Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Тұлғатану

Жүрегі жомарт, жаны адал

admin
2025/10/07
Тұлғатану
0
Жүрегі жомарт, жаны адал

Біздің кейіпкеріміз Серік Толғанбаев 1937 жылы желтоқсан айының  соңында Алакөл ауданының Үшарал қаласында милиция  қызметкерінің отбасында  туды. Көзі ашық ата-анасы 3-4 күнге бола бір  жас  береміз бе деп туу туралы куәлігін 1938 жылдың  1 қаңтары деп  жаздырады. Әкесі Әмірхан 1941 жылы Отан соғысына  кетеді де жиырма жастың  ішіндегі анасы Зейнеп, әжесі Шынықан, ағасы Бедеш, Келіс және  Секең ауылда  қалады. Балалық шағы осындай қиындыққа дөп келген Секеңнің жадында өгіз жегіп жер жыртқан, орақпен егін орған, шалғымен шөп шапқан әйелдер мен  кәмелетке толмаған балалар, кәрі аналардың тартқан михнаты әлі күнге дейін сақталып қалған.

Серік ағамыз сағынышты сәттерді еске алып:

– «Әкеміз  әскерге кеткеннен кейін  бізді Төңкеріс деген  ұжымшардан Көмек  деген  ұжымшарға әкеммен аталас  Арашап деген атамыз көшіріп алып,  бір айдың  ішінде  өздерінің үйлерінің қасынан екі бөлмелі  түйме үй салып береді.  Шешем, Бедеш ағам ұжымшарда жұмыс істеді.  Ауылға  жеті сайын  почташы 30 шақырым аудан орталығынан салт атпен почта тасиды. Онда  көбінде  майданнан хат келеді, оны хат білетіндерге  оқытып жылап-сықтап, жақсы хабар келсе «тәубелеп» қуанысып қалады. Ал жиі  келетіні  «қара қағаз», ол солдаттардың  қайтыс болғаны туралы ресми қағаз. Күңіренбеген, аза тұтпаған  үй сирек. Солай болса да, тірілер өлмес тіршілігін істеп,  сіңіріне  сүйенсе де  ұжымшардың жұмысын атқарып, бар тапқанын  майданға жіберіп жатты.

Осындай қиналысты күндердің бірінде ауылдың жанындағы  бөктерден бір түлкі  қашады. Оны  Қоянбай деген 15 жасар жігіт ұрып алып, маған байлады. Қуанышымда шек жоқ, әлгі  түлкіні қапсыра құшақтап үйге келдім. Үстіме бүрге қаптап  кетіпті. Үйдегілердің бәрінің  көздерінен қуаныштың мөлдір тамшысы шашу болып шашылды. «Әне, періштенің тілеуін Алла береді», – деп әжем басымнан сипап, бауырына басты. Жеті шелпек пісіріп, көршілерге құдайы шай берді.

Сол күні апам:

Ахау айдай қиғаш қас,

Герман болды-ау, бізге қас.

Аман-есен оралсын,

Аға, бауыр дос-жолдас, – деп  жылап салған әні Алланың құлағына шалынды ма? Кім білсін, 1943 жылдың  желтоқсан айының  соңында  әкем  Әмірхан аяғынан жаралы болып елге оралады. Сол жылы  Ынтымақ деген  балық ұжымшарына  басқарма бастығы етіп жібереді», – деген еді.

