Елебековтың шәкірті
Жалпы, әр нәрсені бастау қиын. Мұратбектің әншілік қасиетіне шешесінің, шеберлікке бейімделуіне әкесінің ықпалы көп болған көрінеді. Алакөл ауданының ұшбұлақ ауылында туған Мұратбек, есін білгеннен ауыл тіршілігіне белсене араласып кетеді. қатарлас балалар сияқты жыңғыл шабады, отын отайды, от жағады, отқа тезек қалайды, су әкеледі, келі түйеді, қой жаяды, қозы жамыратады… Күнкөріс кәсібі бала Мұратбекті ширап өсуіне септігін тигізеді. Ал ат жалын тартып міне бастағаннан әкесі Жүнісбекке еріп, аңға шығады. Айтпақшы, Жүнісбек атамыз ұлы Отан соғысынан мүгедек болып оралады да, кемтар қолы ауыр жұмысқа жарамайды. Сондықтан күнде егіншілер мен сушыларға азық жеткізу міндетін өтейді. Мұратбек атқа отыруға жарағаннан бастап әкесінің жарамды көмекшісіне айналады. Арасында әкесімен бірге аңға шығуды да әдетке айналдырады. Ердің алдына қос ауыз мылтығын қөлденең артып алатын Жүнісбек ата көзі шалғанды қия жібермейтін мерген еді. Атқан аңды алдына өңгеріп алуға кемтар қол келмесе де, олжасын ат үстіне салып, шалмалап алып, ауылға дейін әкелетін. Бірақ, ауылға жеткенше ол бірнеше рет ауып түсіп қала беретін. Осы көріністерді көріп өскен Мұратбек, енді әкесіне ыңғайлы, аңның терісін жыртпайтындай дүние жасауды ойластыра бастайды. Бала қиялы ұшқыр болғанымен, қолда бар балта-шотпен ондай аспапты жасай алмайды. Осылай оянған арман оны шеберлікке бейімдейтін арманға жетелейді. қол босай қалған тұста ағашты жаңқалап, әлдебір нәрсе жасауға ұмтылып жүреді. Тіпті, атқа шабу мен қазақша күрестің де біраз тәсілін меңгереді. Мектеп қабырғасында жүргенде әншілігімен де көзге түсе бастайды. Орта мектепті бітіріп, әскери борышын өтеуге аттанғанда бала шақтан үйренгендері өзіне көп көмектеседі. Армия қатарында жүріп, спорт шеберіне үміткер атанса, әскери бөлімнің ансамбліне қатысып, әншілік, бишілік өнерлерін шыңдайды. қайсы бірін теріп айтайық, әскер қатарындағы міндетін өтеп ауылға үлкен беделмен оралған оны енді өнерге деген құштарлық алаңдата бастайды. Радиодан естіген тамаша дауыстар түсінен шықпайды. Ауылдық мектепте музыка пәнінен сабақ беріп жүрген Мұратбекті, оқуға түссем деген арманы көп қинайды. Бір күні қасында ауылдан бірге келген екі досымен қазіргі Бөгенбай батыр көшесімен кетіп бара жатып, біреулердің ән айтып жатқанын естіп, соған қарай бұрылады. Имене басып, үлкен ғимараттың ішіне енеді. «Іздегенге сұраған деген осы болар» өнер студиясына түсетін үміткерлердің емтиханы өтіп жатыр екен. Жастықтың желігі болар емтихан кезегінде тұрған бір қыз баланың домбырасын ала салып, сахнаға шығады. Іркілмей «Айнамкөзді» бастап кетеді. Сонда емтихан қабылдап отырған бағалаушы қолын көтеріп тоқтатады да:
– Арқаның әнін айтасың ба? – деп сұрайды. Сол жерде әннің де бөлінетінін бірінші рет түсінген ол:
– Жоқ, – деп жауап береді де «Не болса да сынап көрейін», – деп «Шапибаяуды» айта жөнеледі. Ауылдың таза ауасымен тыныстап, сыңсыған орман, сарқыраған өзен бойында еркін дауыспен ән айтып үйренген дала баласының үні ғимарат ішін еркін кезіп кетеді. Манадан бері жандарына жағымды әуеннің үні жетпей, іштей күйініп отырған комиссия мүшелері елең ете қалады.
