1761 жылы Іле (Құлжа), 1764 жылы Үрімжі қалаларында еларалық сауда жәрмеңкелері өткізіле бастады. Бұл сауда базарының ашылуына Қабанбай батыр үлкен рөл ойнайды. Ол туралы Қабанбай батыр туралы зерттеулер де көп мәліметтер келтіріледі. Ал халықаралық сауданы Қабанбай батыр Есенгелді арқылы үйлестіріп, бақылап, жүргізіп отырады. Бұл туралы 1991 жылы Бейжің қаласында басылып шыққан «Цин империясы дәуіріндегі Батыс солтүстік ұлттардың сауда тарихы» атты кітаптың «Үрімші саудасы» тарауында көптеген дәлелдер келтірілген. Онда: «Қызай Есенгелді би Шәуешекке келіп Цин ұлығына 6 пырақ ұсынды», «1763 жылы (Циянлұңның 28 жылы) 26 маусым мен 22 шілде аралығында Найман ұтығынан Қожабек, суан ұтығынан Байғаш, қызай ұтығынан Есенгелді бастаған тоғанақтар Құлжаға келді», «1768 жылы (Цинлұңның 33 жылы) 6 маусым мен 22 шілде аралығында 5 сауда тоғанағы Құлжа қаласына келді. Оларды Қытық ұлығынан Етек, Найман ұтығынан Есенгелді бастап келді» деген деректер келтірілген[4]. Демек, Үрімші, Шәуешеу, Құлжа сауда базарларының ашылуы және оның барлық жұмысын қадағалауды Абылайхан Қабанбай батыға тапсырған. Ал Қытайдың архив құжаттары дәлелдегендей, сауда қимылын үйлестіруде қызай Есенгелді бидің рөлі үлкен болған. Демек бұл да Қаракерей Қабанбай батыр мен Қызай Есенгелді батыр ортасындағы қарым-қатынастың тереңдігін білдіреді.
Енді Қызай Есенгелді би мен Жалайыр-Сиыршы Ескелді бидің ортасында қандай қарым-қатынас болды деген мәселеге тоқталсақ. Расында, былай қарағанда ешқандайда қарым-қатынас болмағандай сезілетіні анық. Бірақ, осыдан үш жүз жылдың алдындағы кезеңнің көзімен қарайтын болсақ, екі алыптың арасындағы қарым-қатынасты алғашқы адымда мына, бірнеше дәлелдер арқылы көрсетуге болады. Бірінші дәлел, тағы да Қызылжар шайқасына оралуға тұра келеді. Қызылжар шайқасында Құдайназар батыр қайтыс болған соң үш ұлы жетім қалып, оның ағайындары аменгерлік жолымен Тойын шешені алмақ болады. Алайда, бұған риза болмаған Тойын үш ұлын алып, төркіні Сарйүйсіндерге кетеді. Үш жетім осы Сарыүйсін елінде ержетіп, Есенгелді кейін Сарыүйсін елінде бала би атанып, билікке араласады. Демек, олар жиырма жасқа келгенше Ұлы жүз Сарйүйсіндердің елінде ержетеді. Сондықтан Есенгелді жас кезінде міндетті түрде Ұлы жүздің сол тұстағы жалындап өсіп келе жатқан жас шешен, батырларымен аралас-құралас болды деген қорытынды шығаруға болады.
Сондай-ақ, Жылкелдінің бәйбішесі алты Алашқа мәлім Төле бидің Ұланбике атты қызы [википедиядан]. Ескелді Төлебидің жиені болып келеді. Ал Есенгелді бидің бәйбішесі Жанар Төле бидің немере қызы [4]. Демек, Төлебидің қызынан туған Ескелді мен немерсіне үйленген Есенгелді арасында белгілі туыстық, жақындық қарым-қатынас болмады деп айтуға болама. Дәл сол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін қазақтың үш жүзінің баласы Сыр бойын паналап, Қаратауды жағалап өмір сүрді. Кейін Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Ескелді би Жалайыр елін бастап Жетісуға (Шар өзенін жағалап, Аягөзді айланып өтті), Есенгелді биі Қызай елін бастап Аягөзге қоныстандырды. Осы бір ұлы көш барысында екі бидің арасында қарым-қанытас, келелі кеңес, ағайындық татулық болмады деп айту мүмкін емес. Алайда, екі ел екі айырылып көшкелі 300 жыл өткендіктен сол кездің көптеген ақиқаттары ұрпақ санасынан ұмытылып кетті. Бұл алдағы уақытта салыстырмалы түрде зерттелетін, зерделенетін дүни.
Қысақсы, біз алғашқы қадамда Қызай Есенгелді бидің Қаракерей Қабанбай батыр, Жалайыр Ескелді би ортасындағы қарым-қатынасқа тарихи және шежіре деректері негізінде талдау жассауды мақсат еттік. Әрине, алдағы уақытта бұл тақырыпты тереңдей зерделеп, нақтылы ғылыми қорытынды жасайтын боламыз.
PS: Бүгінде Қабанбай батыр, Ескелді би жерленген мекенге ұрпақтары кесене тұрғызып, алыс-жақыннан келген қонақтар тәу етіп қайатын киелі жерге айналды. Өкінішке қарай, Шығыс Қазақстан облысы аумағында жерленген Есенгелді бидің рухы әлі шат болмай келеді. Бұл Есенгелді, берісі Үш жетімнен, арысы күллі қызайдан тараған ұрпаққа сын болып тұр.
Пайдаланған әдебиеттер:
- «Қазақтың қысқаша тарихы», Нығымет Мыңжани, Шыңжаң халық баспасы, 1986 жыл, Үрімші қаласы.
- «Жетісу» газеті, 28 маусым, «Тарихи орын анықталды», Қажет Андас.
- «Қызай елі тарихына қатысты зерттеулер», Еркебай Қабылжанұлы, Іле халық баспасы, 1999 жыл, Құлжа.
- «Есенгелді шежіресі», Іле халық баспасы, 2016 жыл, Құлжа қаласы.
- «Қабанбай шежіресі», Іле халық баспасы, 2015 жыл, Құлжа қаласы.
- «Қазақ халқы және оның салт-санасы», Жақып Мырзаханұлы, Шыңжаң халық баспасы, 1992 жыл, Үрімжі қаласы.
- «Тарих талғарында», Андас Омарақын, «Офсет баспасы», 2022 жыл, Талдықорған қаласы.
Қажет Андас
«Q-Andas» ақпараттық агенттігі