Бала сезім алдамаған көрінеді. 1944 жылы  күзде әкесі суармалы жері бар, аудан орталығына жақын Жағатал деген ұжымшарға қызмет ауыстырады. Ағамыз сол жылы  мектепке  барады.  Сол тұста ауылда екі бөлмелі  өгіз кірпіштен  соғылған  4 кластық бастауыш мектеп болады. Оның бір жақ бөлмесіне  ұжымшардың  конторы, онда көбісінде  есепші отырады. Келесі бөлменің бір жақ қапталында  екі қатар, екінші қапталында екі қатар ортасы ашық парталар орналасқан. Түске дейін сол бір  бөлменің бір жақ қатарында 1-сынып, екінші жақ қатарында 2-сынып оқыса, түстен кейін жоғары сыныптарға кезек тиетін.  Осындай қарапайым мектепте білім алған Серік ағамыз одан қажырлылықты, табандылықты, адамгершілік қасиетті бойына тоқыды. Төртінші сыныпты бітірген соң ауылдан төрт шақырым жердегі  көрші Қазақстан ауылынан оқыды. Қыстың күні қарды омбылап оқуға бару қиын да,  қызық еді. Ауылда клуб жоқ, мереке-мейрамдарда ауыл тұрғындары бір үйге жиналып, бір ет, бір ұн, нан, шай дегендейін әкеліп, ортаға салып түнімен тойлататын. Сонда сақина салу, хан жақсы ма, көршіңмен татумысың, жүгіртпек сияқты ойындар ойналатын. Бала Серік соның бәрін көріп өсті. Сондай-ақ, апасы өнерге өте құштар адам болатын. Ол 5 – 6- сыныпта оқығанда  журнал, кітаптардағы аң, құстардың  суретін, ою-өрнегін  ақ матаға  көшіртіп, өнерге баули бастайды. Апасы болса төсек жапқыш, төсек аяқ пердесі, киім жапқыш, терезе перделерін ақ матадан ою-өрнек салып тігіп, етегіне шілтер тоқып жамайтын. Басқа уақытта апасының рұқсатымен Бедеш ағасының құрдастары Қоянбай, Солтан, Сатыбай сияқты жігіттерге еріп, жастардың кештеріне қатысып, әнге, домбыраға құштар бола бастайды.

Ақыры 1948 жылдары  дүкенге «Абай» домбырасы түсе бастады. Секеңнің бойындағы құштарлығын сезінген апасы оған домбыра сатып әперді. Сол тұста Секеңнің ойынан кетпейтін тағы бір оқиға болады.  1949 жылы  наурыз айының  каникулында ауылдағы бір үйде  шілдехана болды. Сол күні италияндықтардың  ұлттық аспабы мандолинаны көріп, оны  меңгерсем деген арман ойынан кетпейді. Ақыры 1951 жылы  аудан орталығы Үшаралдағы  қазақ орта мектебіне ауысады. Арманы сол мектептің   10-сыныбында оқитын ¤кеннен мандолинаның сырын меңгеру.  Апасына қыңқылдап жүріп, армандаған  мандалинаны да сатып алады. Суретті кадімгідей салатын, мандолинаны меңгерген Секең енді мектептің «қазақ әдебиеті» қабырға газетінің  редакторы болып шыға келеді. Неге болса, соған ұрыншақ бала сезім қойсын ба? сыныптас досы Құмар Жақсыбеков екеуі ұжымшардың шошқа фермасын сынап, газетке басып жібереді. Соның аяғынан аудан басшыларынан сөгіс естіп, оқудан шығарылуға аз қалады. Бірақ, сонда да қаламын тастамайды 1954 жылы ақпан айында «Лениншіл Жас» газетіне  алғашқы көлемді мақаласы басылып, оған берілген 120 сом қаламақының буымен жазуға ден қоя бастайды. Сол жылы мектепті бітіріп, Құмар, Тұрлыбек, Боранғазы, Күлпаш деген сыныптастарымен Талдықорған қаласындағы біржылдық ауылшаруашылық мектебіне оқуға түседі. Оның мал  фельдшері бөліміне барады. 1955 жылы маусым айында оқуын бітіріп, Путь Ленина деген ұжымшарға маман болып жұмысқа тұрады. Сол жерде ақын Сәкен Иманасовтың әкесімен қызметтес бола жүріп, болашақ ақынмен танысып, дос болады.  Қолы босай қалғанда Талапкер ауылындағы кітапханасынан шықпайды.  Кітапхана меңгерушісі Шолпан деген қыз да оларға көп қолғабыс жасайды. Кейде кітаптан жалыққанда Мырзаш деген ағасы домбыра тартады, Секең  мандолинада ойнайды, Сәкен ақындардың  өлеңдерін жатқа оқиды. Осы таныстықтың арқасында үшеуі бірігіп көркемөнерпаздар үйірмесін құрады. Сонда Қасым Аманжоловтың  бір актілі «Аңқау Жүсіп» деген пьессасын сахналайды. Олардың бастамасы ауыл еңбеккерлеріне  кереметтей мәдени шара болып көрінеді.