– Тоқта, тоқта, – деп тоқтатып алады манағы кісі.
«Жеткен жерім осы болды-ау», – деп істің байыбына бара алмай тұрғанда:
– Сен қабылдандың, – дейді бір түрлі ризашылықпен. Сол үн бүгінде жетпісті алқымдап қалған Мұратбектің құлағының түбінде күнде жаңғырығып тұрады. Жүрегі алып-ұшып, сахнадан түседі. Міне, осылай Мұратбек Жүнісбеков қазақтың біртуар ұлы перзенті Жүсіпбек Елебековтің шәкірті болып шыға келеді. Студенттік өмір қаншалықты қызықты және қиындыққа толы болса да армияны, ауылдың қайнаған өмірін көрген Мұратбек Жүнісбеков үшін аса қиындық тудырмайды. құдай берген талант Елебековтың тәрбиесімен шыңдала түседі. ұстаздарға да, бір топтағы курстастарына да сыйлы, беделді болады. Үлкендер бауырымыз деп жақын тартса, кішілері ағасындай құрметтеп, асқартаудай көреді. Оқуын бітірген соң Алматыны жағалап, болашақ мамандығына табан тірер тиянақ талдайды. Сол арманы адастырған жоқ. қырық жыл бойы өнердің қайнаған ортасында жүрді, халық әндері мен қоса Ақан сері, Жаяу Мұсаның әнін халқына жеткізді, әлемнің көптеген елінде қазақтың халық әндерін шырқап, таза да кіршіксіз өнердің өміршеңдігін паш етті.
Өз ағаң салған ізбенен…
Мұратбек Жүнісбеков өнер студиясын тамамдап, өмірге енді араласа бастағанда, яғни, 1973 жылы қазақ ССР-нің Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың бастамасымен облыстық филармония құрылады. Бірақ, ол кезде Алматы қаласында қазақконцерт, құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, Абай атындағы опера-балет театры бар. «Гүлдер» ансамблі дүрілдеп, Жамбыл атындағы филармонияның да атағы алысқа жетіп тұрған кез. Сондықтан, «Алматы қаласында орналасқан облысқа филармония құрудың қажеттілігі шамалы», – деп қарсы пікірде болғандар көп болды. Бірақ, таза ұлттық сипаттағы филармония құруды көптен арман еткен Асанбай Асқаровтың батыл араласуымен жаңа ұжым шаңырақ көтереді. Десе де, қарсы пікірдегілер: «Облыстық филармонияға Алматыдағы өнер ұжымдарының әртістерін қабылдамау керек», – деген сылтауды ойлап шығарады. Сонымен жан-жақтан өнерпаз жастар шақырыла бастайды. Міне, сол қатарда алғашқылардың бірі болып облыстық филармонияның табалдырығын Мұратбек Жүнісбеков аттайды. Басында, жаңа құрылған ұжымды көп адам көзге іле бермейді. Бірақ, уақыт өте келе ұжым өнерпаздарының таланты мен ізденгіштігінің арқасында билікті де, көрермендерді де мойындатады. Ол «Алматы әуендері» атты эстрадалық ансамблі еді. Осы облыстық филармонияның биліктің назарына ілінуі Мұратбек Жүнісбековтің есімімен байланысты тұстары бар. Шетелдерге баратын делегация құрамына облыстық филармонияның өнерпаздарының ішінен Мұратбекті жиі шақыратын. Сондай сапардың бірінде, яғни, 1978 жылы Түркияның Измир қаласында өткен халықаралық көрмеге “Досмұқасан” ансамблі, ғалия Тоқтарбаевa, Базархан қосбасаров сияқты өнерпаздармен бірге, облыстық филармония атынан Мұратбек Жүнісбеков те аттанады. Сол сапарда Базархан қосбасаровтың қолынан бірінші рет қобыз аспабын көріп, аңсары ауады. қобыздың дауысын қатты ұнатқан ол, қайтып оралған соң, қобызды өзі шауып, жасап алады. Сол аспаппен Абайдың «қараңғы түнде тау қалқып», халық әні «Ахау бикем» сияқты әндерді айтып жүреді. Расында, қобызбен бірінші рет орындалған ән лезде жұрт аузына ілінеді. Бұл хабар бір күні қазақ ССР-нің мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібековтың құлағына жетеді.