Ауылдағы өмір осылай өз қызығымен өтіп жатса да Секеңнің оқуға деген ынтықтығын тоқтата алмайды. Сонымен 1956 жылы  Оспан Мейренбеков, Сабыржан Құрманғалиев деген екі досымен бірге Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсуге Алматыға аттанады.  Олар ауылдан аттанарда: «Егер екеуміз оқуға түсіп, біреуміз түспесек, түспегеніміз Алматыда  жұмысқа орналасып, түскендерге демеушілік жасаймыз. Ал екеуміз түспей біреуміз оқуға түссек, ол оқуды тастап  үшеуміз де  Алматыда қалып жұмыс істеп, келесі жылы  қайта тапсырамыз» – деп серттеседі. ¤кінішке орай, Оспан мен Сабыржан оқуға түсіп кетеді де Секеңнің  балы жетпей қалады. Сонымен келісім бойынша  Секең алғашында құрылысшы болып,  кейіннен мамандығы бойынша  Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу зоология институтына  аға лаборант болып  орналасады. Сонда  істей жүріп, 1957 жылы  сол институттың малдәрігерлік факультетіне  оқуға түседі. Бірнеше өнерді қатар меңгерген, оның үстіне жиған тәжірибесінің арқасында институттың курстық газетінің  редакторы, оқу орнының танымал бишісі болып шыға келеді. Сонымен қатар, 1960 жылы республикалық  көркемөнерпаздар  байқауының  лауреаты атанады. Сол жылы Қырғызстан Астанасы Бішкекке гастрольдік сапармен барып қайтса, «Лениншіл Жас» газетіне  басылған «Оқуда деп әке жүр» атты  студент-жастар өмірінен жазылған материалы газеттің «Жыл  мақаласы» номинациясын жеңіп алады.

Оқуды бітірген соң, яғни, 1962–69 жылдары «Бескөл», «Ильич» атындағы  кеншарда  бас малдәрігерлік қызмет атқара жүріп,  екі шаруашылықта да  көркемөнерпаздар үйірмесін  ұйымдастырып, клубтың  сахнасын  жаңадан жабдықтауға  ұйытқы болады. Бос уақыттарында қаламын тастамай, аудан, ауыл өміріндегі жаңалықтарды жаза жүріп, 1963 жылдан облыстық газеттің штаттан тыс  ауылдық тілші болады, 40 жыл бойы тұрақты  материал беріп келеді. 1969–79 жылдары  Алакөл ауданының  бас малдәрігері қызметін  атқарса, 1964 жылдан  2000 жылға дейін ауылдық, аудандық кеңестің депутаты болып, өнімді жұмыс атқарады. Ауданның  бас малдәрігері қызметін  атқарған жылдары  облыстық малдәрігерлік  басқармасын басқарған Кеңесқан Ысқақовтың  басқаруымен малда көптеп кездесетін туберкулез, бруцеллез, аусыл, қарасан, паратиф тәрізді жұқпалы ауруларға қарсы шараларды тыңғылықты жүргізе отырып, сол  ауруларды түбімен жоюға атсалысады. Одан басқа  сол кезде  көп тараған  паразитарлық ауруларға қарсы  қомақты жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ, алғашқылардың бірі болып қойдың  айналма (ценуроз) ауруына ота жасап, емдеуге  кең өріс ашады. Әр шаруашылықта санитарлық емдеу пункттерін ұйымдастырып, ауру малдарды бір орталыққа жинап, емдеу бастамасы бүкіл республикаға  таралып, мал шаруашылығын дамытуға өзінің пәрменді үлес қосты. Секеңнің сол кездегі  республика  экономикасына қомақты үлес қосқаны туралы  материал ақпарат құралдарына жариаланып,  кеңінен  насихатталды.  Сондай-ақ, Республикадағы алғашқы жаңа жобамен аудандық  ветстанция  мен  лабораториясының  кешенін  салдырды.

Сонымен қатар, 1979 жылы Алакөл ауданының «Ынталы» кеншарына  директорлыққа тағайындалып, 1995 жылдың  ортасына дейін  қызмет атқарады. Осында істеген  алты жарым жыл аралығында  125 тұрғын үй, сәулетті ауыл клубы, дәрігерлік пункт, АТС пен  пошта орталығы, шаруашылық конторы бой көтерді. Тауарлы-сүт фермасы,  машина-трактор орталығы, механикаландырылған қырман, астық қоймасы салынып, 12 км. каптажды ауызсу құбыры тартылды. Екі жүзге жуық жылқы, үш мың ірі қара, он мың бас қой өсіріліп, жылына он мың тонна қант қызылшасы, екі мың тоннаға жуық астық, көкөніс өндірілді. Бес гектар аумаққа алма бағы егілді. Осылай жұмысшылардың  әл-ауқаты  мейілінше көтерілді. Жекеменшікте 30-дан астам жеңіл машина пайда болды. Ауылда  көркемөнерпаздар үйірмесі ұйымдастырылып, ұлт-аспаптар оркестрі құрылды. Кеншарөнерпаздары республикалық орталық телеарнасында  концерт беріп, ол алтын қорға алынды.  Кеншар еңбеккерлері Бүкілодақтық  ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, күміс, қола медалдің  иегері болды, талай құнды сыйлық алды.  Әбдікәрім Жақсыбаев, Әбілғазы  Қосетовтар қызылша өсіруден, Тұрлыбек Мырзаханов қозы алудан аудан чемпионы атанды. Ол кезең Алакөл ауданының, бүкіл  республика  экономикасының  өркендеуінің  шыңы десе де  болғандай еді.

Осыдан кейін, яғни, 1985 жылы  аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағалығына  ауыстырылып, ол жұмысты 1991 жылға дейін, одақ тарағанша істейді. Сол кезде жас ақын, ұлтжанды інсі  Ахмет Кендірбековтің ұйытқысымен  ауданда «Қазақ тілі» қоғамын құрып, оның төрағасы болады. Қоғам жанынан ақсақалдар алқасын ұйымдастырып, оған ерекше  статус беріп,  арнайы ереже жасайды. Сол арқылы  жастар  арасындағы, отбасындағы, тағы да басқа  ұсақ-түйек дау-жанжалдарды заң орнына  жеткізбей ақсақалдар билігімен шешуді  қолға алады. Оны бүкіл халық қолдады. Ол жұмыс бірер жыл өзінің  оң ықпалын да  жасап, көмескіленген салт-дәстүрімізді  қалпына келтіруге  сеп болса, Үшарал қаласының 13 көшесінің  атауын «Қазақ тілі» қоғамының  ұсынысымен ұлт ардақтыларының  атына  алмастырады.

Ауданның  Мәдениет сарайына  сол кездегі  аупарткомның  бірінші хатшысы  Азат Машуровтың  келісімімен ауданның  барлық ауылынан 500-ге тарта  беделді азаматтар  жинап, «Соғым басы – ақсақалдар батасы» деген атпен жиын өткізу дәстүрге айналады.  Бұл шара ауданда үлкен бір сілкініс туғызады. Аталған қоғамды басқара жүріп, Үрімші баспасынан  шыққан Зейнолла Сәнік пен  Бейсенғали Смағұлдың  «Қаракерей Қабанбай батыр»  кітабы мен  Қытайдағы  қазақ бауырларымыз құрастырған 535 беттік «Қазақ шежіресі» кітабын криллисаға түсіреді. Мұны тілдің жанашыры, ұлт тарихына  терең үңіліп, ізденіс жасап жүрген сол кездегі  облыстық мәдениет басқармасының  бастығы Кемел Құсайынов Ахмет Кендірбекұлынан естіп, іздеп келіп, танысып, ақыры облыстық «Жерұйық» газетінің 3-4 нөміріне өзі алғысөз жазып, кітаптың  біраз бөлігін бастырады. Көп ұзамай Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығында  Сәкен Иманасовтың редакторлығымен кітап  баспадан шықты. Уақыт өте осы шараларды, бастаманы кейбір азаматтар өз игілігіне аударып, Секеңнің еңбегі ұмыт болып барады. «Әлі де солай», – деп Серік аға өкпесін де  жасырмайды.