Әрине, қазақ халқы Алланың назарына, оң қабағына іліккен дарқан пейіл халық қой. Көші тығырыққа тірелгенде халықтың арасынан ай-күні жетіп туған, ақыл-парасаты мол, қайсар емендей тұлғалы ұлдары суырылып шығып, ауған жүгін түзеп, тың өріске бастады. Сол қатарда, яғни, қазақ мәдениетінің қайта түлеуі үшін аянбай еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековті ерекше атауға болады. әрине, бұл есімді тілге алуымыздың да өзіндік себебі бар. Шынтуайтына келер болсақ, Мұратбек Ақан сері мен Жаяу Мұсаны, Мәди мен Абайды үлгі еткен, солардың еңбегін дәріптеген және сол жолмен бірталай жұрт сүйсіне тыңдайтын әндер жазған әнші әрі сазгер. Ал оның өміріне өшпес із қалдырған немесе жадындағы бұлқынған арманын оятып, екінші қырын шебер ретінде танылуына, тіпті, жалпы адамдық, азаматтық, перзенттік болмысын қалыптастыруға көбірек әсер еткен Өзбекәлі Жәнібеков еді.
Расында, қоғамдық жұмыстың сан сынағында жүрсе де, ұлттың намысын төмендетпей, ұлт мәдениеті мүддесін қорғайтын еліміздегі театр, музейлер, тарихи ескерткіштер тағдырын алғаш рет дұрыс жолға салған, жастарға жаңа уақытқа сай эстетикалық тәрбие беру платформасын жасаған, жұрнағы қалған ұлттық мұраны түгендеген, қазақтың ежелгі киім үлгілерін қайта оралтқан, қазақ тілі мәселесін көтеріп, Наурыз мерекесін ұлтпен қайта қауыштырған ұлт қайраткері Өзбекәлі ағасынан Мұратбек ең ұлы қасиеттерді ала білді. 1985 жылы мәдениет министрлігіндегі қызметінен ауысып, сол тұстағы Алматы облыстық атқару комитеті бастығының орынбасары міндетін өтеп жүрген Өзбекәлі Жәнібеков, Мұратбекке шақырту жібереді. Үлкен кісінің алдына бару ыңғайсыздау болмасын деп, өзі жасаған домбырасын ала барады. Домбыраны ары-бері төңкеріп көрген Өзағаң:
– Мен сен жасаған қобызды, қуыс мойын, үшем, үш құлақ-бір бұрау домбыраларыңды көрдім. Жалпы, бүгінгі күнде өте қажетті дүниелер. Ал Нар қобызды көрдің бе? – деп сұрайды.
– Жоқ.
– Бір мақаладан оқуымша нарқобыздың биіктігі он метр болған екен. Соны жасай аласың ба? – дейді сөзін сабақтап.
– Жарайды, аға оны жасармыз. Ал ыспасын қалай тартамыз, – дейді інілік пейілмен.
– Ол жағын білмеймін, маған керегі нар қобызды жасап шығасың, – деп қатаң тапсырма береді.
Бірақ, аты бар, заты жоқ дүниені қайдан таппақ. Мұратбек Өзағаңа:
– Жарайды, шабайын, бірақ, суретін, формасын беріңіз, – деп сұрайды.
Сонда Өзағаң:
– Мен саған сенгендіктен айтып тұрмын. Бірақ, қалай жасайсың ол сенің жұмысың, тек алты домбыраның дауысын басып тұрса болғаны, іске сәт, – деп шығарып салады.
Отырарда туып, Торғайда «Шертер» ансамблін құрған Өзағаңның, Алматыда облыстық филармониядағы «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құруды жоспарлап жүрген кезі еді. Нар қобызды естуі болса да, көзбен көріп, қолмен ұстап көрмегендіктен, Өзағаңның кабинетінен Мұратбек ауыр ой арқалап шығып, үйіне жаяу қайтады. қазіргі Достық көшесі мен Жолдасбеков көшесінің қиылысына келгенде, жол жөндеп жатқан бригаданың үстінен түседі. Сол жердегі қазылған терең шұңқырдан нар қобыз шабуға жарамды ағашты байқап қалады да, жұмысшыларды ақылап жүріп, үйіне жеткізеді. Енді Өзағаңның тапсырмасы бойынша қобызды жасауға кіріседі. қобызды шауып болып, бетіне түйенің терісін таппай бұзаудың терісін тартып, мойнын кәдімгі қобыздардай емес, ішегін саусақпен басып ойнайтындай етіп жасап шығады. Бірақ, Мұратбектің жобасы басында Өзағаңның ойынан шықпайды:
– Қобыздың ішегін басып ойнаған деген не? қазақтың құндылығы қайда қалды? – деп наразылық білдіріп, қайта жасауды тапсырып жұмысына кетеді. қанша түсіндіргенімен, Өзағаң Мұратбектің пікірін тыңдамайды. Бірақ, Мұратбек те өз пікірінде қалатынын білдіреді. Сол күнгі әнгіме осымен бітеді. Ертесі облыстық филармонияның сол кездегі директоры қабиден Тұяқаев Мұратбекті іздеп келіп, Өзағаңның әсілі нұсқаны дұрыс деп тапқанын жеткізеді. Нар қобыз Өзағаңның тапсырмасымен осылай өмірге келіп, басында 1985 жылы құрылған «Адырна» фольклорлық-этнографилық ансамблінде ойналады. Осыдан кейін, Өзағаң Шу өңірінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған ежелгі «Адырна» аспабының үлгісі бойынша «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің паспорты болатын “адырна аспабын” жасауды жүктеді. Өкінішке орай, “адырнаны” қайта жаңғыртқан, оның еңбегін бүгінде көп адам ұмытып кетті. Сондай-ақ, осы ансамбілге арнап жасалған «Бес бұрышты домбыраны, шінкілдекті» ұстайтындардың арамыздан шықпай жүргені ойландырады. Бұдан басқа Өзағаңның тапсырмасымен нар қобыз, адырна, кең шанақты домбыра, шертер аспаптарын тұңғыш рет жасап шықса, тағы да «тоғыз тоңқылдақ-бір шінкілдек» деген сөзді ескере отырып, домбыраның ең кішкентайы – шіңкілдекті жасап шығарды, кейіннен өз қиялымен жеті бұрышты дабыл, үкіаяқ, сым қобыз, қыл қобыз, лөк қобыз, жез қобыз, сазген, бұл-бұл саз, қылышпан, сақпан саз аспаптарын, тарихи деректерге жүгініп, қажеттілікке жаратып жасап шығады. Бір шебер бар көргенін жасайды, енді бірі өңдеп, өзгертіп, дамытып, түрлендіріп пайдаланады. Көргенін жасайтындар шебердің тарихпен, болашақпен хабары болмайды. Оларды тек табыс табу үшін еңбек еткендер деп санаймыз. Олар тек өлшемнен шықпайды, өзгеріс енгізу, дамыту, жаңалау туралы ойланбайды. Ал шеберлікті өнер деп түсінетіндер тарихпен санасып, ұлттық құндылықпен үндесіп, заманмен бірге дамып отырады. Мұратбектің жасаған аспабының бәрінде бір тарих бар.
Соның бірі бүгінде Ықылас атындағы музыка аспаптар музейінде сақтаулы тұрған мұралар Мұратбек Жүнісбековтің өз идеясынан туған, қазақ музыка өнеріне тамаша тартуы болып есептеледі. Айтпақшы, «Сазген» деген сөздің әсілгі мағынасы «Сазкен», яғни саздың кені дейтін ұғымнан туған. Кейінде «Сазкен» сөзі дыбысталу үндестігіне сай «Сазген» атанып кетеді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Өзбекәлі Жәнібеков, Омар қаймолдин, Мардан Байділдаев, Әбдуәли Қайдаров сияқты мәдениет пен өнердің, әдебиет пен ғылымның нарқасқалары бұл атауды музыка аспаптар музейіне қоймақшы болады, бірақ сол жерде ашылған ансамбльге «Сазген» атауы қойылады. Кейін ол ансамбль, облыстық филармониясының құрамына өтеді. Басында біраз жыл көрерменнің көзайымына айналған аспап қазір шебердің үйінде сақтаулы тұр. Өкінішке орай, сазгенннің алғашқы авторы Мұратбек Жүнісбеков екендігін бүгінгі жастардың бірі білсе, екіншісі біле бермейтіні ойландырады. Сазгеннен кейінгі «ұш құлақ – бір бұрау» атты домбыраның тарихы да қызық. Яғни, сахнада әнші бір әнді орындап болған соң, екінші нөмірге ауысқанда домбыраның құлағын теңшеп, әбігер болып жатады. Бұл – концерттік бағдарламаның ретті жүргізілуіне кедергі келтіріп, тыңдарманды да мезі етеді. Сондықтан өнерпаздың осы қиындығын шешу үшін құлағын жоғары-төмен ауыстырып, бір әннен екінші әнге іркіліссіз өтіп отыратын домбыра өмірге келеді. Тек қана әншілерге арналған аспап бүгінде Ықылас атындағы музыка аспаптар мұражайында сақталуда.
Қобыз сарыны
Мұратбек Жүнісбеков тыңдарманның жүрегіне жол тапқан жезтаңдай әнші, қазақстан Республикасына еңбегі сінген әртіс, көне музыкалық аспаптарды түрлендірген алтын қол шебер ғана емес, этнограф, ғалым десек те артықтық етпейді. Тұла бойына тұнған дарынын сегіз қырлы өнерге арнаған таза да асқақ жан. Кезінде оның біліктілігін, жауапкершілігін ескеріп, талай биік орындарды ұсынады. Бірақ, бұл ұсыныстардан бас тартады. Одан гөрі үйдегі шеберханасында тарихпен сырласып, киелі сахнада тыңдарманға өнерін тарту етуді артық санайды. Тұңғыш Президентіміздің 50-жылдығына домбыра жасап, алғаш тарту еткен де Мұратбек Жүнісбеков.
Десе де, өнерде жүрген әр адамның өз қолтаңбасы болады. Осы тұрғыдан келгенде Мұратбек Жүнісбеков пен қобыз бір ұғым сияқты сезіледі. Расында қобыз дарақылықты көтермейтін кірпияздау аспап. Оған екінші бір дыбысты қосу үшін дыбыстар арасындағы үндестіктің тепе-теңдігін бұзбау керек. Мысалы, қобызбен ән айтқанда әншінің дауысы қобыздың үнін, қобыздың үні әншінің дауысын басып кетпеуі керек. қобыздың осы қасиетін жетік білетін Мұратбек Жүнісбеков ылғи қобыздан тұратын көне сарынды аспаптардың өзара үндестігін көрсететін таза ұлттық аспаптан ансамбь құруды ұзақтан арман етіп жүреді. Сол арман 1988 жылы жүзеге асып, облыстық филармонияның жанынан «қобыз сарыны» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрады. Алғашқы шымылдығын Балқаш ауданындағы гастрольдіқ сапарда ашқан ансамбль талай киелі сахнада өнер көрсетіп, тыңдарманын тәнті етеді. Сонау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, аталған ансамбль, қаржы, тағы да басқада қиындықтар салдарынан бір мезгіл тарап кетеді. Бірақ, өмірге келген өзгеше идеяның отын өшірмеуді арман еткен Мұратбек Жүнісбеков оны отбасылық ансамбльге айналдырып, үлкен концерттерде өнер көрсетіп жүреді. Тіпті, бұл отбасылық ансамбльдің өнеріне қызыққан түрік ағайындары өз елдеріне шақырады. Бірақ, өз өнері өз елінде тамыр жаюы керек деген оймен олардың ұсынысын қабыл алмайды. Ақыры, 2002 жылы облыстық филармония Талдықорғанға көшіп келгеннен кейін, 2003 жылы «қобыз сарыны» қайта ашылады. Ансамбльдің киім үлгісін жұбайы және ансамбль мүшесі Зере Есенқызы, «Ар-салон» тігін шеберханасының бастығы Атлас Ілияс-қызымен ақылдаса отырып, жасап шығады. Осы ансамбльге қобыздың табиғатына арнап: «қайдасың, қайда, сол бір кез?», Елбасыға арналған «ғасырыма жарасқан дастан адам», «қорқыт сазы», «Аллаға тағзым», «Нұрлы Астана» «Алакөлім» сияқты әндер мен «қабанбай жорығы», «Тәуелсіздік таңы», қатарлы күйлерді жазады.
2003 жылы облыстық филармонияның Астана қаласында өткен есепті концертінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «қобыз сарыны» ансамблінің өнерін тыңдап отырып, облыс басшыларына: «Мына ансамбльді сақтай біл, бұл дүниедегі теңдесі жоқ ансамбль», – деп тапсырма береді. Ал 2005 жылы Астана қаласында өткен «Шабыт» фестиваліне қатысып, бас жүлдені жеңіп алады. Сол фествальдегі жүйкеге түскен салмақ, тынымсыз жүгіріс, Мұратбек Жүнісбековтің денсаулығына қатты әсер етті. 8 қараша күні ансамбль жүлдегер атанып, фестивальдің дипломын алып жатқанда, Мұратбек Жүнісбеков Алматыға аяқ астынан емханаға ұшып кетеді. Осылай Астанаға үміт үкілеген екі аяқпен аттанып, өкінішке орай, таяққа сүйеніп оралады. Бірақ 2011-жылға дейін қатардан қалмай ансамбліне ағалық етті. Содан кейін денсаулығы нашарлап, айналдырған ауру, ақыры арбаға таңып тынды. әлбетте, ауру азабына төзуге болады ғой. Бірақ, өзекті өртеген кейбір өкініштің емі жуық арада табыла қояр ма екен? қысқасы, қобызбен өрілген құндылықты бүгінде қарашығымыздай сақтай алмай отырғанымызды несін жасырайық. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, құрмет орденінің иегері, Президентіміздің елімізге алып берген Тәуелсіздігіне қосқан үлесім деп есептеген Мұратбек Жүнісбеков осы ансамбльдің құндылығының жоғалғанына өкінішпен қарайды. «қобыз сарыны» фольклорлық-этногроафиялық ансамблі әлі де жұмыс істеп тұр, алайда Елбасының назарын аударған нар қобыз, сым қобыз, лөк қобыз, жез қобыз, сазген, бұл-бұл саз, қылышпан, сақпан саз, жеті бұрышты дабыл аспаптары бүгінде Мұратбек Жүнісбековтың үйінде жинаулы тұр. Бұл Мұратбекке жасалған қиянат емес, тәуелсіз қазағымның өнеріне жасалған қиянат!
ҰСЫНЫС
Иә, қазақ бәрін көрген, бәріне көнген халық. Десе де, ұлттың ұлт болып, халықтың халық ретінде сақталуы үшін сарқылмас пайымы бар нар тұлғалы ұлдарын тудыра білген жұрт. ұлтымыздың артықшылығы – зерек, тапқыр, кеңпейіл, қонақжайлылығы. Ал кемшілігі – бастаған ісін арыға апармайтыны, өзі жаратқан дүниеге өзінің ие бола алмайтындығы. Расында, қазір әлем ғалымдары өркениеттің түп-тамыры көшпенділер арқылы пайда болып, шартарапқа қанат жайғанын мойындап отыр. Оған дәлел келтіріп, сылтау іздеудің реті жоқ. Сол өркениеттің бүгінгі иегері біз – қазақтар болуымыз керек еді. Өкінішке орай, қолда бар асылдарымызды көптің ортасында насихаттаудан гөрі, музейде сақтап, кабинетке қамап, жұртқа көрсетуге қимайтынымызды өзімізде білеміз. Айтайын дегенім, Мұратбек Жүнісбеков жасаған, түрлендірген музыка аспаптарын қайта қолға алу өнерді өгейсітпес еді.
Өкінішке орай, Мұратбектің өркениетке қосқан үлесі назардан тыс қалып жатқаны сананы мазалайды. Тіпті, бүгінде ақпарат құралдары арқылы өзін жарнамалап, ұлттық музыка аспаптарын жасаумен нәпаға тауып жүрген талай шебердің Мұратбектің қолтаңбасын игілікке жаратып, иемденіп жүргенін біреу білсе, біреу білмейді. Мүмкін, мәдениет саласының қайраткерлері осы шындықтың ақ-қарасын ажыратып, таза таланттың тасада қалмауына мұрындық болатын шығар.
Тұғыры биік, өнерпаз елдің перзенті болғаннан кейін әркім өз жұмысына өзіндік үлес, жаңалық қосуы керек. Мұқан Төлебаев «Біржан – Сара» операсын жазып, әлемді аузына қаратса, Ахмет Жұбанов құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрін құрып, дәуір бұзар жаңалық әкелді. Нұрғиса Тілендиев биік белеске шығарған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестірі өз орнын тапқан өнер отауына айналды. Сол қатарда «қобыз сарыны» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрып, оны дамытқан, жетістікке жетелеген Мұратбек Жүнісбековтің еңбегі екендігін мойындауымыз керек. Ендеше, оның есімі ансамбльмен қоса аталса нұр үстіне нұр болар еді.
Мұратбек Алакөл ауданының тумасы. Бір қызығы, Мұратбек Жүнісбеков сол ауданда бірінші рет онбірінші сыныпты бітірген, бірінші рет мектеп қабырғасында жүргенде спорт шеберіне үміткер атанған, бірінші рет ұлттық аспап жасаған, бірінші рет ансамбль құрған адам. Өнердегі, өмірдегі жетістігі жеткілікті. Бірақ, осы күнге дейін алакөлдіктер өз жерлестеріне ауданның құрметті азаматы атағын қимай жүргеніне таңым бар. Биыл облыстық филармонияның құрылғанына 40 жыл толады. Сол ұжымның алғашқы уығын шаншыған, 1 мамыр күні жетпіс деген белестің бірінші баспалдағын басатын, Мұратбек Жүнісбековтің өнерге сіңірген еңбегін ел азаматтары ескерусіз қалдырмай, мәртебелі атақ берудің де қисыны жетті деп ойлаймын.
Гастрольдің қызықтары
Мұратбек Жүнісбеков көптеген мемлекеттерде өнер көрсетіп, қазақтың өлмес үнін өңі, тілі, түсінігі басқа ұлттарға насихаттап қайтты. Нәтижелі сапардың қызықты тұстары да көп болыпты.
Париж қаласындағы кезекті бір концертте Мұратбек Жүнісбеков ең алдымен «Ардақты» шырқайды. Бірақ, залда отырған 800 жүз тыңдарман ешқандай ықылас танытпайды. Тырыс еткен үн, шырт еткен шапалақ дыбысы естілмейді. Одан кейін «Анама», «Жас дәурен» әндерін шырқайды. Осы кезде зал дуылдап ала жөнеледі. Сахнаны жан-жақтан лақтырылған гүл басып қалады. Француздардың салтында гүлді қолға бермей, сахнаға лақтырады екен. Ал өнерпаз оны басып өтсе сыйлағандықтың белгісі деп қабылдайды. Басында гүлді басудан именген, оған француз әншісі Элизабетта сыбырлап түсіндіреді.
Прага қаласында делегация мүшелеріне қаладағы ең үлкен әйнек өнімдерін өндіретін зауытты көрсетуге барады. қолына қазақтың домбырасын ұстаған өнерпазға жұмысшылар өнер көрсетуді өтініш етеді. Алдымен «Он алты қыз» әнін әуелетеді. Осыдан кейін зауыт басшылығы 10 минутқа жұмыс тоқтатып, Мұратбектің әнін тыңдауға рұқсат етеді. Соған дейін зуытта мұндай жағдай кездеспеген екен.
Кубаның астанасы Гавана қаласындағы қонағасында сол тұстағы «қазақконцерттің» директоры Асылғазы Бекбаевпен бір үстелге отырып қалады. Үстел толы, астың ішінде ең алдымен көздеріне былқытып пісірілген ет түседі. Бірақ, әлгі құрғырды қанша шайнаса да тістері өтпейді.
Сонда Асылғазы Бекбаев:
– Мынау кәрі сиырдын еті ме? – деп сұрайды.
– Білмеймін, солай шығар, – дейді Мұратбек.
Мұны естіп қалған аудармашы қыз:
– Теңіз тасбақасының еті! – деп түсіндіреді.
Ангола мемлекеті Португалияның отарынан шығып, дербестік алғанының екі жылдығын ұлықтау мерексіне орай, Кеңестер одағының делегациясы құрамында сол елде болады. Соғыстан енді ғана құтылып, жағдайы нашар елдің концерт қоятын сахнасы да жоқ еді. Далада өнер көрсеткен өнерпаздардың қауіпсіздігін ойлаған анголалықтар әр әншінің жанына бірден оққағар қосып береді. Оққағарлар сахнада да әншімен бірге жүріп, оны қорғайды.
Индияға барған сапарында олар сол елдің мемлекеттік өлке-тану музейін тамашалуға барады. әрине, жат елдің әрбір заты таңсық келеді. Бірақ, сол музейде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) тасқа басылған табан ізі мен бір тал сақалы сақталған екен. әрине, Пайғамбарымыздан қалған тәбәрікке тамсанған олар қол жайып құлшылық танытуға сырт көз мүмкіндік бермейді. Сонда да іштей тілек тілеп аттанады.
Тақырыпқа орай:
– Бақыт деген не?
– Денсаулық.
- Парызыңызды орындай алдыңыз ба?
- Еліме қалтқысыз еңбек еттім.
- Жауапкершілікті қалай түсінесіз.
- Бұл – өте қиын және күрделі ұғым. Ол адамның нағыз адами болмысын өз орнында жұмсау.
- Өмірде өкінген сәтіңіз болды ма?
- Айналаңдағы сенен де таланты мен біліктілігі төмен адамдар жоғары атақ алып жатқанда, санымды қағып, сабырымды шақырған тұстарым аз болған жоқ. Кезінде қазақ радиосына қанша ән жаздым. Бірақ, сол туындылар артынан өшіріліп отырғанын кейін білдім.
- Атаққа қалай қарайсыз?
- Жасаған еңбеқ, төккен терің өзіне сай бағаланып жатса оның несі жаман.
- қорқатыныңыз не?
- Өнердегі пендешілдік.
- Отбасы?
- Жауапкершілігі мол жарым, алтындай Жұлдыз, Айгерім атты қос қарлығашым бар. Олар өнерден гөрі заң саласында жұмыс жасауды қалады. «әкенің көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сол екен. Солардың тілеуін тілеп жүремін.
Қажет АНДАС.
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.
Дерекөз: «Жетісу» газеті, № 116, 12 қазан 2013 жыл.