Одақ тарағаннан кейін 1996 жылға дейін  ауданның кәсіподақ ұйымын  басқарған Секең 2002 жылға дейін  Алакөл мемлекеттік  табиғат қорығын ұйымдастыруға  біраз еңбек жасап,  соның алғашқы  директоры қызметін  атқарды. Төрт томдық ғылыми жылнама кітабын шығарды. Бұл еңбекті жоғары бағалаған аудан маслихатының  ұйғаруымен  табиғат қорығы мұражайының  қысқы гүлзар бағына  Серік Толғанбаевтың аты беріледі.

Қашанда төккен тердің өтеуі болатыны анық. Ғұмыр бойы туған жердің бақыты үшін тынымсыз еңбек еткен Секеңнің де еңбегі өтелді. Үшарал қаласының Құрметті азаматы атағын алса, Егемендігіміздің 10 жылдығына орай Президенттің  Алғыс хатымен марапатталды.  Одақ кезінде  «Еңбектегі  ерекшелігі үшін», «В. Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. 1985 жылғы  шаруашылық жетістіктеріне байланысты Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының  Құрмет грамотасын, бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы жетістіктерінің қола медалін иеленді.  Ондаған жинақ пен  жеке авторлардың  кітабына  туындылары енді. 2009 жылы облыс әкімі  Серік Үмбетовтің демеушілігімен «Шыбынды шыңынан» атты  әдеби кітабы жарық көрді. Талдықорған қаласы әкімінің  қолдауымен қала зиялыларының ұсынысы бойынша жарық көрген «Тарихы терең Талдықорған» атты  кітапты құрастырушылардың бірі.  Қаламын  әлі доғара қоймаған Секең қоғамдық жұмыстан да қол үзе қойған жоқ. Зейнеттемін деп шалқайып жатпай,  «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген  қағиданы ту етіп, Талдықорған қаласының  ардагерлер кеңесінің  төралқа мүшесі ретінде  жастарға  тәрбие беру  ісіне, салт-дәстүрімізді  дәріптеуге  жалықпай араласып жүрген  жайы бар.

Өмірдегі өзгеше мінезімен қатар, отбасында да ұлағатты әке бола алды. Зайыбы Шайзахан екеуі бес баланы тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяда, қызын қияға қондырды. Балаларының бәрі де жоғары білімді,  әртүрлі қызмет  атқарып жүр. Сегіз немерсі бар. Бауырлары, қарындастары мәуелі бақтың  бұтағындай үйлі-баранды, өрісі кең, аталастарымен  есептегенде жүзден астам, үлкен әулетке айналды. Арашап Әмірханның  әулеті дегенге Алла жеткізді десек те болады. Қазақтың “Өркенің өссін, өрісің кеңейсін» деп жататыны осы болар.

Қажет АНДАС,

Q-Andas ақпараттық агенттігі.

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 45
«Аққу ағай» атанған ұлағатты ұстаз
Тұлғатану

«Аққу ағай» атанған ұлағатты ұстаз

August 24, 2026
Төккен тердің қадірі
Тұлғатану

Төккен тердің қадірі

August 31, 2026
Ұстаз ананың хаты
Тұлғатану

Ұстаз ананың хаты

August 31, 2026
Бегзат өмір
Тұлғатану

Бегзат өмір

August 31, 2026
Қайырымдылықтың қайыры мол
Тұлғатану

Қайырымдылықтың қайыры мол

August 31, 2026
Ырысы тасыған әулет
Тұлғатану

Ырысы тасыған әулет

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz